• Тұлға
  • 02 Қараша, 2023

Табылды Мұқатов өмірден өтті...

77 жасқа қараған шағында белгілі суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Табылды Мұқатов өмірден өтті. 
Табылды Мұқатов 1947 жылы 16 қаңтарда Атырау облысы Исатай ауданы Орпа ауылында дүниеге келді. 1968 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1973 жылы Львов қаласында И.В.Федоро атындағы Украина Полиграфиялық институтын тәмамдаған соң 1975 жылдан бастап «Жазушы» баспасында көркемдеуші редактор болып жұмыс істеді. Талантты суретшінің қолынан шыққан туындылары кезінде бүкілодақтық, халықаралық байқаулардың марапаттарына ие болды. Қылқалам шебері шығармашылығының бір саласын – кітап безендіру ісіне арнады. Атап айтқанда, Ығылман Шүрековтың «Исатай-Махамбет», М.Әуезовтың «Шу асау», «Қилы заман», С.Жүнісовтың «Ақан сері», І.Жансүгіровтың «Құлагер», К.Ақышевтың «Қазақстанның көне алтыны», М.Өтемісовтың «Ереуіл атқа ер салмай», халық ертегісі «Ұр, тоқпақ», Фирдауисдің «Шахнаме», М.Дулатидің «Жаһан-наме», екі томдық «Қазақ поэзиясының антологиясы» және т.б. туындылар Т.Мұқатовтың көркем безендіруімен қалың оқырманның ықыласына бөленді. Жалпы, шығармашыл тұлғаның қолынан 500-ге жуық баспа өнімдері безендіріліп шыққан. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арналған «Құм жазуы» атты қолжазба өлеңдер кітабын дайындағаны үшін ЮНЕСКО-ның «Алтын медалі» табыс етілді. 
Қылқалам шеберінің қолынан шыққан туындылар ұлттық нақышымен, қайталанбас өрнегімен ерекшеленді. Негізгі жұмыстары – «Құмға сурет салушылар», «Қорқыт пен Асан қайғы», «Үш ат жайлауда», «Асан қайғының желмаяны қомдауы» деген атпен танымал болды. Елімізде және шетелде бірқатар жеке көрмелері өткізілді. Табылды Мұқатов «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдармен де шығармашылық байланыста болды. «Ана тілі» газетіндегі «Ұлт газеті» деген айшықты жазуды ұлттық нақышқа сай етіп, өз қолымен таңбалады. Дара суретшінің еңбекқорлық қасиеті, ақкөңіл, ашық-жарқын мінезі, сәбидей кіршіксіз болмысы замандастарының жүрегінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз. 
Бақұл болыңыз, Табылды аға!

«Ана тілі» газетінің ұжымы

2733 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы