• Ақпарат
  • 16 Қараша, 2023

Мемлекеттік тілді оқытуда бірізділік керек

«Qazaq tili» Халықаралық академиясы мен Мемлекеттік тілді дамыту институты бірлесіп Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен 2023–2025 жылдар арасында жүргізіліп жатқан жоба аясында «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту: тәжірибе мен өзекті мәселелер» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өткізді. 

Дөңгелек үстелге Қазақстан Респуб­ликасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрліктерінің және Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-зерттеу институт­тарының қызметкерлері, Тіл саясаты комитетінің, Қалалық және облыстық тіл басқар­маларының жауап­ты мамандары, Республикалық және өңірлік тіл орталық­тарының басшылары мен әдіскерлері, Қазтест өкілдері, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. 
Дөңгелек үстел барысында қазақ тілін ересектерге оқытудың қолданыс­тағы жүйесі, ересектерге арналған курстардың ұйымдастырылуы, Тіл орталықтары қолданатын оқу-әдістемелік құралдарға ғылыми-әдістемелік талдаулар жүргізу, Қазтест жүйесі, мемлекеттік тілді білуді бағалаудың құқықтық негіздері, Тіл орталықтарында мемлекеттік қызметшілерді оқытуға бөлінген сағат көлемі мен жұмсалған қаржының тиімділігі, Ересектерге қазақ тілін үйретудегі маңызды факторлар (тілдік орта және сабақтастық), әр саладағы кәсіби қазақ тілінің бағдарламасы мен оқулық ресурстарына шолу, тағы басқа мәселелер қарастырылды. 
Жиынды бастаған Халықаралық түркітану орталығының төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» академия­сының президенті, профессор Ерден Қажыбек БҰҰ ережесі бойынша мемлекеттік қыз­меткерлер мемлекеттік тілді өте жақсы деңгейде білуі қажет екенін алға тартып, әр мемлекеттің дамуы тек әлеуметтік, мәдени немесе экономикалық өсуі емес, тілдің даму деңгейіне байланысты екенін айтты. 
– Елімізде шамамен 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде барлығы дерлік іс-қағаздармен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан да олар мемлекеттік тілді жетік білуі қажет. Әсіресе жоғары лауазымда отырған беткеұстар азамат пен азаматшаларымыздың ана тілімізді тек сөйлеу деңгейінде білуі емес, Абай мен Шәкәрімді танып, еліміздің өткен тарихын білуі өте маңызды, – деді Ерден Задаұлы. 
Келесі сөз тізгінін алған ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреа­ты, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде билік басындағылардың қазақ тілін меңгеруі өте маңызды. Өзіміздің ана тілімізді өзіміз қадірлемесек, өзге ұлттар қайдан сыйласын. Әр жиында, отырыстарда ана тіліміздің мүддесін қорғап, тілді дамыту үшін күресіп келеміз. Өкінішке орай, нәтиже әзірге аз. «2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдансын» деген пікірді ортаға салдым. Ол үшін Конституция­дағы заңдарға өзгеріс енгізу қажет. Осы аталған пікірімді даттағандар да, қолдағандар да болды. Қазір де ауқымды жиындарда тілге қатысты мәселер көтеріліп, айтылып жүр», – деп сөзін түйіндеді Қазыбек Жарылқасынұлы. 
Республикалық конференцияға арқау болған «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту: тәжірибе мен өзекті мәселелер» атты ғылыми жобаның авторы филология ғылымының докторы, Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова дүние жүзіндегі өркениетті мемлекеттердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет ететіндердің барлығы мемлекеттік тілді білуге міндетті екенін атап айтты. 
– Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Тілдерді оқытудың әлемдік тәжірибесіндегі әдіс-тәсілдерді қолдануға ұмтылу біздің елімізде де бар. Бірақ тілді оқытудың тұтас жүйесі мен жүйе ішінде айқындалатын ішкі мәселелерді шатастырудан тілді оқытуды түрлі салаларға бөліп алып қарау белең алып барады. Мемлекеттік тілді оқытудағы осындай әртараптылықты біріктіріп, бірыңғай жүйе ұсыну – заман талабы. Ал бұл істің шешуі – тілді деңгейлеп оқыту. Қазақ тілін білуге міндеттеу ешкімнің құқығына қол салғандық болмайды. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап, – дейді жоба авторы Тыныштық Нұрдәулетқызы. 
Жоба жетекшісі тілді оқытудағы басты фактор мемлекеттің әлеуметтік-мәдени, тіпті саяси құбылысына тікелей тәуелді екенін айта келіп, тілді оқытуды қоғамдық әлеуметтік және жеке факторлар деп бөлген. 
Сондай-ақ конференцияға онлайн қатысқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының кандидаты Аман Абасилов Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екенін алға тартып, кез келген көп этносты мемлекетте тілдер атқаратын қызметіне, таралу деңгейіне, тұтынушылар санына, ел тарихындағы, мәдениетіндегі, экономикасындағы, тағы басқа өзіндік орны мен рөліне қарай бөлінетінін атап өтті. 
– Қандай да бір мемлекет өзінің қолайлы тілдік кеңістігін жасау үшін қоғамдағы тілдердің функционалдық арақатынасын дәл анықтап алуы шарт. Оның ішінде мемлекеттік тіл деп танылған тіл сол көптілді қоғамның әлеу­меттік-коммуникативтік жүйесінде ерекше аталып, өзіндік лайықты орынға ие болуы керек. Шындығында, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне дау жоқ. Ал орыс тілінің Қазақстанда ресми тіл болуы екіталай. Өйткені Конституцияда, Тіл туралы заңда да қазақ тілінің мәртебесі сияқты орыс тілінің өзіндік мәртебесі көрсетілмеген (оның тек қолданылу аясы ғана анықталған). Демек, Қазақстанның ресми тілі – орыс тілі деп көрсетілмеген соң, оны ресми тіл деп тану қалай болғанда да заңсыз әрекет. Егер байыбына барсақ, ол Қазақстандағы көптеген этностардың біреуінің ғана тілі болып саналады, – деді Аман Мәделханұлы. 
Республикалық ғылыми-практи­калық дөңгелек үстел барысында сөз алған «Мемлекеттік тілді дамыту инс­титутының» атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек Тіл орталықтарында мемлекеттік тілді оқытудағы жүйесіздікке тоқталып өтті. 
 – Қазір әдістемешілер «қазақ тілі пәнін оқытуда шет тілі ретінде оқыту, ана тілі ретінде оқыту, екінші тіл ретінде оқыту» деп әбден жұлмалап тастады. Негізінен қазақ тілі бір мемлекеттің мемлекеттік тілі болатындықтан, оны оқытудың біртұтас жүйесі болуы керек. Ал жүйе жоқ! Жергілікті әкімдіктер арқылы қаржыландырылатын тіл орталықтарының заңды тұлға ретіндегі статустары бірдей емес, бірі – таза мемлекеттік мекеме, бірі – коммуналдық кәсіпорын, бірі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бірі – жеке кәсіпкер. Барлық тіл орталықтары бұрын бастауыш деңгей, орта деңгей, жалғастырушы деңгей деп оқытатын. Енді Qaztest жүйесіне көшті. Алайда курстағы сағат саны белгіленбеген, тұрақты емес. Мемлекеттік тілді ересектерге оқытуда сабақ аптасына екі рет, кей жерлерде үш рет, кей жерлерде күн сайын болады. Республика бойынша тәртіптелген ортақ жүйе жоқ. Біздің ойымызша, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді өндірістен қол үзіп оқығаны дұрыс болар еді. Тіл саясатын жүргізетін мемлекеттік ұйымдар арасында вертикаль жоқ. Тіпті бір өңірлерде тіл саясатын жүргізуге қатысты құрылым бар да, бір өңірлерде жоқ. Сондай-ақ тілге республика бойынша тіл комитеті арқылы, өңірлердегі тіл басқармалары арқылы республикалық оқыту орталығына, өңірлердегі тіл орталық­тарына бөлінетін қаржының мөлшері бірдей емес. Берілу тәсілі мен жұмсалуы жетілдіруді қажет етед», – деді Бижомарт Сейсенбекұлы. Сондай-ақ ол мемлекеттік тілді насихаттауға арналған жыл сайынғы шаралардың ескіргенін айтты. 
Аталмыш жиында сөз алған Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқытуды ұйымдастыру» мәселелеріне тоқталып өтсе, ҚазҰУ түркология және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Жанна Күзембекова «Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтаудағы ҚазТест рөлі», Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Айгерім Абилова «Мемлекеттік қызметшілердің тілдік деңгейін Qazaq resmi test арқылы анықтау және тілдік құзыреттіліктерін дамыту» мәселелерін сөз етті. 
Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт-дәстүрін терең тануға жол ашады. Біздегі азаматтар мемлекеттік тілді түгел білмейді, оны талап ететін тетік те жоқ. Басқаларға ұлттық мемлекет ретінде танылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Міне, республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелге арқау болған тақырыптың маңыздылығы осында. 
Дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер бойынша қарар қабылданып, тиісті орындарға жолданды. 

Айдана Мағжан, 
Мемлекеттік тілді дамыту 
институтының сайт редакторы

1003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13464

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7802

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7432

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6810

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6759

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6546

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5321

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5313

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы