• Cұхбаттар
  • 02 Қараша, 2023

АҚШ-ТА ЖҮРСЕК ТЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕМІЗ

Арай Сабыржан, Google компаниясының инженер-бағдарламашысы
 

Әлемнің әр қиырында жұмыс істеп жүрген қазақ жастары көп. Соның ішінде Google, Apple, Tesla сынды компанияда өнімді еңбек етіп жүрген қаракөздеріміз бар. Соның бірі – Арай Сабыржан. Оның айтуынша, шетелдік компанияда қызметі бар қазақтың саны 400-ден асып жығылады. Ал оларды біріктіретін елге деген махаббат, мұхиттың арғы жағындағы сағыныш, қайтсем туған жердегі кем-кетікті түзеймін дейтін мақсат. 
 

– Арай, алдымен Нью-Йоркте өткен кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталайықшы. «Болашақты» бітірген жастар сала бойынша жұмыс таба алмайтыны рас па? Сондықтан да шетелде қалып жұмыс істегенді жөн көре ме?
– Бағдат Мусиннің бастауы­мен ашылған Digital Nomads қауымдастығы сырт елдерде мықты оқу орындарында білім дәрежесін көтеріп жүргендер және IT саласында тәжірибе жинап жүрген мамандардан тұрады. 2022 жылдың тамыз айында Нью -Йорк қаласында Digital Nomads қауымдастығының мүшелері Президент Қ.Тоқаевпен кездестік. Бұл кездесуде IT саласының дамыту жолдарын талқылап, бірнеше тақырып қозғалып, ұсыныс айтылды. Соның ішінде төрт мәселе көтердік. Әсет Әбдуәлиев есімді отандасым осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түскен мамандар кейбір жағдайда жұмыс таба алмайтыны туралы айтты. Жастардың мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жатқанын айтып дабыл қақты. Мұның себебін елімізде кей сала бойынша сұраныс болмауымен байланыстырды. Сондықтан шетелде Қазақстанда дамуды қажет ететін салаларда оқып жүрген студенттерге мүмкіндік беріп, жағдай жасауды ұсынды. Тарқатып айтсам, белгілі бір аралықта сол жерде жұмысқа тұрып, тәжірибе жинау жайын қарастыру керегін баяндады. Әрине, бірінші кезекте – оқу, одан тыс уақытта тәжірибе жинау тұрады. Меніңше, бұл ұсыныс қолдау тапса, шетелде білім алып жатқан отандастарымыз оқуын аяқтап та, тәжірибе мен білім жинап та үлгереді. Нәтижесінде, елімізде саланы жан-жақты білетін, тәжірибелі маман көбейеді. Одан кейін Анна Фокина атты отандасымыз Қазақстандағы стартап компаниялар үшін венчурлік қаржыландыру мүмкіндігін арттырудың маңызын түсіндірді. Өз кезегімде әлемнің алып IT компанияларында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар туралы сөз қозғадым. Kazakh Google Community, Women in Tech-тің не беретінін, оның ауқымы жайында айттым. Ал Әлібек Датбаев спорттық бағдарламалау федерациясын ашу жайлы ұсынысымен бөлісті. Қазір аталған ұсыныс іске асып, нәтижесін көрсетіп жатыр. Яғни 2024 жылы Қазақстанда халықаралық деңгейде балалар арасында спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионаты өтеді.
– «Kazakh Google Community» елге не беріп жатыр? 
– Kazakh Google Community дегеніміз – Google компаниясында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың қауым­­дастығы. Оның ішінде ұлттық мерекелерді бірге тойлау, қайырым­дылық қорларына көмек беру, елі­міздегі мектеп оқушыларына және студенттерге арнап онлайн дәріс өткізу, қазақша сөйлеу практикасын дамыту бар. Форум аясында елге келгенімізде онлайн дәрістерді оффлайн өткізуге тырыстық. Бірнеше кездесуге бардық. Өзіме IT саласында жүрген әрбір жасты қанаттандырған ұнайды. Біз өткізген қандай да бір дәрістен керегін алып, өзін қамшылай алатын жастар көбейсе, қауымдастықтың жетістігі сол дер едім. 
– Ары қарай «Women in Tech-ке» келейікші. Өзің IT саласында қалай келдің? Бізде осы саладағы әйелдерге қолдау қандай деңгейде?
– Осы тұста білім алуыма барынша жағдай жасаған ата-анама алғыс айтқым келеді. Себебі оқуымды бірінші кезекке қойып, қолдау білдірді. Тарқатып айтсам, Алматыдағы №39 физика-математика лицейін бітірдім. Кейіннен мектеп қабырғасында мамандық таңдаумен бас қатырып жүргенімде жігіттерден «қыздардың қолынан бағдарламалау келмейді, олар грантқа ие бола алмайды» дегенінде ойланып қалдым. Сонда ішімнен бір дауыс қыздардың қолынан бәрі келетінін дәлелдеуді ұсынды. Осылайша, IITU университетіне оқуға түстім. 2017 жылы «Computer Science and Software Engineering» факультетінде бағдарламалау саласын меңгердім. Университетте оқи жүріп, тәжірибе жинауға ден қойдым. Бірнеше компания, ЖОО сайттары мен платформалар жасадым. Кейіннен Ш.Есенов атындағы қордың шетелде тәжірибе алмасу бағдарламасын тауып,­ құ­жатымды тапсырдым. Іріктеуден өтіп, бағдарлама бойынша АҚШ-тағы стартаптарды тауып, тәжірибе алмасу жөнінде хат жаздым. Жүздеген хаттың ішінен бес қазақстандықтың өтініші қабылданды. Бағым жанып, Кремний алқабында тәжірибеден өтуге шақырту алып, шетелге кеттім. Стартаптарда жұмыс істеп жүргенімде LinkedIn-дегі парақшамды үнемі толтырып жүрдім. Себебі жергілікті рекуртерлер түйіндемеге емес, аталған парақшадағы кілтсөздерге көңіл бөледі. Осылайша, парақшамды көрген Google рекрутері поштама хат жіберіп, сұхбаттасуды ұсынды. Алғашында телефон арқылы сөйлесіп, берілген есепті шығару керек еді. Қобалжығаннан есепті толық шығаруға уақыт жетпеді. Десе де сынбай, мүмкіндігімді тағы да сынап көрдім. Нәтижесінде, қазір Google компаниясында жұмыс істеп жатырмын. Әрине,бұл салада әлі де қыздар аз. Дегенмен осы салада жүрген қыздарды қолдап, әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Әсіресе, математика, физика, IT бағытындағы қыздарды қолдап, қанаттандырғым келеді. Болашақта бұдан да жақсы көңіл бөлінеді деген ойдамын. Мысалы, осы турасында Америка тәжірибесіне қарасақ, балалы болған ерлі-зайыптылар бірдей декреттік демалысқа шығады. Әйел үзіліс алған уақыттағы жұмыс тәжірибесін жоғалтпайды. Әрі күйеуі де әйелін толыққанды қолдап, бала күтімін де, басқасын да тең бөліседі. 
– Digital Bridge секілді форумдар­дың маңызына тоқталсаң. 
–Мұндай форумдардың маңызы зор. Себебі мұнда IT компаниясы бар адамдар, осы салада жүрген маман мен қызығушылығы бар жастар бірігеді. Ой бөлісіп, түрлі идея алмасады. Келген студенттер мен жастар мотивация алады. Бастысы, осы салада жүрген мамандар елде қандай өзгерістер болып жатқанын бағамдап, тәжірибесімен бөліседі. Байқасаңыз, форумға келгендердің басым бөлігі – студенттер. Қызығушылық бар. Олар болашақта таңдайтын бағыттарын анықтайды, жұмыс істегісі келетін компания тынысымен танысып, басшыларымен әңгіме-дүкен құра алады. Меніңше, бұл әрбір жасқа таптырмас мүмкіндік, көкжиегін кеңейтуге бір қадам. 
– Digital Nomads Kazakhstan қалай құрылды және қандай жетістіктері бар?
– Digital Nomads Kazakhstan қауым­дастығын құруға министр Бағдат Мусин мұрындық болды. Telegram-да арнайы чат ашылып, сол жерде Әсет Әбдуәлиев пен Әлібек Датбаев осы сала бойынша әлемнің әр қиырында білім алып жатқан, жұмыс істеп жүрген қазақтардың басын қосты. Осылайша, әп-сәтте онлайн 400 адам жиналдық. Бағдат Мусин онлайн да, оффлайн да бірнеше кездесу өткізді. Сондай кездесулерде ой бөлісіп, сұрақ қойып, түрлі тақырыпты талқылаймыз. Жан-жақты мәселе көтереміз. Билік үнімізге құлақ түріп жатса, марқаямыз. Бәрімізді еліміздегі IT саласын барынша дамытсақ деген ой біріктіреді. 
– Елге келгенде алдымен «Отандастар» форумына қатыстың. Жан-жақтан келген интеллектуал қазақтар бас қосып, нендей дүниені талқы­ладыңыздар? 
– Иә, елге келісімен «Отандастар» форумына қатыстым. АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастар мен отан­дас­тарымыздың атынан сөз сөйледім. Форумнан ерекше әсер алдым. Себебі, шетте жүрген отандастарымыздың бір-біріне, елімізге деген ықыласы ерекше. Олар қай салада болсын, елімізге көмектескісі келеді, жеріміздің барынша гүлденгенін қалайды. Қазақстанмен байланысты үзбей, тамыр жая түсуді ойлайды. Өзімде бірнеше адаммен танысып, әңгімеміз жарасты. Бар қазақ Күлтөбенің басында жиналғандай әсерленіп, ерекше күйге бөлендім. Форумдағы сондай бір жылы аура ұнады. Меніңше, шетелде жүріп ұлттық құндылықты жоғалтпаудың маңызы зор. Мысалы, біз АҚШ-та тұрсақ та, өзара қазақша сөйлесіп, Kazakh speaking club кездесулерін ұйым­дастырамыз. Әзірге аталған кездесуге тек Google-да жұмыс істейтін қазақтар келеді. Мерекелерде бас қосып, бір-бірімізді құттықтап, жақын тартамыз. Қайдан келгенімізді, қандай мақсатпен жүргенімізді естен шығармаймыз. Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді жіті бақылап, жаңа­лықтарды қалт жібермейміз. Әр өзгеріске шын қуанып, қайғыға қабырғамыз қайысады. 
– Сөз соңында, Google-дағы бір жұмыс күніңді сипаттап бересің бе? Әрі әлемдік компанияда жұмыс істе­гісі келетін жастарға берер кеңесің? 
– Біз гибрид түрде, яғни ыңғайға қарап жұмыс істейміз. Дәлірек айтқанда, оффлайн да, онлайн да жүмыс істеуге болады. Мысалы, офистегі жұмысқа барсақ, таңғы ас дайын тұрады. Бірінші почтаны ашып, кіммен кездесу барын, қандай жұмысты бітіру керегін қарап, жоспар құрамыз. Аталған кездесулерді өткізіп болғанша түс ауады. Түскі астан кейін бағдарламалауға, код жазу процесіне кірісеміз. «Бұл жұмысты бітіремін» дегенше кеш батады. Арасында бестің шәйін ішіп аламыз. Бұған арнайы кішкене ас үй бар. Жұмыс уақытында шаршасаңыз, массаж креслосына отырып демалуға немесе ойын бөлмесіне баруға болады. «Спортпен айналысамын» десең де жағдай жасалған. Яғни бассейнге түсіп, фитнеске бара аласың. Мұның бәрін компания басшылығы өнімді жұмыс істеу үшін қарастырады. Себебі  мидағы түрлі сигнал жүмыс істеуге кедергі келтіруі мүмкін. Ал осындай алып компанияларда жұмысқа тұрғысы келетін жастарға айтарым, әңгімелесу кезіндегі сұраққа жақсылап дайындалу керек. Әрине, адам өзіне сенсе, өз бағасын білсе, әлемдік дәрежеде түйіндемесін дайындай алса құба-құп. Себебі түйіндемеге жасты, жынысты, жазбайсыз, суретіңізді қоса өткізбейсіз. Ерекшелігі, әңгімелесуден кейін түйіндемеге мән береді. Яғни адамның қарым-қабілетін бағалау бірінші орында. Сондықтан сұхбаттасуға барынша дайындалып, көтеретін тақырып бойынша біліміңізді толықтырған жөн. Қайталап айтамын, өзіне сенімді, білімді, еркін, идеяға ашық жастар қай компанияға болсын керек. Бойдағы жалынды сөндірмей, сынбай, мүмкіндікті бірнеше рет пайдаланыңыз. Меніңше, өз ісінің маманы барлық жерге керек. 
– Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен 
Айзат ЖОЛДАСОВА

4919 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы