• Ақпарат
  • 16 Қараша, 2023

Уақыт тудырған тұлға

Әр сәті – тарихқа, әр тұлғасы үлгі мен өнегеге айналып бара жатқан тағдыр­лы жиырмасыншы ғасыр бізден алыстаған сайын, уақыттың өкінішімізбен қатар сағынышымызды, қасіретімізбен қатар қуанышымызды қозғайтыны, жүректі тербеп, ойға жетелейтіні жасырып-бүгер сыр емес. 
Бұл – заңды құбылыс.
Кез келген құбылыстың күнгейімен қатар көлеңкелі сәттері болады. Адамзат баласының тарихына айналып қана қоймай, өзінің қуанышты сәттерімен де, қайғылы, қасіретті кездерімен де ойымызды түлетіп, санамызды жаңғырту міндетін қоса атқарып келе жатқан өткен ғасырдың ашылып бітпеген, айналымға толық кіре қоймаған, уақыт құрсауынан шыға алмай жатқан шындықтары мен ақиқаттары қаншама?! 

Күні кеше ғана «ақырын жүріп, анық басып», өзінің өмірлік ұстанымдарына көлеңке түсірмей өмірден өткен, өз шындығын өзі ақ қағазға түсірген көрнекті қаламгер, қазақ детективінің атасы атанған классик жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойының тұсында да өткен ғасырдың айтылмай келген біраз беттеріне «жан кіріп», жалпақ жұртшылыққа жете бастады. Детектив дейтін жанрды «милиция туралы кітап қой» деп, жүре пікір айтып, атүсті бағалайтын уақыт артта қалды. «Түн ұйқысын төрт бөліп», жатпай-тұрмай Артур Конан Дойл мен Агата Кристилердің шығармаларын оқып өскен ұрпақтың жады жаңғырды, ойы тереңдеді, зердесі кеңейді, нанымы бекіді. 
Уақыт дейтін ұлы төреші жазушы қаламынан туған дүниелерді өзінің лайықты төріне шығарды. «Кеңестер одағы қылмыс пен қастандық дейтін ұғымдармен он қайнаса, сорпасы қосылмайтын жаны таза, жүрегі жомарт таза қоғам» дейтін идеологияшыл дәуірдің сарқыны мен салқыны ана ғасырдың қолтығында қалып барады. Қылмыс пен қорқаулықтың айтуға ауыз бара бермейтін он сан үлгілері мен түрлері құмырсқадай қаптаған жаңа дәуір детектив жанрының қанат жаюына қалай кең жол ашса, оның көркемдік сапасы мен концепциялық жаратылысына қойылар талапты да солай күшейтті. «Қылмыс жоқ қоғамда» өмір сүрген жазушының пенде­лік әлсіздіктің табиғатын жарқыратып ашар қылмыскерлер хақындағы повесть, романдарының өз оқырманына барар жолды өзі тауып, қайыра-қайыра басылып, жүздеген мың тиражбан жарық көруі бекер емес еді. Дерек пен дәйекке құрылған қуатты көркем туындылардың жаңа ғасыр оқырманының назарына ілігуі Тоқаев туындыларының шынайы классикалық сипаттағы детективтік шығармалар екенін дәлелдеді. 
Иә...
Кемел Тоқаев есімін айтқанда, тіл ұшына орала кетер кеңістік – жиырмасыншы ғасыр! 
Қазақ дейтін кең мінезді, көсем ойлы, шешен тілді халықтың туырлығын тілгілеп, жасығын жұбатқан, арыстары мен алыптарының түбіне жеткен, кешегі түркі жұртының қарашаңырағы болған Ұлы Даланы геноциттің құрбаны етіп, жазықсыз, жаназасыз өлген миллиондардың сүйегі шашылған мекенге айналдырған жиырмасыншы ғасыр! 
Бала Тоқаевтың көзін ашып көрген ақиқаты мен шындығы осы.
Бұл Қараталда туып, қара қазақ жұртының биігіне көтерілген қара баланың ғана емес, күллі Қазақ елінің ақиқаты мен шындығы еді.
Кемел Тоқаевтың өмірі – ұлт игілігі мен ұрпақ болашағы үшін күрескен ақ жүрек, адал ойлы ұрпақтың бастан кешкен, бесігінде жатып, дауасыз дәуірдің қиян-кескі әділетсіздіктерімен белдескен, көшпелі жұрттың тағдырын талқан етіп, ұлы қырғынға ұшыратқан, тұтас бір ұлтты тілінен айырып, дінінен бездіріп, жойып жібере жаздаған жиырмасыншы ғасырды ойы, жүрегі, санасы арқылы өткізген өртең буынның өрті мен серті қалың өткені.
Болашақ жазушының өткен ғасыр кеңістігіндегі замана қиянаттары мен уақыт зобалаңдары қаршадайынан жетім етіп, интернаттың қара нанына қаратты, он сегіз жасында қанқырғын майданға салды. Тағдыр жас жігітті ұлы соғыстың құрығынан аман алып шығып, қолына қалам ұстатты. Қазақ журналистикасында қабырғасын қатайтып, буынын бекітті. «Әскери әдебиет» дейтін деректі салада бағын сынатты. Жүйрік қалам, сергек ойдың арқасында майдангер жігіт қабырғалы қаламгерге айналды. Автор соғыс шындығының психологиясын, қоғам өміріндегі келеңсіз көріністерді, дәуір мінезін, адамдардың пенделік әлсіздіктері мен ерліктерін әрі нақ, әрі көркем өрді. 
«Солдат соғысқа кетті» дейтін романы осы сөзіміздің айғағы. Романның бас кейіпкерлерінің бірі – Қасым Болтаев жиырма екі жасында майданда жүріп, ерлікпен қаза тапқан жазушының туған ағасы Қасым Тоқаев. Роман оқиғасының көрігін үрлеп, оқырман ойына қанат бітіріп отыратын кейіпкерлер – он сегізге толар-толмасында қолына қару ұстап, ұлы соғыстың қырғынын кешкен өзі және майдандас қаруластары... Аталмыш шығарманың әр бетінен, әр кейіпкердің сөзі мен іс-әрекетінен сәт, сағат сайын өліммен бетпе-бет келіп, ажал құрығымен алысқандардың жан айқайы естіліп тұрады. Романды оқып отырып, уақыттың ұлы сүргіні мен қырғынын көрген ұрпақтың жан әлемімен кездескендей күй кешесіз. 
Уақыт өткен сайын өмір Ұлы Жарату­шы­ның адамның ақыл-ойын сынға салу үшін берілген қайталанбас кеңістік екеніне көзіміз де, көңіліміз де жете түсуде. 
Ақыл – қанат, сана – дос! 
Ақыл жолдан шықса, сана сүрінеді... Қасірет, қайғы, ажал, өлім секілді жарық дүниенің ажарына дақ салар кесапаты мол ұғымдар замана тізгінін ұстап, өмір, қуаныш, кісілік, кішілік, адалдық, әділдік дейтін ұғымдарды таптап өтіп, тарих аванценасына шығады. Қан төгіледі. Адам ойы мен санасы таразылау, безбендеу қабілетінен айырылып, кінә мен күнәнің балшығына батады... Жазушының қалыптасуы мен өмірінің мол кезеңі Ұлы Жаратушыдан пешенесіне бұйырып, маңдайына жазылған жарық дүниесі осындай адамзат баласының ақылы жолдан тайып, санасы сүрінген, қанышерлік мақсаттардың әлемді қан қақсатқан аса күрделі, қиын-қыстаулы кезеңде өтті. Романдағы солдат күнделігі арқылы берілетін соғыс майданының шындығы сол жарық дүниенің шуағы мен нұры үшін күрескен жазушы жанының айнасы, қоспасыз өмір ақиқаты! Соғыстың қолқа буып, жан түршігер көріністері мен ажалға еті үйренген сарбаздардың қарапайым диалогтарынан шығарма табиғатын жарқыратып ашар шебер қолтаңбаны бірден байқауға болады. Соғыс шындығының кескінін бұзбай суреттей отырып, автор оқырманының бойына өмір дейтін киелі ұғымның мазмұны мен мәнін терең егуге ұмтылады. Арналы мақсат, айқын сөз діттеген жерінен шығып отырады...
«Солдат соғысқа кетті» рома­нындағы бас кейіпкер Мұхамедтің ауызымен айтылатын: «...Атамыздың ата мекені Қаратал бойы болады. Қыс түссе, қалың ауыл маңыраған көп малмен бірге құм ішіне, қалың шағылдардың арасындағы Үшөзек қыстауларына көшіп, көктемге қарай өзенге ойысады екен...» деп, көркем өрілген көшпелі жұрттың ертегідей кескінін суреттеумен басталатын бір аймақ, бір әулеттің қайғылы өмірі –жазушы қолына қалам ұстатқан дүниелік ұстанымның ащы ақиқаты. Аталмыш романда жеріне жеткізіп жазылған құйтақандай қарындасы мен анасының өлімі, әкесінің қайғыны көтере алмай есін жоғалтып, беті ауған жаққа кетуі, хабар-ошарсыз, ізім-ғайым, әділетсіз жарық дүниеден безуі... Суға кетіп өлуі... Ауыр өмірдің ащы шындықтары Кемел Тоқаев есімді суреткерді дәуір қасіреті мен қайғысын терең сезінуге, уақыт, заман ұсынған алуан-алуан мінезді коллизиялардың табиғатына бойлауға, қақтығыстар мен шырғалаңы мол тіршілік ағыстарына үңгуге, кешегі майдан өмірімен шектелмей, бейбіт өмірдің қиын, күрделі сәттерін де қаузап жазуға, туған әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған, болса да жанрдың шынайы талаптарына толық жауап берер биікке көтеріле қоймаған детектив дейтін жанрдың табиғатын барынша терең зерттеуге жетеледі. Жазушы қаламы шеберленіп, адал сөз, айқын мақсат Тоқаев есімін шығармашылық абыройдың айдынына алып шықты. 
Бұл шығармашылық айдын – тынымсыз ізденіс пен тағылымы мол еңбектің жемісі! Бұл абырой мына жарық дүниеге мейіріммен қарайтын азаматтық ұстаным мен ұрпақ, ұлт алдындағы жауапкершіліктің өтеуі екені даусыз! Жазушының архивтік деректерді қопара үңги отырып, сол шаң басқан сөрелер тасасынан өз кейіпкерлерінің көзін көріп, сөзін естуі, қуанышын танып, қайғысын бөлісуі, оқиғалардың тереңіне бойлауы, «сарғайған парақ беттерге» жан бітіруі бізді сүйсінтеді... Шытырман оқиғалардың қойын-қолтығынан өзіне, өзінің кейіпкерлеріне керек детальдарды жазбай, жаңылмай табуы – шеберлік!
Нағыз өрімі бөлек, өрісі кең шеберлік! 
***
Араға көп жыл салып, жазушы шы­ғар­маларының дос-көңіл замандас, сырлас, марқұм Жақау Дәуренбековтің өз қолымен жүйелеп, «Ана тілі» баспа­сынан шығарған 5 томдығын қайыра сүзіп отырып, ана ғасырдың жетпісінші жылдары жадымда жаңғырды.
Кемел ағамен алғаш танысқан күнім есіме түсті. 
Мәдениет министрлігінде репертуар­лық-редакциялық коллегияда аға редактор болып қызмет етіп жүрген кезім. 
Міндетім – келген пьесаларға қоры­тынды жазып, ағын – ақ, қарасын қара деп, бағалап, ұнағандарын театрларға ұсыну. 
Жаңылмасам... Өткен ғасырдың 1975 жылы... Көктемнің жазға ауған әдемі кезі. Осы күнгі Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 39 үйге орналасқан Мәдениет министрлігінің бірінші қабаты... Бір бөлмеде төрт редактор отырамыз. Михаил Роговой, Нұролла Ғазизов, Болат Ысқақов және мен... Түс қарсаңы... Бөлмеде жалғыз едім. Сағат он екілер шамасы... Жинақы, таза киінген, шашы бурыл тарта бастаған жылы жүзді шымыр денелі, жасы елуді аралап кеткен көрікті кісі кірді. 
Орнымнан тұрып, амандастым. 
– Төрлетіңіз... 
– Рахмет, шырағым, – деді де, ағамыз орта тұстағы арқалы шағын орындыққа үнсіз жайғасты. 
– Атың кім? 
– Нұрлан... 
– Нұрлан, шырағым. Сафуанның орнына әлі ешкім келмеген бе?
 – Келген жоқ, аға... 
– Мен... Берқайыр Аманшинді іздеп келіп ем... Осында жолығайық деп едік, – деді. 
Сөзі мен кескінінен сыпайы мінез бен сабырлы қалыптың лебі есіп тұр. 
– Келіп қалар... 
– Күтейік... – деді ағамыз. 
Аз-кем уақыт өтті. Берқайыр ағамыз келе қоймады. Түс болса, тақап қалды. 
– Ағай... Берқайыр ағада қандай жұмысыңыз бар еді? 
– Әуелі танысып алайық. Менің атым Кемел... – деді ағамыз сабырын бұзбай. 
– «Сарғабанда болған оқиғаның» авторы Кемел Тоқаевсыз ба? 
– Иә... Сол повесім бойынша Шымкент театрынан Тастан Өтебаев деген азамат... Білетін шығарсың?.. 
– Театрдың бас режиссері... 
– Сол жігіт «Сарғабан» бойынша инсценировка жасаған екен. «Сендерге жібердім... Қорытынды пікір алу керек» деген соң... Келдім... Тұра тұр... Әлгі Тастан мен Берқайыр айтқан редактор жігіт сен емессің бе? Атың... Нұрлан дедің бе?... 
– Иә... Аға... 
– Ойпырмай, жаңыла жаздаппын ғой, Нұрлан, інім... – деп ағамыз әнтек жымиып: – Менің шаруам сенде болды ғой... Ендеше... Сол бар болғыр Берқайыр ағаңды күтпей-ақ іске кірісе бермейміз бе? – деді жаңа танысқан жайдары жүзді Кемел ағамыз...
Жоғарғы Кеңесте үлкен қызмет істейтін, әскери тақырып пен милиция өмірін майын тамызып жазатын шебер жазушы, қалың жұрт атына қанық Кемел Тоқаев есімді ағамызбен алғаш танысқан сол бір нұры мен сыры мол сәт-сағат есімнен кетпейді. Сол күнгі әңгімеміз де ерекше жарасты болып еді. Үлкен жерде басшылық қызмет атқаратын кең мінезді адамның бойындағы таңғажайып қарапайымдылыққа қатты сүйсініп ем. Кемел ағамыз сөз арасында министріміз Мүсілім Базарбаевпен қатар оқығанын айтып қалды... Айтуын айтып, онысын өзі ыңғайсыз санағандай: «Шығарма тағдырын министр емес, шығарманың өзі, қала берді әділ редактор шешуі тиіс, деп ойлаймын...» деді. Кейін білдім... Кемекең мен Мүсекең қойын-қолтық араласқан дос-жар адамдар екен. «Министрмін» деп Мүсекең араласпаған, «досым министр еді» деп сыр ашып, тіс жармаған ақ жүрек адал екі достың қалыптарына риза болдым іштей...
Әңгімеміздің жарасқаны соншама, түстік үзілістің «обалын арқалап», бір сағаттан астам уақыт ағамыздың «Түнде атылған оқ» дейтін повесін талқыладық. Сөз арасында Жамбыл жерінде болған ауыр қылмыс хақындағы әлгі оқиғалары бірімен-бірі жымдаса, өзегін бұзбай, арнасын жоғалтпай көркем өрілетін туындыны «пьесаға айналдырмайсыз ба?» деген ұсыныс айттым. Ағамыз: «Шырағым, Нұрлан, пьеса Қалтай, Сәкен, Әкімдердің жанры ғой... Өзімнің детективімді көркейтіп алсам да жетпей ме?» деп, жылы жымиып, үзілген әңгімені жалғап кеткені есімде.
Кемел ағаның «Пьеса Қалтай, Сәкен, Әкімдердің жанры ғой...» деген сөзіне дәл сол күні пәлендей мән бермегенім кейін сан мәрте есіме түсті. Түскен сайын, негізі берік, қазықбауы мықты әлгі тамыры терең ойлардың жалғасы жадымда әлі күнге жаңғырады. «Өзімнің детективімді көркейтіп алсам да жетпей ме?» деген қоңыр дауысы құлағыма келеді.
Іштей дүниелік құбылыстарға адами тұрғыдан қарап, бәрін жазушылық жүрекпен, азаматтық білік-парасатпен бағалауға әбден қалыптасқан тұғырлы тұлғаның кісілік қалыбына, рухы мықты болмысына сүйсінесің. Өзі өмір сүрген асау ғасырдың күнгейін де, көлеңкесін де көрген, бар қуаныш, қасіретін басынан өткізген жанның бойындағы осы бір өз тағдырын өзі танып, өзі анықтаған және сол жолда жазбай, жаңылмай, бағыты мен бағдарынан адаспай, шым-шытырық оқиғаларға шебер құрылған келісті көркем дүниелер жаратқан қаламгерге қалай ғана риза болмассың?!.
Айқын мақсат адам баласын абыройға бөлейді.
Қаламгер алдына қойған мақсатына жетті. Өз сөзімен айтқанда, «детективтің көркеюіне» бар саналы өмірін арнады. Қазақ әдебиетіндегі айтулы жанрдың түренін тереңге салды. «Өксік» пен «өкінішке» толы бала күні, ғасырдың қанқұйлы кезеңдерінің ой мен санада кетпестей болып қалған таңбалары (текті әулеттің тентіреп қалған тағдыры, тоталитарлық жүйенің ұлт арқасын тілім-тілім еткен кесірлі әрекеттері, туырлығын тілгілеп, халық жадына кетпестей жара салып, із қалдырған қолдан жасалған алапат геноцидтің салқыны мен салдары, екінші дүниежүзілік соғыстың қанқасап тақсыреті, т.т. жиырмасыншы жүз жылдықтың айғыз-айғыз ақтаңдақтары) жазушы қаламына өткір қайрақ болғанын аңғарамыз. 
Бір кітаптан соң бір кітап жарық көріп, жыры мен жылнамасы күн санап өзгерген, күрделенген қоғам мен дәуірдің мінез-құлқына терең бойлау, «тартыссыздық» ауруы кеңестер әдебиетін діңкелетіп тұрған қиын тұста шытырман оқиғалар тартысына жан бітірген батыл суреткерлік ізденістерге бару Тоқаев шығармаларына деген сұранысты күшейтті. Соның арқа­сында жазушының өткен ғасырдың орта тұсынан бастап өмірінің соңғы сәт-саға­тына дейін жазылған туындылары қалың оқырманның ықыласына бөленумен болды. Кемел Тоқаевтың шығармалары өзінің өмір­шеңдігімен, шыншылдығымен, көркемдік бітімінің тұтастығымен дараланды. 
Жазушының қаламдас, майдангер досы, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың сөзімен айтқанда, «Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детектив жанрында алдына жан салған жоқ... Оқырмандардың өтініші бойынша Кемелдің кейбір кітаптары үш-төрт реттен қайталанып басылып отырды. Мәселен оның «Көмескі із» повесі 4 рет (1955, 1958, 1972, 1975), «Қастандық» повесі 4 рет (1971, 1972, 1975, 1976), ал «Арнаулы тап­сырма» повесі 3 рет (1965, 1968, 1976) қайта басылып, оқырмандардың сүйікті шығармаларына айналды».
Соғыс тақырыбымен  қатар  өмір, махаббат сырларына терең бойлап, өзі де оқырман жүрегін жаулаған халық жазушысының ағынан жарылып айтқан пікірі – ақ, ағынан жарылып айтқан әділ пікір! Дерек пен өмірді өз шығармаларының өрімі жарасқан өзегіне айналдыра білу Тоқаев туындыларының өрісін кеңейтіп, көркемдік бітімін айқындай түседі. «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма» секілді кесек туындылары жазушының жанр жаратылысын барынша еркін игеріп, детектив дейтін ұғымның шебері дейтін биікке көтерді. Әсіресе, «Арнаулы тапсырма» дейтін шығармасының орны бөлек. 1881 жылғы Петербор шартының пәрменімен бір бүтін Қазақ елінің пышақпен тілгендей қақ айырылып, шығыста жатқан шұрайлы үш аймақтың шекараның арғы бетінде қалуы халқымызға үлкен қасірет әкелгені белгілі. Шекаралы аймақтағы қазақтардың 1916 жылғы бастан кешкенін тілмен айтып жеткізу қиын. Әркім әртүрлі цифр айтады... Мәселе цифрлардың әртектілігінде емес. Мәселе шекара бойын жайлаған елдің (ар жақта да, бер жақта да) қатты қырғынды бастан кешкені! 
Бұл – шындық! 
Кешегі Ресей империясының туын желбіретіп, Қытай жерінде қайыра күш жинап, қазақ жерін қанға батыруды мақсат еткен ақ гвардияшыл генералдың жолын кесу қиынға түсері белгілі... 
Бұл да шындық! 
Алдын алмаса, дутовшылардың жалаң қылышы шекараның бергі бетін ертеме-кеш жайпап кетері анық...
Атаман Дутовтан құтылмай Жетісу жерінде сұраусыз қанның төгілуі тоқтамасын жан-жүрегімен сезінген Ораз Жандосовтың батыл, батыр шешімге баруы, операцияға қатысқан, арнаулы тапсырманы орындаған чекистердің ержүрек әрекеттері шығармада аса нанымды суреттеледі. Тоқаев романдары мен повестеріндегі қалыптасқан мұндай шебер суреткерлік мәнер дерек пен дерек төркініндегі өмірлік шындықтың үйлесе өрілуін, детектив жанрының оқырман жүрегіне жол табуын қамтамасыз етеді.
Осы шығарманың жазылуына себепкер болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің естелігінде айтылған төмендегі ақиқатты қалай айналып өтуге болады?!
«Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер Министрлігі кеңес милициясы мен чекистерге арналған шығармаларға бәйге жарияланғанда, бірінші бәйгені қатарынан төрт рет алып, қайран қалдырған лауреатты (Кемел Тоқаевты. О.Н.) ол кезде білмейтін адам кемде-кем еді. Және детектив жанрына шеберленіп алған жазушының «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» повестерін кітап сөрелерінде шаң қауып жатпай, тез арада өтіп кететіндігін де, баспа орындары пайда табу мақсатында әлденеше рет қайта басып шығарғанын да білетінмін...» деп Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, беделді ғалым, белгілі әдебиет зерттеушісі, өткен ғасырдағы баспа-полиграфия ісінің үлкен білгірі, осы саланы ұзақ жыл басқарған Комитет Төрағасы, марқұм Шерияздан Елеукенов айтқандай, қаламгер шығармалары 400 000-500 000 таралыммен жарық көріп, ауыл-ауылды, қала-қалаларды аралап жүретін. 
Тоз-тозы шығып, қолдан-қолға көшіп жүретін сол кітаптарды оқыған оқыр­ман­дардың бірі біз болатынбыз... 
***
Өткен өмір – аққан су...
Аққан су ғайыпқа кеткенімен, өткен өмір үзіктері жадыдан кетпейді. Ауық-ауық жаңғырып отырады. 
Бір сәті келген әңгіменің тұсында, Кемел ағадан көкейімде жүрген бір сауалға жауап алғым келгенім есіме түсті.
Сұрағым – соғыс туралы болып еді... 
Кемекең ойланып отырып қалды. 
Сәлден соң...
Әлдеқайда – белгісіздеу ой төріндегі бір нүктеге көз тоқтатып, әлдекімдермен үнсіз тілдескендей күй кешіп, тамағын кенеп барып, маған бұрылды. 
– Нұрлан шырағым, бұл сұрақты не үшін қойдың? – деді. 
– Шынымды айтсам... 
– Иә?..
– Сізді көрген сайын әкем есіме түседі. 
– Ол кісі соғысқа қатысып па еді? 
– Ол кісі де, сіз секілді майдан даласын­дағы қырғынмен алғаш Сталинград түбінде беттескен... 
– Әкең жарақат алып па еді?! 
– Алған... Денесінде сау тамтық жері жоқ еді... Соғыс туралы әңгіме айтқанды ұнат­пай­тын... Былтыр өмірден озды. Кетерінде: «Сенің көп сұрағыңның бірі – соғыс жайлы болатын. Жайсыз әңгіме айтып, жаныңды жаралағым келмеуші еді... Балам... Біз көрген соғысты сендер көрмеңдер... – деп еді... 
– Ақылды сөз! Соғыс туралы сөз айту бізге ауыр... Соғыс туралы жазылған кітаптарды оқыңдар. Сұрақтың біраз жауабын аласыңдар. Түнеукүні менің романым туралы айтқан әңгімең есімде. Сонда соғыс туралы, соғыстан оралмаған жалғыз ағам Қасым туралы айтқанмын... Қасым аға хақында айтпақ түгіл, ойласам, жүрек шіркін боздап сала береді... Бала күнім есіме түседі... 
Мыңғыртып мал айдаған Қазақтың Ұлы Даласының қай ерлігін айтарсың?!. Шежірелі ұлы тарихымызда бәрі жазылған. Жазушыларымыздың тарихымызды жазуға бет бұрғаны оңды құбылыс. Ілияс Есенберлин ағамыздың тарихи деректерге терең сүңгіп жазылған романдарының оқырман ойы мен сезімін жаулауы бекер ме? Бекер емес! Ілекеңнен кейін тарихқа түрендерін тереңдетіп салып Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин секілді інілеріміздің қалам сілтеуі бізді қуантады! Біздің халық – батыр халық! Батыр болмаса, осыншама ұлан-ғайыр жерді қорғай алмас еді ғой... Хандарымыз бен батырларымыздың аруақтары адал, әділ сөзімізді күтіп жатқалы қаншама уақыт өтті!? Біз – тіліміз де, ойымыз да байлауға түскен кезеңнің ұрпақтарымыз... Менің бала күнгі көрген Ұлы Далам Ілекеңдер жазатын Ұлы Дала емес! Менің көргенім тоз-тозы шығып, аш-жалаңаш, қырылған, тағдыры талқан болу қарсаңында тұрған 20-30-жылдар! Басынан бағы қашқан ауылдар... Қаратал... Қайғылы күндер. Жоқшылық... Турасын айтқанда, ашаршылық... Нәубет... Қуғын-сүргін... «Халқым» деп жүріп, бастары жадыда кеткен арыстар. Ұлы Отан соғысында кеткен боздақтар!.. Пішпек... Мерке... Анам мен қарындасымның жан шошырлық қасіретті өлімі... Қайғыны көтере алмай, өмірмен ерте қоштасқан әкенің мезгілсіз ажал құшуы... – деп еді. Осы бір сөздерді қиналып отырып айтқан кезде жазушының өңі бір түрлі қуқыл тартып, дауысының дірілдегенін, саусақтарының ұшы әнтек қалтырап, көзіне боталап мұң тұнғанын байқап едім... «Апыр-ай! Қайдағы сөзді айтып, ағаның жүрегін қозғап алдым ба?» деп қиналып едім іштей. 
Сол күнгі Кемел ағаның ойда-жоқта айтқан бір қысқа сөзі есіме түсіп отыр. 
«Жасыратыны жоқ, біз қаруымызды қол­тықтап, окоптан көтерілгенде «За Сталина! За Родина!» деп жауға шаптық. Өлген-тірілгенімізге қарамай, Қасым ақын айтпақшы, «...қып-қызыл оттың ішінде жүріп», жаумен алысқанда тіліміздің ұшында әлгі ұрандар болғанмен, санамызда Дала тұрды! Көкірегімізде бабалар рухы тұрды!.. Мені сол бабаларымның рухы сақтаған болуы тиіс... Бұл сөзім – қоспасы жоқ шындық! Соғыстан оралған соң өз өмірімді қаз-қалпы жазғым келді. Бірақ... Шындық шіркін ұстара секілді! Өткір! Байқамасаң... Жүзінде кетуің мүмкін... Уақыт қай кезде де... Қай заманда да сабыр мен салауатты айта білер шеберлікті керек еткен. Әйтпесе... Сырым батыр «Басқа пәле – тілден!» деп айтар ма еді?! Қоғамның талабы бар... Мемлекеттің тәртібі бар. Бәрін ескеру керек. Ұлы Мұхаң да кемеңгер Абайды әлемге таныту үшін қандай шегіністерге бармады. Шындықты айту үшін шегіне де білу керек! Шындықты ұқсатып жазудың жолын іздедім... Баукеңнің ақырып теңдік сұрағанындай айбарлы мінез бізде жоқ. Ондай мінез Бауыржан ағамызға ғана жарасады ғой! Шынымды айтсам... Менің осы детективке келуіме себеп болған да «өмірді ұқсатып жазып», шындықты айту! 
Дерек – арқа сүйерім! Детектив – Шындығым! Қым-қуыт қайшылыққа толы өмір мен қоғамды әрі нанымды, әрі көркем өрудің жолын осы детективтен таптым!» деп еді...
Осыдан...
Қырық жылдай ілгеріде ағаның соғыс жайлы қиналып отырып айтқан әңгімесінің түйіні осылай аяқталып еді.
«Детектив – Шындығым!» деген сөзі құлақ ұшында тұр...
***
Кезінде...
Жазушының ұлы, Республикамыздың қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы толғауын» оқып отырып, толқып, тебіреніп, дүниелік құбылыстың бәрін Сөз дейтін киелі әлемнің биігінен бағалап үйренген ұлы халқымыздың «Әкеге тартып ұл туса – игі, әке жолын қуса – игі» деген тәмсілі тілімнің ұшына оралып еді... Тегінің кім екенін, тебінгілі қазақ есімді жұртының кім екенін таратып талдап, ел, халық, ұлт, ұрпақ, әулет хақында өзінің Перзенттік сөзін айта білген үлкен жүректі азаматқа шексіз тәнті болып едім... Бүгін де, міне, соғыс көрген әкелердің сағынышы мен махаббатынан жаралған, «соғыстан соң туған» ұрпақтың белгілі, беделді бір өкілі, көрнекті сыншы Бақыт Сарбалаұлының арнайы жүрек қалауымен әзірленген жазушы туралы ойлары мен талдау сипатындағы мақалаларын оқып, Тоқаевтың қос повесін және тұлға хақындағы танымдық материалдармен танысып, ақ жүрек азаматтың қаламдас аға хақындағы ықылас-пейіліне, талдауына риза болдым. 
Көңіл төрін өрті мен дерті, көркі мен серті қамшының өріміндей болып қатар өрілген өткен ғасыр ақиқаттары кезді. Айлар, жылдар тізіліп өте бастады. 
Біріне – іні, біріне – аға, біріне – дос, біріне – бауыр, біріне – ұстаз, біріне әке болған, уақыт дейтін ұлы кеңістіктің дәм-тұзын бөлісіп, бәрімен қатар жүрген қазақтың кең жүректі, кенен ойлы Кемел есімді перзентінің, аса көрнекті қаламгердің кескіні көз алдыма елестеді... Кездескен жерде жаны, жүрегі елжіреп, жазған, сызғаныңа пікір айтып, бағасын беретін, ағалық ақ тілегінен жаңылмайтын, бойынан қайсарлық пен жайдары мінездің лебі қатар есіп тұратын, тағдырлы жиырмасыншы ғасырды өз үнімен, өзгеше болмыс-бітімімен, өз мәнерімен жазған жазушының жарқын бейнесі қарсы алдымда тұрғандай күй кештім.
Жадым жаңғырды... 
Өрісті күндер еске түсті...
Өздерін көрмесек те, рухтары азат еліміздің аспанын еркін шарлаған арыстар есімі тілімнің ұшына оралды... Алдын көрген алыптар... Ойы мен сөзі жарасқан кең мінезді ағалар... Қатарластар... Дәуір аламанының қалың қиқуы құлағыма жетіп, жүрек пен ойдың қақпасын қағып жатқандай болды... 
Көз алдыма әр алуан мінезді, әрқилы тағдыр иелері келді.
Уақыт тудырған тұлғалар!
Көбімен Жазушылар одағында қызмет еткен жылдарда қойын-қолтық араласқан, қилы-қилы сәт-cағаттарды бастан кешіп, сыйласқан, сырласқан, уақыт тамырын бір басқан сәттер елестеді. Әдебиет дейтін әлемнің жал-құйрығы төгілген ақбоз аттай андыздап, қоғам ойы мен пікірінің алдында жүретін кезі... 
«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер...» деп ұлы Абай айтатын өмір, тіршілік, заман ағысы бірін ерте, бірін кеш арамыздан алып кеткен сол ағалар көшінің арасынан Адалдық пен Әділеттің, Ерлік пен Еңбектің, Сөз бен Ойдың туын биік желбіретіп өткен аса көрнекті қазақ қаламгері, төл әдебиетіміздегі детектив жанрының негізін салған, көркемсөздің хас шебері – уақыт тудырған тұлға Кемел Тоқаевтың да ақ бозы көзге оқшау түсіп, замана желімен жарысып бара жатты!..

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын-драматург,
Қазақстан Республикасы
 Мемлекеттік сыйлығының 
лауреаты

1237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13075

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7413

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7044

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6418

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6363

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6154

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4938

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4921

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы