• Cұхбаттар
  • 09 Қараша, 2023

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА, тарих ғылымының докторы, профессор

 

Соғыс шығынсыз болмайды. Бүгінгі тарихтың мән-жайын, Екінші дүниежүзілік соғыстың жай-жапсарын, қаза тапқан Кеңес әскеріне жүргізілген жан түршіктірер эксперимент, ғылымда дерек пен дәйекпен жұмыс істеудің өзектілігі жайында тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, екінші дүниежүзілік соғыс бойынша сарапшы маман Гүлжау­һар Кәкенқызы баяндап берді. 

– Гүлжауһар Кәкенқызы, ғылыми әрі тарихи күрделі жолға түсуіңіздің қандай да бір себебі бар болар? 
– Бала кезімдегі арманым математик болу еді. Мектепте үздік оқыдым, әсіресе ма­тематика мен физиканы өте жақсы оқыдым, олим­пиадаларға қатысып жүретінмін, бірақ жоғарғы сыныптарға келгенде мықты математик ұстаздарымыз басқа жаққа ауысып кеткені маған әжептеуір қиындық туғызды. Сонда да үйге берілген есептерді шығара алмай келген кезім болған жоқ, сабақ кезінде де есептерді жылдам шығарумен көзге түсетінмін. Мектеп бітірерде алтын медальға ұсынған еді, алайда үлкендердің арасындағы бір кикілжіңдерге байланысты алтын медаль ала алмадым, ал күміс медаль беру сол жылы жойылған еді. Сонымен бір ғана төрті бар, қалғаны кілең бестік бағамен аттестат алдым да, Алматыға жол тарттым. Ойым С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (ол кезде Қазақстанда жалғыз университет бар болатын) заң факультетіне түсіп, бітіріп келіп, кейбір адамдардан «өшімді» алмақшымын, өйкені жылдық түгілі, тоқсандықта бір де бір төрт шықпаған маған математикадан төрт қойғаны жаныма қатты батты. Басқа пәннен төрт қойса, мүмкін мұндай өкпелемес пе едім. Алайда заң факультетіне құжат тапсыра алмадым, төлқұжатымда мекенге тіркеу жоқ болып шықты, оны ауылға қарапайым почтамен жібердім, өзім баруға, әрлі-берлі жүруге қаржым жетпейді. Әкеміз ерте қайтыс болған (мен ол кезде он екі жаста едім), анамыз алды студент, соңы төрт жасар алты баланы «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірді. Оқуға түсем деп келгенде, біздің отбасында екі студент бар болатын, мен үшінші талапкермін, сондықтан қаржы үнемдеу қажетін түсінетінмін. Төлқұжатым 31 тамызда түстен кейін келді, оны почтадан ала сала, жанталасып, университетке жүгірдім. Заң факультетінің қабылдау комиссиясына жолай алмадым, бала жетектеген үлкендер мен әскерден келгендер қаптап жүр, ақыры комиссия жабылуға жақын қалғанда құжаттарымды тарих факультетіне өткіздім, өйткені құжат келгенше тек қана тарих, әдебиет және тілден дайындалғанмын, басқа оқулықтарды әкелген де жоқ едім, анам менің қайда тапсыр­мақшы болғанымды білген де жоқ, барлық мәселені өзім шештім. Барлық гуманитарлық пәннің емтихандары, негізінен, осы үш пәннен, солардың ішінен менің тарихты таңдауымның бір себебі – мектепте тарих пәнінен берген ұстазымды қатты сыйлайтынмын, ол ұстаздың берген білімімен түсіп кететініме сендім. Ақыры бір орынға 13-14 адам болып тұрған сайыста жеңіп, университеттің тарих факультетіне түстім. Қазір өкінбеймін, тарих ғылымы математикаға қатты ұқсайды, өйткені екеуі де аналитикалық ойлауға негізделген. Математиканы нашар білетін адам жақсы тарихшы бола алмайды. 
– КСРО Ғылым Академиясының Мәскеу­дегі Жалпы тариx институтының аспирантурасын бітірген соң, тарихшы-германист мамандығын алып шықтыңыз, кандидаттық диссертация қорғадыңыз. Докторлық диссертацияңыз соғыс тұтқындары мәселесіне арналған. Екінші дүниежүзілік соғыс мәселесі бойынша сарапшысыз. Дәл осы тақырыпты таңдауыңызға не себеп болды? Зерттеуді алғаш бастағанда бұл жұмыс біршама әбігерге түсірген болар? 
– Кандидаттық диссертацияның тақырыбын жетекшім берген үш тақырыптың ішінен алдым. Ал докторлық диссертация тақырыбын өзім таңдадым. Кеңес-герман қарым-қатынастарымен айналысуым соғысқа деген қызығушылық туғызды, бірақ соғысқа қатысты деректерді тек қана Мәскеу мен Еуропа архивтерінен табуға болатынын білгендіктен, докторлық диссертацияда бұл тақырыпқа жоламай-ақ қояйын деп ойлап, еуропалық эмигранттар мәселесін зерттеп, архивте жұмыс істей бастадым. Бір күні архивте Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) профессоры Әбу Сақтағанұлы Тәкеновты көрдім, кезінде сабақ берген ұстазым менің алдағы уақытта қандай тақырыппен айналыспақшы екенімді сұрады да, менің соғыс мәселесінен қашқақтап жүргеніме қынжылып, «неміс тіліндегі деректерді оқи алатын адам Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеуі керек қой» деді. Аз уақыттан соң, еліміз тәуелсіздік алды, шетелдерге бару мүмкіндігі туды, содан кейін ойлана келе, соғыс тұтқындары мәселесімен айналысайын деп шештім де, Әбу ағайға шешімімді хабарладым. Әбу ағай тақырып бойынша немісше ғылыми әдебиеттер тізімін жасауымды, Америкада мені танитын түрік докторанты жүргенін, содан алғызып беретінін айтты. Содан кейін мен ол докторантқа Қазақстанда шыққан керекті әдебиеттерінің көшірмелерін жібердім, ол маған неміс тіліндегі еңбектерді салды. Кейінірек Германияға тағылымдамаға барғанда төрт архивтен материал жинақтадым және ең жаңа деген әдебиетпен жұмыс істедім. Докторлық диссертация осылай жазылған еді. 
– Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ елінің тарихында өзінің нақ орнын, әділ бағасын алды деп айтуға бола ма?
– Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы санқырлы, көп қабатты, өте ауқымды мәселе. Біздің елде бұл соғыс тарихының бір ғана қыры – Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі зерттеледі. Бұл бағытта жақсы зерттеулер бар. Соғыстың гендерлік аспектісін зерттеу басталды. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының қазақстандық тарихнамасын қалыптастыру үшін соғысты тудырған себептерден бастап, қорытындысына дейінгі барлық кезеңдерін зерттеу керек. Соғыстың статистикасы: қанша қазақстандық соғысқа қатысты, оның ішінде қанша қазақ болды, қаза тапқандар қанша, жараланғандар қанша деген мәселелер де зерттелуі қажет. Әзірше бар мәлімет мынадай: соғыс кезінде Қызыл Армия қатарында 34,5 млн адам болды, оның ішінде 8 668 400 әскери қаза тапты; қаза тапқандардың 1,448 пайызы – қазақ (жалпы одақ халқының санындағы үлесі 1,83 пайыз) 1,36 пайызы – өзбек (жалпы одақ халқының санындағы үлесі 2,84 пайыз), 0,307 пайызы – қырғыз (жалпы одақ халқының санындағы үлесі 0,52 пайыз), 0,246 пайызы – түркімен (жалпы одақ халқының санындағы үлесі 0,48 пайыз), 0,264 пайызы – тәжік (жалпы одақ халқының санындағы үлесі 0,72 пайыз). 
Соғыс тарихына қатысты зерттеулер соңғы жылдарда тоқтап қалған сияқты, оқыр­ман қауым бұл тарихты білеміз деп ойлайды, ал шындығында соғыстың ашылмаған сырлары көп-ақ. Жалпы алғанда соғыс тарихын қазір әлеуметтік желілер мен мерзімді баспасөздің еншісіне беріп қойған сияқтымыз. Соңғы жылдардың бірінде бір бұқаралық ақпарат құралына соғысқа қатысты сұқбат берген едім, сондағы пікірім үшін әлеуметтік желіде менің «жер-жебір, жекен суыма» жетіп, ғайбаттап жатқанын көрдім. Жалпы алғанда тарих ғылымы қазір әлеуметтік желідегі кейбір тоғышар топтардың «меншігіне» айналған сияқты. Олардың кейбіреуі «бұл біздің соғыс емес» дегенді айтады, сонда соғыс тарихынан бас тартып, сол қанды қырғында қаза болған аталарымыз бен апаларымызды ұмытуымыз керек пе? Жалпы алғанда біз жетпіс жылдан аса Кеңес одағының құрамында болдық, сол кездегі тарих бәрімізге ортақ екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, тарихты кәсіби тарихшылардың еншісіне беріп, оларды әлеуметтік желіде ғайбаттауды қою қажет. 
– Соғыс тұтқындары мәселесін ашуға тоқталсақ. Соғыс кезінде тұтқынға түскен және ауру-сырқау мен ондағы азаптаулардан түрмеде қайтыс болғандар, еліне аман-есен оралғандар мен шетелде қалып қойғандардың санына қатысты деректерді жинастыру, іздестіру қалай жүріп жатыр?
– Германияның Кеңес Одағына шабуылы басталған алғашқы айларда-ақ майдандар, армиялар мен дивизиялар штабтары арасындағы байланыстардың үзіліп қалуы салдарынан әлденеше мың жауынгерлер мен офицерлер қоршауға түсіп қалды да, оларды жаппай тұтқындау басталды. Жоғарғы әскери басшылық пен жергілікті бөлімдер арасында байланыстың болмауы, жеке бөлімдер әрекетінің үйлестірілмеуі әскердің бей-берекет шегінуіне әкелді, мұның өзі қаза тапқан, жараланған, тұтқынға түскен немесе хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы мәліметтерді жинақтауға және штабтарға тапсыруға кедергі жасады. Осы кезеңге қатысты неміс және кеңес мәліметтеріне сенім арту қиын, өйткені насихаттық мақсатта екі жақ та ақиқат ақпаратты бере қоймаған. Кеңес Одағымен соғыстың алғашқы айларында немістер кеңестік соғыс тұтқындарын қамау үшін түрмелер, мектептер, қираған кәсіпорындар сияқты кез келген ғимаратты, ашық кен орындарын, тіпті сыммен қоршалған тақыр даланы да пайдаланды. 1941 жылдың шілде-қыркүйегінде кеңестік соғыс тұтқындары осындай уақытша лагерьлерге қамалып, айрықша қиындық көрді, олардың жаппай қырылуы осы кезде-ақ басталған еді. Соғыстың басталғанына жиырма күн өткен кезде, 1941 жылдың 10 шілдесінде Тодт ұйымы мекемесіндегі Шығыс министрлігінің (басып алынған Шығыс аймақтар жөніндегі министрлік) өкілі X.Дорш министр А.Розенбергке Минск лагеріндегі тұтқындардың адам айтқысыз ауыр жағдайы туралы хабарында: «Минскідегі ауданы шамамен Вильгельмплатц көлеміндегі тұтқындар лагерінде 100 000 соғыс тұтқындары және 40 000 азаматтық тұтқындар орналастырылған. Лагерь ғимаратының тарлығы сондай, тұтқындар иықтасып тұрады да, мүлдем қозғала алмайды, сондықтан табиғи қажеттіліктерін сол тұрған орнында орындауға мәжбүр. Лагерьді бір рота ғана күзетеді. Күзетшілер санының осындай аз болуы салдарынан үлкен лагерьді толық бақылап тұру үшін аса бір аяусыз әдістер қолданылады. Лагерьді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешілмегендіктен тұтқындар алты-сегіз күн бойына аш отыр, аштықтан ісініп кеткен олардың ойында тек бір талғажау қылатын тамақ табу ғана бар»  деп жазған. Соғыс тұтқындары аштықпен қатар суықтан, аурудан, жарадан да қырылып жатты. 1942 жылдың 26 қаңтарында  Германияның Құрлықтағы қарулы күштері Бас штабының қызметкері полковник Х.Д.Херре Сталинода орналасқан неміс лагеріне барған, сондағы көргенін кейіннен Юрген Торвальдқа былайша суреттеп берген: «Соғыс тұтқындары бір-бірімен иықтаса қатарласып тұр. Олардың тығыз тұрғаны соншалықты, ешкім жерге жата да, ұйықтай да алмайды. Есіктің тура алдында үш тұтқын бүктүсіп жатыр, олар өліп қалған немесе өлім аузындағы адамдар. Адамдар тұра беруге де шамасы жетпей, құлап жатыр. Беттері бозарып, жақтары солып, сақалдары әбден кірлеп кеткен». Кеңес соғыс тұтқындарының жаппай қырылуының себептері жеткілікті: лагерьлердің адам тұруға лайықты етіп жасақталмауы, аштық, жұқпалы аурулар, «комиссарлар туралы» бұйрық, Кеңес одағының халықаралық конвенцияларға қосылмауы, екі диктаторлық жүйе арасындағы идеология­лық күрес, осының бәрі кеңес тұтқындарын қорғансыз күйге түсірді.
Неміс ғылыми әдебиетінде де кеңес соғыс тұтқындарының саны туралы әртүрлі мәліметтер берілген. Й.Хоффманның зерттеуінде кеңес тұтқындарының жалпы саны 5,24 миллион, оның 3,8 миллионы соғыстың алғашқы айларында тұтқынға алынған деп көрсетеді. Неғұрлым толық мәліметтер Х.Штрайттың еңбегінде берілген: 1941 жылдың желтоқсанында кеңес соғыс тұтқындарының саны – 3 350 000 адам, 1942 жылдың шілдесінде – 4 716 903 адам, 1943 жылдың қаңтарында – 5 003 697 адам, 1944 жылдың ақпанында – 5 637 482 адам, 1945 жылдың ақпанында – 5 734 528 адам болған, Үшінші Рейх лагерьлеріндегі 3,3 миллион кеңес тұтқыны, яғни барлық тұтқынның 57,8 пайызы аштықтан, ауыр азаптан, жазалаулардан қаза тапқан. Ресей Қорғаныс министрлігі комиссиясының анықтауы бойынша, тұтқынға түскендер мен хабарсыз кеткендер саны – 4 559 000 адам, оның 1 836 000-ы соғыстың соңғы жылында және соғыс біткен соң елге оралған, 937 700-ы әскерге қайта шақырылған, 673 000-ы тұтқында қаза тапқан, 1 110 500 адамның тағдыры белгісіз. Неміс және кеңес сандық мәліметтерінің арасындағы айырмашылықтың себебі, біріншіден, кеңес статистикасы тұтқындар тізімін жасаған Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің материалдарын ескермегендіктен, тұтқында болып, қашқан немесе қаза тапқандардың саны толық анықталмаған, екіншіден, неміс статистикасы соғыс тұтқындары қатарына жаулап алынған кеңес жерлеріндегі жергілікті халық қатарынан тұтқындалғандарды да қосып жіберген, өйткені соғыстың алғашқы айларында тұтқындардың осы екі категориясы барлық лагерьлерде бірге болған. Сонымен қатар аталған мәліметтердің арасындағы үлкен айыр­машылық кеңестік соғыс тұтқындарының санын толық анықтау әлі де көп зерттеулер жүргізуді талап ететінін көрсетеді.
Қазақстандық соғыс тұтқындарының санын анықтаумен қазір жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіне қатысты комиссияның жұмыс тобы айналысып жүр. Қазақстандық архивтердің материал­дары зерделеніп, статистикалық мәліметтер жинақталып жатыр. Былтыр Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының тумасы болған соғыс тұтқындарының тізімдері, олардың әрқайсысына қатысты нақты мәліметтер берілген екі жинақ шықты. Бүгінде Түркістан облысы бойынша осындай жинақты дайындап, бітірдік, алдағы уақытта ол да шығып қалуы мүмкін. Жалпы алғанда жұмыс тобына кірген ғалымдар, Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелердің қызметкерлері, облыстардағы жоғары оқу орындары мен мұражайлар қызметкерлері осы бағытта орасан зор жұмыс істеді. Осы жұмыс тобының жетекшісі ретінде комиссия төрағасының орынбасары Касымовпен үнемі байланыс жасап, кеңестер алып отырдым. Осы жұмыстың дұрыс жүруіне бағыт берген Сабыр Ахметжанұлына жұмыс тобының мүшелері әбден риза болды. Бүгінгі күні біздің жинаған материалдарымызды және сандық мәліметтерді қорытындылап, бір жүйеге түсіру жұмысы жүріп жатыр.
– Соғыс тұтқындарын зерттеуде көп кездестірген қиындықтардың бірі?
– Ең үлкен қиындық ретінде соғыс кезіндегі неміс құжаттарын оқуды айтар едім, өйткені көпшілігі соғыс жағдайында асығыс жазылған, әріптері көмескі немесе түсіп қалған, сондықтан әрбір құжатты оқуға бірталай уақытты арнау керек. Тағы бір қиын мәселе – солтүстіктегі көрші елдің архивтерінде бірқатар құжаттарды ала алмайтынымыз. Бұған қоса, қаржы мен уақыттың жетімсіздігі де әжептәуір ыңғайсыздықтар туғызады. Шетелге аз уақытқа келесің, архив материалдарын молырақ қарауға ұмтыласың, үнемі асығып жүресің, уақытымен тамақ та ішпейсің, бір сөзбен айтқанда өзіңнің жағдайыңды ойлауға уақыт жоқ, есіл-дертің архивке бару болады да тұрады. 
– Гүлжауһар Кәкенқызы, қазақстандағы әскери тұтқындар туралы мәселені қаузаудың, жоқ, бастаудың мұнарасында өзіңіз тұрсыз. Ғылыми архивтерден әскери тұтқындар жайлы жинаған мәліметтеріңіздің ішінен оқыған ең үрейлі материал туралы айтып берсеңіз. 
– Кеңес тұтқындары ең жұмысы ауыр салаларда еңбек етті. Шахталарда, металлургия зауыттарында, әскери кәсіпорындарда еңбек жағдайы ауыр, жұмыс күні ұзақ болатын. Көптеген соғыс тұтқындары жұмысқа сау келіп, ақырында ауруға ұшырап жатты. Тау-кен орындарында, әсіресе, Рур шахталарында жұмыс істейтін кеңестік және батыс елдерінің соғыс тұтқындарының басым бөлігі туберкулезбен ауырды. Сондай-ақ кеңестік соғыс тұтқындарын қыруда улы газ да қолданылды. Мысалы, Освенцимде 600 соғыс тұтқынының газбен улап өлтірілгені туралы ескерткіш тақта тұр. Кеңес соғыс тұтқындарын қауіпті ғылыми тәжірибелер жасауға да пайдаланды. Осындай эксперименттерді жүргізетін ғалымдарды Гиммлер қатты қолдап отырды. 1942 жылдың шілдесінде Әскери-ғылыми зерттеулер иснтитуты құрылды, онда екі бөлім болды, доктор Зигмунд Рашер басқарған бірінші бөлім майдандағы қиын жағдайларда жапа шеккен неміс офицерлері мен жауынгерлерін құтқарудың жаңа әдістерін табумен айналысты, ал доктор Хирт басқарған екінші бөлім антропология­лық зерттеулер жүргізді. Үшінші Рейхтің әскери-әуе қарулы күштерінің ұшақтары Солтүстік теңіз үстінде құлаған кезде неміс ұшқыштарын суық суда мұздап өліп қалудан құтқарудың әдістерін табу үшін кеңестік соғыс тұтқындарын мұзы аралас суық суға салып қояды да, дене температурасын, жүрек лүпілін, санасының сақталу ұзақтығын тексереді. Әрине, бірталай тұтқын бұл эксперименттің аяғында үсіп өліп қалады, кейбіреуін ыстық суға салып, «тірілтіп» те алады. Мұндай эксперименттер Нюрнбергтегі халықаралық сот процесі кезінде қатаң айыпталды. Соғыс­тан кейін басты соғыс қылмыскерлері Нюрн­бергтегі Халықаралық трибунал айыптап, жазалады. Лагерьлердің коменданттары мен соғыс тұтқындарын азаптаған жендеттер барлық Еуропа елдерінде сотқа тартылды.
– Еліміздегі зерттеушілердің теріс тұсы ретінде олардың өз позициясы мен ойының болмауын, бұл шетел ақпараттарын алып, оны тікелей аударма жасаудан туғанын баса айттыңыз. Әр ғалымның жеке ойы болғаны жөн. Ендігі мәселе, бүгінде қазақ тарихы ғылымында дәл осы салаға бағытталып жүрген ғалымдардан кімдерді атар едіңіз?
– Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын, соның ішінде тұтқындар тарихын зерттеу үшін неміс тілін білу, Германияның архивтерінде жұмыс істеу қажет. Жалпы алғанда тарихтың кез келген кезеңіндегі оқиғалар мен құбылыстарды зерттеу үшін сол кезеңнің деректерінің тілін білу, зерттеліп отырған тақырыпқа қатысты шетелдік зерттеулерді оқу керек. Бір ғана қазақ немесе орыс тілін біліп, деректерсіз зерттеу жүргізу ғылымға үлкен зиянын тигізеді. Сондықтан докторантураға қабылдауда басқа мамандықтар бойын­ша ағылшын тілін тапсыра берсін, ал тарих мамандығы бойынша талапкер тарихтың қай кезеңімен айналысатынына орай білуге тиісті тілдерінің тізімін жасап, сол тіл бойынша емтихан тапсыруын қарастырған дұрыс болар еді. Мысалы, Қазақстанның орта ғасырлар тарихымен айналысуға тиісті талапкер деректер тілінің біреуін (қытай, араб, парсы, шағатай т.б.) білуге тиісті. Кеңестік кезеңде деректің тілін білмеу деген мәселе болған жоқ, деректерді түпнұсқада оқи алатындар ғана ғылыммен айналысатын.
Бүгінде деректер тілін білетіндерден кеңес­тік кезеңде немесе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оқыған тарихшыларды атар едім, олардың өзі әжептәуір жасқа келді. Қазіргі буын тіл білмеймін деп ойламайды, кез келген тақырыпты алады да, деректің түпнұсқасын оқымай-ақ ғылыми еңбек жазады, шындығында бұл еңбек нағыз ғылыми еңбек емес. «Болашақ» бағдарламасы бойынша біз неге осындай деректер тілін білетін мамандар дайындамаймыз? Деректер тілін білетін тарихшылар көбейсе, тарихты мифке айналдыру да азаяр еді.
Тарихшының өзіндік, дербес ойы болу үшін, ол деректің түпнұсқасын пайдаланып, шетелдік ғалымдардың зерттеулерін оқып, ой қорытуы керек. Бұрын мұндай тарихшылар баршылық еді (бұл жерде мені атамай кетіпті деген реніш туғызбас үшін ешкімді атамай-ақ қояйын), бірақ олардың саны уақыт өткен сайын­­­ азайып бара жатыр. Керісінше «мен бәрін білемін» дейтін дилетанттар саны көбейіп бара жатыр. Математика және басқа жаратылыстану ғылымдарында бірінші орында табиғи дарын тұрады. Ал тарих ғылымында бір ғана табиғи дарын жеткіліксіз, дерек тілін білу және көптеген өзіне дейінгі еңбектерді оқудан жинақталған білім болмаса, жас маманның мықты тарихшы болуы неғайбыл. Шетелден оқып келген жас тарихшылар өздері меңгерген бірді-екілі методология мен әдіс-тәсілдерді бұлдап, кеңестік кезеңде оқыған тарихшыларды менсінбейді, ал шындығында кеңестік зерттеудің барлығы жаман деудің өзі дилетанттық көзқарас. Жалғыз ағылшын тілін білумен тарих ғылымының барлық мәселесін шеше алмайсыз, жаратылыстану ғылымдары үшін ағылшын тілі жеткілікті шығар, ал тарихшылар үшін керекті тіл оның қандай кезеңмен және қандай тақырыппен айналысуына орай анықталады. Еліміздегі тарих ғылымының болашағынан қорқамын. 
– Қатардағы адам соғыстың мәнін қалай түсінеді? Ал соғыста болып, шайқасқан, қанды, азапты көрген адам соғысты қалай түсінеді деп пайымдайсыз?
– Қатардағы адам тарихты тек фильмдер, көркем әдебиет, театрдағы қойылымдар және интернет арқылы біледі. Сондықтан қатардағы адамның соғысқа көзқарасы интернет материалдарының басым тіліне орай қалыптасады (басым тілдің қай тіл екенін бәріміз білеміз). Соғысқа қатысқан, соғысты көрген адамдардың басым бөлігі өмірден кетті, олардың өзі де көзімен көргенін ашық айта алмай өткен болар өмірден. Ендігі жерде соғыс туралы көзқарасты идеологиялық және саяси мақсаттарға негізделмеген нағыз ғылыми зерттеулер ғана қалыптастыра алады.
– Қазіргі заманғы тілмен айтқанда өз салаңыздың экспертісіз. Осы тұста, өзіңіздің артыңыздан еріп келе жатқан, білімге, тарихқа деген құлшыныстары бар жастарға кеңес ретінде болсын. Отандық және шетелдік мұрағаттармен жұмыс істеудің этикеті мен жобасы жайында айта өтсеңіз. Еліміздегі мұрағатқа қол жеткізу оңай ма әлде шетелдік архивке қол жеткізу тезірек пе? Германия, Венгрия, Польша елдеріндегі зерттеу жұмыстарының қызығы мен шыжығын баяндап беріңізші. 
– Еліміздегі архивтерде жұмыс істеу шектелмеген, тек әлі құпиялық статусы алынбаған материалдар бар, бірақ жаппай саяси жазалау құрбандарын ақтау комиссиясы жұмыс істеген кезде бұл мәселе де талқыланды, қазір ондай құжаттарды құпиясыздандыру бағытында жұмыстар басталды. 
Шетелдік архивтерге келсек, оларда жұмыс істеу үшін сол елдің тілін білу керек. Біздің архивтердегі құжаттар орыс тілінде, біздің еліміз әуелі Ресей империясының, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болғанда, мемлекеттік құжаттама орыс тілінде жүргізілді, білім мен ғылым тілі де осы тіл болды. Ал шетелдердің, мысалы Еуропа елдерінің архивтері өз тілінде, неміс, ағылшын, француз, поляк, тағы басқа тілдерді білмесеңіз, архив материалдарын оқымақ түгілі керекті құжатты таба да алмайсыз. Еуропаның архивтерінде зерттеушіге барлық жағдай жасалған, ең бастысы – архив құжатының көшірмесін жасап беру жолға қойылған. Көшірмені архив қызметкерлерінің өздерінің жасауы, біріншіден, архив материал­дарын бүлдірмей сақтауға септеседі, екіншіден, зерттеуші тігіліп қойылған құжаттарды қиқы-жиқы қылып суретке түсіремін деп әбігерленбейді. Сондай-ақ көшірмеге тапсырыс беріп қойып, басқа мате­риалдарды ары қарай зерделей беруге болатыны қаншама уақытыңызды үнемдейді. Еуропа архивтеріне жеті рет бардым, кей кезде екі-үш айдан отырдым, қазір он шақты бума архивтік материалдарым бар, кітап­тарымды жазып, шығарып болған соң, оларды еліміздің архивтерінің біреуіне тапсырамын.
– «Көркем әдебиетте жазушылар шайқастарды жалаң суреттемейді, сол шайқаста болған жеке адамдардың тағдырын, ой-арманын, ішкі күйзелістерін суреттейді. Ғылымға да сондай еңбектер қажет» деп Екінші дүниежүзілік соғысты ғылымның еншісіне түбегейлі түрде беру қажеттігін бір сұқбатыңызда айтып өттіңіз. Бүгінгі қазақ тарихи ғылымынан соғыс тақырыбында жазылған шығармалардың қайсысын шоқтығы биік туындыға теңер едіңіз? 
– Соғыс туралы көркем шығармалардың біреуін екіншісінен жоғары бағалап, екшемей-ақ қояйын. Соғыс ардагерлерінің және бұрынғы соғыс тұтқындарының мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған естеліктері баршылық, бірақ оларды кейіпкер жасаған көркем шығармалар өте аз. С.Ғабдуллиннің «Қилы тағдыр» сияқты еңбектер өте қажет, сол кітапты жазуға тапсырыс берген Сейілхан ағаның ұрпақтарына алғыс айту қажет. Ал ұрпағының ондай мүмкіншілігі жоқтар қаншама? Баспалар соғыс ардагерлерінің естеліктерін немесе олар туралы көркем шығармаларды серия түрінде шығаруды қолға алса, жаман болмас еді. 
Кеңестік биліктің әскердің тілін және қыз­метін тұтастай орыстандыруы салдарынан қазақтар жоғары, орта және төменгі деңгейдегі қолбасшылық қызметіне аз тартылды. Мысалы, 1938 жылы Қызыл Армияның жалпы құрамының 0,31 пайызы қазақтар болса да, олардың қолбасшылық және саяси басшылық құрамдағы үлесі бар-жоғы 0,09 пайыз болды. Болашақ ірілі-уақты қолбасшылар дайындайтын әскери оқу орындарында оқитын қазақтар да тым аз болды: 1938 жылы қазақтар әскери академия тыңдаушыларының 0,06 пайызын, құрғақтағы әскер офицерлерін дайын­дайтын училищелер курсанттарының 0,34 пайызын алды. Әскери-әуе күштері училищелері курсанттарының санындағы қазақтардың үлесі 0,12 пайыз болды. Егер қазақтардан және басқа азиялықтардан офицерлер даярлау мақсаты қойылса, оны әжептәуір деңгейде шешуге болатын еді. 1939 жылғы халық санағы бойынша, орта білімі бар адамдардың әрбір 1000 ер адамға шаққандағы үлесі қазақтарда – 36 пайыз, өзбектерде – 23,17 пайыз, қырғыздарда – 15,3 пайыз, түркімендерде – 21,6 пайыз, тәжіктерде – 19,3 пайыз; жоғары білімі бар азаматтардың әрбір 1000 ер адамға шаққандағы үлесі қазақтарда – 1,5 пайыз, өзбектерде – 1,2 пайыз , қырғыздарда – 0,4 пайыз, түркімендерде – 1 пайыз, тәжіктерде – 0,9 пайыз болды. Еуропада соғыс жүріп жатқан кезде әскери училищелердің жалпы курсанттар қатары көбейтілді де, соған орай осы аймақтардың үлесі аздап көтерілді: 1941 жылдың басында Қызыл Армияның орта буындағы қолбасшылық және басқармалық құрамында 588 қазақ, 307 өзбек, 90 түркімен, 70 тәжік, 39 қырғыз болды, әскери академияда 20 қазақ, 9 өзбек, 3 қырғыз және 3 түркімен, әскери училищелер мен кіші лейтенанттар курстарында 1112 қазақ, 520 өзбек, 96 қырғыз, 101 тәжік, 71 түркімен оқып жүрді. 
Бауыржан Момышұлы – қазақтан шыққан осы аз ғана қолбасшылар қатарындағы ерекше тұлға. Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар жинақтары отыз том болып шыққан. Осыдан екі жыл бұрын Орталық Мемлекеттік Архив Бауыржан Момышұлының жеке тектік қорының бірегей құжаттары мен фотосуреттерінен жеке альбом жасап, жарыққа шығарды. Қазақтан шыққан дарынды қолбасшының өмірі мен қызметі туралы диссертация да қорғалды. Енді Бауыржан атамыздың әскери академияда оқыған кездегі шығармаларын, жазба жұмыс­тарын әскери тұрғыдан зерттеп, стратегия мен тактика мәселесіндегі кәсіби білімпаздық бейнесін ашу керек. Сондай-ақ, әскери ғылыми шығармаларды марапаттайтын Бауыржан Момышұлы атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындаған дұрыс болар еді. 
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

5727 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы