• Ақпарат
  • 23 Қараша, 2023

Ғылымды қаржыландыру: Түйткілдің түйіні шешіле ме?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Бүгінде ғалымдар еңбегін дәлелдеп, коммерциялау үшін қандай кедергілерді жеңіп, қандай қамалдарды алуы керек? Бұл мәселе бұған дейін де талай рет қаузалды. Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға бөлінген бюджет қаражаты бойынша ақпарат диаграммаларда көрсеткен. Онда 2023–2025 жылдарға арналған қаржыландыру сомасы екі есе өскені, операторлық шығыстар 2020–2022 жылдары көрсеткіштерінің бұрынғы деңгейінде қалғаны байқалады. Сонымен қатар, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру есебінен технологиялық серпіліске кедергі келтіретін бірқатар негізгі проблема анықталды. Олар ғалымдардың бизнес-құзыреттерінің болмауы, ғылым мен бизнес­тің әлсіз байланысуы, жеке қаржыландыруды іздеу проблемасы, өндіріске отандық инновацияларды енгізу деңгейінің төмендігі. Осының салдарынан өңірлерде өтінімдер санының төмендеу үрдісі байқалады.

 

Жобаны коммерциялау оңай емес

Ғылыми жобасын коммерцияландырған ғалым, Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев коммерциялау оңай емесін, ғалымдар үшін нәтижелі еңбегін дәлелдеу қажырлы еңбекті талап ететінін атап өтті. Айтуынша, қазақстандық ғалымдардың нәтижелі ауыз толтырып айтатындай бірқатар еңбектері бар. Яғни олардың жұмыс­тары, ғылыми нәтижелері жоғары рейтингті журналдарда жариялануда, патенттер алынуда. Алайда өндіріске енгізуге немесе өндіріске айналдыруға келгенде бірқатар қиыншылықтар туындайтын көрінеді.
«Себебі мемлекет тарапынан ғылымды коммерциялауға арналған гранттық қаржыландырулар аз. Ол жердегі конкурстар, бюрократиялық құжаттардың талап етілуі, яғни сол конкурстық ережелер талаптарының қиындықтары біздің ғалымдарымыздың жұмысын іске асырудағы мүмкіндіктерін қысқартуда. Сонымен қоса, бізде Қазақстанда ғылыми жұмыстардың өзіне, жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайыз ғана қаржысы бөлінеді. Ал басқа мемлекеттерде жалпы ішкі өнімнің үлесінен 2, 3, 4 пайызына дейін барады. Сондықтан бұл жерде қаржыландыру көздерін болашақта жоспарда бар деп айтып жатыр, бұл жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін­­ көтереміз дейді. Оған дейін біздің ғалымдарымыздың әзірлемелері сол бұрынғысынша тот басып жатып қала ма? Сондықтан да бұл жерде тезірек іске асыру тетіктерін қарас­тыру керек деп ойлаймын. 
Ғылымның қай саласын алсақ та, қазақстандық ғалымдардың нәтижелі еңбектері бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нақты тапсырмалар қойды. Жасанды интеллекті дамыту керек, Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру қажет. Сонымен қоса жаңа кен орындарын ашуды, жер байлықтарын өндіруді іске асырған жөн деді. Сонымен қатар қазір Қазақстанда су ресурстары мәселесі байқалып жатыр. Осыған байланысты суға бағытталған, жаңа су көздерін ашу, жаңа әзірлемелер дайындау, суды үнемдеу технологияларын жасау деген сияқты мәселеге көп көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Сонау 50-жылдарда араб мемлекеті қандай болды, қазір қандай дәрежеде... Сол мемлекеттің өзінде мұнайды табу арқылы өте үлкен деңгейде ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Ал Қазақстанға келетін болсақ, бізде Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтер бар деп айтамыз, бірақ өндіруге келгенде үлкен қиындықтар туды. Кен орындарын ашу, ол жерге кадрларды дайындау деген секілді бірқатар қиындықтар бар. Бірақ қайткенде де осы саланы егер біз кенді дамыту, соны байыту арқылы, металлургиялық зауыттар, өндіріс көздерін ашу арқылы біз осы бағытқа қарай жылжуымыз керек деп өз тәжірибемнен айта аламын», – дейді Руслан Нұрлыбаев. 
Ғалымның айтуынша, сонымен қоса, қазір IT саласын бағдарламалау, автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект салаларын да ұмытпауымыз керек. Президент айтқандай, біз «көшке ілесетін мемлекет емес, көштің басын бастайтын мемлекеттердің қатарынан болуымыз қажет». Сондықтан да осы көштің басында жүру үшін біз жаңа заманғы технологияларды пайдалана отырып, жаңа идеяларды іске асыруға атсалысуымыз керек. 
«Мен ғылыми жобамды коммерциялаған болатынмын. Ол жоба 2012 жылы докторантураға түскен кезде пайда болған идея. Ол идеяны біз ғылымға айналдырдық. Ғылыми зерттемелер дайындадық, осылайша, мемлекет тарапынан берілетін гранттық қаржыландыру конкурсына қатыстық. Сол конкурсты ұтып алу арқылы жақсы нәтижелі еңбектер көрсеттік. Осылайша, осы конкурсты ұтып алдық, докторлық диссертация қорғадық, біршама өндіріске де енгіздік. Патент те жасадық. Осыдан кейін мемлекет тарапынан қаржыландыру көзі бар операторларға қор тарапынан, министрлік тарапынан арнайы коммерцияландыру жобалары бар, осылардың барлығына қатыса отырып, біз өзіміздің жобамызды әбден пысықтады. Арасында бірнеше конкурстан өтпедік, соңғы бір конкурс­та Әлем банкінің ұсынған конкурсында біз жобамыздың өте өзекті екенін, әлемге керек екенін, мұндай жобалардың жоғын дәлелдеп, нәтижелі еңбегіміз бар екенін көрсеткен соң бізге қаржыландыру көзі қарастырылды. Бұл бойынша 2016 жылдан бастап құрылған компания болды, компания арнайы 3 жылдың ішінде өндіріс орнын құрды. Одан кейін өнім шығара бастадық. Қазір кішігірім цех жұмыс істеп тұр, отандық өнім шығарамыз. Біздің өнім жылу оқшаулағыш, дыбыс оқшаулағыш, жанбайтын құрылыс­тық панельдер болып отыр. Яғни үйдің жылуын сақтау үшін арналған панельдер. Олар қазақстандық кеннен алынған өнім, ол тек менің емес, бірқатар әріптес ғалымдардың еңбегінің нәтижесі. Үлкен автоматтандырылған линияға айналдыру тетіктерін де қарастырып жатырмыз», – дейді Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев. 

Өнеркәсіпті дамыту керек

Қазақ тіліндегі дауыстық хабарламаларды мәтінге ауыс­тыратын жүйені ойлап тап­қан ғалым Өркен Мамырбаев қазіргі ашылып жатқан жаңалықтарды бәрі нақты сол уақытта қолдана салу мүмкін емесін, он жылдықта ол техниканың дамуына байланысты қолданысқа енуі мүмкін екенін алға тартты. Оның пікірінше, ғылым мен техниканың дамуы қатар жүрмейді. 
«Сіздер білесіздер, ғылыми зерттеу немесе ғылым бұрыннан дамып келе жатыр. Бұрынғы іргелі зерттеулердің бәрі қазір қолданыста болып жатыр. Бұрын тек математика ретінде ғана көрсеңіздер, қазір сол математика қолданбалы ғылымда нақтылы қолданылуда. Енді өндірісте неге жиі қолданылмайды? Ғылым мен техниканың дамуы қатар жүрмейді. Мысалы, ғылым дамып жатады, ал техникалық қолданыс кейіннен пайдаланылып жатады. Қазіргі ашылып жатқан жаңалықтарды бәрі нақты сол уақытта қолдана салу мүмкін емес, ал кейін он жылдықта ол техниканың дамуына байланысты қолданысқа енуі мүмкін. Сондықтан бұрыннан «стелс» технология дейді ғой, қазіргі ұшақтар көрінбейтін, сол бұрын есептеліп шешіліп қойған ғылыми жаңалық болатын. Оны кейін техника, технология дамығаннан кейін қолданысқа ие болып, қазір үлкен жетістіктерге жетуде.. Қазір ғалымдар әртүрлі салада зерттеулер жүргізіп жатыр. Мысалы, қолданбалы ғылым саласында зерттеулер тікелей қолданысқа ие болып жатыр немесе кішкене кешігіп енуде. Өйткені мұны техника мен технологияның дамуымен байланысты деп түсіндіруге болады. 
Ал біздің елімізде өнеркәсіптің дамуы өте баяу жүріп жатыр. Сондықтан отандық ғылыми жаңалықтарды өндіріске тікелей қолдана алмаймыз. Ал біз ойлап тапқан жаңалықтардың көбін шетелдіктер тікелей алып, қолдануда. Мысалы, ғылым мен техника қай елде дамып жатыр, сол ел біздің патенттерді көбірек сатып алып, өздеріне қолдану үстінде. Екіншіден, ғылымды өнеркәсіптің қолдауы бізде өте баяу. Осы екі себептен өнеркәсіпте кеңінен қолдана алмай жатырмыз», – ҚР БҒМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК бас директорының орынбасары Өркен Мамырбаев. 
IT маманының айтуынша, қазіргі таңда ғылымды қаржыландыру жылдан-жылға өсу үстінде. Барлық мәселелер қарастырылып, шешіліп жатыр. Соған орай әртүрлі конкурстар ұйымдастырылуда, үлкен гранттар да бар. Ол да ғалымдардың мүмкіндігін арттырды. Алайда мәселе жоқ емес, негізгі мәселе – ғылымдағы жастар. 
«Ғылыми институттарда жас­тар­дың мәселесі үлкен мәселе болып тұр. Біріншіден, жастарды ғылыми зерттеу институтында ұстап тұру үшін, нақтылы қаржы немесе еңбек­ақы керек. Көптеген жастар жобаға жұмыс істейді, ол жоба біткеннен кейін жетекші жобаны ұтып ала алмай қалса, онда жастар басқа жұмыс іздеуіне тура келеді. Өйткені сала әртүрлі. Мысалы, әлеуметтік салада жастар бір жобадан екінші жобаға кіріп жұмыс істей алады. Ал техникалық салада ол белгілі бір саланың маманы болғандықтан, ол басқа жобаға кіре алмайды. Белгілі бір бағытта жүруіне тура келеді. Сондықтан жастар көбі кетіп қалады. Ғылыми зерттеу институтына көбірек көңіл бөлсе, жастардың қаржы жағына мән беріп, еңбек ақысын берсе. Сол кезде ғылыми зерттеу институтының ары қарай дамуына мол мүмкіндік берілер еді. 
Коммерцияландыру үшін барлық жобаны солай жасау мүмкін емес. Өйткені кейбір жобалар сатуға келмейді. Ол басқа да бір мүмкіндіктерге қолданылады. Сату үшін коммерциялау үшін біздің өндіріс даму керек. Біздің елімізде қажеттілік туындағаны дұрыс. Біздің елімізде коммерцияландыру үшін немесе сату үшін ол жаққа қолың жетпейді. Көп өнеркәсіптің сұранысы жоқ. Сұраныс жоқ жерде коммерциялау өте қиын. Біздің өнеркәсіп дамымағаннан кейін көптеген құрылғылар шетелден алып келінеді, сосын ол сериялық өндіруге келмей қалады. Бір технология басқалай дамиды, соған орай бағдарламаны да дамытып отыру керек. Ал құрылғы сатып алынғандықтан, ол бірте-бірте қымбаттайды, сосын өз құнын ақтай алмай қалады. Осындай қиындықтар көп. Коммерциялаудың да өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, оған жақсы көңіл бөлу керек деп ойлаймын», – дейді Өркен Мамырбаев. 

Ғылымды коммерциялау мәселесі

Ал Президент жанындағы ҚР ҰҒА Ғылым департаментінің басқарма басшысы Бекбол Батыржанұлы идея мен инновацияның арасын жалғаушы ғылыми зерттеулерге үлкен акцент қоюымыз қажет екенін айтып отыр. Оның пікірінше, ғылымға қарқынды инвестиция салатын елдер тиімді ғылыми жаңалықтарды құрып қана қоймай, сонымен қатар өз ұстанымдарын нығайту және күштерін арттыру арқылы осы процестен пайда көреді. 
«Дамыған елдер бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастырудың іргелі құрылыс материалы ретінде ғылымның маңыздылығын халықаралық деңгейде мойындауда. Бұл қалыпты құбылыс. Солай болуы керек те. Ғылымның эволюциясы әлемдік білім беру кеңістігінде, әсіресе цифрлық қоғам дәуірінде жаңа сипаттамаларға ие. Бұл тұрғыда ғылымға қарқынды инвес­тиция салатын елдер тиімді ғылыми жаңалықтарды құрып қана қоймай, сонымен қатар өз ұстанымдарын нығайту және күштерін арттыру арқылы осы процестен пайда көруде. Біз де қалыс қалмауымыз қажет. Идея мен инновацияның арасын жалғаушы ғылыми зерттеулерге үлкен акцент қоюымыз қажет. Осы тұрғыда Қазақстандағы университеттер, зерттеу институттары мен инновация­лық орталықтар әр түрлі салалар бойынша зерттеулермен белсенді айналысуда. Бұл зерттеулердің нәтижелері болашақ инновациялық жобаларға негіз болары сөзсіз. 
Мемлекет басшысы өзінің сайлау­алды бағдарламасында елге бәсекеге қабілеттілік беру мақсатында ғылымды өндірістің жаңа технология­ларына бағдарлау қажеттігін атап өтті. Бұл стратегияның маңызды аспектісі ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады. Президент бұл қадам қосылған құнның өсуіне ықпал етіп қана қоймай, бизнестің және бүкіл елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтатынын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Елдегі ғылымды қаржыландыру 0,13 пайызды құрайды, бұл көрсеткіш 2,5 пайызға жеткен дамыған елдерге қарағанда айтарлықтай аз. Біздің ғылымға жұмсаған шығындарымыз өте жеткіліксіз және бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігі көп нәрсені қалайды» деген болатын. Сарапшылар ғылымды қаржыландыру кезінде ЖІӨ-нің 1,5 пайыздан азы толық қайтарымды күтуге болмайтынын айтты. Президент бұл мәселеге Үкіметтің назарын аударғанын атап өтіп, ғылымның дамуына келтіретін кедергілерді жою үшін бірлесіп жұмыс істеуге әрі дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, жеке секторды ғылыми зерттеулерге тартудың түрлі тетіктерін әзірлеуге шақырды. Оның мәлімдемесінде қазіргі әлемде ғылым прогрестің ажырамас бөлігі болып табылады және ғылымның мәртебесін көтеру үшін жүйелі ұйымдас­тырушылық қадамдар жасау қажет деген болатын. Бұл мәселелер биліктегілер мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының назарында. Келесі қадам «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңын ілгерілетудің маңыздылығын түсініп берілген тапсырмаларды орындау. Осы тарапта Мемлекет басшысы «Академия ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз…» – деп Ұлттық ғылым академиясына мол сенім артуда. Өз кезегінде Ұлттық ғылым академиясы Президенттің тапсырмасын орындау барысында, отандық ғылымдағы түйткілді мәселелерді шешу жолында ғылымның алты басым бағыттары бойынша механизімді іске қосты. Бүгінде осы бағыттар бойынша бірқатар жұмыс­тар атқарылуда», – дейді Бекбол ­Батыржанұлы.
Осы орайда Ғылым және Жоғары Білім министрі Саясат Нұрбекұлы іске асырылған 152 жобаға жүргізілген талдау нәтижесін көрсетті. Министрдің айтуынша, көп жағдайда грант алушылар бизнес өкілдері болып табылады, ал университеттер төмен нәтиже көрсетеді. Дайын инновациялық өнімдер мен қызметтерді сату пайызы жоғары оқу орындарында (4,5%), ғылыми-зерттеу институттарында (5%) және ғылыми-өндірістік орталықтарда (11% - дан сәл астам) дәл осындай жағдай екен.
«Бұл ғылыми және бизнес салаларын интеграциялау бойынша күш-жігерді жандандыру қажеттігін көрсетеді. Бизнес өкілдері ғалымдарға ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жобаларын іске асыруда үздік көрсеткіштерді қамтамасыз ете отырып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға жәрдемдесіп, сондай-ақ салық төлеу арқылы бюджетке өз үлестерін қоса отырып, елеулі әсер етеді.
Қазақстанда, көптеген басқа елдердегідей, ғылымды коммерцияландыру инновацияларды ынталандыру, экономиканы нығайту және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолында алға нық қадамдар жасауда. Осыған байланысты Ғылым Қорының Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына берген ақпаратына сүйенсек, «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң қабылданғаннан бері Ғылым қоры 2016, 2017, 2018 және 2022 жылдары төрт байқау өткізген, оған 1422 өтінім түскен екен. Бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Жаңа жобаларды жүзеге асыру шамамен 1600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға алып келген, бұл елдегі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға сөзсіз үлес қоспақ.
Коммерцияландыруға дайын гранттық жобалар бойынша министрліктің дайындаған 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын гранттық қаржыландыру үшін конкурстық құжаттамасына да көз жүгірттік. Ондағы қаржыландыруға арналған конкурстың мақсатында былай делінген; экономиканың басым секторларына және ғылымды дамытудың басым бағыттарына сәйкес гранттық қаржыландыру тетіктері арқылы табыс алуға бағытталған жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында зияткерлік қызмет нәтижелерін қоса алғанда, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикалық тұрғыда қолдануға жәрдемдесу», – дейді Бекбол Батыржанұлы.
Ғалым Бекбол Батыржанұлының айтуынша, кейбір кемшіліктерге қарамастан, айтарлықтай жетістіктер мен елеулі нәтижелерге әкелген көрнекті жұмыстарды да атап өткен жөн. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың сәтті мысалы ретінде Жанболат Музбаевтың жетекшілігімен «КБ Tree Energy» ЖШС қауіпсіз және тиімді жел энергиясын пайдаланатын генераторларды әзірлеу, құру және сериялық өндіру бойынша іске асыратын жобаны бөліп көрсетуге болатынын тілге тиек етті. 
«Күн-жел электрмен жабдықтау көздерін қамтитын бұл жобаның нәтижелері Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекара қызметтерінің дербес бейнебақылау жүйелерінде белгіленген. Бұл жүйелер объектілерді бақылауға және шекараның рұқсат етілмеген қиылысын анықтауға, сондай-ақ оқиғалар туралы сигналды бақылау орталығына жіберуге арналған. Аталмыш жоба Алматы облысының магистральдық республикалық трассалары бойынша толық автономды жарықтандыру және бейнебақылау колонналарын орнатуды қамтиды, бұл жолдың аса қауіпті учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының санын қысқартуға ықпал етері сөзсіз. Дәл осындай отандық ғалымдарымыздың әзірлеген немесе іске асыруға дайын жобалары көптің қасы. Олар жәйлі біраз мәліметтер көрсетуге де болады.
Біз ғылыми зерттеулерді табысты іске асыру жолында қоғамды экономикалық тұрғыда жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, баламалы энергия көздерін қолдану және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты стратегиялық міндеттерді басты назарға қоюымыз қажет. Ғылымға белсенді түрде инвестиция сала отырып тиімді ғылыми жаңалықтар құрып қана қоймай, ақпаратты тиімді өңдеуге және таратуға қабілетті цифрлық қоғамға ерекше назар аударта аламыз. Сонда ғана экономикалық және технология­лық базасы нығайған нәтижелі жеңіске жеткен, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті мемлекет боламыз. Ғылыми зерттеулерге жәрдемдесуде мемлекетке пайда әкелетін экономикалық қыз­метпен, цифрлық технологиялармен айналысатын белсенді жас ұрпақтың қатысуы шешуші рөл атқарары сөзсіз. Мол сенім бар», – дейді Бекбол Батыр­жанұлы.
Айта кетейік, жалпы 2023–2025 жылдарға арналған қаржыландырудың сомасы – 22 750 000 000 теңгені, соның ішінде жылдар бойынша, 2023 жылға – 5 699 604 811,82 теңгені, 2024 жылға – 13 650 000 000,00 теңгені, 2025 жылға – 3 400 395 188,18 теңгені құрайды. Бұл айтарлықтай қомақты қаржы. Тек ғалымдарға қолдау, жас ғалымдарды демеу жұмыстары жүрсе, нәтижелі ғылыми еңбектерді көре беретініміз анық. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттер мен тапсырмалардың жүзеге асуы қазақ ғылымының жаңа көкжиегін ашатынына сеніміміз мол. Соңғы бір жыл ішінде ғылым саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалардан мемлекет қолдауын нақты сезініп отырмыз.
 

1669 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы