- Cұхбаттар
- 28 Қыркүйек, 2023
Нұрсәуле Мақсұтқызы: «БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА СӨЗ АРАСЫ...»
«Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Расында, ұлт ұстазының осы сөзі қазір де өзекті. Себебі, «тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек», қазір де айтатын, талдайтын мысал жеткілікті.
Тіз тазалығына қатысты мәселені мамандар да, ғалымдар да, тілшілер де айтып та, жазып та жүр. Дегенмен дәл осы салада түзетерлік іс көп болып тұрғаны да жасырын емес. «Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп…соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін назарға алып, өз тілімізде білім сөзін сөйлеуді де ұмытпасақ керек-ті. А.Байтұрсынұлы атындығы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Мақсұтқызы тіл тазалығына қатысты бірқатар мәселені талдап-таразылап берген еді...
Әр тілдің өз стандарты бар
– Нұрсәуле Мақсұтқызы, ағылшын тілі маманы болсаңыз да, арагідік БАҚ беттерінен ана тіліміздің тазалығын сақтауға арналған мақала, сұхбаттарыңызды кезіктіріп қалып жатамыз. Тілші мамандар тілдегі өзгерістерді жіті қадағалап отыр ма? Тіл тазалығы мәселесі одан бетер ушығып бара жатқан жоқ па?
– Қазақ тілінің тазалығы мәселесі одан бетер ушыға түскен. Себебі біз, тіл мамандары анда-санда бір жылт етіп айтып-жазып қалатынымыз болмаса, тілдің бұрмаланып бара жатқанын іштен тынып уайымдап, күнделікті күйбең жұмыстарымыздан уақыт артылмай, бас көтермей жүре береді екенбіз. Ал қоғам тыныш жатпайды, күнделікті тыныс-тіршіліктің ағынымен тілдің өзі көз ілестірмей өзгерістерге түседі. Өзгерістің бірі оң болса, оны – теріс. Арқан тартысып жатқан он адам мен бір адамды көзге елестетіп көріңізші, не болары түсінікті. Он адам жұлып алады.
– Сонда бүгінгі өзгерістердің жалпы сипаты қандай болып отыр?
– Телеарнаның қайсысын ашып қарасаңыз да, қолға қалам алып отырып, кетіп жатқан қателерін жазып үлгермейтін болдық. Мысалы телеарналардың кейбір бағдарламаларында ағылшын тілін білетін жастардың тілін үлкендер жағы, жалпы ағылшын тілін білмейтіндер біртіндеп түсінбей бара жатқан сияқты. Жақында бір әріптесім де: «осылар маған басқа бір тілде сөйлейтін сияқты» деп айтып қалды. Өйткені қазақ тілінде сөйлеп отырған маман ағылшын тілінің тек терминдерін ғана емес, қарапайым сөздерін де қосып сөйлеп отыр. Абайша айтқанда, сөз арасы бөтен сөзбен былғанып жатыр. Айтып отырған қазақшасының да біраз бөлігі орысша мен ағылшыншаның тікелей аудармасы. Біреулер осылай зуылдап сөйлеп жатса, тіліміздің бөтен тіл болмағанда несі қалады?
Ең таңғаларлығы, біздің «тырнақшаның ішінде айтқанда» дейтін сөзімізді кей бағдарламаға қатысушылар ағылшындар мен америкалықтардың ауаға қос қолымен тырнақшаның суретін салып отыратын бейвербалды әдетін де іске қосып алыпты. Ағылшын тілінде «air quotation» деп аталады. Қарасаңыз, салып отырған суреті біздің тырнақша емес, ағылшындардікі.
– Бізге, біздің тілімізге ешқандай пайдасы болмаса жастар ағылшын сөздерін неге қосады?
– Бір қызығы, кейде мұның пайдалы да тұсы бар. Бір бағдарламада жаһанға танымал математиктің есімі Алберт Айнштайн болып, ағылшын тіліндегі айтылымы бойынша қолданылды, бұл бір жағынан дұрыс. Неге десеңіз, ономастика саласында қалыптасып келе жатқан жаһандық үрдіс бойынша кез келген шетелдік атауды транскрипциялау немесе транслитерациялау барысында өз түпнұсқасында айтылуына мейлінше жақындатып алуымыз керек. Өз есіміміздің де бір дыбысы басқаша айтылып жатқанын өзіміз қалай қаламаймыз, басқаларға да сондай құрмет көрсетілуі керек. Осы тұрғыдан алғанда болашақта Вашингтон емес, Уошиңгтон, Париж емес, Пағи, Франция емес, Фғаңс деген атауларға көшетін сыңайлымыз. Америкалық әлемге танымал лингвист Ноум Чомскийді (Noam Chomsky) де не үшін Хомский деуіміз керек? /Х/ мен /ч/ тіпті бір-біріне ұқсамайтын дербес фонемалар, мысалы, Қанатты Манат деп немесе Жанат деп шақырсаң, қарамайды ғой. Сол сияқты ғылыми еңбектерімізде Чомскийді дұрыс қолдануымыз керек.
– Сонда бізге Хомский деген орыс тілі арқылы келген есім болып тұр ғой.
– Әлбетте. Жақында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына Мартин есімді Оксфорд университетінің докторанты келді, өзі секілді қазақ докторанттары немен айналысып жүргенін, жалпы қазақ қоғамындағы тілдік ахуалды білгісі келеді екен. Сол ағылшын ғалымнан:
«Әлемдегі көп тілдің динамикасына ағылшын тілінің әсері бар, мысалы бізге орыс тілі мен ағылшын тілі әсер етеді, ал ағылшын тіліне не әсер етеді?» деп сұрадым.
«Ағылшын тілінде сөйлейтіндер көп болғандықтан, бұл тілге ештеңе де, ешкім де ықпал етпейді деу – қате тұжырым. Біз, мысалы, кейде африкалық, үндістандықтардың ағылшыншасын түсінбей қаламыз» дейді ол.
– Сонда олардың тілі ағылшын тілінің стандартынан, әдеби нормасынан шығып кеткен бе?
– Өте жақсы сұрақ. Әр тілдің өз стандарты бар. Бүгінде ағылшын тілінің стандарты да көп, соған орай әдеби нормасы да көп. Жер жүзіне түгел таралған тіл болғандықтан, ғалымдар ағылшын тілінің неше стандарты бар, одан шығатын диалект қанша екенін дөп басып айта алмайды. Білуімізше, «оншақты стандарты бар, соның бірі – америкалық General American деп аталатын стандарт болса, соның өзінен 26 жергілікті диалект тарайды. Ал Британ ағылшыны 62 диалектіге бөлінеді» деген зерттеулер бар. Сондықтан қазір ағылшын тілдері деген ұғым қалыптасқан. Бір стандарт бір стандартты түзете алмайды, түзетуге құқығы да жоқ, «мынау менің тілімді бұзып жатыр» деп ешкім ешқайда шағымдана алмайды. Әр стандарт, яғни әр ағылшын тілінің өз әдеби нормасы сол елдің өз меншігі саналады.
«Жарымжан терминдер» күлмекке жақсы болғандықтан да...
– Ендеше қазақ тілін де өз стандартынан тайдырмай ұстап отыруға не кедергі?
– Біздің қоғамда бір жүйеге түсе алмай жатқан мәселелер өте көп. Әділетті жаңа Қазақстанмен бірге бірқатар реттеуші жүйелер де орнығатын болар, бұйырса. Сөзім түсінікті болу үшін тілдің терминологиясы саласынан қарапайым бір мысал келтіріп көрейін. Әлеуметтік желіде тілші мамандарға қарата айтылып жүрген, «бананды неге сарықисық деу керек, балконды қылтима дегені несі, шаптырма деген не сөз?» деген тәрізді сыни пікірлерге терминші мамандар талай рет жауап берген. Бірақ сол және сол сияқты мезі болған сұрақтар жүйесіздіктің салдарынан, яғни басқару механизміндегі олқылықтың салдарынан алдымыздан шығады да тұрады. Бәлкім, бұл «жарымжан терминдер» күлмекке жақсы болғандықтан да, ел ішіне кеңінен таралды. Әйтпесе, тілші мамандар, қандай болсын терминнің қолданысқа қолайлы, тілге жеңіл, құлаққа жағымды болу жағын бірінші кезекте назарға алады. Онсыз термин өміршең болмайды, қолданысқа түсіп кете алмайды. Термин жайы сөз болғанда айтпай кетуге болмайды, біз мұражай, сынып, пайыз деген сияқты қазақ тілінің сөздік қорына еніп, әрбір қазақтың күнделікті қолданысына түсіп кеткен терминдерін қайтадан кері қайтарып, музей, класс, процент қыламыз дегеніміз дұрыс болмады. Орыс сыныбында оқитын баланың осы жақын күндердің бірінде «жүз пайыз келісем» деп қазақша айтып тұрғанын көріп, бұл терминдердің енді орысшаға қарай кері қайтпайтынына көзім жетті.
– Нұрсәуле Мақсұтқызы, сөз арасына орысша қосатындарды былай қойып, енді ағылшынша қосатындар көбейіп келеді. Өзіңіз ағылшын тілі маманысыз, сөз арасына ағылшын тілін қосып сөйлейсіз бе?
– Мен де ағылшын тілін қосамын. «Ішіңді немен толтырсаң, аузыңнан сол шығады» деген мақал бар. Адам тіл білген соң, ол тыныштық бермейді, ішіңе сыймайды. Бірнәрсені керек жеріне қолданған кезде ағылшын тілін қосамын, бірақ цитаталық принциппен, яғни ағылшын тілінде мынадай сөз бар, термин бар деген сияқты оқшаулап көрсетем. Ал сөз басында мысалға келтірген кейбір телебағдарламаларда «былай дейміз ғой» деп, сөз арасына ағылшын сөздерін өз сөзіміз іспетті кіріктіріп алып отыр. Бұл тек телеарнаның емес, қазіргі біздің қоғамдағы ағылшын тілін меңгергендердің жағдайын танытып отыр.
YouTube-тің «Тіл туралы қызықты деректер» топтамасында жапондардың бір телеарнасы өз бағдарламасында ағылшын сөздерін шамадан тыс қолданып жібергені үшін мемлекетке үлкен айыппұл төлегені жөнінде ағылшын тілінде ақпарат жүр. Бізге де қажетті, жақсы идея екен деген ой келеді.
Таза сөйлеу де тазалыққа жатады
– Иә, расында, өте жақсы идея екен. Сонда телеарналарымыздағы тілдің шұбарлануы жәй қатысушылардың ғана емес, журналистердің де тілінен байқала ма?
– Бүгінде тілдің шұбарлануы журналистің де, тіпті ғалымның да тілінен айқын көрініс тапты. Қайсысы дұрыс, қайсысы қате екенін ажырата алмай барамыз. Әдемі сөйлеп тұрмыз деп ойлаймыз. Бірақ «Мен ойлаймын» деп сөзден бастап, «үлкен рақмет» деп аяқтап жатамыз. Мұның ешқайсысы қазақша емес, орыс тіліндегі «Я думаю», ағылшын тіліндегі «I think». Сол сияқты «осымен байланысты» ма, «осыған байланысты» ма, «а әрпіне аяқталған сөз» бе, «а әрпімен аяқталған сөз» бе, «маған хабарлас» па, «менімен хабарлас» па? – толып жатқан осындай мысалдар бар, ажырату қиын болып кетті.
– Мұны ажырату үшін не істеу керек?
– Сөйлемге сұрақ қойып көру керек, сөзді басқа тіркесімдермен қолданып көру керек. Мысалы, хабарласу деген етістікті қолданайық: Жанарға хабарласу, Жанармен хабарласу, Жанарға хабарласпадым, Жанармен хабарласпадым. Міне, осылай айтып көрген кезде «кімге хабарласу?» емес, «кіммен хабарласу?» дегеннің дұрыс екені шығады. Бірақ «мына нөмірге хабарласыңыз» деген сөздегі хабарласу етістігі қазір «телефон шалу» деген мағынаға ие болған. Осылай кез келген сөздің дұрыс-бұрысын анықтап алуға болады. «Фильм неге аяқталады?» деп сұрамаймыз, «Фильм немен аяқталады?» деп сұраймыз. Бұдан «а әрпімен аяқталған сөз» дегеннің дұрыс екенін бағамдаймыз.
Жалпы осындай жиі кездесетін қателердің алдын алу үшін «мынау қате, дұрысы мынау» деп көрсетіп отыратын, іздегенде табыла қоятын онлайн сөздіктер керек.
– Ондай сөздіктер түзіліп, қолжетімді болып жатса көп қиындықты еңсеруге себі тиетініне күмән жоқ. Алайда алпауыттардың жемтігі болудан тілді қорғау үшін тағы қандай іс-шаралар іске асырылу керек деп ойлайсыз?
– Тілдердің өмірі балықтардың өміріне ұқсас келеді, үлкені кішісін жейді. Сондықтан бұл жай ғана мәселе емес, біз бір елдің мемлекеттік тілінің көз алдымызда жылдам қарқынмен «қисайып», орыс тілі мен ағылшын тілінің ығына жығылып бара жатқанын мәселе қылып айтып отырмыз. Тілдің бір қалыпта тұрмауы, өзгеруі заңды құбылыс болғанмен, ол жұтылмауы керек, өз иммунитетімен алға жылжып, дамуы қажет. Тілді сақтап қалудың жолдарын Батыстың өз зерттеулерінен алсақ, мысалы, Давид Кристал, ең алдымен, тіл жанашырларынан құралған жасақ топтар жұмыс істеуі керек екенін алға тартады. Ол тілде қоғамға қажетті ақпарат жылдам таралуы керек және ең бастысы, бұл тілде сөйлейтін ұрпақтың ұлтжандылық сезімі болмаса, тіл бәрібір өліп кетеді деген қорытынды айтады. Осындай іс-шараларды қолға алуды өзімізден бастасақ, бірінші кезекте, тіл жанашырларының белсенділігін көтеруіміз керек. «Таза сөйлеу де тазалыққа жатады», өз бойымызды түзеуден бастап, тілдің әдеби нормаларына қайшы келіп жатқан қандай әрекет болса да, бас көтеріп, жауап беріп отыруымыз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Мадияр ҚАЗЫБЕК
5535 рет
көрсетілді0
пікір