• Тұлға
  • 23 Қараша, 2023

Кәкімбек керуені

Кеңес одағының іргесі шайқалып, жағдайдың қиындап жатқан кезі. Жарықтық Кәкең, Кәкімбек Салықов Мәскеуде үлкен үйде ұзақ отырып қалғанымен,  Қазақстанның депутаттық мандатын сақтап қалды. Ол кезде кәсіби парламент жоқ. Кеңес одағы Орталық комитетінің кадр мәселесі жөніндегі хатшысы Иван Капитоновтың Кәкімбек ағаны мықты маман ретінде бағалағанын да естігенбіз. Сыртта жүрсе де, ақын аға поэзияға адалдығын сақтап қалды. Отанға деген сағыныш сезімі оны асқақтатты. 

 

«Япырмай, Кәкімбек аға Қазақстанға келмейтін болды-ау!» – деп алаңдап жүрдім. Себебі сол кезде Қазақстанға «Салықов идеологиялық хатшы болып келеді!» – деген болжам өртше қаулап тұрған. Менің «Аңсау» әнім осылай туды. Сөйтіп, ол Қарақалпақстанға, елдің бірінші хатшылығына сайлады. Алдымен, Арал теңізінің мәселесімен айналысты. Мәскеуден «№331нөмірлі» Саяси бюроның қаулысын шығартуға тікелей мұрындық болды. Қарақалпақтың әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің өркендеуіне баса назар аударды. Жазушы Төлепберген Қайыпбергеновке «Қарақалпақ туралы дастан» атты трилогиясы үшін ССРО Мемлекеттік сыйлығын алып берді. Композитор Нәжмәддин Мұқамадиновке «Әжниәз» операсын жаздырып, Мәдениет министрі етті. 
1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Экология және табиғи ресурстар» комитетіне төрағалық қызметке сайланып, Мәскеуге көшерде мені шақырып: «Қарақалпақстанда қарқынмен өткізген бес жылым шинелін шешпей ұйықтайтын солдатқа ұқсады!» – дегенін ұмытқан жоқпын. 
Жоғарғы Кеңестің «Экология және табиғи ресурстар» комитеті елу депутаттан тұрды. Қазақстаннан сайланған депутаттар – Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов осы Комитеттің мүшесі болды. Төрағаның орынбасары академик Якоблев КСРО тараған соң, Ресей Экология министрі қызметіне тағайындалды. Ал Кәкімбек, Қазақстанның Су шаруашылығы министрлігінің бір бөлімін басқарды. Жалпы, Кәкең, мансап атаулыдан жоғары тұрған асқақ тұлға. Бірақ ақиық ақыны мен ардакүрең азаматын сағынған жайсаң жандардың ақ дастарханы мен пәк төрі – қашан да Кәкімбектікі болды. Жанында көбінесе мен жүрдім. Құрманғазының құдіретті күйлері – Серпер мен Төремұратты төгілтуден бастап, «Күй-Ата», «Аңсау», «Бір ауыз сөзді» қосылып айтамыз. Кәкең қолына домбыра алып, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуіне» басқанда ғажайып сәт басталады. 
Кәкең қайтадан Мәскеуге қызметке ауысқанда орнына сайланған Сағындық Ниетоллаев мені Қарақалпақстанға арнайы шақырды. Ол, Кәкімбектің кезінде Нүкіс қалалық Партия комитетінің бірінші хатшылығынан бастап, Министрлер кеңесінің төрағалығына жоғарылаған. Онымен, Кәкеңнің үйінде дастархан басында отырып, әңгімеміз жарасқан. Ол – академик Салық Зимановтың шәкірті. Құқық саласы бойынша қарақалпақ ұлтынан шыққан тұңғыш заң ғылымының докторы. Қарақалпақ халқы төбесіне көтеріп, құрмет көрсетті. Нүкістің мемлекеттік теледидарынан «Бекет ата» күйімді орындадым. Сұхбатымызды жүргізген – Мәдениет министрі Нәжмәддин Мұқамадинов. Қожа елінің Хатеб ауылында тұратын Аяпберген ақсақал – Пір Бекеттің тікелей алтыншы ұрпағы. Қос халықтың ардақтысы: «Құрметті Сағындық інім, Шәміл екеуің біздің шаңырағымыздан дәм татыңдар!» – деп, телефон соқты. Барып, ақсақалдың ақ батасын алдық. 
Рахмет Аяпбергенұлының: 
«Ал ағайын, таста мәнсіз ұйқыңды,
Қара, байқа аруақсыз сыйқыңды.
Басына келіп бір түнеді де,
Ал, Шәмілің, есіміңді күй қылды!» – деп, өлең арнауы «Бекет ата» күйіме берілген алғашқы халықтық баға. 
Жалпы менің күй өнеріне бет бұрып, композиторлық жолға түсуіме тікелей түрткі болғандар – Мағжан Жұмабаев пен Кәкімбек Салықов. Мағжан ақынды маған жарқыратып ашып берген – Хасан Оралтай мен Хамза Абдуллин. Олар киелі Түркістан мен Тұранның қадір-қасиетін Мағжанның отты жырлары арқылы ұғындырды. 
Арқаның арғымақ төс Ұлытауын,
Қасында жүріп қалай ұмытамын?
Көз тойып, еңсем өсіп, ұлы жерде,
Жырға орап жүрегімді жылытамын.
Айнала көк теңізге ұқсайды екен,
Кең дала көсем тауды қыспайды екен.
Өзі де ұлылығын ұққандай боп,
Кеудесін көтеріңкі ұстайды екен!
Кәкімбек Салықов бұл өлеңін 1969 жылы Сырағаң – Сырбай Мәуленовтің бас редактор кезінде «Қазақ әдебиеті газетіне» жариялады. Әсерленгенім соншалық, бірден Ұлытауға тарттым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мейрам Абақанов көңілі көктемдей кісі екен. Жөн сұрасқан соң, қасыма ауданның беделді бір қызметкері – Батырбек Мырзабековті қосып, ел-жұртпен танысып-білісуге аттандырды. Асыл қазынаның бәрі осында – тарихымыздың тұнығы, кіршіксіз адами қасиет, имани-пәк ұстанымдармен ұшырасқаныма: «тәубе!» – деп, өзіме қанат біткенін айқын аңғардым. Нәтижесінде, Алматыға «Ұлытау» атты күй шығарып оралдым.
1979 жылдың сәуір айының он бірі күні 31 жасымда Дінмұхамед Қонаевтың ресми қа­былдауында болдым. Сол жылдың күзінде «Жалын» баспасынан «Ұлытау» деген атау­мен күй кітабым жарық көрді.1980 жылы осы кітабыма Қазақстан Ленин ком­сомолы сыйлығының лауреаты атағы берілді. 
Кәкімбек аға арада 20 жыл өткенде Ұлытауымен қауышты. 1992 жылы Кәкеңнің 60 жылдығын алдымен Ұлытау өңірі атап өтті. Жанында композитор Жақсыгелді Сейілов екеуміз болдық. Жәкең аккордеонның сүйе­мелдеуімен өзінің «Жезкиігін» күңірентті. Мен «Аңсауымды» аңыраттым. Кәкең «Жер ұраны – Ұлытау!» деген жаңа өлеңін сахна төрінен оқыды да: «Шәміл, осыған ән шығар!» – деп, маған ұсынды.
1975 жылы Ұлытау елін кең тыныспен аралатқан ақиық азамат Батырбек Мырзабековпен арада 48 жыл өткенде кездестім. Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында қазан айының отызы мен қарашаның бірі аралығында Кетбұқа атында күйшілердің халықаралық байқауы өтті. Соған мені қазылар алқасының құрамына шақырды. Батекеңмен қатар отырдым. Оның «Аманат» атты Ұлытаудың таңғажайып тарихын танытатын тамаша романы жарық көрген екен. Алматыға оралған соң құмарта оқып шықтым. Алаш ұрынды қазақтың қойын кітабы болуға лайық мұра. Әніме арқау болған «Төрт босағаның» толымды нұсқасының алдымнан шыққанына ғажаптандым. Сондай «Төртеудің түгелдігін» ту ғып ұстаған данышпан бабаларымыздың бүгінгі ізбасарлары ортамызда жүр. Олар осы Ұлытау облысының ақтаңгер азаматтары – Батырбек Мырзабеков, Төлеген Бүкіров, Ғазиз Ештанаев, Әнуар Омар. 
Менен енді бір тілек, Палестинаның Айын-Жалут қамалында жатқан қазақ күй өнерінің бабасы – Домбауылұлы Кетбұқаның сүйегін Ұлытауға әкеліп жерлеу қажет. Кетбұқаның «Ақсақ құланы» – шын мәнінде күйдің басы. Осы туынды арқылы қобыз бен домбыра күйлерінің бағы жанды. Себебі, бұл күй ұлы қаған Шыңғысты тәубесіне кел­тірген, әлемдік әуен нөпірінің қақ ортасы­нан ойып тұрып өз орнын алған жалаулы жәдігер. Ал өлең мен өмірдегі Кәкімбек керуені және оның ұлт үшін жасаған ұлы істері ешқашан ұмытылмайды. Өйткені ол – елдің адамы, халықтың тұлғасы. 

Шәміл Әбілтай,
 Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері 

1983 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы