- Ақпарат
- 09 Қараша, 2023
Бір ауылдан шыққан үш чемпион
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Үшеуі де – жеңімпаз. Олар – елдің мақтанышы. Қазір халықаралық жарыстарда қазақтың атын шығарып жүр. Қырықтан асса да, үшеуі де спортты тастаған жоқ. Қуанатынымыз бекер емес. Өйткені кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ осындай азаматтарға қарап бой түзейді. Ақиқатын айту керек, кәсіби спортта тұрақты жүргендер ары кетсе, 30-35 – жасында мансабын аяқтайды. Ал жұмыс пен спортты қатар алып жүргендер көп емес. Біз сөз етіп отырған үш жігіт те бала жасынан спортшы. Жетістіктері де жетерлік. Өз кәсібі, тіршілік, жұмыстары бар. Бірақ спортты өмірлік серігіне айналдырған жандар. Өйткені ұлт саулығы бәрінен де қымбат.
Бұл орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп атап көрсеткені белгілі. Мұны неге айтып отырмыз? Ағайынды Әбу-Дастан мен Дәулет Арапұлы екеуі де қазір Алматыда бұқаралық спортты дамытып отыр десек, артық айтқандық емес. 2015 жылы Зинали әкесінің бастауымен бауыры Дәулеттің ұйымдастыруымен «Кете Прайд» спорт клубын салды. Қазір аталған спорт кешенінде бапкер Төлеген Сұлтановтың басқаруымен еркін күрес, самбо, дзюдо, қазақша күрес секциялары жұмыс істейді. Сондай-ақ грэпплинг, джиу-джитсу, теннис, гимнастика, таэквондо, бокс, футбол және тағы басқа да спорт түрлері жұмыс істеп тұр. Әрқайсысының өз бапкерлері бар. Тұрақты түрде жаттығады. Осылай спортты сүйер жұртшылыққа жағдай жасап отырған қос азамат өздері бұл саладан кенде емес. Өздері де спортты бала жасынан серік еткен. Ағайындылардың қырықтан асса да, жетістіктері жетерлік. Жақында Болгарияның Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасындағы әлем чемпионаты өтті.
Оған Әбу-Дастан Зиналиев те қатысты. 40-44 жастағылар арасында күрестің греплинг және греплинг ги түріне барған Әбу-Дастан 1 және 3-орынды иеленіп қайтты. Айта кету керек, Әбу-Дастан Арапұлы даңқты палуан әрі бапкер Хайдар Қарпықовтың шәкірті. Сыр өңірінің тумасы бапкер Әділбек Серікбаевтың қол астында жаттыққан. Әбу-Дастан – самбодан спорт шебері. Әлемнің әр түкпіріндегі халықаралық жарыстарға қатысып, қазақтың көк туын көкте желбіретіп жүр. Ал атақты бапкер Әділбек Серікбаев осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден өтті. Ол алақандай ауылдан жетпіске жуық спорт шебері мен халықаралық, құрлықтық бәсекелердің чемпиондарын даярлаған білікті бапкер. Әділбек самбодан Тәйімбет Көмекбаев мемориалының халықаралық деңгейге көтерілуіне де үлес қосты. Енді Әбу-Дастанның жетістіктеріне көз салсақ. Әбу-Дастан дзюдо, самбо, қазақ күресі, еркін күрестен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болды. 2023 жылы маусымда Алматы қаласында қазақша күрестен мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен «Түйе балуан» республикалық турнирінің жүлдегері, 2022 жылы желтоқсанда Мәскеу қаласында өткен дзюдодан шеберлер арасындағы «Ресей ашық кубогі чемпионатының» жеңімпазы, 2023 жылы маусымда Астана қаласында болған самбодан шеберлер арасындағы «Азия және Мұхит елдері чемпионатының» жүлдегері. 2023 жылы Болгарияда Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2023 жылы Грекияның Лутраки қаласында шеберлер арасында өткен греплинг күресінен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2023 жылы Грецияда Лутраки қаласында шеберлер арасында өткен греплинг ги күресінен әлем чемпионатының жүлдегері. Әбу-Дастан Зиналиевтің ендігі арманы – «Кете Прайд» клубының шәкірттері арасынан көбірек олимпиадалық ойын түрлерінен әлем және олимпиада чемпионын шығару. Еңбек жеміссіз де емес. 2016 жылы Рио-де Жанейро, ал 2021 жылы Токиода өткен параолимпиадалық ойында «Кете прайд» клубының екі спортшысы қос күміс алып, қазақтың атын шығарды. Қуанарлық нәтиже ме? Сөз жоқ, жетістік. Спортшы әке Әбу-Дастанның ізін балалары Құдайназар мен Текей де жалғастырып келеді. Олар да спортты серік еткен. Жұмыс істейді әрі спортпен етене егіз. Екеуі де жасөспірім арасында дзюдо мен самбодан өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанды. Атадан өнеге, әкеден тәрбие деген осы. Ал Әбу-Дастанның інісі Даулет те дзюдо, самбо, қазақ күресі, еркін күрестен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 2022 жылы Мәскеу қаласында дзюдодан Ресей ашық кубогі чемпионатында екінші орын алды. 2023 жылы Астана қаласында самбодан шеберлер арасында Азия және Мұхит елдері чемпионатында финалға шығып екінші орын алды. 2023 жылы Болгарияда Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасында 30 ел қатысқан жарыста әлем чемпионы атанды.
Дәулет – кәсіпкер. «Кете Прайд» спорт клубының ұйымдастыру, шаруашылық жұмыстары мен басқа да тірліктерінің басы-қасында жүреді. Қарбалас жұмыста жүрсе де спорттан еш қол үзген емес. Жетістіктерін жоғарыда сөз еттік. Үшінші әлем чемпионының аты-жөні – Насреддин Айтымов.
Ол оқушы, студент кезінде еркін күрестің атақты бапкері, даңқты балуан Мұқанай Таубаевтың қол астында жаттыққан. Спорт шеберіне кандидат дәрежесіне дейін жеткен. Ол «Кете Прайд» клубы ашылғаннан бері осында дзюдо, самбо күресінен әлем, олимпиада жеңімпаздарымен қатар жаттықты. Насреддин Айтымов дзюдо, самбо, қазақ күресінен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болды. Енді спортшы жетістіктеріне тоқталсақ. Ол 2022 жылы 4 желтоқсанда Мәскеу қаласында дзюдодан шеберлер арасында Ресей ашық кубогы чемпионатының жүлдегері. 2023 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде Абу-Даби қаласында шеберлер арасында өткен дзюдо күресінен 60 ел қатысқан жарыста әлем чемпионы атанды. Жұмысын істей жүріп, спортты жанына серік еткен азамат. Данышпан Абайдың бір ұлы сөзі бар: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге, жарар ол». Демек, спортты өмір бойы серік етіп келе жатқан, Сыр бойынан шыққан мұндай жігіттердің барына неге қуанбасқа, неге мақтамасқа?! Үшеуі де – әлем чемпионы. Спортта отызында орда бұзған, қырық жасында қамал алған азаматтар. Ең бір қызығы, үшеуі де бір ауылдан. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы «Ақжар» кеңшарының тумасы. Ал «Ақжар» ауылы атақтылар шыққан жер. Жырау Көшеней, Бидас Рүстембеков, жазушы Адам Мекебаев, аңызға айналған Социалистік Еңбек ері, механизатор Қасымтай Ізтілеуовтің, ауыр алетикадан әлем чемпионы Ерасыл Сәулебековтың туған отаны. Ауылдың спорт мектебінде қазірдің өзінде ағалы-інілі, әкелі-балалы Зиналиевтердің суреті құрметпен аталып, қатар тұр. Ерасыл Сәулебековты қосқанда кішкентай бір ауылдан төрт әлем чемпионы шыққанын байқадық. Ал атақтылар өсіп-өнген ауылдың азаматтары ешқашан да осал болмайды. Үш азамат Алматыда тұрса да, ауылдан кіндігі ажыраған емес. Азаматқа қарап, ауылын білесің. Ауылға қарап, азаматын танисың. Ризашылығыңды білдіресің. Біз әлемдік додалы жарыстарда қазақтың көк туын желбіретіп, даңқын асырып жүрген үш азаматқа «абыройың аласармасын» деп тілек айттық.
2169 рет
көрсетілді2
пікір