• Ақпарат
  • 16 Қараша, 2023

Жастар – жалын, қуат-күш

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Түрік ақыны Назым Хикмет «Сен жанбасаң лапылдап, Мен жанбасам лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» деп бекер айтқан жоқ. Хикметтің жанға  қуат беретін қуатты сөзі қазір екінің бірі қолданатын ұлағатты ұғымға айналды. 

Жалпы біз жас ұлтпыз. Осыдан екі жыл бұрынғы санақ бойынша Қазақстан халқының орта жасы – 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Ал елдегі қазақтың үлесі – 70,18 пайыздан асты. 
Қазақ – өсімтал халық. Тағы да де­рекке жүгінсек, бүгінде елімізде барлығы 6 485 507 бала тұрады. Оның 51,5 пайызы – ұлдар, 48,5 пайызы –қыздар. 
Қазақстан халқының 30 пайызын бүгінде балалар мен жасөспірімдер және жастар құрап отыр. Қуанатын жаңалық қой әрине. Соңғы аптада «Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті» деген ақпарат тарауда. Әлі ресми түрде айтылмаса да, бірақ сүйіншілейтін күн жақын. Шүкір дейік. 
Бір ғана мысал, соңғы 30 жылда Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде 13 мың жас оқу бітірді. «Болашақ» –Қазақстанның бренді. Оны жоққа шығара алмаймыз. 
Келешек – жастардікі. Қазір басқа бағдарлама арқылы шетелде оқып жатқан қазақ жастары жетерлік. Тіл білген адам жер таңдамайды, оқу, білім, мамандық таңдайды. «Жеті жұрттың тілін біл» деген сөзді атамыз қазақ бекер айтпаған. Олар Отанына оралады. Елге қызмет етеді. Өйткені біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Ал біз білім, оқу, студенттер, жастар, туралы неге айтып отырмыз? 
17 қараша – халықаралық студенттер күні. Бұл күні бүкіл әлем студенттер күнін салтанатты жағдайда атап өтеді. Әртүрлі шаралар, ойын-сауық, мейрам мен кештер ұйымдастырылады. Жастық – күш, буырқанған сезім. Оқу және білім алу. 
Негізі оқуға ынтық халықпыз. Қазақстанның жоғары оқу орындарында қазір 600 мыңға жуық студент оқиды. Студенттердің 98,5 пайызы – күндізгі бөлімде, 0,7 пайызы – сырттай оқу бөлімінде және 0,8 пайызы кешкі оқу түрінде білім алады. 
2023 –2024 оқу жылында 88 204 студент мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орнына түсті. Грант саны 2022 оқу жылына бөлінген мөлшерден 19 пайыз немесе 16 500 грантқа артық. 
Осы орайда айта кетер бір дерек, 600 мыңға жуық студенттердің жалпы санының 96,1 пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары, 11,1 мың адам немесе 1,9 пайызы ТМД елдерінен және 11,4 мың адам немесе 2 пайыз шамасында алыс шет елдерден келіп оқып жатыр. Шетелдік студенттердің ең көп саны Өзбекстаннан (1,4%) және Үндістаннан (1,3%) екенін айта кеткен жөн.
Алматы қаласы студенттер ең көп шоғырланған аймақ екені белгілі. Өйткені оңтүстік шаһарда бүгінде 36 жоғары оқу орын мен 94 колледж бар. Алматыда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің шамамен 70 пайызы әр өңірден келетін студенттер екенін айта кеткен жөн. Алматыда 15 пен 29 жас арасындағы жастар мен жасөспірімдердің саны 440 мыңнан асады. 
Жастар – ел дамуының күші. Оларға барынша жағдай жасалған. Әскерде борышын өтеген жас оралған соң жоғары оқу орнына әңгімелесу арқылы тегін түсе алады. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі еліміздегі 42 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасасқан. Сонымен қатар оларға офицер атағын алу үшін әскери кафедраларда тегін оқу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ анағұрлым лайықты әскери қызметшілер үшін ЖОО-лардың есебінен тегін бакалавриат пен магистратурада білім алу және емтихансыз, ҰБТ-ны есепке алмай Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу, офицер атағын алу үшін ЖОО-ның әскери кафедрасына емтихансыз грант негізінде түсу мүмкіндігі беріледі.
Бұл ғана емес, жоғары оқу орнын бітірген адам жұмыссыз қалмайды. Оларға бар мүмкіндік қарастырылған. Атап айтар болсақ, Жастар практикасы негізінде жас маман оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алады. 
Демек, «оқимын, болашағымды елімнің дамуына жұмсаймын» деген жасқа қазір бар жеңілдік беріледі. 
Демек, не істеу керек? Оқып, білім алу керек, Отан алдындағы әскери борышты аман-есен атқарып, пісіп, жетіліп келу өте тиімді екені сөзсіз. Мағжанша айтқанда, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күштi қанатты» жастар барда, біз оларға сенеміз.

1485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы