- Тұлға
- 16 Қараша, 2023
Парасат

(Эссе)
– Қасым, Қасымсың ба?
– Қарсы алдымда шашын шекелігінен қайырған жылы жүзді жігіт тұр. Жасы менен үлкен, бойы да ұзын. Сол қолында «Хабар» агенттігінің көк түсті микрофоны, оң қолын маған ұсынады.
– Қасымсың ба? Қасым Аманжолсың ғой? – дейді күлімсіреп.
– Жо-жоқ... Ол емеспін, – дедім сасқалақтап. Қол алысып амандастық, алақаны жалпақ әрі етті екен. Жүзі қандай жылы болса, алақаны да сондай жұп-жұмсақ.
– Е-е, ұқсайды екенсіңдер-ей! Атың кім, батыр?
– Есболат
– О, атың күшті екен, мен Бейсенмін.
Сөзі шапшаң, қимылы ширақ. Танып тұрмын. Мені журналист Қасым Аманжолұлымен шатастырып алғанын да біліп тұрмын. (Қасым ол тұста «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» бағдарламасын жүргізетін) Екеуміздің одан кейін не жайында сөйлескеніміз есімде жоқ. Әйтеуір кіл заңгерлер жиналған іргелі мәслихат болған еді. Әділет вице-министрі Ирак Елекеевтен қатар тұрып сұқбат алдық. Ұзақтау сөйледі. Тақырыптан ауа жайылып бара жатқан соң кимелеп бір сұрақты қойып кеп қалдым, спикер сөзінен жаңылып барып соқпағына қайта түсті. Сұқбаттасып болған соң әлгінде ғана танысқан жігіт қасыма келді.
– Батыр, жарайсың! Дұрыс сұрақ қойдың, – деп әуелі мақтап алды.
– Бірақ сөйлеуші айтар ойын толығымен аяқтағанша сөзін бөлмеу керек, шатасып қалады. Бұл – бір, монтаж кезінде тап сол жерін эфирге берер болсақ, сенің дауысың кедергі келтіреді, ол – екі. Ал аман бол! – деп қолын ұсынды.
Жып-жылы, жалпақ алақанды тағы ұстадым. Ширақ басып кете барды. Состиып мен тұрмын. Ескертпесіне аздап ыңғайсызданып, тіпті намыстанып қалғандаймын. Бірақ қарсы дау айтар қауқар қане?! Микрофонды алғаш ұстап, телесюжет жазуға енді төселіп жүрген кезіміз, екінің бірі, егіздің сыңары ескерту айтып кете беретін, соның бәріне бас шұлғып қана жауап беретін кезіміз. «Хабар» агенттігінің сайыпқыран тілшісі Бейсен Құранбекпен алғашқы таныстығымыз осылай басталған.
Арада үш жыл өткен. 2006 жылдың күзі еді. «Қазақстан» ұлттық арнасы жаңалықтар қызметінің Алматы бюросындағы тілшісімін. Ақпарат аламанын шаңдатып жүрген шағымыз. Бір күні жауапты редактор Гүлнұр Молдабекқызы шақырып алып, Елбасымен бірге Атырауға баратынымды хабарлады. Қуанып қалдым. Ел танып, жер көресің дегендей... Аздап қобалжу да бар. Президенттің жұмыс сапарынан репортаж әзірлеудің жауапкершілігі мол екенін білемін. Ертеңінде шеф-редактор Дәулетхан Қыдырбайұлы корпорация төрағасына ертіп барды. Нұртілеу Иманғалиұлының жаңадан басшы болып келген кезі. Әуелі орынбасары Иманбай Жұбай қабылдады. Біраз ақылын айтты, содан кейін үшеуміз төрағаның бөлмесіне кірдік. Тағы да көл-көсір ақыл, ұшан-теңіз кеңес, зіл-батпан тапсырмалар... Ертеңіне телеарнаның көлігі әуежайға әкеліп тастады, ресми тұлғаларға арналған есіктен ішке кірсек, екі адам отыр. Бірі – орыс, екіншісі – қазақ. Бірін сырттай танимын – Александр Аксютиц, екіншісімен Астанада танысқанмын – Бейсен Құранбек. Екеуі де «Хабар» агенттігінің белді тілшісі, Президент пулында көптен қызмет істейді. Елбасының бүкіл сапары жайлы мәліметті ел-жұрт осы екі мықтының аузынан естиді. Саша жолдан шаршаса керек, қалғып отыр екен, Бейсен ағамыз томағасын жаңа сыпырған қырандай сергек. «Ассалаумағалайкүм» дегенімізше болған жоқ: «Өй, батырлар, келіңдер», – деп атып тұрып амандасты. Жөн сұрасып, хал-жағдай білісіп жатырмыз. Артынша «Егемен Қазақстан», «КазПравда» газеттері мен «ҚазАқпарат» агенттінің тілшілері келді. Бәрінің бір-бірімен үнемі сапарлас болып, етене араласып қалғаны көрініп тұр. Мен ғана үркек тайдай оқшырайып тұрмын. Президенттің пулына бірінші рет қосылғанымды білген олар бір кезде ақыл-кеңес айтуды бастады. Осылайша, бұл сапарға өзімнен жоғары тұрған бүкіл бастықтың ақыл-кеңес, талап-тапсырмасын арқалап шыққан басым әуежайда отырып, тағы да бір қапшық ақыл-кеңесті мойынға ілдім. Қазақстанның саяси элитасының біразын көтеріп көкке көтерілген Президент ұшағы жерден аяғын ауыр алды, менің мойныма жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес.
Атырауға барған күні жұмыс басталды. Президенттің кестесі тығыз, бірде – анда, бірде – мында... Телеоператор, фотографтар шапқылап жүр, «ҚазАқпарат» тілшісі Дәурен Құдайберген барған жерінде ноутбугын аша салып, естіген-көргенін тездетіп теріп ақпарат жөнелтіп жатыр, газет ардагері Мейрамбек Төлепберген ағамыз: «телефонмен хабарладым, өздері теріп алады», – деп шаруасын жол үстінде-ақ тындырады. Ал бізге – телеарна тілшілеріне жаңалықтардың түскі және кешкі шығарылымына сюжет беру керек. Уақыт қауырт. Бейсен ағама қараймын, ол кісі сыр алдырмайды. Мұндай майданның талайын көрген батырдай маңғаз, тым сабырлы. Ұрланып қойын дәптеріне көз жүгіртемін, әрбір жеріне түрткен деректері болмаса, жүйелі жазған мәтін көрінбейді. Құдды Атырауға жұмыспен емес, қыдырып келгендей. Мейрамбек Төлепберген екеуі елді үйіріп алып кезек-кезек әңгіме айтады. Әңгімелері қызық, тыңдай бергің келеді. Бірақ жауапкершілік деген мазасыз қасиет түртпектеп жан таптырмай барады. Астанадағы әріптестер қайта-қайта қоңырау шалып, олар да салмақты ауырлатып қойды. Ақыры топтан жырақтап түртіншектеп жаза бастадым. Президент барған әр нысаннан ең кемі төрт-бес сөйлемдік мәтін құрастырылды. Атыраудың балық зауыты мен мұнай өңдеу зауытында тұрып екі стэндапты таспаға басып алдық. Түскі төрттің әлетінде Президент іссапарын қорытындылап журналистерге сұқбат берді. Соны жаза салып, Атырау телеарнасына тарттым. Операторлар қалды, өйткені Президенттің сапары аяқталмаған, әлі бірер нысанның жұмысымен танысады. Атыраудағы меншікті тілші Саламат Сағымпазұлы екеуміз екі компьютер алдына қонжидық. Нәтижесінде, жаңалықтардың кешкі бестегі шығарылымына шағын сюжет, сағат 19.30-дағы қорытынды жаңалықтарға толыққанды 5-6 минуттық репортаж бердік. Эфир біте салып астаналық әріптестер хабарласты. Бәрі мақтап жатыр: «Президентпен жүріп екі стэндап жазып сюжет бердің», – дейді бірі, «Сен Астанаға келуің керек, бізге керексің», – дейді екіншісі. Бір кезде Саламат келді ентігіп. «Хабардың» қорытынды жаңалықтарын көрдім, эфирден өтпеді. Үлгермей қалды-ау солар», – дейді. «Құл-Мұхаммед қырып жатқан шығар», – деп тағы төндірді. (Мұхтар Құл-Мұхаммед ол кезде Президенттің баспасөз хатшысы) Не қуанарымды, не өкінерімді білмей қалдым. Әлгінде ғана мойындағы жауапкершіліктен құтылып, жеңілдеп қалған кеуде масайраса болар еді. Бейсен Құранбек секілді Президент пулында әбден ысылған журналистен озып, одан бұрын ақпарат беру кімнің болсын кеудесін көтеріп-ақ тастайтын дүние. Бірақ өйте алмадық. Кешкі асқа барғанда да алдымен сол кісіні көзіммен іздедім. Қарасам, Бейсекең қаннен-қаперсіз, дастарқанның гүлі болып әңгімені соғып отыр.
– Батыр, қалай, үлгердің бе? – дейді.
– Беске – бір сюжет, кешке бір сюжет жібердік, – деп Саламат жауап берді менен бұрын. Дауысынан мақтаныш лебі еседі.
– Өй, жарайсыңдар, біз «Жеті күнге» бір-ақ беретін болдық. Сендер бүгін оздыңдар бізден. Кел, отырыңдар, – деп ығысып орын беріп жатыр. Қиналып қынжылып тұрған жоқ, керісінше разы. Өзі үшін емес, өзге үшін разы.
Содан кейін Бейсен ағамен жолымыз көп түйіспеді. Ол кісі 2007 жылдан Талдықорғанға қоныс аударып, «Жетісу» телеарнасына жетекшілік етті, іссапармен келгенде жолығып қалып жүрдік. Кейіннен біз елордаға көштік, телеарнадағы тірлік жүріп жатты. Ол кісі «Айтуға оңай» хабарының тізгінін ұстады. 2012 жылы болуы керек, бір күні телефонымның қоңырауы соғылды. Белгісіз нөмір екен. Тұтқаны көтердім. «Батыр, қалайсың?» – дейді ар жақтағы адам. Бірден таныдым, Бейсен ағам. Салған жерден мақтады. Ол кезде ұлттық арнадағы «Апта.кз» сараптамалық бағдарламасының сөзұстары едім. Хабарымның аяқ алысын, өзімнің сөз саптасымды айтып, біраз жерге апарып тастады. Сол кездегі мына бір сөзі есімде қалыпты. «Ақан серінің Құлагері жәй күндері көп аттан айырмашылығы жоқ, жұп-жуас болып жүреді екен. Ал бәйгеге қосылып, дүбір құлағына жеткенде дүр сілкініп, мүлде басқа кейіпке енеді. Сен де әншейінде моп-момақан, қақ-соқпен ісің жоқ біртоға көрінуші едің, эфирге шыққанда жайнап кеттің», – деді. Ағаның сөзіне кәдімгідей көтеріліп қалдым, көңіл марқайып, жан семірді. Сонан кейін-ақ өзіне жақын тартты, әлеуметтік желі арқылы хал сұрасып, жағдай білісіп тұрдық. 2013 жылы Бейжіңге оқуға кеткенімде де арамыз алшақтаған жоқ. Әлеуметтік желіге бір жазба жарияласаң болды, «бас бармақпен» бағалап: «Қайда жүрсең аман бол!», «Алған біліміңді ел игілігіне жарат», – деп үнемі тілеулестік танытып, пікір қалдырады. Бір күні уатсап арқылы сөйлесіп қалдық.
– Елге қашан? – деді әдеттегідей шолақ қайырып.
– Бұйыртса, осы жазда қайтсам деп отырмын, дипломдық жұмысты елде жүріп жазуға мұғалімдерден рұқсат алдым.
– Жақсы, келгенде хабарлас. Шәй ішейік!
– Жәрайды!
Алма пісіп, өрік жерге түсе бастаған маусымның орта шамасында артынып-тартынып ауылға жеттік. Әкемнің жоңышқасы гүл жарып тұр екен, келген бетте шөп шабуға кірісіп кеттім. Көлеңкеде ашымал ішіп отырғанда Бейсен ағамның «шәйі» есіме түсті. Уатсап арқылы бейнеқоңырау шалдым. Талдықорғанға шақырды. Арада екі-үш күн өткенде Бейсен ағаның кабинетінде отырдым. Келген қонақтың бәріне телеарнаны таныстырып шығатын әдеті екен, жаңа ғимараттың студиясынан бастап, редакциялар мен монтаж бөлмелерін аралап көрсетті. Өзі еңбек демалысын алыпты, ертеңінде екеуміз Алакөлге жол тарттық. Жолда әр тақырыпқа бір шауып, талай әңгіменің басын қайырдық. Соның ішінде есте қалғаны – Жетісудың жеті кереметі. Бұл «жеті керемет» – Бейсағаңның өзі таңдап, белгілеген кереметтер. «Жеті кереметті» жол бойы жақсылап тұрып жарнамалағаны жадымда.
«Бірінші керемет – Талдықорғанның табиғаты. Бұл өзі – Өскемен, Тараз секілді емес, үлкен өндірісі жоқ қала. Сондықтан ауасы таза. Көктемі – көктем, жазы – жаз, күзі – күз, қысы – қыс. Астаналық жұрт наурыз тойында дірдектеп жүргенде біздікілер костюм-шалбармен шапқылап жүреді», – дегенде елорданың жазы шықпай итеңдететін қытымыр ауа райы, сол суық күнде далада сұхбат алып, жалаңбас стэндап жазып тұрған әріптестерім көз алдыма келді. «Екінші кереметі – таза, табиғи азық-түлік» дегені. Үш жыл бойы Қытай астанасында тұрып, қоспасы көп тамақ пен түтін басқан ауасынан әбден уланған маған «жеті кереметтің» осы екі кереметі де жетіп жатыр еді. Бірден буыным босап, Талдықорғанға көшкім келіп кетті. Төрт-бес жыл «Айтуға оңай» секілді бағдарлама жүргізіп, ханмен де, қарамен де сұхбаттасып әбден сыралғы болған адам емес пе, Бейсағаң айтқандарының маған әсер етіп жатқанын сезіп отыр. Көз қиығын бір тастап қойып келесі «кереметті» сөз етеді. Менің буыным одан сайын босай түседі. Талдықорған нағыз мен іздеген жер, жерұйық мекен секілді елестейді. Алматы мен Астанадағыдай көлік кептелісі жоқ, балабақша мен мектеп үйдің қасында екен, спорт кешендері, оқушылар сарайы дегендер таяқ тастам жерде көрінеді. Қысқасы, өмір сүруге қолайлы, балаларды өсіріп алуға таптырмайтын аймақ. Айтпақшы «балаларды өсіруге қолайлы қала» деген де Бейсен ағаның сөзі. Кейіннен Талдықорғанға әлдекімді жұмысқа шақыра қалсақ біз де осы сөзді айтып, Алматының кептелісінде тұңғышын мектепке, кенжесін балабақшаға тасып шаршап жүрген талай адамды қызықтырғанбыз. Сонымен, Алакөлге жеткенше Талдықорғанға деген құштарлығым артты. Құштарлығымды оятқан адам «Жетісу» телеарнасына жұмысқа келу туралы ұсыныс та айтып үлгерді, мен де ойланбастан келісім беріп тастадым. «Туған жерге де еңбек сіңіру керек, батыр! Астанаға да бара жатармыз, бұйыртса!» – деп Бейсен аға менің жол бойында қабылдаған шешімімді шегелеп тұрып бекітті. Бейжіңдей әлемдегі ірі мегаполисте жүргенде құжынаған халықтың тіршілігіне қарап отырып: «Астаналарда өмір сүру қиын екен», – деп ой қорытқанмын. Сол ойымды айтып едім, арадағы уағда одан сайын бекемделе түсті. Осылайша, «оқу бітірген соң Астанаға барамын» деген жоспардан бас тартып, 2015 жылдың қыркүйегінде бір көлікке жүгімізді тиеп, «Талдықорған қайдасың?» деп тартып отырдық.
Соңғы бес-алты жылда Алматыдан – Астанаға, содан әрі Қытай мемлекетінің астанасына көшіп-қонып үйреніп қалған біз үшін қоныс аудару қиынға соққан жоқ. Жұмыстағы әріптестерім де жатырқамай қарсы алды. «Жетісу» телеарнасының «Жаңалықтар» қызметіне бас редактор болып тағайындалдым. Қарамағымда біраз қызметкер жұмыс істейді, дені – таныс-біліс. Ал өзімнің үш бастығым бар: Бейсен Құранбек, Серік Әбікенұлы, Досан Қызайбекұлы. Үшеуі де менен он жастай үлкен, үшеуі әрі әріптес, әрі дос-жар адамдар. Үшеуінің мінезі, болмысы үш түрлі. Соған қарап мен осы үш ағама өзімше ат қойғанмын. Мысалы, Секең – адуынды, мінездің адамы, тез тұтанғыш, лезде шешім қабылдап, әр іске апай-топай кірісіп кетеді. Кіріскен жұмысын апырып-жапырып жібереді. Көңіліне жақпаса шендіге де, шекпендіге де ертегідегі батырлардай: «алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» – деп қарап отыра береді. Бейсекең бірде Секеңе қаратып: «Бұл заманынан кеш туған адам. XVIII ғасырларда туғанда Қабанбай, Бөгенбай секілді батырдың бірі болар еді», – дегені бар. Соған қарап мен бұл ағама «Батыр» деп ат қойғанмын. Ал Досекең қарағайға біткен қарсы бұтақ секілді Секеңе қарама-қарсы жаратылыс. Тым сабырлы. Секең күйіп-пісіп отырса әлдебір қалжыңды айтып, немесе: «ей, жүр, шылым шегіп келейік», – деп жымиып тұрғаны... Әрбір істі он ойланып, мың толғанып, кесіп-пішіп барып істейді. Жұмыс барысында әлденеге айқайласып қалып, Досекеңнің кабинетіне алқынып кіргендер оның аспайтын-саспайтын сабырлы қалпын көріп сабасына түсе қалатын. Досекең оңайшылықпен ашулана қоймайды. Әзірге Досекеңнің оталғанын көрмеппіз, бірақ Секеңнің айтысына қарағанда, Досекең оталмасын, оталса оңайлықпен басылмайтын көрінеді. Сол себепті бұл кісіге «Сабыр» деп ат қойғанмын. Өзім әзірге айналамнан Досан Қызайбекұлынан асқан сабырлы адам көрмедім.
Ал Бейсен ағамның жөні бөлек, ол мінездің энциклопедиясы секілді құбылыс мен үшін. Оның тұла бойы – адамды жақсылыққа жетелейтін қасиеттердің қоймасы. Байыппен қарасаң, бір басынан бәрін табасың. Шешім қабылдап, мінез танытар жерде батыл, «суық» ақылға салар сәтте сабырлы, ұлықтар мен бай-бағланның алдында бүгежіктеп жасқанбайтын өжет, өзінен атақ-дәреже, мансабы төмен жұртпен сөйлесе қалса кеуде кермес қарапайым, жаурағанға пана болған қамқор, қиналғанның қажетін ашар жомарт, сөйлесе шешен, ел алдына шықса көсем, іс бастаса епті, қызметте демократ, қоғамдық өмірде дипломат... Қария көрсе қамкөңіл бола біледі, баланың да, дананың да тілін табады. Айтқанын тыңдатады, өзі де өзгені тыңдай біледі. Қысқасы, данышпан Абай айтқан толық адамның барлық сипаты бар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраттың иесі еді. Сол себепті менің Бейсен ағама қойған атым – Парасат.
Адам ана құрсағынан парасатты болып тумайды. Өсе келе, жүре бара қалыптасады. Кез келген биік шыңға жету үшін етектегі сай мен шұңқырдан, төскейдегі жыра-жықпылдан, қия-қырқадан өту керек. Бейсен ағамыз да парасат биігіне жетер жолда талайды өткерді, талай мінезді көрді, жақсыдан тәлім теріп, өнеге жиды. Жаманнан жиреніп, шынықты, ширады. Ақыры өз биігіне шықты. Журналист ретінде, кәсіби маман ретінде, жалпы адам, азамат ретінде «Бейсен биігі» деген ұғымды қалыптастырды.
***
2019 жылдың қарашасында ойламаған жерден мұрттай ұшып ауырдым. Апта бойы қызуым көтеріліп, көкірегім қысып, тынысым тарылып үйде жаттым да қойдым. Бастапқыда үйреншікті тұмау деп ойлағам, олай болмай шықты. Қуатты дәрі-дәрмек қабылдап барып, жиырма күн дегенде аяққа тұрдым. Ол кезде COVID-19 деген кеселді көрмек түгіл естімегенбіз, Қытайда да жаппай ауыру басталмаған, әлем дүрлікпеген шақ. Бірақ кейіннен бұл дерттің симптомдарына қарап отырып, әлгі мені алып ұрған ауруды танығандай болдым, «Қазақстанда алғашқылардың бірі болып COVID-пен мен ауырғанмын» дегеніме достарым әлі күнге сенбейді. Қойшы әйтеуір, сол ауруға шалдыққалы Бейсен ағама хабарласпай кеткенмін. Әбден есімді жиған соң көңілін сұрап бардым. Ауруханадан келген беті екен, алдыңғы көргеннен азыңқы. Бірақ энергиясы ұрып тұр. Түпкі бөлмесінен жарқылдай шыққанда қаракөлеңке үйдің іші жап-жарық болып кеткендей.
– Әй, мынау мені ұмытты, ағасын іздемейді, келмейді, – дейді жеңгемізге қарап жымыңдап. Қалжыңдап тұрғанын түсіне қойдым.
– Қайда жүрсің-е, – деп бүйірімнен түртіп қояды. Ауырып қалғанымды айтып ақталып жатырмын.
– Бәсе, пәс тартып қалыпсың өзің, жұнттай боп жылтырап жүруші ең, – деп арқамнан қағып диванға қарай икемдеді. Қатар отырдық.
– Сенің «Қателігің» жақсы болды-ей, кеше күні бойы осы жайлы ойландым,–деді амандық сұрасқан соң. «Жетісу» телеарнасының эфирінен шығып жүрген авторлық бағдарламам жайлы айтып отыр. Әрбір шығарылымды YouTube-тен көріп жүр екен. «Жақсы шығып жатыр», – деп мақтау айтты, «мына жерін бүйтсең», «ананы шақыр, мынаның да бір айтары бар», «мынау қызметтегі адам, көп ашыла қоймас» дегендей ақыл-кеңесін де ұмытпады.
– Өзімше сенің сұрақтарыңа жауап бердім, менен сұхбат ала қалса, не деймін деп ойландым, – деді бір кезде.
– Сұқбат алайын да, олай болса? – деп жабыса кеттім.
– Жо-жоқ, менікі жәй әншейін ғой. Кейін көрерміз. Мысалы, бірінші – адамзат қателігі не дейсің. Менімше адамзаттың ең басты қателігі – бірін-бірі «жеп» жатыр. Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», – дейді. Хайуан екеш хайуан да ұялас, үйірлестерін таласа да өлтірмейді, өлтірсе де етін жемейді. Ал адам хайуаннан асқан жыртқыш болып кетті. Жеті қат көк пен жердің астындағыға жеткен ақылымыз соғыссыз, тыныш, бейбіт өмір сүрудің механизмін жасауға жетпей қалды. Бұл қасірет. Екінші – ұлт қателігі. Қазақтан ауызбірлік кетіп барады. Бөліне-бөліне бөлшек емес, молекулаларға айналып кеттік. Рулық тұрғыда бөлінеміз, діни тұрғыда бөлінеміз, саяси көзқарас, гендер, әлеуметтік жағдай, әлемде не бойынша бөлінуге болады, соның бәрі бізде бар. Елге бас болады деген азаматтар, жалындаған жастар бір-бір діни, саяси, қаржылық топтардың басшысы мен қосшысы болып жүр. Олар сол топтарда жүре берсін-ау, бірақ солар неге бір-бірімен қырғи-қабақ, неге ұлтқа пайдалы бір мүддеге жұмылмайды? Бірі дұрыс іс қылса екіншісі қисайып, ілік іздеп отырғаны. Міне, біздің ұлттың қателігі. Үшінші – біздің қателік қайсы дейсің? Біздің қателік – жауапкершілікті сезіне алмағанымызда деп ойлаймын. Әр дәуірдің, әрбір буынның өз міндеті болады. Біздің бір міндет – бізге дейінгі қазақ азаматтарының бойындағы кемшілік атаулыны өзімізде тұншықтырып, сендерге үлгі көрсетіп кетуіміз керек еді. Соны істей алмадық. Сендерді тура жолға салып кетуіміз керек еді. Сол қолымыздан келмеді. Біздің ағаларымыз жік-жікке бөлінетін, біз сол дерттің қоздырғышын жас күнімізде жұқтырдық та өзіміз де дертті болдық. Сол дерттен емделмеген күйі сендерге жұқтырдық. Өзімнен мүшел жас кіші жігіттердің бөлінуге бейімділігін байқап қалсам алдымен өзімді кінәлаймын, бұл олардың емес, мына біздің қателік, – деп үнсіз отырып қалды.
– Төртінші – менің қателігім. Ойбой менің қателігім деген мынадай екен, – деп қолын бойынан асыра өлшеп көрсетті. – Бала күннен бергі қателігімді жіпке тіздім. Тым көп қателісіппін. Соның ең алғашқысы мынау: Мен шал мен кемпірдің баласы болдым. Өз әке-шешемді мойындамадым, әлі де солай. Біреуін көке, екіншісін тәте деймін. Мектепте оқып жүргенде атам қайтыс болды. Асын берген соң «сен біздің үйдің баласы едің» деген әңгіме шыға бастады. Мен қарсы боолдым. Кәдімгідей шайқастық. Баламын ғой, өзімше бұлқан-талқан болып жүрмін. Сол кездегім қателік болған екен. Сол кезде туған әке-шешемді мойындай салуым керек еді, олардың жүрегін бекер-ақ жараладым. Бармасам да «әке-шеше» деп айта салуым керек еді. Оларға сол ғана керек екен. Мен соны айтпай қойдым ғой қырсығып, «көке, тәте» деп кеттім. Кейіннен ержетіп, сүйек қатайған соң қиын болады екен, айта алмай қалады екенсің. Айта алмаған соң арада суықтық пайда болады екен. Осылайша, олар өз балаларын «балам» дей алмай, мен өз анамды «ана» дей алмай қалдым. Бұл менің өмірімдегі бірінші қателігім.
– Екінші, үшінші қателіктеріңіз – өзіңізді ойламағаныңыз, денсаулықты күтпегеніңіз, – дедім сөз арасына килігіп.
– Ол да бар. Айттым ғой қателігім бастан асады, – деп күлімсіреді. Сол кезде жеңгей шәйға шақырды. Дастархан басындағы әңгіме ауаны денсаулық, жұмыс, бала-шаға сықылды тақырыптарға ойысып кете барды.
Бейсен аға жылдан аса ауырды. Әр көрген сайын таудың шөгіп, теңіздің суалып бара жатқанын көргендей күй кешетінмін. Күннен күнге әл-қуаты кеміп бара жатқанмен ішкі энергиясы таусылмады. Көңілін сұрап келгендердің өзіне ақыл айтып, жөн сілтеп, жігер (мотивация) сыйлап жіберетін. 2020 жылдың 18 мамырында дүние салды. Кенеттен жабысқан кесел ақыры алып жықты. Ертеңгілік Серік Әбікенұлы телефон шалып суық хабарды жеткізді. Естіген бетте аңырып отырып қалдым. Жұмыс бөлмемді іштен кілттеп алып, аңырап жыладым. Дауыс сап кіріп, дамылдап жатқан ағамды көрдім. Көріп, көңіл суыттым. Одан абыр-сабыр тірлікке араласып кеттік. Келгендермен көрісіп, ас-су қамдап... Астанадан Ерлан Жүніс хабарласты. Ақын ғой, екі көзінен Есілдің суын ағызып тұр. Жұбатарлық сөз айта алмадым, қосылып жылауға көзден жас та шықпады. Бірінші күні ыстық болды, екінші күннің таңы түнеріп атқан. Күн көзі көрінбеді, уақытты сағаттан ғана білдік. Жиылған жұрттың қарасы қалың. Жаназа намазға тұрғандардың соңғы қатары имамның даусын әзер естіді. Қарағайдай азаматтың асыл денесін қара көлікке салып, Қараталды кесіп өткенде қап-қара боп түнеріп тұрған аспан жылап сала берді. Жаңбыр себеледі. Зиратқа жеткенде сап тиылды. Облыстың бас имамы Ардақ бауырымыз мұңлы мақаммен құран оқыды. Сырлас, дастархандас болған ол да бір інісі емес пе, екі жерінде даусы дірілдеп, булығып қалды. Шыдай алмадым, көзден жас ыршыды. Қасымдағы азамат тіземнен қағып сабырға шақырды. Көзді жасқа, көкіректі шерге толтыра қабірстанннан қайттық. Қонақасын беріп, алды-артын жиыстырып болған соң Серік пен Досан ағалар үйіне кетті. «Шатырды жығып, орындық, үстелдерді үлестіріп, қалған шаруаға бас-көз бол» деп тапсырып кетті. Екі күнгі сабылыстан шаршаған секілді. Екеуіне ілесе көшеге шықтым. COVID-дертінің індетке айналып, аждаһадай аранын ашып тұрған шағы емес пе, санитар дәрігерлер келіп айналаға дәрі шашып жүр екен. Әлгіндегі иінтірескен көлік, қара-құрым халық жоқ. Кең көшеде «теректей басы теңселіп» екі ағам кетіп барады. Жан-жағына жалтақтай қарайды, дос жүрегі кімді жоқтап, қос жанар кімді іздегені мәлім. Сырт айналып кеттім, өз көңілімнің көшесі де қаңырап қалғандай еді...
Бейсен аға дүние салғалы екі кітапты құрастырып, баспадан шығаруға атсалыстым. Біріншісі – «Біздің Бейсен» кітабы. Бұл жинаққа ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтқан жеделхаты, министрлер, әкімдер, депутаттар, журналистер, дос-жаран, таныс-білістің жазған естеліктері, арнау өлеңдер, әлеуметтік желідегі жоқтау жазбалар енгізілді. Екіншісі кітап «Парасат биігі» деп аталды. Оған Бейсен Құранбектің сонау тоқсаныншы жылдары «Спорт» газетіне жариялаған мақала-репортаждары, азамат болып қалыптасқан тұста қағазға түсірген ой-толғамдары, әр жылдары баспасөзге шыққан сұқбаттары топтастырылды. Бұл оның өмірі мен шығармашылығына, адами болмысына қызыққан жандар үшін аса құнды дүние болары сөзсіз. Осы екі кітапты шығару барысында мені екі жайт таңғалдырды.
Біріншісі – Бейсен Құранбекке деген халықтың махаббаты. «Өмірдің өлшемі – ӨЛІМ! Кімнің кім екені өлгенде белгілі болады» – деп өзі жазғандай Бейсен Құранбектің кім екенін дос та, дұшпан да өлгенде бір-ақ түсінгені рас. Күреңбел өңірінде туған ұлын жоқтап күллі қазақ күңіренді.
Екіншісі – Бейсен ағаның өзіне деген «салақтығы». Ол достың қадірін асырып, көршінің көшін тартуға қандай шебер, елгезек болса өзіне келгенде сондай ебедейсіз, шабан болған адам. Үнемі «елге болсын» деп тұратын. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы жылағанның жасын сүртіп, жығылғанның қолтығынан демегені баршаға аян! Марқұм телеарнадан тыс өмірінде де талай адамға қолғабыс етті, игілікті істердің басы-қасында болды. Қолынан келсе қаржы-қаражатын беріп жәрдемдесті, кейбіріне сөз көмегі тиді. Бейсен Құранбектің қолдауымен талай адамның кітабы шыққанын да білеміз. Кейбір зерттеуші-ғалымдарға шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін өз қалтасынан жалақы төлегені де бар. Сөйтіп, ел үшін қызмет етіп жүріп өзінің жазған-сызғанын түгендемеген екен. «Неге бұлай?» деп осы сауалға жауап іздеп біраз ойландым. Меніңше ол еліне-жұртына сенген секілді. Артынан ерген іні-қарындастарына, достарына сенді. Өзі жаққан шырақтың сөнбейтініне, іздеушісі көп боларына күмәнданбады. Сондықтан өзін емес, өзгені көтермеледі. Күндердің күні өзінің қадірін сол өзгелер асырарын білді, соған шығар күндей сенді. Мұндай сенім екінің біріне бұйыра бермес бақыт біле білсек.
«Қаланы қала қылып тұрған құрылысы, зауыты, табиғаты емес – адамдары» дегенді Бейсен ағам көп айтатын. «Егер сол қалада мықты мамандар көп болса – мықты қала, жақсы адамдар көп болса – жақсы қалаға айналады» деуші еді. Сол үшін де Талдықорғанға дарынды жастарды жинауға тырысты. Бірақ осы қаланың басты қазынасының бірі өзі екенін білмеген болар, бәлкім білді. Әйтеуір бүгінде біз соны толықтай біліп те, сезініп те жүрміз. Ол кетті, артында өнегелі ісі, ұлағатты сөзі қалды. Бүгінде Бейсен Құранбекті ұмыттырмайтын, елдің есіне салып тұратын бірнеше жобаның негізі қаланды. Кітаптар шықты, дипломдық, курстық, ғылыми жұмыстар жазылды. Талдықорғанда журналистер арасында өтетін Бейсен Құранбек атындағы футбол турнирі ұйымдастырылады. Оқушылардың білім олимпиадасы да дәстүрлі түрде болады. Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы Бейсен Құранбек атындағы студенттер стипендиясын тағайындады. Талдықорғандағы баспасөз үйіне Бейсен Құранбектің аты берілді. Қасындағы тұрғын-үйдің қабырғасына ағаның ғазиз бейнесі (мурал) салынды. Күнде жұмысқа келе жатқанда сол сурет қарсы алады, қайтқанда шығарып салады. Қалаға қыдырып келген, іссапарлап жүрген өзге өңірдегі азаматтардың біразы осы муралдың алдында суретке түседі. Уақыт тауып басына барып, құран оқиды. Сондай қонақтардың бірсыпырасын өзіміз бастап апардық. Әулеттің дәстүріне сай зиратына биік күмбез қойылмады, шомбал тастан ескерткіш те тұрғызылған жоқ. Кітап пішіндес құлпытасқа аты-жөні ғана қашап жазылған. Қабірінің өзі қарапайымдылықты өсиет еткен тау тұлға бір жотаның етегінде кішкене ғана төмпек астында дамылдап жатыр.
...Қабіріне көктем сайын әдемі бір қызыл-жасыл гүлдер өседі.
Есболат Айдабосын

2984 рет
көрсетілді2
пікір