• Тұлға
  • 07 Желтоқсан, 2023

ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕУШІСІ

Филология ғылымының докторы, профессор, Гуманитарлық Ғылым Академиясының академигі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Оқас Нақысбековтің де бар болмыс-бітімі, жер қозғалса да былқ етпейтін сабырлы да байсалды мінезі, ақ ниет, адал пейілі, досқа, жалпы адамға деген ыстық ықыласы да ғасырлар бойы мызғымай нық тұрған биік те заңғар Алатаудай.
 

Жастықта албырт шағы мен балалық бал дәуірін соғыс оты шарпып, қиындық пен жоқтықты, небір ауыр кезеңдерді басынан кешіріп жүрген кездерде болашаққа арман қуып, ғылым жолын мұрат тұтарын албырт жас сезбеген де болар, бәлкім. Бірақ талап тағдыры оған осы тізгінді мықтап ұстатты. Жастайынан алғыр да сергек, зейінді өскен ол 1935 жылы жеті жасында «Социалистік Қазақстан» мектебінің табалдырығын аттап, 1942 жылы тәмамдайды да, сол жылы Түрген педучилищесіне қабылданып, оны 1945 жылы бітіріп шығады. Ұлы Абайдың «Асықпай жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлағатты нақыл сөзін әрдайым көкейінде ұстап, өнеге тұтады да он жеті жастағы бозбала жас шәкірттерді тәрбиелеуді мақсат тұтып, ұстаздық жолға бел буады. 1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне қабылданып, оны 1951 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Институттың М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов, С.Толыбеков, Т.Нұртазин, А.Ысқақов, Ә.Қордабаев, Ш.Сарыбаев, Д.Әлімжанов, М.Сильченко, Н.Смирнова, Қ.Жармағамбетов, С.Бақшилов сияқты әдебиетші, тілші, тарихшы, экономист ұстаздарынан жүйелі де терең білім, өнегелі бағыт-бағдар алған Оқас Нақысбеков ғылым жолына біржола бет бұрады. Арман сағымын қуған жас Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына қызметке қабылданып, содан бері тапжылмастан, яғни алпыс жылға тарта жұмыс істеп, жемісті еңбегімен көзге түсіп келеді. 
Қазақтың ғылым, білім, мәдениетінің нарқасқалары М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, А.Ысқақов, Ы.Дүйсенбаев, Е.Сымайылов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Қалыбаева т.б. ғалымдармен бір ұжымда қызмет істеп, тәлім-тәрбие алған Оқаң мен оның құрбы-құрдастарының қатары да бүгін сирегендей.
Сол кездегі институт жастары ғылым, білімге терең бой ұрып, іздену, жазу, оқумен терең шұғылданып жүрсе де, толып жатқан қоғам жұмыстарынан қол үзбей бәріне уақыт тауып, үлгеріп жататын-ды. Әсіресе қала төңірегіндегі шаруашылықтардың егін ору, жинау, шөп шабу, шалғайдағы мақта шаруа­шылығына да атсалысуға белсене қатысатын еді. 1952 жылдың қазан айында Ғылым академиясының жас қызметкерлері мен аспиранттары оңтүстікке мақта теруге аттанғанда ішінде Оқаң да бар болатын. Ол жергілікті мақта терімшілерімен жеті күндік жарысқа түседі. Норманы артық теру керек. Шөлдеп, екі қолы мақта теруден босамай келе жатқан Оқаң сол жарыста жеңіп шығып, жүлде алған. Соның нәтижесінде, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Мақтау грамотасына да ие болып, институтқа әкелген еді.
Қазақ тіл білімінің де геология, тау-кен істері, археологиялармен сыбайлас та ұқсас, ыңғайлас салалары бар. Олар – диалектология мен ономастика. Осы екі сала бойынша да жер шарлап, ел кезіп, тау­-тасты аралап материал жинау ісі үздіксіз іске асып отырады. Ал Оқаң болса 1955 жылдан бері жылына бір рет, алғашқы жылдары төрт, алты ай бойы диалектологиялық экспедицияда болып, Республикамыздың төрт бұрышын түгел аралаған жан. Ол Алматы, Талдықорған, Семей, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарын ғана шарлап қоймай, РФ (Омбы, Орынбор, Астрахань, Волгоград облыстарын), Өзбекстан (Ташкент обл., Қарақалпақ жерін), Тәжікстан (Қорғантөбе обл.), Қырғызстанда (Шу бойындағы аудандар), Моңғолиядағы (Баянөлгий аймағындағы) қазақтардың тіл ерекшеліктерін, қазақ тілінің құнарлы бай тілін, байырғы, тарихи сөздер бойынша өте құнды материал жинады. Осымен қатар халық мақал-мәтелдері мен жұмбақ және аңыз әңгімелерін де көптеп әкелді. Оның әкелген бұл құнды материалы институттың диалектологиялық картотека қорын жасауға үлкен үлес қосты. Әлі күнге қағаз бетіне түспеген, жүйеленбеген, көпшілікке беймәлім ақындар өлеңдері, тарихи әңгімелер мен аңыздар, мақал-мәтелдер, шежірелер туралы ол жинаған материалдардың жалпы көлемі жарты миллион жолға жуық болар.
Ғалым өзінің жігері мен бар қабілетін, қажырлы қайратын мәдени мұрамыздың ерен байлығы халық тілін, оның жергілікті ерекшелігін зерттеуге бағыштады. Профессор О.Нақысбековтың шығармашылық ғылыми ізденістері қазақ тіл білімінің күрделі саласы диалектологиямен қатар лексикология, лексикография салаларымен де тығыз байланысты болды.
1963 жылы «Шу бойы қазақтары тілінің ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Әркімнің «сүйген ісі сүйікті келеді» дегендей Оқаңның барша күш-жігері мен алтын уақытын сарп етіп, экспедицияға үздіксіз шығып, ел аралап, жер шарлап, шүйіле де, шүйліге зерттеген, қыруар еңбек берген саласы – диалектология. Бұл саладағы ерекше көңіл аударып, қалам тартқан, тереңнен бойлай зерттеген мәселелер: жергілікті тіл ерекшеліктерінің фонетикасы мен морфологиясы, лексикасы мен сөз қолдану, сөйлем құрылысы. Осы зерттеулердің нәтижесінде дүниеге келген монографиялары: «Қазақ тілінің ауыспалы говоры» (1972 ж.), «Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы» (1982 ж.), «Қазақ диалектологиясы» (авторлас), «Аймақтық лексика» (авторлас) т.б.
Осыншама бай тәжірибе, күрделі зерттеулерді қорытындылай жазған оның докторлық диссертациясының да шоқтығы биік, аса құнды еңбек еткені аталып, кезінде лайықты бағаға ие болды.
Оқаңның көз майын тауыса қыруар уақытын бөліп жүрген зерттеуінің бірі – «Түркі тілдерінің лингвисткалық атласы». Осымен қатар ол ірі екі халықаралық кешенді бағдарламаға қатысты. Оның бірі – жоғарыда аталған «Еуропа тілдерінің лингвистикалық атласы» болса, екіншісі «Моңғолияда тұратын қазақтар тілі». Осы мақсатпен екі рет (1986 және 1987 жж.) Моңғол Халық Республикасында қазақтар мекендеген аудандарда болып, көптеген тілдік материалдар жинап қайт­қан-ды.
Еңбекқор ғалымның ерекше атсалысып, белсене араласып жүрген үлкен де іргелі еңбегінің бір тобы – лексикография (сөздіктер).
Ол алғаш рет 1954 жылы Мәскеу қаласында академик Н.Сауранбаевтың редакциялық басшылығымен жарық көрген аса көлемді «Орысша-қазақша сөздікті» шығарушылардың бірі болса, 1969 жылы шыққан «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінің» белді авторларының қатарында тұр. 1959–1961 жылдары жарық көрген 2 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» кейбір әріптерін жасауға атсалысты. 1987 жылы жарыққа шыққан «Қысқаша орысша-қазақша сөздік» авторларының бірі болса, жұбайы доцент З.Жантекеева екеуі бірігіп «Қысқаша орысша-қазақша», «Қысқаша қазақша-орысша сөздіктерді» шығарды. 
Бұл сөздіктің мемлекеттік тілді оқыту, үйрету, үйрену, меңгеру барысында ерекше мәні зор болғандықтан, көпшілік сұранысына аса лайықты жасалған. Ғалымның негізгі еңбектері: «Языковые особенности казахов чуйской долины» (Автореф.канд.дисс.. Алматы, Ғылым, 1963), «Қазақ тілінің ауыспалы говоры» (Алматы: Ғылым. 1972), «Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы (Алматы: Ғылым. 1982), «Қазақ тілінің аймақтық лексикасы» (Автордың бірі, Алматы: Ғылым. 1984), «Қазақ диалектологиясы – практикум» (Автордың бірі, Алматы, Мектеп. 1967), «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі (Автордың бірі, Алматы: Ғылым. 1969), «Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы» (Докторлық диссертация жөніндегі ғылыми баяндама. Алматы, 1994), «Краткий русско-казахский словарь» (1987, 1990, 1993, Автордың бірі: В, Г, Ж, Д, Е, З әріптерін құрастырған), «Қазақша-орысша қалта сөздігі» (Алматы: Ғылым. 1997, З.Жантекеевамен бірге), «Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік (Автордың бірі, 2001), «Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік (Автордың бірі, Астана, 2006), «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» (Алматы: Ғылым, 1999, Автордың бірі), «Үлкен қазақша-орысша сөздік» (Автордың бірі, Алматы: Дайк-пресс, 2001).
Ғалымның соңғы жылдары жарық көрген екі бірдей іргелі еңбекке қосқан үлесі аса зор. Олар: «Қазақша-орысша сөздік. Казахско-русский словарь». Редакциясын басқарған Р.Сыздықова, К.Хұсайын. 50 мыңға жуық сөз қамтылған. О.Нақысбеков осы сөздіктің авторларының бірі ретінде Е, У, Ұ, Ү, Ы, І, Т: тоба-түркологиялық әріптерін жазған. Үлкен «Орысша-қазақша» сөздіктегі үлесі де айтарлықтай мол.
Ұлағатты ғалым профессор О.Нақысбеков ұзақ жыл бойы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы түркі тілдері және қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде білікті мамандар даярлауға белсенді түрде атсалысып жүр.

Телғожа ЖАНҰЗАҚ,
Қазақстан Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
филология ғылымының докторы,
профессор

1662 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы