- Cұхбаттар
- 01 Қараша, 2023
Жазушы Айзат Рақышпен сүбелі сұқбат
Айзат Рақыш-Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, халықаралық Қазақ ПЕН клубының мүшесі, жазушы, сыншы, драматург, ұстаз. Қаламгер әр жылдардағы республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері. «Өлгендер қайтып келеді», «Мұз үстіндегі қызғалдақ», «Жанарымнан танышы», «Балалықтың соңғы күзі» деп аталатын прозалық кітаптардың авторы. Және «Әндей әдемі Әлібек әлемі» атты сыни жинақтың авторы. Жазушының «Адасқандар» хикаяты орыс тіліне аударылған.
Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына орай Өскеменде өткен «Неткен ғажап дүние!» атты очерк байқауының қорытындысы бойынша «Неткен ғажап дүние!» байқауының бас жүлдесін астаналық Жантас Еркінұлы «Тілей» атты очеркімен жеңіп алды. Оған 1 млн теңгенің сертификаты берілді. Ал Ұлытау аймағынан ат арытып жеткен қаламгер Абай Ораз «Тобылғы жарғанның суығы» атты очеркі үшін бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Алматыдан келген Айзат Рақыш, үшінші орынға жерлесіміз Айнаш Асанова жайғасты. Жазушы атындағы кітапханада ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараға Орағаңның сырлас інілері Әлібек Асқар, Асқар Алтай, Нұртөре Жүсіп келіп, жылы естеліктерімен бөлісті, жүлдегерлерді құттықтады. Біз осы кезекте жүлдегер Айзат Рақышпен сұқбаттасуды жөн көрдік.
- Айзат Серікқызы, өткен қыркүйек айында Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқаудың жеңімпазы атандыңыз. Байқаудың шарттары туралы айтып өтсеңіз.
Иә, биылғы жылдың қыркүйек айында «Неткен ғажап дүние» деп аталатын Оралхан Бөкей атындағы ІІ республикалық публицистикалық байқау өз мәресіне жетті. Былтыр Орағаңның атында «Ауыл хикаялары» тақырыбында әңгімелер байқаудың өткені белгілі. Ал биылғы байқау республика көлемінде журналистер мен жазушылардың басын қосты. Байқаудың басты шарты -Оралхан жазушы жан бітірген очерк жанрында жазу, қарапайым ауыл адамын суреттеу.
-Байқауға жіберген шығармаңыздың атауы қандай болды? Шығармаңыздың өзегі не? Басты идеясы?
Байқауға «Қымбаттың Бойтұмары» деген очеркпен қатыстым. Очерк кейіпкері Қымбат-Зайсан ауданы Шүршітсу ауылының тумасы, атбегі. Очерктің өзегі атбегілік өнер мен тұлпар табиғатын танытуға арналған. Басты идеясы ел ішіндегі Қымбат тәрізді ұлттық өнерді ардақтап, атадан балаға беріп отырған қасиетті жандардың өнерін насихаттау болып табылады.
- Айзат Серікқызы, Оралхан Бөкей әлемімен ең алғаш қашан таныс болдыңыз? Сізді Мұзтаудың мұбалағы әлеміне әлдекім әкелді ме?
Орағаңның әдеби мұрасына ғашық болу үшін әлдекімнің ықпалы қажет емес. Бір айтарым-үйіміздегі жеке кітапханада сүйікті жазушымның кітаптары бала кезімнен самсап тұратын. Сол кітаптардың ішінен Орағаңның қалың томдары мен мұндалап тұрушы еді.
-«Оралхан Бөкей кім?» деген бір арнаулы сұрақ қойылса, қалай жауап берер едіңіз?
Оралхан Бөкей-қазақтың өзі, ұлтының арман-тілегін қара сөзіне қанжығалап алған көненің көзі. Халқының дерті тұсын тамыршыдай тап басқан көрегені, сұлу да сырлы сөздің Төлегені.
- Оралхан Бөкейдің шығармаларының ішінде қай туындысы сізге ерекше ұнамды және неліктен?
Жазушыны сүю деген оның барлық туындысына табынумен пара-пар деген ұғымды білдірмей ме? Бірінен бірін бөліп-жара алмаймын. Әр шығармасы мен үшін бір төбе. «Қар қызы» хикаятындағы өмірге ынтығу, үлбіреген нәзік үміт сезімі қайталап оқыған сайын, көңіліме ғажайып нұр болып құйылады. Ал, «Атау кере» хикаятында жазушы өзі өмір сүріп отырған заманнан әлденеше қырқаға асып түсіп, көрегендік жасап отыр. Қазір қоғам аралас неке, қолдан жасалған бала (экоорталық) деген ұлтты аздыратын, тексіздендіретін құбылыстарға бей-жай қарап отыр. Тұтас бір ұлтты өзге «текпен» будандастыру арқылы оның тамырына балта шабуға болады. Көреген қаламгер осы аталған қасіретті «қауіпті будан» ұғымы арқылы астарлайды. Хикаят кейіпкері Ерік тек саяқ жүріп, өз білгенін жасайтын жай ғана тоңмойын емес. Ол адамгершілігі жарым, тегі жарты қаны сұйық адам. Біздің қазіргі қоғамымызда Ерік типтік бейнеге айналып отыр.
-Оралхан Бөкейдің қандай шығармаларын оқуға кеңес берер едіңіз?
Қазір «Оралханды оқыған адам оны бірден түсінбейді» деген екіұдай пікір қалыптасқалы қашан. Бұл суреткердің түсініксіздігінен емес, керісінше психологиялық пайымдарға тым бай, философиялық иірімдері өте терең келетіндігінде. Шерхан аға Мұртазаның сөзімен айтқанда, «Оралханның кітаптары «жасқа-ақыл, кәріге-қуат береді.Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады.» Сондай-ақ, оқырмандардың жас деңгейіне қарай қаламгердің әңгімелерінен бастап оқуға ұсыныс айтқым келеді.
-Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқи келе автордың қандай мәселелерге баса ден қоятынын байқадыңыз?
Дулат аға Исабеков ағамыздың «Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді» деген пікірі ойыма оралып отыр. Осы қанын тамшылатып, жанын беріп жазу нәтижесінде көктің өзінен биік шығармалар туды. Не туралы қалам тербеді десек, Орағаң тербетпеген тақырып жоққа тән. Ауыл өмірі, адам жаны, биік махаббат,көз соқырлығы мен көрсоқырлық, Ұлы Отан соғысының қазақ ұлтына тартқызған тақсіреті-осының барлығы жазушы қолымен ұстатқандай етіп көңілімізде сайратып қойған тамырлы тақырыптар.
-Оралхан Бөкейді Оралхан Бөкей еткен не? Алпауыт жазушының шығармашылығының сыры неде деп бажалайсыз? Жазушының жазу стилі туралы айтсаңыз?
Орағаң-жүз жылда бір туатын, бәлкім, тіпті қазақтың маңдайына қайтып бұйырмас тума талант. Осы талантына жаратушы дарытқан зейін-қабілетін, ақыл-парасатын қосыңыз. Жазушының замандастарынан көп естелік тыңдап келеміз. Сондағы байқағаным-қаламгердің тынымсыз еңбекқорлығы. Желісі бір үзілмейтін шығармашылықтың даңғыл жолына түсу бақыты бұйырғандығы. Ең бастысы-суреткер көзімен көргенін аса сезімтал жүрегінде тіл бітірген, көңіл көгінің шырқау біиігінде самғатқан. Сол себептен де жазушы қаламынан түрлі жанрдағы туындылар төгіліп түсті. Оралхан қаламында қара сөздің өзін өлеңдей сырлы етіп жазу сиқыры бар. Әр сөйлеміндегі әрбір сөзден жазушының сөз талғауға деген аса зор талабын байқауға болады. Оралхан стилі басы артық сөзден ада, кірме сөзден таза, ақиқатпен ауылдас, қазақ рухымен бауырлас қасиет қонған қалпынан бек аңғарылады.
-Бүгінгі ұлт әдебиеті өкілдері ішінде Орағаңның стиліне жақын аға буын қаламгерлер мен жас ақын-жазушылардан кімдерді атар едіңіз?
Жастардан Оралхан стиліне еліктеушілік емеурінін байқасам да, тап басып көрген емеспін. Ал, аға буын өкілдерінен кітабы баспадан шыға сала ел ішіне тарап кететін көрнекті жазушы Әлібек аға Асқаровты атар едім. Орағаңмен сырлас бауыры болғандықтан ба, Әлібек ағаның лирикалық әуенмен өрілетін әнге бергісіз прозасы оқыған сайын Оралхан Бөкей қаламының қасиетін есіме түсіреді.
-Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?
Осыдан бес жыл бұрын жазған тақырыбыма қайта оралумен келемін. Жасанды ұрықтандыру орталықтары арқылы дүниеге келіп жатқан сәбилердің сан қилы тағдырлары туралы «Тегімді менің сұрама» және «Келіншек гүлі солғанда» деген әңгіме-хикаяттар жазған едім. Осы тақырыпты тағы да қозғауыма тура келіп тұр. «Менің құрсақ анам» деген әңгімем жақында оқырмандарыма жол тартпақ. Және өзімді тұңғыш рет аудармашы ретінде сынап көрдім: қырғыз тілінен қазақшаға әңгіме тәржімаладым. Ойға алған іс көп.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
5288 рет
көрсетілді0
пікір