• Cұхбаттар
  • 28 Қыркүйек, 2023

Дастан РЫСПЕКОВ: Аймақта ішкі туризмді дамытуды қолға аламыз

Ұлытау өңірінің Қарағанды облысынан енші алып, жеке дара облыс болып құрылғанына бір жылдан асты. Сарыарқаның орталығы, қазақ халқының ұлт болып ұйысуы жолында дербес мемлекет ретінде қалыптасуы мен кемелденуі жолында айрықша мән-маңызға ие Ұлытаудың тарихы тым терең және қадір-қасиеті зор. Алайда жаңадан құрылған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы да аса маңызды. Ал экономиканы көтеру үшін туризмді қолға алу негізгі міндеттердің бірі. Өйткені экономиканың негізі туризм екені белгілі. Біз осы орайда Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспековті аз-кем әңгімеге тарттық. 

– Дастан Адайұлы, туризм әлемдік экономикада маңызды рөл атқара­тыны белгілі. Жаңадан құрылған облыста экономика мен туризм күн тәр­ті­­­бінде болса керек. Жалпы өңір­дің ту­­­­ристік әлеуеті мен мүмкіндігі қандай?
– Ұлытау – табиғи және мәдени ланд­шафттардың, киелі жерлердің аймағы, этногра­фиялық және антропологиялық зерттеулердің, мәдени тәжірибелердің қоймасы. Мұнда Беғазы-Дәндібай мә­дениетінің қорым­дары, кесенелер, үңгір суреттері, петроглифтер бар. 
Ұлытауда орналасқан ескерткіштер палеолит пен неолит дәуірінен бастау алады. Ұлытауда 636-ға жуық ескерткіш бар, оның 282-сі «Ұлытау» музейі қорының тарихи-мәдени картасына енгізілген. 2021 жылы Үкімет қаулысымен Ұлытау ұлттық табиғи паркі құрылды. Құрылған ұлттық табиғи парк Ұлытауда сақталған бірегей экожүйені қорғау және туристерді тартудың тағы бір нүктесі болады.
Қазір Ұлытауда Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, хан ордасы, Әулие тау және басқа да киелі жерлерге апаратын 10 туристік бағыт жұмыс істейді.
2021 жылы Жошы хан кесенесінің жанында құны 1,3 млрд теңге болатын «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені пайдалануға берілді. Кешен 2,5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда көрме залы, қонақ үй, 3D форматтағы мұражай, көрмелер мен ұлттық бұйымдар мен әшекейлерді сатуға арналған киіз үйлер мен шатырлары бар этноауыл орналасқан. 2022 жылы кешенде Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. 
– Ұлытау облысының логис­тикалық мүмкіндігін, өндірістік қуатын қалай тиімді пайдалануға болады? «Ұлытау – қазақтың тарихи орталығы» дегенді іс жүзінде дәлелдейтін күн қашан туады?
– Өнеркәсіп саласы – Ұлытау облысы экономикасының даму деңгейі, оның әлеуметтік-экономикалық жай-күйі мен тұрақты әлеуметтік климатының басты индикаторы.
Өңір металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасауды дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Алайда, үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму үшін негізгі тежеу­ші факторы – ол өңірдің монобағ­дарлануы.
Облыс бойынша 3 қала құраушы кәсіпорын бар (Жезқазған және Сәтбаев қалалары – «Қазақмыс корпорациясы», Қаражал қаласы – «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты», «Өркен» ЖШС), онда еңбекке қабілетті халықтың негізгі бөлігі жұмыс істейді. Негізгі қызметі – мыс, темір-марганец және полиметалл кендерін өндіру және өңдеу. Тиісінше, өңірде жұмыспен қамту мәселесі жүйе құраушы кәсіпорынның даму перспективаларына тәуелді, ол өз кезегінде шикізат қорларының сарқылуы, экологиялық проблемалар және басқалар сияқты тәуекелдерге ие.
Моноқалаларды дамытудың және қала құраушы кәсіпорындардан тәуел­сіздіктің басты драйвері – экономиканы әртараптандыру. Осы мақсатта жаңа өндірістер құру және әртүрлі өнім түрлерін шығару үшін инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда 2023-2026 жылдарға арналған жалпы құны 305 млрд теңгеге 18 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Олар металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс саласында жүзеге асуда. Одан басқа, жалпы құны 17 млрд тең­геге минералды-шикізат базасын кеңейту бойынша жобалар іске асуда және 2024 жылы геологтарды оқытатын және кен орындарын зерттейтін жаңа геологиялық кластердің құрылысы іске қосылады.
– Ішкі туризмді дамытуда қандай мүмкіндіктер мен мәселелер бар?
– Ішкі туризмді дамытудың мәселесі – ол қонақ үйдің аз болуы, туристерге жатын орындардының жетпеуі. Осы тұрғыда, 2023 жылы Жезқазған қаласында 100 орындық және 50 орындық екі қонақ үй іске қосылу жоспарланған (жалпы жобалар құны: 625 млн теңге. Жоба бастамашысы: ЖК «Құрылыс» және ЖК «Ярмак»). 
2024 жылы Ұлытау ауданында 50 орындық қонақ үйдің құрылысы аяқталады. Ұлытау ауданы бойынша 280 млн теңге тұратын үш жол бойы қызмет көрсету жобалары іске асырылады. Құрылыс жұмыстары басталып, 2023 жылдың IV тоқсанында іске қосылатын болады (анықтама: Жезқазған-Қа­рағанды тас жолы 95 шақырым, 7 нөмір, 7 хостел, бөлек дәретхана, намаз­хана, атауы «Қайролла». Жоба құны – 90 млн теңге. Бастамашысы – Асазат Ысқақов. Қызылорда – Жезқазған тас жолы, ­атауы: «Ұлытау» Жезқазған қаласынан 205 шақырым, 3 нөмір, 3 орындық. Қонақ үй және асхана. Жоба құны – 130 млн теңге. Бастамашысы: Құдайберген Ділдабаев. Ұлытау – Жезқазған тас жолы, Ұлытау ауылынан шыға берісте, атауы: «Ұлытау», нөмір саны – 8, жатын орны – 20 орын. Қонақ үй және асхана. Жоба құны – 60 млн теңге. Бастамашысы: Ботагөз Бабатаева).
Жобалар іске асырылғаннан кейін мемлекет тарапынан оларға құры­лыс­қа кеткен шығынның 10 пайызы қай­тарылады және санитарлық-гигиеналық тораптардың күтіміне ай сайын 83 мың теңге (1 жыл) қарасты­рылатын болады.
– Eлiмiздe xaлықapaлық тypизм индycтpияcын дaмытyғa бaйлaныcты мeмлeкeттiк бaғдapлaмaның құpaмды бөлiгi peтiндeгi тapиxи-мәдeни ecкepт­кiштepдiң қызмeт aяcын кeңeйтy мeн жeтiлдipy үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ұлытау облысының 2022-2026 әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес Туризм саласын дамытуға 1,5 млрд теңге тарту көзделген. Ұлытау облысының кешенді даму жоспарына сәйкес, тapиxи-мәдeни ecкepткiштepдiң қызмeт aяcын кeңeйтy мeн жeтiлдipy мақсатында «Қазақмыс корпорациясы» тарапынан Әулие таудың шығар басына баспалдақ, Күмісбұлақ, Тасбұлақ туристік аймақтарына абаттандыру жұмыстарына 80 млн теңге инвес­тиция салу жоспарладық (қазір бұл жоба бойынша сметалық-жобалау құжаттары әзірленіп жатыр).
– Ұлытау аумағында туризмді қар­қынды дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіледі? 
– Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Сәтбаев қаласынан Жошы хан мазары мен ­Домбауыл қорымына дейінгі аралықта 19,5 шақырым тас жолдың (аяқталу уақыты – 2024 жыл. 2023 жылға республикалық бюджеттен 1 млрд ақша қаралды. Жалпы жоба құны – 6 млрд теңге) аяқталуы бұл жерге келетін туристер санын арттырмақ.
Тарихи нысандар көп орналасқан Ұлытау ауданындағы тарихи орындарға жеңіл инфрақұрылым және дала навигациясын орнату жұмыстары жүзеге асып жатыр. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясымен бірлесіп тарихи орынға алып баратын тасжолдағы бұрылыстарға бағыттауыштар (7 бірлік) орнату және тас жолы бойында туристер көп тоқтайтын орындарға санитарлық-гигиеналық торап орнату бойынша бірлескен жұ­мыстар жүргізіліп жатыр (Жезқазған-Арқалық бағытындағы тас жолдың бойындағы тарихи орындарға бұрылысқа 7 дана орнатылады). Жалпы, туризмді дамыту бойынша 2023 жылғы іс-шараларға тоқталатын болсақ, заманауи технологияларды пайдалана отырып AR, VR жүйесі бар шынайылыққа жақындатылған 3Д виртуалды турлары бар альбом әзірлеу және туристерге ыңғайлы етіп қалта-картасы мен туристік жолсерік қалта кітапшасын басу жұмыстары атқарылып жатыр.
Ұлытау облысының тарихи, әсем жерлерін фото, видеоға түсіру мақсатында шілде айында фототур ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ұлытау облысының туристік ақпараттық «VisitUlytau» порталын қазанда іске қосуды жоспарлап отырмыз. Туристік маршрутты түгендеу (дәретхана орнату қажеттілігін анықтау, байланыс қызметтерін жақсарту, туристік инфрақұрылым жағдайын анықтау), туристік өнімді (оқыту семинары, елді-мекендерде қонақ үй ашу бойынша түсіндіру жұмыстары) дамыту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асатын болады. 
– Ұлытау дегенде негізгі табыс көзі ретінде түсті металлургия мен ауыл шаруашылығынан кейін туризм саласы аталады. Жалпы, туризмнен түсім болады деп ойлайсыз ба?
– Жоғарыда аталған іс-шаралар іске асырылса, әрине, облыстың туристік әлеуетін дамытады. Сонымен қатар, туристердің келуі – бизнестің де дамуына септігін тигізеді. Ал бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді: жаңа жұмыс орындары ашылады, сервис жақсарады, салық қоры ұлғаяды. Сондықтан да туризмнің дамуы өңірдің барлық саласына оң әсерін тигізеді.
– Түсім демекші, «Жошы хан» кешені салынғаннан бері бұл салада табыс қаншалықты өсті? Туристер саны артты ма?
– Жыл басынан туризм саласына салынған инвестиция көлемі 422 млн теңгені құрады.  
Өткен жылы орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілердің саны 25,6 мың адам, ал оның ішінде шетелдік туристер саны 649 адам, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне 14 мың адам келсе, «Сапар орталығы» визит-центіріне 4 мың адам келген.
Биыл орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілердің саны 14 мың адам, ал оның ішінде шетелдік туристер саны 506 адам. Өткен жылмен салыстырғанда ішкі турис­тер бойынша көрсеткіш 8%-ға, ал шетелдік туристер бойынша 2 есе өсті. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 27 мың адамды құрайды деген жоспар бар. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Сәтбаев қаласынан Жошы хан мазары мен Домбауыл қорымына дейінгі аралықта 19,5 шақырым тас жолдың аяқталуы бұл жерге келетін туристер санын арттыратын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

5364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы