• Ақпарат
  • 30 Қараша, 2023

ҰЛТТЫҚ ӘСКЕР АЙБЫНЫ

Алаш қозғалысы XX ғасырдың алғашқы онжылдығында қалыптасып, екінші онжылдығында нақты саяси қадамдарға көшті. 1913 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газеті Алаш қозғалысының негізгі саяси бағытын айқындайтын жалпыұлттық үнпараққа айналды. 1917 жылы ақпан және қазан төңкерісі себебінен ел ішінде тыныштық бұзылып, берекесіздік орнады. Қазақ халқы өзін-өзі қорғау үшін ұлттық әскер жасақтау мәселесі шықты. Екінші жалпықазақ сиезінен соң ұлттық милиция – халық әскері құрылып, кейіннен Алаш әскері атанды. Алаштың ақ туы көтеріліп, ұлттық автономиялы жұрт болды. Орда гербін жасау туралы баспасөзде ой бөлісіп, гербте орда бейнесі болғаны дұрыс деген ұсыныс айтылды. Алаш ұраны ретінде өлең-жырлар жазылды. Алаш әскері жауға қарсы шабуыл жасап, қарсы аттанғанда «Алаш! Алаш!» деп ұрандатқаны белгілі. Ал әскери парадтан өткен мезетте «Алла!» деп, ұрандатқаны туралы деректер мерзімді басылымдарда кездеседі. Бұл туралы сол мезгілдегі ұлттық басылымдар «Қазақ», «Бірлік туы» , «Ұран», «Сарыарқа», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналында құнды мәліметтер кездеседі. Төменде сол мәліметтерге қысқаша шолу жасап, тарихи деректермен бөлісуді жөн көрдік.

Кенесары заманынан кейін қазақта тұрақты әскер болмағаны тарихтан белгілі. Бұл туралы «Қазақ» газетінде жарияланған «Әскерлік мәселесі һәм қазақ» (Ескі хүкүмет қазақтан неге салдат алмаған) деген мақалада қазақтан солдат алмау мәселесінің саяси һәм тарихи себептерін жан-жақты айта келіп былай дейді: «Қазақ халқы Россияға 1730-ыншы жылдан бермен қарай бағына бастады, бұл бағынуы жүз жылға созылды. Алғаш орыс елшілерін өлтіре жазалады, тұтқын қылып ұстап тұрды. Онан кейін де неше жылдай қазақтың сұлтандары, қара халқы Россияға неше рет қыр көрсетіп, дұшмандығын білдіріп, орыс жеріне шабуыл жасап, барымта алып, тыныштығын кетірді. 1847-інші жылы ғана өлген Кенесары Қасымұлы XX ғасырдың 40-ншы жылдарында қазақ халқын өз алдына бөліп әкету үшін әскер жинап, қарсылық қылып, қазақ даласын толқындырды» («Қазақ» газеті. №248. 3 ноябрь, 1917.).
1917 жылғы саяси жағдайларға байланысты ел ішіндегі тынышсыздықтан жұртты сақтау үшін ұлттық әскер құру ісі басты назарда болды. Осы мақсатта халық әскерін жасау туралы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Ахметжан Бірімжанұлы, Елдос Омарұлы, Кәрім Досжанұлы қатарлы алты адам қол қойған «Үндеу» 10 қарашада Орынбордан жер-жердегі қазақ газеттеріне жіберіледі. Мұның бір нұсқасы 1917 жылы 13 қарашада Семейдегі «Сарыарқа» газетінің №20 санында жария­ланды. Үндеу иелері әр жерде «бүлік басталғанын, өштік, дұшпандық күшейгенін» айта келе: «Жанды, малды, қатын-баланы қырғын талаудан қорғайтын күн туды. Кел, Алаштың баласы! Талаудан жола қалам десең, өзіңді өзің бақ, өз алдыңа жеке бақылаушы (милиция) жаса!... Құрметті ақсақалдар, көзі ашық оқығандар, 5 декабрьге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қорғаудың қамы – милиция жасауды кеңесеміз» дейді. Ал үндеудің тағы бір нұсқасы 16 қарашада Ташкенттегі «Бірлік туы» газетінің №15 санында басылды. Мемлекет ішінде бассыздық, тәртіпсіздік ұлғайып, жұрттың жүгенсіз кеткенін, қазақ халқына қатер қалың екенін айта келе, бұдан сақтанудың жолы: «Қазақ жұрты өз арасында халық әскері – милиция жасауға тиіс. Бұл мәселе өте шұғыл һәм өте керекті мәселе. Сондықтан біз төменде қол қоюшылар елдің инабатты, қадірлі ақсақалдарын, зиялы оқығандарын жиып, жалпықазақ сиезі жасауға қаулы қылдық. Сиездің мақсаты – қазақ жастарынан, халық пұлына халық әскері жасау мәселесін кеңес­пек» деп  жазады.
Халық әскерін халықтың күзетшісі есебінде құрып, сырттан келетін түрлі қауіптерге сақтық жасау болды. Халық әскерінің бір пайдасы – жұрттың айбары еді. «Халық әскері деген сөзден қазақ баласы құбыжықтай үркіп жүрмесін. Балаларымыз халық әскері болса, салдат болып кетеді ғой деп хәуіп қылуға орын жоқ. Бәлки, халық әскерін солай түсініп, оны жаратпаған ақ көңіл адамдар да табылар. Бұл – адасқандық» («Бірлік туы» газеті. №15. 16 ноябрь, 1917.). Халық әскерінің қажеттігі мен маңызы туралы баспасөз беттерінде түрлі түсіндірме мақалалары жарық көрді.
1917 жылы 5-12 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ сиезінде 10 мәселе қаралса, соның ең басты күн тәртібінде халық әскерін құру мәселесі тұрды. Сиез қорытындысы нәтижесінде: Бөкейлік, Орал, Торғай, Ақмола, Семей һәм Жетісу облыстарынан жалпы 13500 милиция жасақтауға қаулы қабылданды. Оларға кететін шығын есептеліп, жалпы 44 милион сомның есебі шығарылды. Бұл қаражатты жинақтау әр болыс халқының санына қарай бөлініп, жиылатын болды. Алаш автономиясын дереу жариялау шешімі де осы ұлттық әскер милиция құрылуы мәселесімен тікелей байланысты болды. Милиция құрып алғанша автономия жариялауды тоқтата тұралық деп 33 дауысқа қарсы 42 дауыс нәтижесінде, автономия жарияланбай қалу себебі де осы еді. Осыдан-ақ ұлттық әскер милиция құрудың саяси маңызының қандай екенін анық аңғаруымызға болады.
Екінші жалпы қазақ сиезд шешімімен 1918 жылдың басынан бастап Семейде атты-жаяу Алаш милициясы жасақтала бастады. Бірақ мұны жергілікті большевиктер ұнатпай «Ойыныңды тоқтат, мылтықты бер» деп ескерту береді. Алаш әскері халық қорғаушысы, ұлтты сақтаудан басқа ешкімге қастық ниеті жоқ болған соң, оларға қарсы келмеді және жаттығуларын тоқтатпайды. Бұл шиеленістің соңы – большевиктердің Алаш әскеріне оқ атуына, Алаш әскері тарихында «Тұңғыш құрбан» атанған Қазы Нұрмұхаммедұлының қазасына себеп болды. «6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бас­тығы учительский семинария шәкірті Қазы Нұрмұхаммедұлы жігіттерге айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік. Бәрімізді қырмас» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазының өзіне де, атына да оқ тиеді. Оқ жүректен тиген есіл жас сол арада жан тапсырады» («Сарыарқа» газеті. №34. 18 март, 1918.). Шәкерім Құдайбердіұлы марқұмға арнап сөз сөйлеп, Міржақып Дулатұлы жыр оқып, Жүсіпбек Аймауытұлы қоштасу сөзін айтып, 7 наурызда Қазы Нұрмұхаммедұлын ақтық сапарға шығарып салады. Қазының бұл қазасы ғасырлар бойы қазақтың қанында бар ел қорғау жолында өзін құрбан еткен, бабалар дәстүрі мен далалық тектіліктің белгісі ретінде азаматтарымыздың бойындағы жауынгерлік жігерін оятып, ел қорғаны болар ұлттық әскерге деген сенімін арттырды.
Халық әскері құрылған сәттен бастап, ұлттық рухты оятатын әр түрлі өлең-жырлар жазылып, баспасөзде жариялана бастайды. Бұлардың кейбірі Алаш ұранына айналады. Алғашында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңі басылым беттеріндегі мақалаларда жиі қолданылды. «Сары­арқа» газетінде жарияланған Әлімхан Ермекұлының «Декабрьдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді» дейтіні бар. «Жасасын Алаш, жасасын!» жазбасы осы өлеңмен басталады.
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз! 
Енді ешкімнің Алашты, 
Қорлығына бермейміз!

Өлер жерден кеттік біз, 
Бұл заманға жеттік біз. 
Жасайды Алаш, өлмейміз, 
Жасасын Алаш, жасасын!
(«Сарыарқа» газеті. №28. 
22 январь, 1918.).

Тарих ғылымының докторы, профессор Ерлан Сыдықов «Алаш қаласының тарихы» зерттеуінің 83-і бетінде мынадай дерекпен бөліседі:
«1918 жылдың қаңтарында «Абай» журналында жарияланған Жүсіпбек Аймауытұлының «Алаш ұлдарына арналған ұран» атты өлеңі кейінде Алаш атты әскер полкының Әнұранына айналды». Шындығында бұл өлең «Абай» журналының №1 санында «Ұран» деген атпен басылған еді. Соңғы шумақтары былай аяқталады:
Ұраным қорғаным сен Алаш! 
Жолыңа құрмалдық мал мен бас! 
Өнер тап, өрге шап, қару ап, 
Аллалап алға бас, ал Алаш!
(«Абай» журналы. №1. 
4 февраль,1918.).

«Алаш маршы» ретінде кең танылған ән мәтіні де «Абай» журналында «Әскер өлеңі» деген атпен жарияланады.
...Алаштың ақ туын 
Қолға алып, арқырап,
«Алаш!» деп шапқанда, 
Жауға ойран саламыз!
Ер түрік ежелден, 
Оқ тескен етіміз!
Қаймығып еш жаудан, 
Қайтпаған бетіміз.
Жаусын оқ, ақсын қан, 
Шықсын жан, қорқу жоқ, 
Алаштың жолында,
Жан қимақ ниетіміз.
(«Абай» журналы. №7. 
12 июль, 1918.).

«Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы соңғы сандарының бірінде «Алаш әскері» деген өлең де басылған. Өлең авторы – Бекмұхамед Серкебаев. Қазақс­тан ғана емес, әлемге танылған музыка саласының майталманы – Ермек Серкебаевтың әкесі, Байғали Серкебаев пен Жамилә Серкебаевалардың атасы еді.
Алаштың намысын сақтаймыз, 
Отанды жат жұртқа сатпаймыз, 
Жау шықсын, тау жүрсін, оқ жаусын, 
Бір шыққан жолдан еш қайтпаймыз.

...Аянбай соғысқа кірерміз, 
Дұспанға қасқырдай тиерміз, 
Шегініп қорғалау бізге ар, 
Қанымыз Алашқа-ақ төгерміз 
(«Сарыарқа». №83. 1919.).

Халық әскері алғашында ел қорғайтын милиция болып құрылып, 1918 жылдың жазына қарай Алаш әскері деп атала бастады. Сонымен қатар большевиктермен ашық майданда соғыс қимылдарын да жүргізді. Семейде большевиктер биліктен кеткен соң, қырдағы 500 Алаш әскері 5/18 маусым күні түске қарай Алаш қаласына кіреді. Оларды Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан өзі бастап кірген. Ертесі  сәрсенбі, яғни 1918 жылдың 6/19 маусым күні кешкі сағат 6-да Николь шіркеуі алаңында қазақ әскерін қарсы алу салтанатты шарасы ұйымдастырылады. Полк штабы басқарушысының көмекшісі Папин, капитан-адъютант Виноградов, Уақытша Сібір Үкіметінің өкілі Давыдов құттықтап сөз сөйлейді. Қарсы алу салтанатына танымал ұлт қайраткері Ә.Бөкейхан келеді. Оның құрметіне орай полковник Тоқтамысов­тың бұйрығымен салт аттылар «Алла» деп ұран салады. Осы салтанатты ресми шарада «Ақ түсті туларда қырғыз (қазақ) тілінде «Жалпыресейлік және Сібірлік Құрылтай жиналыстары жасасын», «Отанның адал ұлдары жасасын» деген ұрандар кестеленген» (Восточное отделение Правительства Алашорды. Сборник докуменов. Семей. 2010. стр. 93-94.).
Алаш әскерінің «Алаш!» ұранымен жауға аттанғанын Жетісу майданындағы Алаштың тұңғыш атты полкінің жігіті вахмистр Момынжан Ақшолақұлы (50 большевиктің басын алып, 25 жасында құрбан болған Алаш әскері) «Майданнан хат» жазбасында: «Семейден есен-сау майданға жеттік. Антонның көпшілдері түнде Ақсуды қамағанда болдым, екі доңызды қолға түсіріп бауыздадым. Жалайырдан Қожаахмед деген мырза келіп, гарнизон бастығынан елге көмек үшін әскер сұраған соң, 42 алаш жігітін жіберді; ішінде мен де болдым. Жалайыр Құдайменде дегеннің тамында 27 большевик бар екен. 18-нші декабрде түнде Қожахмед бастап, соларға бізді ертіп барды. Тамды қамап алып, құр найзамен соғысып, ұстап алсақ па, айы­рылып қалдық. Өлтірмей тірі ұстамақ болып, қапы қалған соң, тұс-тұсынан «АЛАШ!»-тап кірісіп, мылтық атып, 15 кісісін өлтірдік, 2-еуін жаралы қылып қолға түсірдік» («Сарыарқа» газеті. №66. 7(20) январь, 1919.), – деп жазады.
Алаш әскеріне көмек ретінде бүкіл халық аттанысқа келіп, көмекке қаражат жинай бастады. «Сарыарқа» газетінің соңғы бетінде «Алаш әскеріне жәрдем» айдары беріліп, көмекке ақша берген кісілердің аты-жөндері мен қаржы көлемі үздіксіз жарияланып тұрды. Бұл тізімнің ішінен Қытай қазақтарын да кездестіре аламыз. «Алаш ордасын тігіп, Алаш туын көтерді дегенді естіп, патшамыз басқа болса да, ұранымыз Алаш, нәсіліміз қазақ болғандықтан, Алаш баласының басы қосылып, жұрт қатарына кіруіне тілектестігімізді білдіреміз» деген тілектерімен, арнаулы қаражат жинап жібереді. Алаш әскеріне көмектесу, әскери киімін дайындау барысында әйел адамдар да қолдарынан келген көмегін аямады. Елена Бөкейханова бастаған ұлт көшбасшыларының жұбайлары да Семей қаласындағы күндіз-түні дамыл таппай еңбектеніп, киім-кешек дайындады. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінің №77 санында Алаш әскерінің басшысы Хамит Тоқтамысов хабарлады. Ұлт сардары былай дейді: «Мен қазақ әскерінің атынан әскердің киімін тігіп берген Алаш қаласындағы ханымдарға көптен-көп тәңір жарылқасын айтуды міндет көрдім. Әсіресе күн-түн демей қызмет қылған Елена Яковлевна Бөкейханова, Гүлбаһрам Тынышбаеваға һәм «Алаш» баспаханасын басқарушы Шынжы Керейбаевқа көптен-көп тәңір жарылқасын айтамын...».
Ал енді, «Алашорда» гербі туралы айтсақ. Екінші жалпықазақ сиезінде Алашордасы мен жергілікті комитеттерінің мөр, штамп, бланкаларын жасату туралы талқы болғанда, Алашорданың мемлекеттік гербі (таңбасы) қандай болу мәселесі де қарастырылады. Бірақ шешілмей қалған. Бұл туралы «Қазақ» газетінде «Орда гербі» (таңбасы) атты жазбада айтылып, Алаш­орда гербінің қандай болу керектігі де сипатталады. «Алаш мемлекетіне Орда деп ат қойған соң гербінде Орда суреті болу лайығында дау болмаса керек. Орда мемлекетінде Орда суретін қою ұнамсыз деп һеш кім айта алмас. Солай болған соң, герб мәселесінің негізі шешілгеніне есеп. Шешусіз тұрған мәселенің негізі емес, бұтағы. Йағни, Алашордасының гербіне құр орданың ғана суретін салу ма, болмаса басқа мағына кіргізу ме?» («Қазақ» газеті. №258. 5 январь, 1918.) дей келе, құр Орданың суреті салынғаннан қисыны келсе басқа мағынада қатыстырған абзал боларын, ойы, қолы шебер азаматтарға Алаш гербінің қалай еткенде ұнамды болу жағын ойланып, герб жобасын жасап, көптің яки айрқша комиссияның сынына салса екен деген тілегін айтады.
Алаш әскерінің өте белсенді соғыс әрекеттері Жетісу майданы мен Батыс Алашорда бөлімдерінде болды. 1919 жылы Алашорда большевиктермен келісімге келіп, бірте-бірте таратыла бастайды. 1920 жылы Алашордаға большевиктер тарапынан кешірім жарияланып, толық таратылады. Алаш әскері туралы әлі де толық зерттеліп, жүйеленбей келеді. Мысалы, Алашорда мүшелері мен Алаш әскеріне басшылық жасаған тұлғалардың – Райымжан Мәрсеков, Ыбрайым Жайнақов сынды бір бөлімі Қытайға, Сабыр Сарғожин сынды Алаш әскери комиссарлары Еуропаға эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Бұлардың соңғы тағдыры әлі де белгісіз. Дегенмен Алашорда ұлттық автономиясы толық таратылып, кеңес жағына өтсе де – ұлттық тұтас республика болудың негізін қалап, кейінгі Қазақ Кеңестік Республикасы болып құрылудың алғы шартын жасады.

Абай МЫРЗАҒАЛИ

1228 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы