• Тұлға
  • 07 Желтоқсан, 2023

АЛДАСПАН ҒҰМЫР

Асқар, асқар, асқар тау,
Асқардан биік тау болмас.
Асқар таудың сол бүркіт,
Ылдидың аңын шалар ма,
Атайы ердің баласы,
Атадан жалғыз тудым деп,
Ісін көпке салар ма?
Шалкиіз Тіленшіұлының осынау жалынды жыр жолдары тіл ұшына оралса, кеше ғана Алланың дәргейіне бет бұрған Амангелді Молдағазыұлы Төлеев­тің күреске толы жарқын бейнесі ойыма оралады. 


Аман Төлеев атты Алаштың ардақты азаматының атақ-даңқымен сонау 1991 жылдан бері таныспын. Ол кезде Кеңес әскерінің қатарында, керзі етік киіп жүрген кезім. Сол жылдары демократияның жылы лебі есіп, темір құрсау­ланған Кеңес одағының сұсты бейнесіне сәл де болса жылылық енгендей болды. Тарихта алғаш рет Ресей президенттігіне демократиялық сайлау жүйе­сі бойынша бірнеше үміткер таласты. Үміткер ретінде тіркелген аймүйіз саясаткерлердің арасында ол кісінің шоқтығы тым биік еді. Халықпен кездесуіндегі ұсынған бағдарламасын сенімді түрде жеткізуі, өзін нық ұстап, саяси дебатта кез келген мәселенің шешілу жолдарын тереңінен білетін жан-жақты білімдарлығы мен әділдіктен айнымай тіке айтатын кесек мінезі, оның беделін қарапайым жұрттың арасында асқақтата түсті. Өзге ұлттарға шекесінен қарауды әдетке айналдырған Кремльдің тізесі батыңқырап жүрген шақта толқынданған қою қара шашты Амангелді Молдағазыұлының маңдайы жарқырап, ұңғыл-шұңғылы мен айла-тәсіліне құрық бойламайтын саясат сахнасына көтерілгенде қуанбаған Алаш баласы, тілеуін тілемеген жамағат кемде-кем болар.  
Бір өкініштісі, билік басындағылар әсіресе соңғы онжылдықтар шамасында қалың бұқараға, электоратқа белгілі бір деңгейде, келесі сайлауға дейін орындалуы неғайбыл уәдені үйіп-төгіп беруге болады дейтін қағиданы басшылыққа алатындай. «Саясат – лас нәрсе» деген түсінікті санамызға сіңіргісі келетін де солар ма екен?! Биліктің шынайы табиғатын тереңінен білгісі келетіндер бұл саладағы ең танымал автор Н.Макиавеллидің еңбегіне үңіліп қажеті де жоқ. Посткеңестік елдердің билік жүйесінің бар болмысы соңғы отыз жылда барынша айқындалды. Жоғарыға, тым жоғарыға ұмтылған саясаткердің адами бет-бейнесінің қаншалықты деңгейде екені мен материалдық құндылыққа деген көзқарасын сол қалпында еш қоспасыз түрде өздері өлермендікпен ұмтылған биліктен асырып ешкім жарқыратып көрсете алмады. Әділ биліктің де киесі бар екенін біліп, бұған да шүкір дестік. Аман Төлеевтің бұқара халықтың махаббатына шексіз бөленуінің құпия­сы – «Халық – Құдайдың екінші аты» деген ұстанымды ғұмыр бойы басшылыққа алып, жүрегінің төріне тұсап ұстағандығында дер едім. Құдайды қаншалықты сүйсең, өзіңе сенім артқан қалың бұқараның алдында құлша жорғалау керегін билік шіркіннің дәмін армансыз татқандарға айттың не, айтпадың не. Халықты алдауға ұмтылу – Құдайға күмән келтіру деген сөз. Аспандап сөйлегісі кеп, империялық астам пиғылын әр іс-әрекетінен сездіретін іргедегі елдің ең жоғарғы лауазымы – Президент тағына үш мәрте таласуға ниет ету үшін де көл-көсір білім, терең парасат, үлкен жүрек, мұқалмас жігер мен күрескерлік рухтың керегі белгілі. Ормандай сыңсыған жұрттың ыстық пейілі мен сеніміне ие болу – менмін деген саясаткердің маңдайына жазбаған бақ, атан түйеге жүк боларлық абырой мен бедел. Өндірісі дамыған Кузбасс өңірін жиырма жылдан астам басқарып, «халықтың губернаторы» атанған Амангелді Молдағазыұлының тұтас саяси дәуірге баланатын ғибратты ғұмырынан биліктен дәмелі кейінгі буын үлгі алса, қанеки. 
Тарихқа қазақтың көзімен қараған Мұхамеджан Тынышпаевтан «Қазақ халқының әрбір руының генеалогиясын алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның қай кезде кіммен қақтығысқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес» деген сөз қалған. 2008 жылы бір топ жанашыр жандардың қолдауымен «Балықшылар» атты деректі еңбек жазғанмын. Бұл кітапта жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қызыл империяның озбырлығынан жан-жаққа тарыдай шашылған ағайынның қилы тағдыры баяндалады. Аталған еңбекте Аман Молдағазыұлы туралы жазылған «Аман жүрші, ағатай» атты эссем басылды. Сол жылдың кезекті еңбек демалысында Шардараның іргесіндегі Мүлкі ата қорымына жерленген Молдағазы әкемізге зиярат жасағанбыз. Сәл кейін губернатор Аман Төлеевке қолтаңба қойып, кітапты поштамен жібергенмін. Арада ай өтпей, Аман ағадан «Үкіметтік» деген грифпен таңбаланған хат алдым. «Бұл еңбек жаңадан орныққан дәуірдің темір логикасы мен диктатының әсерінен тіршілігін амалсыздан өзгерткен ағайындардың тағдыр жылнамасы. Бабаларымыз өткен ғасырдың қасіреті мен қуанышын бойына сіңіре отырып, кез келген құбылысқа даналықпен қарауды үйреніп, қазақ патриотизмі – туған жерге деген қастерлі сезімін сақтай білді», – деп әділ  бағасын берген еді. Саясат деген айла-шарғысы жетіп артылатын, өзгенің қолымен от көсегенді дәреже санайтын арпалысқа, интригаға толы аламанда, шашасына шаң жұқтырмаған алыстағы ағатайымның ата-жұртты ет-бауыры елжірей сағынатыны сол кезде аңғарылып еді. «Жұмақ қайда десе, қазақтың жерінде дер едім», – деп, әр сұқбат берген сайын теңіздей тебіреніп, тарихи атамекеніне деген шексіз құрметін еш жасырмайтын. Аман Төлеев елімізде өткен талай рухани шараларды қолдан келгенінше демеді. Аяғы жетпесе, арнайы хат жолдап, тілектестігін білдіретін. Жырақта жүрді демесең, оның жаны әр қазақпен бірге еді. Аман Төлеевті ағайындарына табыстыруда кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын басқарған, соғыс ардагері Дербіс Әлжанов көп еңбек сіңірді. Белгілі қаламгер Жұмабек Мұқанов «Губернатор Аман Төлеев» атты толымды еңбек жазып, оның біз білмейтін қырларын молынан аша түсті.
Бір қуанарлығы, оның дүние есігін қазақтың қара домалақ баласы болып ашқандығы. Бір шүкір етерлігі, Ресей сынды иығын жұлып жеп отырған азулы державаның халқын тұтас мойын­датқан қандасымызбен тіршілікте мәжілістес болмасақ та, бір дәуірде ғұмыр кешкеніміз. Бір қынжылатынымыз, жан-жақты білімдар, өндіріс­те әбден шыңдалған, әлеуметтің мұң-мұқтажын терең білетін, аймаңдай азаматтың Құдай молынан берген әлеуетін қазақ әлеуметінің бір пайдасына жарата алмағандығымыз. Қазақ деген текті ұлттың абыройына шетте жүрсе де кір келтірмей өткен арыстан ағаны сырттай мақтан тұтып, тілеуін тілеуші едім. Молдағазы әкеміздің кіндіктен өрбіген жалғызы, Бейбарыс тектес күрделі тағдыр иесі алдаспан Аман Төлеевтің адами болмысы халық әнінде айтылатын «бас имей жүрген тағдырға, текті де жанның бірі еді». Қаралы хабарды естіген біздің жоғары жақтағылар ең болмағанда жеделхат жолдап, қайғыға ортақтастығын білдіре алмағаны өкінішті. Белгілі кинорежиссер Сергей Әзімов, алматылық Махамбет Қайыпназарұлы, маңғыс­таулық Серік Хантөреев, Бекет Әлжанов, Дана Нұрмағанбетова, астаналық Дүйсен Әділханов, шымкенттік Хадиша Әлжанова, ақтөбелік Ерсайын­­­ Лұқпанов, Жанат Шалтайұлы, Сәрсенбай Кенжебайұлы сынды азаматтар қыстың көзі қырауда жолға шығып, қаралы жиында төбе көрсетті. Қай бір жылдары бес парыздың бірі – қажылық сапарын атқарып, 2008 жылы анасының құрметіне «Мунира» мешітін тұрғызған, әр пенденің мұсылман екенінің соңғы әрі айрықша дәлеліндей әсер беретін жаназа намазы шығарылған, Жаратқан Жаппар иенің бір аты Әділдіктен ауытқымаған марқұмның бес күн тірліктегі біліп істеген, білмей істеген қателіктерін Құдай Тағала кешіріп, өз қамқорлығына алсын. 

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

2428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы