- Ақпарат
- 09 Қараша, 2023
Нұрлы ақылдың жолында
Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Шүкір, бүгінгі әлемнің ғылымдағы жетістігі көп. Жер бетін зерттеуді түгесіп, он сегіз мың ғаламның, ғарыштың құпиясына үңіліп, Марсқа үй салып, Ай бетіне саяхаттау ісін қолға алғымыз келетін асқақ арманымыз бар. Ғылыми әлеуетіміз де жеткілікті сияқты. Сан салалы ғылым жолы тармақталып, тарамданып, тіптен тереңдей түскендей. Ағарту мен сауат ашу жолындағы, ғылыми ізденістегі әлем азаматтарының арасалмағы әртүрлі десек те, әйтеуір бүгінде ғылымның бағы жанып-ақ тұр.
10 қараша – Бейбітшілік пен даму жолындағы Дүниежүзілік ғылым күні. Бұл күн ғылымның қоғамдағы маңызын көтеруге, ғылыми мәселелерді қоғам болып талқылауға назар аудартатын атаулы күн есебінде мерекеленеді. Осы бір күні ғылымның күнделікті өмірдегі маңызы мен өзектілігіне де қоғам назарын аудартып жатамыз. Дәл осы күні ғана ғылымның және білімнің мәселесі шаш етектен екені де еске түсетіні бар.
Ғылым мен қоғам арасында тығыз байланыс орнату, халықтың ғылым саласындағы жаңалықтардан хабардар болуы, қоршаған орта, ғаламшарымыздың хал-ахуалымен таныстық – бүгінгі заманның әрбір азаматы білуге тиіс мәселелер. Ал біз сол мәселемен таныспыз ба? Таныс болсақ, қаншалықты таныс едік?
Бұл күн бізді ғылым деп аталатын әлемге жақындатып қана қоймай, сол ғылымның бары мен жоғын да таразылауымызды күтетіндей. Себебі ғылыми жаңалықтың барлығы бірдей ізгілікке қызмет ете қоймайтынын өткенімізден де білеміз, қазір де сондай жайттарға куә болып жүрміз. Әл-Фараби іліміндегі «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» сөзін де ерін ұшымен ғана айтып, жүрекке жеткізе алмауымыздың кесірі бүгінгі адамды жаппай қырып-жою мен табиғатқа орасан зор мөлшерде зиян келтіруімізге «жол ашып бергендей».
Ақиқатында бұрынғы әлем де, бүгінгі әлем де ізгіліктен бас тартудың зияны орасан болатынын түсінбегендей, сабақ та ала алмағандай. Әйтпесе ғылымы өркендеген, білімдісі мол жер шарында жұмақ баяғыда-ақ орнар еді ғой. Демек, бізге жетпейтіні ғылымның жай ғана дамуы емес, ғылымның бейбіт өмір жолында, қоғам ізгілігі үшін дамуы екен. Ал ондай жолға адамзаттың өр кеудесі мен тәкаппарлығы да кедергі болып тұр.
Айтқандай, биылғы атаулы күннің тақырыбы ғылымға деген сенімді нығайту болып тұр. Яғни мына жарық әлемнің көп қырлы мәселелерін шешу үшін ғылыми жаңалық ашылады және ол жаңалықты қолдана аламыз деген сенім. Біздің бойымызда сондай сенім бар ма? Мәселен, күні кеше ғана әлемді «бір тарының қауызына сыйдырып» жіберген пандемия кезінде адамзат ғылымға қаншалықты сенді? Мұны әр мемлекет азаматтарының өз ғылымына сенуі тұрғысынан қарастырсақ, пандемияда ғылымның басты жетістігі екпеге сенбей, зімбірдің тамырын жеп, шөптердің тұнбасын ішіп кеткен қоғамдағы адамдар туралы не айтуға болады? Жалпы ғылымға сену көп қырлы мәселе. Бұл әр мемлекеттің ғалымы мен ғылымына қатысты ұстанымына да байлаулы дүние болар.
Осындайда Абай айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» де еске түсетіні бар. Алысқа көз тастамай-ақ өз Абайымызға үңілсек, «адамзат «Нұрлы ақылдың жолына» түсіп пе еді?» деген сұрақты әрқайсымыз өзімізге қоятын кез баяғыда келген еді ғой...
1476 рет
көрсетілді0
пікір