• Ақпарат
  • 16 Қараша, 2023

Ұлт руханиятының жаршысы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Н.Ә. Ильясова қазақ руханиятының кемелденуі жолына ғұмырын, еңбегін арнаған, ғылымға берілген адал жан. 
 

Тілші ғалым Н.Әбзелбекқызы ұстаздық, ғалымдық, басшылық сынды үш таған қызметінде ұлттық болмыс, ұлттық сана, ұлттық рух сынды маңыз­ды құндылықтарды қызметінің алтын арқауына айналдырған. Ұлтжанды, тіл жанашыры, ұлтының асыл мұрасы мен мұратын насихаттаушы қоғамның жаршысы осындай тұлға болса керек-ті. Ғалым Н.Ә. Ильясованың ғылымдағы жолы – бүгінде көпшілікке өнеге болатын тағылымды жол. Тілші ғалымның ешкімге ұқсамайтын ғылыми бағыттағы өзіндік қолтаңбасы, ерекшелігі – тіл білімі мен әдебиет, әдебиеттану саласын тұтастықта, өзара сабақтастықта зерделеуі. Ғалымның жыраулар поэзиясының поэтикалық ерекшелігін зерттеу нысанына айналдыруы бұл тұжырымымыздың дәлелі болмақ. Н.Ә. Ильясова тіл біліміндегі өзекті мәселелерді ойжасампаздықпен саралап, бүгінгі көзқарас тұрғысынан тереңнен зерделеуді өзіне парыз санайды. Тіл білімі саласының бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері туралы салмақты ой, пайымды тұжырымдарын әрдайым ортаға салып, тың зерттеулері арқылы қоғамдық сананың дамуына қызмет етіп келеді. Ғалымның зерттеу алаңы тілдік бірліктердің коммуникативтік-танымдық мәні, мәтіндердегі этнотанымдық бірліктер, этноментальды тілдік бірліктер, синтагмалық, ассоциативтік қатынастар, білім модернизациясы жағдайында қазақ тілін оқытудың әдіснамалық мәселелері, жыраулар поэзиясындағы поэтиканың ерекшелігі және оның зерттелуі, бағалаудың этносемантикалық негіздері, көркем сөздің психолингвистикалық қырлары, этнотанымдық мәтіндердің прагматикалық мәні, коммуникативті грамматика және тағы басқа да тіл білімі саласындағы өзекті тақырыптарды қамтиды. Аталмыш тақырыптардың әрқайсысы ұлттық тіл білімі ғылымының көкжиегінің кеңеюіне үлес қосатын, ел руханиятының игілігін еселейтін құндылықтар құбылысы. 
Ғалымдық еңбегінің жемісі саналатын «Коммуникация үдерісіндегі тілдік бірліктер», «Сөз тіркесі синтаксисі», «Тенденции и инновации фундаментальных и прикладных наук», «Тілдік бірліктердің коммуникативтік-танымдық мәні», «Сөз тіркесі синтаксисі» және өзге де оқу құралдары, оқулықтары, монографияларын атап өтуге болады.
Жас ұрпаққа сапалы әрі заманауи бағытта білім беру – қазіргі жаһандану дәуіріндегі тағдыршешті тақырыптардың бірі. Соның бірі оқулық мәселесі екені белгілі. Мақаламызға арқау болған тілші ғалымның әдіскерлік қарым-қабілетін айшықтайтын қызметінің бірі – әдістемелік бағыттағы оқулықтар жазу мәселесі. Қазақ тіл білімінде сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған оқулықтар жазудың маңыздылығын сезініп, аталған бағытта да білім-білігін, білім беру жолында жинақтаған мол тәжірибесін басшылыққа ала отырып, жемісті еңбек етуде. Атап айтар болсақ, мектеп мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік құралы, (2017), жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығы (2017). 
Тілші ғалым Н.Ә. Ильясова әдістемелік салада да табысты еңбек етіп, жинаған тәжірибесін руханият игілігінің еселенуіне арнаған тұлға. Сонымен қатар білім берудің барлық деңгейінде (бакалавр, магистратура, докторантура) ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан бағдарлы мақсаты мен арқалаған игі миссиясы бар ұстаз.  
Қарашаңырақ Абай атындағы ҚазҰПУ, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Н.Әбзелбекқызының ұжымды ұйыстыра білген көшбасшылық жүгі де жеңіл емес екенін білеміз. Әр ұжымның өзіндік мақсатты бағдарламасына негізделген стратегиялық межелі бағыты болатыны белгілі. Түрлі көзқарасы, ұстанымы, пікірі, мінезі бар тұлғалардан тұратын ұжымды бағдарлы мақсатқа жұмылдыра білу парасат, биік адамгершілік, тектілік сынды қасиеттерді де қажет ететін миссиялы жол. Ұжым арасында әр тұлғаның бір бірімен  адал жүрек, шынайы пейілмен байланыс орнатуы жоғарыда тілімізге тиек еткен «ұжымдық рухтың» салтанат құруына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Ол осы факторға ықпал ететін тұлға. Бұл тұрғыдан келгенде, Н.Әбзелбекқызының көшбасшылық қабілетін ұжымы жоғары бағалайды. Ұжымының құрметі мен ықыласына бөленген жанның мерейі де үстем. Ол тарихта аты қалған қайраткер, аяулы жандардың, яғни кафедра меңгерушілерінің заңды жалғасы болып, ары қарай жалғап бірлікке жетелейтін «ұжымдық рухтың» нығаюына қызмет етіп жүрген ғалым.  
Сөзімізді түйіндей келе, бұл шағын мақаламызда ұлт руханиятының жаршысы, тіл жанашыры, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор   Ильясова Нағима Әбзелбекқызының, жанымызда жүрген жақсы жанның өзіміз көрген, куә болған адамгершілік қасиеттері, ұлт руханияты үшін атқарып жүрген игілікті қызметі жайында ақжарма пікірімізді білдіруді әріптестік әрі азаматтық парызымыз деп санадық. 

Дәурен Бақдәулетұлы, 
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі;
Ұлан Тайжанов,
педагогика ғылымының магистрі

1484 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы