• Cұхбаттар
  • 19 Қазан, 2023

Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті: Іске көшетін кез жетті

Тіл мәселесіне келгенде қазір қоғам не керегін түйсінеді. Бірақ нақты әрекетке көшу жайы алаңдатады. Мұны халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан­ Кенжеханұлы да құптап отыр. Ана тілінің жанашыры жақында Президенттің қабылдауында болып, қазақ тілінің қолданыс аясы турасында бірқатар мәселені талқылап қайтқан. 
 

– Рауан Кенжеханұлы,  сұхбатты Президентпен қазақ тілі жайын талқылағаныңыз тура­сында бастасақ. Нендей ұсыныс айтылды?
– Иә, негізгі әңгіме Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аяқалысы, жұмысы және қызмет жоспарына қатысты өрбіді. Мемлекеттік тілді тиісті тұғырына көтеруге, қолданыс аясын кеңейтуге, көпшілік көкейінде жүрген тілге қатысты мәселенің шешімін табу жолдарын қарастыру бағытында кеңестік. Әсіресе Президенттің балалардың тілі қазақша шықпай, шықса да дұрыс шықпай жатқанын, қазаққа тән төл дыбыстау жүйесі, тіл тазалығы бұзылып жатқанын мысал келтіре отырып айтқаны ұнады. Осы тұрғыдан жұмыс істеу керегін баса айтты. Оған қоса латын әліпбиі жайын талқыладық. Кейбір сөздердің орыс дыбыстауы­на жақын айтылып жүргеніне әлеуметтік желідегі сөз қолданысы әсер етеді. Мысалы, қазір көп жағдайда телефон арқылы жазғанда қазақша қаріп таңдауға ерінеміз. Орысша қаріп қолданып, «ү-нің» орнына «у», «ө-нің» орнына «о» қолданамыз. «Қазақша білетін адамдар мұны түсінеді, тиісінше оқып алады» деп ойлаймыз. Байқасақ, балалардың арасында қалай жазылса, тура осылай оқылып жүр. Меніңше, латын әліпбиіне көшу осы белең алған жайға жауап болатын секілді. Президент те қазақ дыбыстарын латын белгілерімен таңбалауға қатысты ойын айтты. Қалам алып, латын әріптерімен біраз сөз жазып көрсетті. Кездесу барысында Мемлекет басшысын тіл жанашыры ретінде жақыннан таныдым.  
– QAZAQ TILI эндаумент қоры қоғамға не бере алады?
– Жалпы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 34 жыл болды. Қоғам қатарында 135 өкілдік бар. Олар бүкіл аймақты, облыс, аудандарды қамтиды. Жекелеген компанияларда бастауыш ұйымдарымыз бар. Мемлекет тарапынан Тіл комитеті тағы бар. Арнаулы мекеме, институт бар. Сонымен бірге азаматтық қоғам қалыптастырып жатқан соң, түрлі ұйым жұмыс істейді. Жекелеген тіл жанашырлары да бір ұйым астында бірігуі керек. Сол тұрғыдан келгенде, мұндай ұйым қоғамға қажет. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аталған мақсатта жұмыс істейді. Сөйте тұра мемлекеттен қаражат алмайды. Белгілі бір қаржыландыру жүйесі жоқ. Сондықтан кей жағдайда мүшелердің жарнасы, кейде демеушілердің көмегімен өмір сүріп жатыр. Сондықтан эндаумент деп тұрғанымыз – қаржыландыру жүйесін жүйелеуге арналған ұсыныс. Бұл да біз ойлап тапқан нәрсе емес. Дүниежүзінде кеңінен қолданылады. Кез келген қоғамдық, әлеуметтік мақсатқа жұмыс істейтін қоғамдық ұйым осыған жанашыр кәсіпкерлерден, адамдардан қаражат жинап, оны тиімді пайдалану арқылы жұмысын жандандырады. Осындай қордың нұсқасы эндаумент деп аталады. Идеясы – қорға салынған үлес немесе жанашырлардың ақшасы жұмсалмай, басқарылады. Сол басқарудан түскен үстеме ақша ғана жұмсалады. Демек, қорға келген ақша үзілмей, көбейе береді. Одан түскен қаражатты жекелеген қордың кейбір бастамаларына жұмсауға болады. Меніңше, қордың тұрақты қаражаты, жұмыс істеу жүйесі, тұрақты жұмыс жоспары мен жобасы болуы керек. Мұны Президент те құптады. Қазір соны құру жолында жұмыс істеп жатырмыз. Өзіміздің кей жобаға кәсіпкерлерді, меценаттарды қосымша тартамыз. Мысалы, аталған идеяның біреуі кәсіпкерлерге, жеке компанияларға қызық болса, бірге жұмыс істейміз. Бірақ бізге қоғамның қолдауы керек, әріптестер қажет. Жекелеген ғалымдардың қол ұшын созғаны керек. Сондықтан жанашыр азаматтарды бірігуге, қолдауға шақырамын. 
– Баланың тілін қазақша шығаруға қажет құралдар жөнінде ойыңызды білдік. Мәселені көтеру барысында қандай да бір зерттеу жүргізіп көрдіңіздер ме? 
– Балалардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне жағдай жасайтын дүние жеткіліксіз. «Балапан» арнасы бар дегенімізбен, жалпы алғанда бұл аз. Себебі қазір сырттан келіп жатқан мазмұн көп, таңдау көп. Қолдарында неше түрлі құрылғы, теледидар тұр. Сондықтан осы әлемдік анимация жауһарларының бәрін қазақшаға аударып, еркін таратқымыз келеді. Одан кейін кинопрокат мәселесі тұр. Киноның мықты құрал екені рас. Жылына әлемдік бір-екі фильмді аудару жеткіліксіз. Үлкен экранға кеңінен жол тартатын фильмдер қазақшаға аударылуға тиіс. Бұл тек тілдік дағдыны емес, сонымен қатар дүниетанымды қалыптастыруға көмектеседі. Бұдан бөлек, баспа ісі жайы бар. Мұнымен біз біраздан бері айналысып келеміз. Бірақ әлі де балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, танымдық әдебиет, ғылыми әдебиетті дамыту жолында жұмыс күтіп тұр. Аталған бағыттар бойынша бұрынғыға қарағанда жағдай жақсы. Бірақ дегенмен әлі де басылатын,  берілетін дүние көп. 
Мәселен, Disney, Pixar секілді студьялар, Discovery сияқты телеарналар бар. Бірақ оны жеке-жеке жасқа бөліп қарастыру керек. Кейбір өнім 0+ категориясына арналуы керек. Әлемнің анимациялық жауһарларын жинап алып, ұлттық танымға, мәдениетке қатыстысын іріктеп, түзгеніміз жөн. Мысалы, түрік ағайындар көп нәрсе ұсынып жатыр. Француздарда да көп дүние бар. Мәселен, Франкофон ұйымы көп дүние шығарады. Ойымыз дүниежүзіндегі балаларға арналған мазмұн шығаратын алдыңғы қатарлы ұйымдармен жұмыс істеп, солардың жасаған дүниесін алып, қазақша аударып берсек. Әрине, біздің де анимациялық индустрияны қолдау керек. Біріншіден, мұны барынша дамыту көп күш, қаражат, уақыт талап етеді. Екіншіден, қазақ балаларын отандық дүниемен тұйықтап қоя алмаймыз. Өйткені ғаламдану үлкен күш. Сырттан келген дүниені аударып беру керек. Жай ғана аудармай, кейбір мәдени және діл ерекшелігіне бейімдеп беру керек. 
– «Оқу сауаты» және «Жазу мәдениеті» жобалары қалай іске асады? 
– Кездесуде де тілді оқыту мәселелерін талдағанбыз. Соның ішінде әдістеме жайы алаңдатады. Мысалы, көп мұғалім жаңар­тылған білім мазмұнындағы қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі қажетті деңгейде нәтиже бермей жатқанын айтады. Соған қатысты кей мәселені қайта қарау керегін ұсынды. Кезінде қалыптасып қалған диктант жазу, қатемен жұмыс, шығарма, мазмұндама жаздыру, мәнерлеп оқу, сөйлем талдау секілді құралдар екінші, үшінші кезекке қалып қойған. «Коммуникатив әдіс-тәсілдерді алып келеміз» деген желеумен классикалық әдістерді шетке ысырдық. Бұл біздің емес, тіл мен әдебиет мұғалімдерінің пікірі. Осыны бір ізге түсіру, қайтадан қалыпқа келтіру турасында ұсыныс бар. Сонымен бірге мектеп аясындағы оқу сауаттылығын күшейту, жазу мәдениетін қалыптастыру және дамыту маңызды. Мұнымен бүкіл әлем айналысады. Біз мұны зерттедік. Барлық елде балалар арасында еркін оқу, оқығанының негізінде ойын қалыптастырып, ауызша да, жазбаша да жеткізе білу дағдысы аса маңызды. Мәселен, білім сапасын тексеретін PISA халықаралық зерттеу құралы бар. Соның ішіндегі бір көрсеткіш – оқу сауаттылығы. Әсіресе, осы оқу сауаттылығы бойынша қазақ мектебінде оқитын балалар орташадан төмен нәтиже көрсетіп жатыр. 64 пайызы өз ана тілінде оқыған нәрсесін түсіне алмайды, оқыған дүниенің негізінде ой қорытып, айта алмайды, жаза алмайды. Бұл түптеп келгенде еліміздегі адами капиталдың сапасына үлкен нұқсан келтіретін нәрсе. Тілге ғана қатысты емес, жалпы азаматтардың, өскелең ұрпақтың ойлау қабілеті, сөйлеу қабілетіне әсер етіп, маман ретінде қалыптасуына тосқауыл болатын үлкен қиындық. Сондықтан осыны ескеріп, жұмыс істеу керек. Білім жүйесіне төңкеріс жасаймыз деуден аулақпыз. Десе де, Халықаралық  «Қазақ тілі» қоғамы ретінде бастама көтеріп, мұғалімдерге көмектескіміз келеді. Сондықтан әдістемелік және басқа да көмек көрсететіндей тіл мен әдебиет мұғалімдерінің форумын өткізу жоспарда бар. Одан кейін өз тарапымыздан жүлде жинап,  «Ана тілі» олимпиадасын ұйымдастырсақ, «Ұлттық диктант» деп аталатын дүние жасасақ дейміз. Сөйлем талдауға қатысты балалар арасында қызықты байқау, жарыс өткізсек дейміз. 
– IT технология тілін қазақшалау жайында айтып жүргенімізге біраз уақыт болды. 
– Дұрыс айтасыз, бұдан кейінгі мәселе – технологиялар. Қазіргі IT саласындағы құралдарды, ілгері шешімдерді тілдің қызметіне қалай тиімді пайдаланамыз? Иә, қазақша сөйлеу үшін, қазақша жазу үшін IT шешімдер көп көмектесе алады. Соның ішінде дыбыстану, мәтінтану жүйесі, автоматты түрде аударма, тіл оқу алгоритмі, осының бәрі маңызды. Бұдан бөлек, қазақ тілінде сөздіктер мен анықтамалықтар қажет. Өйткені бұлар тілді оқуға, оқытуға, зерттеуге, қажетті құрылым. Соның бір үлкен жетістігі – Оксфорд қазақ сөздігі. Дүние жүзінде сөздік құрастырудан алдына жан салмайтын негізгі ұйым – Оксфорд университеті. Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысты. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік инс-титут ғылыми кеңесінің сараптамасынан өтті. Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда салаларындағы жаңалықтар ескерілді. Сондай-ақ сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді. Осы сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыс-тырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Айта кетерлігі, бұл кезінде Президенттің берген тапсырмасы еді. Осы сөздік дайын болды. Президент өзі парақтап көріп, бағасын берді. Биыл жыл аяғына дейін жариялаймыз. Бұл жеткіліксіз, ары қарай  қосымша анықтамалық сөздіктерді бір бағыт ретінде қосымша алып жүргіміз келеді. Сала сала бойынща маңызын түсінеміз. 
– Digital Bridge форумында модератор болдыңыз. Жасанды интеллект қазақ тілін еркін түсінуі үшін не істеу керек?
– Бұл сессияны ұйымдастыруға Бағдат Мусин мырза ұсыныс білдірді. Ол кісі «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшесі. Екеуара технологияларды қазақша дамытуға қатысты жоспар бар. Содан іліп аларлығы – министрдің алдағы уақытта қазақтілді стартаптарға бөлек қаражат бөліп, қазақ тілінде жұмыс істейтін платформаларды қолдауға қаражат бөлетінін айтқаны. Әрі байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарды бірге анықтаймыз. Бұл айтарлықтай маңызды шешім. Ал жасанды интеллектке қатысты мамандардың барлығы бірауыздан қостап айтқаны – бізге қазақтілді мазмұн керек. Chat Gpt не болмаса, басқа жасанды интеллекте қазақ тілінде еркін жұмыс істеу үшін мазмұн жеткіліксіз. Мысалы, Wikipedia-ны, Google-ды дамыттық, түрлі кітаптарды аударып жатырмыз, бірақ мұның бәрі өте аз. Генеративті жасанды интеллект талапқа сай жұмыс істеу үшін интернеттегі қазақтілді мазмұн көп болуға тиіс. Ол үшін барлық тіл жанашырлары интернетте мазмұн жасауға біріксе деймін. Бізде пікір айтушылар көп. Бірақ нақты жұмыс істейтіндері аз. Шын мәнінде, тілге жанашыр адамдар осы ортаға қосылып шамасы келгенше қазақтілді мазмұнды көбейту керек. Мәтін, музыка, анимация, кино, блок, мақала болсын, қолынан не келеді, соны жаза білуі, жариялай білгені жөн. Жасанды интеллект негізі, отыны – контент. 
– Шетелдік компанияларда жұмыс істейтін ұл-қыздардың қазақша сайрап тұрғаны көңіл қуантады. Форум барысында олар айтқан ұсыныс көңіліңізге қонды ма?
 – Сессия аясында сырттан келген мамандарды іріктеп шақыруға тырыстық. Қазір Google, Meta, Uber-де жұмыс істейтін қазақтілді жастар көп. Менің ойымша, қазақша сөйлейді, мықты компанияда жұмыс істейді деп мақтанатындай, таңданатындай уақыттан өтіп кеттік. Қазір мұндай жастар көп. Сондай ортаның көмегімен де көп нәрсе жасалып жатыр. Әлеует өте зор. Қазір қызық жағдайда тұрмыз. Тілге деген қызығушылық, қоғам, мемлекет, кәсіпкерлер тарапынан қолдауға дайындық өте жоғары. Қоғам да әбден пісіп жетілді. Енді белсенді әрекетке көшпек керек. Қазақстанда қазақ тілінің үстемдік құрып, қазақ тілді ортаның өсетініне күмән жоқ. Тек сапасын арттыру абзал. Халықтың төрттен үші мектепті қазақ тілінде бітіріп, жоғары оқу орнында қазақша оқып жатыр. Алаңдататыны, сол ортаның тілді білу деңгейі, еркін сөйлеуі, сауатты жазуы. Бізге қазақ тілінде сауатты жазатын адамдар керек. Соның ішінде академиялық жазуды, сараптама жазуды меңгерген, экономика, технология болсын, кез келген салаға төселгені қажет. Бізде қазақша сөйлейтін адам аз емес. Қазақ тілі кәсіпке, ғылымға, технологияға кіріккені керек. Тілдің әдеби байлығын, әуезін, мұрасын, халық ауыз әдебиеті мұрасын қазіргі функционал қажеттілікке қарай бейімдеуге көшсек деймін. Көп жағдайда қарапайым құрылыс дүкеніне келіп, керегімізді қазақша сұрауға шамамыз жетпей қалады. Оның барлығы қиын дүние емес. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Айзат ЖОЛДАСОВА

5513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы