• Руханият
  • 11 Қаңтар, 2024

«ТАРИХ-И-РАШИДИ»

(Қазақ тарихы мен мәдениеті) 

Мырза Қайдар Дулаттың «Тарих-и-Рашиди» еңбегі тарихи-әдеби шығарма. Онда жалпы түркі тілі мен әдебие­ті және қазақ тарихы мен мәдениеті туралы берген маңызды мәліметтер жетерлік. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты кітаптың екі дәптерінде жазылған алты әңгіме бар. Олармен танысып, талдаған жөн. «Тарих-и-Рашиди» еңбегі екі дәптерден тұрады. Бірінші дәптері 70 әңгіме, екінші дәптері 117 әңгімені құрайды.
Бірінші дәптердегі «39 - әңгіме. Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсеткен күндерінен: Жүніс хан кеткен соң Мәуерәнәһрде ұлыс түгелдей Есенбұға ханға бағынады. Бірнеше жыл осылай өтті. Хан жастығы мен кәмелетке толмауы себепті әмірлерді қорлауға тырысатын. Тұрфандық ұйғыр тайпасынан шыққан Темір атты біреуді өзінің орынбасары етіп сайлады. Оның тәрбие ісіне қатты көңіл аударды. Сондықтан өзге әмірлер оның мәртебесінің өсуін, әрі өздерінің аяқ асты қор болып жүргендеріне шыдамай, бір күні хан мәжілісінде Темірді қолға түсіріп, паршалап, көзді ашып жұмғанша жан-жаққа бытырап кетті. Хан қатты үрейленіп, өзі де қашып кетті. 
Бұл хабар Қашғардағы Әмір Сейіт Әлінің құлағына жетті. Әмір Сейіт Әлі Моғолстанға барып, Ақ Қияс жерінде ханды тауып, оны бірнеше адамымен алып келіп, Ақсуды ханға тапсырды. Қалайда моғол әмірлерінің әрқайсысы бір қызметке ие болды. Әмір Мұхаммед шаһ Атбасыға қоныстанады. Сол уақытта хат жазыса отырып, бір-бірімен уәделесіп келіскен соң әмір Сейіт Әлі өз немере інісін араға дәнекер етіп, Ақсудағы хан жанына барды. Содан өмірінің ақырғы күніне дейін құрметті әрі ауқатты болды. 


Тағы бірі – әмір Кәрімберді де дұғлат еді. Моғолстан шекарасында Ферғана және Әндіжан бағытында «Алабұға» аумағында бір төбенің үстінде қорған салды. Күні бүгінге дейін оның орны көрініп жатыр. Әмір Кәрімберді Әндіжанға және мұсылмандарға шабуыл жасап тұрған. Әмір Хакберді Бекжек Ыстықкөлдің Қойсу жерінде қорған салған. Ыстықкөлдің аралында бала-шағасымен әйелін қалмақтардың шабуылынан аман сақтау үшін орналас­тырып, өзі Түркістан және Сайрамды ойрандауға кірісті. Жорас әмірлері мен Барин әмірлері Исан Тайшының баласы Амансанжы Тайшы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ қалушы, балғашы және бірнеше тайпалар Әбілқайырдың жанына Түркістанға кеткен еді. 
Күнжі әмірлері, тағы басқалары Моғолстан даласында түгелдей дағдарысқа ұшырап, абыржып қалған болатын. Бірақ Есенбұға хан Ақсуда табан тіреген соң, бірінші болып әмір Мұхаммед шаһ ханның алдына барды. Одан кейін қалың бұқара ханға қайта орала бастады. Хан да жасаған істерге өкініш білдіріп, халықпен жақсы қатынасқа кірісті. Сонымен, толық өз күшіне енген соң, біріншіден, Сайрам, Түркістан, Ташкентке жорық жасап, ойрандап, қайта оралды. Бұл жорық 855 (1450) жылдан бұрын жүзеге асты. Сол жерге осы дәстүр бойынша тағы бір рет шабуыл жасады. 
Сол кезде Сұлтан Әбусаид мырза Мәуерәнәһрде патша болатын. Ол ханды қуып, тарихи кітаптарда Тараз деп жазылған Йәнгіде оған жетіп, соғыс басталып кетті. Моғол қашып кетті, мыр­за Әбусаид өз уәлаятына қайта оралды. 
Мырза Сұлтан Әбусаид Хорасанды алғанда, Есенбұға хан Әндіжанға бет алды. Әндіжанды мырза Сұлтан Әбусаидтың атынан Мырза Әлі кішік деген әмір билеп тұрған. Ол Әндіжанның қамалына тығылды. Есенбұға хан әскерінің көптігі соншалық – үш қатар сап түзеп Әндіжанды қоршап алды. Әр жағынан жерасты үңгір қазды. Сөйтіп, сыртқы қамалды жаулап алды. Содан Мырза Әлі Кішік хан сарайында қалды. Ең соңында көп сыйлық алып, татуласуға келді. Хан Әндіжан уәлаятының тұрғындарын түгел тұтқындап қайтты. Қазіргі заманға дейін тұтқынға алынған сол елдің ұрпақтары Қашғар мен моғол жерінде тұрады. 
Сұлтан Әбусаид мырза бұл хабарды естіген соң, Есенбұға ханға тойтарыс беруге дәрменсіз еді. Өйткені ол Моғолстанға барса, Есенбұға хан Моғолстан шекарасына кетіп қалар еді. Самарқанд әскеріне кең-байтақ далада Есенбұға ханның қай түкпірге тығылып қалғанын табу қиын болып, амалсыз кері қайтар еді. Ал әскер кетісімен Есенбұға хан да өз жұртына қайтар еді. Сөйтіп, Есенбұға ханды жазалау мүмкін болмас еді. Екіншіден, Есенбұға хан әскерінің көптігінен сұлтан Әбусаид әмірлерінің қарсыласуға шамасы келмеді. Сұлтан Әбусаид әскерімен Иракқа бет алуға мүдделі еді. Алайда ол, жоғарыда айтылғандай, Есенбұға ханның кедергісінен Иракқа бара алмады. Сондықтан Иракқа адам жіберіп, Есенбұға ханның үлкен ағасы Жүніс ханды алдырды. Ол Иракта жүрген мүсәпір еді. Есенбұға ханға қарсы қоюға Жүніс ханды жіберді. Осылайша, екі бауыр бір-бірімен тартысып жатса, уәлаяттың шекарасы тыныш табар еді. Әрі моғол әмірлері ханнан бөлініп, әрқайсысы өз бетінше кетіп, қорған тұрғызған болатын. Ханға да бағынбайтын. Ханның да оларға тиіспей жүрген себебі бірде болмаса, бір күні өзіне қайта оралар деген үміті бар еді. 
Сол заманда Әбілқайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп отырған еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалды. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, Шу маңы мен Қозыбасыны тапсырған еді. Ол аймақ Моғолстанның батыс шегі еді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, арасында көп келіспеушілік туды. Олардың көбісі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына барған еді. Олардың саны екі жүз мыңға жететін. Олар өзбек – қазақ деп аталды. Алғашқы қазақ сұлтандарының үкіметі 870 (1465) жылы құрылды (Алла біледі). 940 (1533) жылға дейін қазақтар толықтай билік тізгінін ұстап тұрды. Өзбекстанның басым бөлігін Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскері мың-мыңынан көбірек болды. Жошы ханнан кейін сол жұртта одан ұлы хан болмаған еді. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мәмаш хан, одан соң немере бауыры Таһир хан биледі. Таһир хан заманында қазақ күйзелді. Одан кейін бауыры Бойдаш хан билікті қолға алды. Қазақ Бойдаш хан кезінде жиырма мың болып қалған еді. 
940 (1533) жылы Бойдаш дүние салды. Қазақ мүлдем жойылды. Қорытып айтқанда, Есенбұға хан билеген заманынан бастап Рашид хан заманына дейін моғол мен қазақ арасында достық пен татулық болған. Бірақ Рашид сұлтан оларды бұзды. Бұл ахуал жайлы Рашид хан шежіресінде айтылады, Алла бұйырса», – /1-120,122/ деп аяқталған әңгіме.
39- әңгіменің кейіпкерлері: 
1. Есенбұға хан 
2. Жүніс хан 
3. Ұйғыр Темір 
4. Әмір Сейіт Әлі 
5. Моғол әмірлері 
6. Әмір Мұхаммед шаһ 
7. Әмір Кәрімберді 
8. Әмір Хажберді Бекжек 
9. Дұғлат 
10. Барин 
11. Исан тайшы 
12. Амансанжы тайшы 
13. Сұлтан Әбусаид мырза 
14. Мырза Әлі кішік 
15. Жошы хан 
16. Жәнібек хан 
17. Керей хан 
18. Өзбек- қазақ 
19. Қазақ сұлтандары 
20. Мамаш хан 
21. Таһир хан (Тайыр хан) 
22. Рашид хан.
«Тарих-и-Рашиди» кітабы қарапайым оқырманға тақырып тұрғыдан түсінігі ауыр болып көрінеді. Оған айғақ ретінде аталған 39-әңгіменің өзінде жалпы да, жалқы да 22 кейіпкері бар. Оқырман әңгімедегі кейіпкерлерімен жақын танысып, бойына сіңіріп алмаған жағдайда әңгіменің байыбына бара алмайтыны ап-айқын. Екіншіден, аталмыш кейіпкерлер тарапынан орын алған тарихи оқиғалар жағрафиялық территориясы кең. Сол үшін оның ауқымын зейінде сомдап, оның шекарасын елестетіп отырған жағдайда кейіпкер мен территория арасында байланыс пайда болады. Соның нәтижесінде, билік үшін талас-тартыс нақты бір ұғымға айналады. Мәселен күні бүгінге дейін жалпы тарих оқырманына түсінігі ауыр «Мәуренәһр» 
() жармасып келеді. Мұндай атаулардың қазақ ұғымына жақын болуы үшін екі жолы бар: 1. Қазақшаға тәржіма болуы керек. 2. Ұдайы түсініктеме беріп отыру қажет. Сонда оқырман санасына әбден сіңісіп, оның мән-маңызы жаңа ой тудыра алады. Әйтпесе оның маңызын түсінбей-ақ жаттанды, түсініксіз атау қалпынан ажыраспай қазақ оқырманы үшін жат сөз болып, жадынан орын алып жүре береді. 
Бұл әңгіменің мәйегін ұға білу үшін әуелі оның кейіпкерлерін жақыннан танығанды қажет етеді. Олардың шыға бастауы Шыңғыс ханға тікелей немесе тікелей емес түрде байланысты. 
Шыңғыс хан көзі тірісінде төрт ұлы Жошы, Шағатай, Үгедей (Оқтай), Төлеге өзі бағындырған елдерді бөліп берді. Жошыға Қыпшақ даласы, Шығыс Түркістан, Мауерәннәһр Шағатай үлесіне тиді. Батый хан бастаған Жошы хан әулеттері Алтын Орда мемлекетін құрды. 
«Тарих-и-Рашиди» кітабының негізгі кейіпкерлері – Шағатай хан мен Жошы хан әулеттері. Ал Әмір Темір мен оның әулеттері кейіпкер ретінде «Зафарнама» кітабынан алынған. Өйткені Шағатай әулеттерін Мауренәһрден қуып шыққан Әмір Темір. Осы тұрғыдан алғанда негізгі кейіпкерге айналған. Сондай-ақ Шағатай мен Жошы әулеттерінің саяси көзқарасына бағыт беріп отырған, олардың төңірегінде жиылған түрлі тайпалардан шыққан әмірлер. Сондықтан ықпалды тайпалар да осы әңгіменің желісінде анық көрініп тұр. 
Бұл кітапта Түркістан, Қыпшақ даласы кеңістігінде көптеген ру-тайпалардың әмірлері орынды-орынсыз саяси бәсекеге қатысып жүргеніне куә боламыз. Еңбек бұл үрдістің жаппай кеселге айналғанын сомдап береді. Сол тарихи кезеңдегі ең сорақысы ру-тайпалар арасында жүріп жатқан саяси бәсеке аз болғандай, ру ішінде де, бір отбасы арасындағы әулеттер арасында да аяусыз жүріп жатқан тақталастықты шынайы баяндап беріпті. 
«Тарих-и-Рашиди кітабын оқу барысында билік тағына таласқан топтар мемлекеттік идеологиядан жұрдай таққа, байлыққа таласып жүрген тобыр­ға ұқсайды. Онда көптеген ру-тайпалық саяси-әскери бәсекенің кесірінен нақты бір мемлекеттік межеге ұмтылыстарға кедергілер жасап келгенінің тәжірибесі саясаттану саласының зерттеу обьектісі бола алады. Сондай-ақ көптеген жер-су, қалалар мен елдімекендердің аты аталады. Сондықтан жағрафия, тарих, әдебиет, дін, тіл, психология, социология, саясаттану тағы басқа сала мамандары бұл шығарманың әрбір сөзіне, әрбір қарыс жеріне мұқият зер салып зерттеуге бел буғандары жаңа ой кеңістігін ашады. Ұлы Даланың ұлы ойшылы бола білген тұлға түркінің кең байтақ территория­сын бойына сіңіріп, ұрпағына аманат ете алады.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай әкесінен Ыстықкөл аймағы, Іле өзенінің бойынан Балқаш көлінің оңтүстік шығысы, яғни Шу, Талас жазығының шығыс бөлігін мұра етіп алған еді. Шағатай хан 1227–1242 жылдар аралығында бұл аймақты өзі биледі. Одан кейін ұрпақтарына тиесілі болды. Шағатай мен оның әулеттерінің билік құрған жылдарын шамалап британиялық шығыстанушы, теңгетанушы, археолог Станли Лин Поол (1854–1931) «Ислам сұлтандарының қабаттары» атты зерттеу жұмысында төмендегідей кесте жасап берген: 
1. Шағатай хан 1227 –1242
2. Қара Құлағу 1242 –1247
3. Иіссу Мәңгі 1247 – 1252
4. Қара Құлағу 1252 –1252 /екінші рет жыл бойында бірнеше ай биледі./
5. Ұрғынша Хатын 1252 – 1261
6. Алғы 1261–1266
7. Мұбарак шаһ 1266 – 1266 /осы жыл бойында бірнеше ай билік құрды./ 
8. Барак хан 1266 – 1270 
9. Никпей 1270 – 1272
10. Тоқа Темір 1272 –1274
11. Дауа хан 1274 – 1306
12. Күйшік хан 1306 –1308 
13. Телігі 1308 – 1309
14. Кебек хан 1309 – 1309 /Кебекте осы жылда бар-жоғы бірнеше ай билеп тұрады./
15. Есенбұға 1309 – 1318. /ескерту: бұл Есенбұға «Тарих-и-Рашиди» кітабының кейіпкері емес. Оның кейіпкері- II Есенбұға. Ол жөнінде алдағы тиісті кес­теде атын атап, түсінік береміз./ 
16. Кебек хан 1318 – 1321 /екінші рет хандық таққа отырды./
17. Елшігеди 1321–1321 /осы жыл аралықта бірнеше ай билік етті./
18. Дауа Темір 1321– 1322
19. Термышырын 1322 – 1330
20. Санжар 1330 – 1334
21. Жеңгеше 1334 – 1335
22. Бұзын 1335 – 1339
23. Есентемір 1339 – 1340
24. Әлі (Үгедей ұрпағы) 1340 – 1342
25. Мұхаммед 1342–1343
26. Ғазан 1343–1346
27. Данышпаша (Үгедей ұрпағы) 1346 – 1348
28. Баянқұлы 1348–1354 /6- 214,216/. 
Бұл кесте Шағатай хан мен оның әулеттерінің билік құрған бірінші кезеңі. Бұл кезеңнің хандары «Тарих-и-Рашиди» кітабының негізгі тақырыбы емес. Өйткені Шағатай хандығының Тоғлықтемірден басталатын хандық кезеңі «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне негізгі тақырып ретінде әңгімелеріне арқауы болады. Станли Линнің бұл кестесін шартты түрде қабылдаған жөн. Өйткені Шағатай ханның әулеттерінің билік құрған жылдары түрлі зерттеулер мен тарихшы ғалымдар тарапынан түрлі даталарды көрсетеді.
Шағатай хан әкесінен мұра болған Мәуренәһр мен Шығыс Түркістанның бір бөлігін билеп, әулеттеріне мұра еткен. Бірақ олардың билігі өлке үшін сәтті бола қойған жоқ. Оның басты себебі, Шыңғыс ханнан Шағатай хан, одан әрі төрелік заңмен ұрпақтан ұрпаққа жалғас­тыра билік жүргізу, яғни мұрагерлік басқару тарихта саяси банкротқа айналған жүйе. Әрине, бұл жүйенің зардабын Түркістан көп көрді. Бұл саяси жүйе ретінде зерттелуге тиіс тақырып. Оған Шыңғыс ханның кейінгі әулеттері дәл әкедей саяси-әскери қабілетке ие бола алулары екіталай. Сондықтан мұрагерлікпен келген кейінгі хан, не патша саяси қабілеті төмен болса өзінің төңірегіндегі беделді, белсенді, парасатты, жауынгер әмірлерінің саяси ойыншығына айналады. «Тарих-и-Рашиди» осы тұрғыдан саясаттану ғылымына негізгі әдебиет ретінде өте құнды еңбек бола алады. Сондықтан елдердің даму процесі демократиялық саяси басқарудан өтетін аксиомасы анық көрініс табады. 
Шағатай хан әулеттерінің хандық басқару жүйесі I Есенбұға ханнан кейін ішкі тақталастық, саяси тартыстармен құлдырай түсі. Тіпті Ғазан ханнан кейін заты былай тұрсын, атына лайық мемлекет басқару қауқары жоғалды. Сол жылдары Мәуренәһр мен Түркістан өлкелерінде жаңа саяси арайы сәуле шашатын Әмір Темір сәбилік шағын Кеш қаласында өткізіп жатты. Шағатай хан мен әулеттерінің бірінші кезеңінің күні батып бара жатқанда «хан тегінен» хантағына отыру керек деген қағида бойынша көзі ашық, көкірегі ояу сарай әмірлері шын ба, қиялдан жасады ма, әйтеуір дұғлат (дулат) тайпасынан шыққан әмір Болатшы шағатай ұлысы әлсірей бастағанын байқап қалды. Содан қайтыс болған I Есенбұғаның Меңлік зайыбынан туған Тоғлықтемір бар еді. Ол Әбібәкір Дұғлаттың қолынан құтылып, тірі қалып Моғолстан өлкесінің бір аймағында жасырын анасының жанында өмір сүріп жүрген жерінен Теміртас деген бір кісіні жіберіп алғызған. Ол кезде Тоғлықтемір он алты жаста болған. 1347 жылы он сегізге толғанда оны Моғолстан өлкесінде таққа отырғызды. Әмір Болатшы дұғлат не үшін бұл іске құлшына кірісіп, Тоғлықтемірді хан көтерді? Әрине, ол жайында кітап авторы себебін айтқан. Бұл жайында дұғлат (дулат) тайпасының жәй-күйін жазғанда жан-жақты түсінік беріледі. Сондай-ақ Моғолстан мен Мауренәһр территориялары бір-бірінен айырмасы бар ма? Ол екі өлкенің саяси басқару жүйесінде өзгешелік бар ма? Және екі өлкенің саяси-әскери қатынастары қандай болған? Алдағы жазбаларда сұрақтың жауабы айтылады. Бұл жерде айтайын деген мәселе – «Тарих-и-Рашиди» кітабының авторының басты мақсаты Шағатай ханның ислам дінін қабылдаған ұрпақтарының есімін хатқа түсіріп келешекке қалдыру еді. Автордың көзқарасы бойынша Шағатай әулеттерінен ислам дінін қабылдаған Тоғлықтемір хан болды. Сондықтан ол шағатай ұрпақтары арасында исламды қабылдаған тұңғыш хан. Және ислам діні төңірегіндегі басшылар мен әмірлерге қабылдауды міндеттеген әрі ислам дінінің насихаттаушысы болған. Ендеше, «Тарих-и-Рашиди» шығармасының басты кейіпкері Тоғлықтемір ханның (1329–1363) билік құрған 1347-1363 жылдар мен оның әулеттерінің тарихы Әбусаид ханның ұлы Рашид ханға дейін әңгіме өзегі болған 1533 жылдарды қамтиды.
Бірақ тарихи деректер бойынша Шағатай ханның әулеттерінің бірінші билік кезеңінде Мұбарак шаһ ислам дінін қабылдап мұсылман болған. Ал Мырза Қайдар өзі жазғандай Тоғлықтемір ханнан бұрын Барақ хан (1266–1270) және Кебек хан (1309–1398–1324) мұсылман болғанын айтады. Онда: «Тоғлықтемірге дейін-ақ исламды Барақ хан, одан кейін Кебек хан қабылдаған еді. Алайда осы хандар кезінде моғол ұлыстарында ислам дами алмай құлдырап, жаһаннам ылдиына бет алды. Ал дәулетті Тоғлықтемір хан бақытты соғол ұлысын ислам жолында толықтай алға жетелеп отырды.», – /1-104/ деп жазған.
Сол жылдардағы саяси-тарихи шытырман оқиғалардың арасынан қазақ хандығы бой көрсете бастаған. Сол үшін аталған кезеңнің саяси тарихын жақыннан танып, сезе білу үшін Тоғлықтемір мен оның әулеттерінің аты-жөні және билік құрған жылдар кестесімен танысқан жөн. Өйткені Қазақ хандығы мемлекеті Алтын Орда мемлекеті Кавказ бен Қыпшақ даласында ішкі тақталастықтан құлдырап, паршаланып жатқан заманда бір жағынан, ал Шағатай ханның екінші ұрпағы, яғни Тоғлықтемір хан бастаған хандықтың алауыздығынан ыдырап жатқан шағында екінші жағынан, Әмір Темір әулеттері саяси бәсеке қасабының пышағына ілініп жатқан кезеңіне тап болып, өздерінің жаңа мемлекеттік құрылымын құруға мәжбүр болған еді.
Түркістан тарихының ежелгі және ортағасырлық дәуірі мен әсіресе Алтын Орда мемлекетінен бастау алған Қазақ хандығын Түркістан мен оның төңірегінде болып жатқан саяси құбылыстармен салыстыра жас ұрпаққа таныстыра алсақ, мемлекеттік мүдденің маңыздылығын терең сездірте аламыз. Әйтпесе тарихты бөлшектеп үйрету тыңдаушыға өз тарихының мән-маңызын бойына сіңдіре алмайды. Жас ұрпақ тарихын тұтастай қарап бойына сіңіре алмаса, бөлшектеп үйренген тарихи мәлімет оған бір жат дүниедей көрініп, жаттанды түрде жадына сақталуы мүмкін. Ал жаңа ұрпақ өз тарихының қандай жағдайда, қандай жолдармен, қандай мақсатта пайда болғанын біліп жүрсе, оның санасында мемлекеттік мүдде пайда болады. Бұл нәтижеге бір күн, екі күнде бола қоймайды. Бәлкім, ұзақ жылдар ұстаздардың білімділігі және мемлекеттік мүдделілік идеология арқасында туындайтын нәтиже болмақ. 
Жас ұрпаққа өз тарихына өзгенің айт­қанын жаттатпай, өзінің ұлттық тарихи санасына қозғау салған жағдайда мемлекеттік мүддені оларға сездіре аламыз.
Ал өз тарихын өз көзімен, өзгенің тарихын өзінің елдік мүддесімен қарай алмаған ел ұдайы алданып, бодан болып жүре береді. «Тарих-и-Рашиди» шығармасының ұзын сонар дәрістерінің бірі осы болмақ.
Жоғарыда (сызбада) Тоғлықтемір және оның әулеттерінің кестесі бойынша II Есенбұға «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің негізгі кейіпкері. Өйткені II Есенбұға Қазақ хандығының Шу бойында құрылып, аяқ тіреуіне бастама жасады. Кесте бойынша Уайыс ханның екі ұлы бар: Бірі – II Есенбұға, екіншісі – Жүніс хан. Сондай-ақ «Тарих-и-Рашиди» еңбегі Шағатай ханның әулеттерінің екінші кезеңін Тоғлықтемір ханнан бастап, Рашид ханмен аяқтайды. 
Ескерту: 1. Көп ретте «мырза», «сұлтан», «хожа» () «қазақтар бұл құрмет атауды көбіне қожа деп жазып жүр» атаулары кездеседі. Бұл сөздер берілген атақ болған соң ретіне қарап оларды кіші немесе үлкен әріппен жаза беруге болады. 3. Кейбір есімдер түпнұсқада екі түрде жазылған. Мәселен, Тоғлықтемір немесе Тоғлық Темір. Есен Бұға немесе Есенбұға. Бөлек немесе қосылып жазыла береді. Оқырман оған аса мән бермей-ақ қойса болады. 
2. «Мырза Қайдар» деп қысқартып достары тарапынан айтылуы оның атасының «Мұхаммед Қайдар» атымен шатасып қалмау үшін қолданылған. 
Сонымен қатар автордың тайпасы кітабында «Дұғлат» () деп оғыз диалектісі бойынша жазылған. Біз қыпшақ диалектісі бойынша «Дулат» деп қолданысқа енгіздік. 

Ислам Жеменей,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті 
«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу 
орталығының директоры, 
профессор, филология 
ғылымының докторы

 

 

24228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы