- Cұхбаттар
- 18 Қаңтар, 2024
Құрманбек Жұмағали: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРЕТІН ФИЛЬМДЕР КЕРЕК
Қазақ киносының қазіргі даму жағдайы кез келген көкірек көзі ояу көрерменді ойландырары хақ. Ал қазір халықтың қандай киноға сұранысы көбірек? Әлемдік нарыққа шығу үшін қазір не істелініп жатыр? Біз осы және тағы басқа бірқатар сауалды «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалиға қойған едік.
– «2024 жылы мемлекет қаржылық қолдау көрсететін фильмдердің тақырыбы белгілі болды» деген ақпараттан хабардармыз. Соның ішінде «Әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдер» санатына «әскери қызмет», «заң және тәртіп» сынды тақырыптар енеді екен. Осы тақырыптарға жазылған сценарийлерде бүгінгі қоғамда болып жатқан шынайы ақпараттар қамтылса, нақ озық туынды болар еді. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» бүгінгі жай-күйінен сыр шертетін, өткені мен бүгініне сараптамалық қорытынды есеп берсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз. Біз жақында 2024 жылы мемлекет қаржылық қолдау көрсететін фильмдердің тақырыбын жарияладық. Мұндағы мақсатымыз – болашақта түсірілетін фильмдерге қаражат бөлуді шектемей, көрерменге пайдасы тиетін, ой салатын және ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін дүниелерді іріктеп алу. Әрине, қазіргі заманға сай, өмірдегі өзекті мәселелерді көтеретін фильмдерді бәріміз көргіміз келеді. Бірақ кино – жай ғана өнер емес, қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын мықты құрал екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан әр жоба ұлттық идеологияға сай болғанын қалаймыз. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өкілдері және еліміздің кинематографистері бірігіп, қолданып жүрген «Кинематография туралы» заңды және нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ұлттық киноның мәртебесін көтеруге бағытталған, ашықтықты қамтамасыз ететін жалпыға түсінікті ережелерді бекіткіміз келеді. Киноорталықтың жұмысына келетін болсақ, 2019 жылы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» құрылған сәттен бастап, жалпы сомасы 20 млрд теңгеге 120-дан астам киножобаға қаржылық қолдау көрсетілді. Оның ішінде 57 толықметражды фильм, 30 деректі фильм, 26 қысқаметражды фильм және 10 анимациялық фильм бар. Толықметражды фильмнің 19-ы прокатқа шыққан, ең үздік көрсеткіш – «Дос-Мұқасан» және «Патриоттар уақыты» фильмінің еншісінде.
– Қоғамда қызу талқыға түсетін, көрерменді таңдай қақтыратын жобаларды жүзеге асыру үшін қаншама ізденіс, табандылық керек екені белгілі. Жалпы ауқымды жұмыстарды атқаруға қалай әзірленесіз, мәдениеттанушылармен ақылдасасыз ба?
– Бізге жыл сайын келетін әр жобаның артында – үлкен еңбек, тағдыр, ізденіс, бірлікті ту еткен ұйым тұр. Олардың сценарийін, көркемдік деңгейін бағалау үшін орталық маңында Сараптама кеңесі жұмыс істейді. Кеңес құрамында белгілі кинематографистер, киносыншылар, продюсерлер, кинотанушылар, мәдениеттанушылар бар. Осы мамандармен әрдайым кездесіп, киножобалардың жағдайын саралап, ақылдасып тұрамыз. Мемлекет кино саласына үлкен қолдау көрсететінін айта өткен жөн. Ал шығармашылық топтар сол бөлінген қаражатты дұрыс жұмсап, сапалы туынды түсіруі тиіс. Сонымен бірге Орталық мамандары барлық жобаны алғашқы күннен, яғни «тәрелке шағудан» бастап, премьераға дейін бақылауда ұстайды. Жақында былтырғы питчингтен өткен 19 жобаның өндірісі басталмақ. Көп ұзамай биылға арналған жаңа конкурсты да жариялаймыз.
– 2022 жылы Қазақстанда мемлекет қаржысымен 62 фильм түсірілген. Соның 12-сі прокатқа шыққан. 62 фильмді түгел көрсетуге неліктен мүмкіндік жоқ? Осы сауалымызға анық-қанық түрде жауабыңызды білгіміз келеді.
– Прокатқа тек толықметражды фильмдер шығады. Иә, 2022 жылы 62 киножоба мемлекеттік қаржылық қолдауға ие болды. Бірақ оның 5-нің авторлары әртүрлі себеппен қаржылық қолдау алудан бас тартты. 2 жобаның авторларымен соттың шешімімен келісімшарттар бұзылды. Сонда 55-і қалды. Оның 16-сы ғана толықметражды фильм, қалғаны деректі және қысқаметражды картиналар. Бұл 16-ның тек біреуі қазіргі таңға дейін прокатқа шықты. Ол – «Бүркіт» фильмі. Қалғаны осы жылы жарық көреді деп жоспарланып жатыр.
– Мемлекет бюджетінен миллиардтап қаржы бөлінеді. Алайда, сол түсірілген фильмдерді прокатқа шығаруға бір тиын да қарастырылмаған. Екіншіден, шешімін таппай жүрген тағы бір мәселе бар. Ол – кинопрокатқа қатысты заңның жоқтығы. Қаржы тілін ұғатын прокат мамандарымен тек заң жүзінде сөйлесіп, фильмдердің көрсетілуін талап ете аламыз. Мысалы, Оңтүстік Корея киносының тарихына үңілер болсақ, оларда да бізге ұқсас жағдай болған. Өз киноларын ешкім де көрмеген. Бірақ олар заңмен жұмыс істеді. Кинотеатрларға жылына 365 күн бар болса, соның 103 күнінде экранда корей киносы ғана көрсетілуі тиіс деп міндеттеді. «Егер сендер біздің елде прокатпен айналысқыларың келсе, ендеше ұлттық киномызды көрсетіңдер» деп талап қойды. 103 күн – бір жылдың 30 пайызы. Ал біздің елде бұл мәселе қалай шешімін таппақ?
– Менен үнемі, өздеріңіз сияқты, «Біздің ұлттық фильмдеріміз қайда?» деп сұрап жатады. Бұл өте орынды сауал. Себебі, соңғы жылдары мемлекетіміз кинематография саласына қомақты қаржы қарастырғанымен, көрермен оның өнімін көрмей отыр. Фильмдер түсіріледі, алайда көбі прокатқа шықпайды. Туынды түсіріліп болған соң, кейін шаң басып қалмауы тиіс. Прокат, фестиваль, стриминг платформалар, телеарналар арқылы болсын, отандық туындылар көрерменге қолжетімді болуы керек. Бұл – халықтың қаражатына түсірілген фильмдер. Сондықтан жауапкершілікті түсініп, оның көрерменге жетуіне күш салу қажет екенін кинематографистерге түсіндірдім. Әрине, заң жүзінде талап етіп, ұлттық фильмдерді прокатқа шығаруға болады. Бірақ – бұл радикалды шешім. Прокат дегеніміз – бизнес. Нарықтың өз заңдары мен талаптары бар дегендей. Біз «өз киномызды ешкім көрмейді» деп айта алмаймыз. Қазір прокатқа жылына 70-80 отандық фильм шығып жатыр, олар шет елдің, Голливудтың жобаларымен бәсекеге түсуде. Сол бәсекеде көп жағдайда біздің отандық фильмдер жеңіс тұғырынан көрініп жатыр десем артық айтпағаным. Бұрын прокаттан тек Нұрлан Қоянбаев миллиард жинаушы еді. Соңғы жылы бірден 4-5 жоба миллиардтан астам қаражат жинап, отандық прокатты дүр сілкіндірді. Атап айтсақ, «Оян қазақ», «Таптым-ау сені», «Дәстүр» фильмдері және «Маған назар аудар», «Хотя бы кинода 2» картиналары қыруар қаражат жинады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сол себепті, Оңтүстік Кореяның мысалында заң жүзінде отандық киноларды прокатқа тықпалап, көрерменге «тек отандық киноны көру керек» деп олардың таңдау құқығын шектей алмаймыз. Мұндай қадамды өз басым дұрыс емес деп ойлаймын. Егер фильм сапалы әрі мазмұнды болса, өзекті тақырыпты көтерсе және ұтқыр түрде жарнамаланса, прокатқа мемлекеттің көмегінсіз-ақ шығады және керекті қаражатты жинап алады.
– Қазақ киносының әлемдік кинонарыққа шығу мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?
– Отандық кино соңғы жылдары қарқынды дамып жатыр. Көрсеткіш жаман емес. Туындыларымыз әлемнің барлық кинофестиваліне қатысып қана қоймай, жүлделерді қанжығалап жатыр. Мұның бәрі авторлық, яғни фестивальдік фильмдер. Әлемдік кинонарыққа жаппай көрермен көретін, әлемнің барлық түкпіріндегі көрерменге түсінікті болатын абсолютті хиттер керек. Құрылымды, жинақы, ерекше жұмыстардың жарық көруі үшін біршама уақыт пен күш керек. Біз қазір ақырындап өз нарығымызды жаулап жатырмыз. Одан кейін ТМД елдерінің нарығына шықсақ та жаман емес. Тек содан кейін ғана әлемдік кинонарық туралы айтуға болады.
– Халықаралық бәйгеде жүлде алған киноларымыз қандай себептермен халықаралық аренаға шықпайды? Тым болмағанда фестиваль өткізген, бәйге берген ел біздің киномызды өз экрандарында неліктен көрсетпейді? Бұл мәселені қалай реттеуге болады
– Мысалы, режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі былтыр Францияда прокатта болды. Сол Францияның көрермені біздің Әділхан Ержановтың фильмдерін жақсы көреді. Режиссердің жаңа туындылары прокатқа шығып тұрады. Біздің «Патриоттар уақыты» ең көп қаражатты Ресейдің прокатынан жинады. Бұл әскери экшн-драма және көршілес елде өзекті тақырып болғандықтан, жақсы көрсеткішке жетті. Туынды Қытайда да кинотеатрлардан көрсетілді. Жас кинематографистеріміздің «Жаным, ты не поверишь» фильмін әйгілі HBO сатып алып, өз көрерменіне көрсетті. Бұл – үлкен жетістік. Жоғарыда айтқанымдай, әлемдік кинонарықтың өз заңдары бар. Заңға бейімделе біліп, жобаңды қажетті деңгейде сата білу қажет. Бұл тұрғыда, өкінішке қарай, білікті кадрлар тапшы. Мүлдем жоқ десе де болады. Фильмдерді отандық прокатқа және халықаралық нарыққа шығару жолдарын түсіндіру үшін, алдағы уақытта кинематографистерге арналған тренингтер ұйымдастыру жоспарда бар.
– Соңғы уақытта прокатқа шығып жатқан көп киноның мазмұны арзан әзілге, өсек-аяңға негіз болған дүниелерден құралған. Неліктен біздің режиссерлеріміз көрерменнің көңілін арзан әзілмен аулауды әдетке айналдырды? Киноның басты арқалар өзегінің құны түсіп бара жатыр дегенге көзқарасыңыз қандай?
– Иә, бүгінгі таңда біздің кинонарықта комедия жанры озық тұр. Мәселен, өткен жылы еліміздің прокатына 74 отандық фильм шықса, оның 56-сы осы комедия жанрында түсірілген туындылар. Әзірге, біздің көрерменнің таңдауы осы жанрға көбірек түсіп тұр. Оның да өз себебі бар деп ойлаймын. Киноға адам не үшін барады? Көбінесе басындағы проблемасын бір уақыт ұмытып, жай ғана демалып, көңіл көтеріп қайту үшін барады. Жұмыстан шаршап шыққан адам кинотеатрға барып, одан ары санасына салмақ салғысы келмейді. Сондықтан комедия жанрының кассасы біздің прокатта көш бастап тұр. Оның үстіне комедияны түсіру оңай және арзан. Қазір бұл жанрдағы туындылардың саны басым болғанымен, уақыт өте келе осы сан сапаға айналады деген сенімдеміз. Десек те, көрерменіміз тек комедияларға барады деп те айта алмаймыз. Басқа жанрлар да қаражат жинап жатыр.
– Кинотанушы Дана Әмірбекованың: «Мәселе ақшада емес, идея мен кәсіби сценаристердің жеткіліксіздігінде…» дегеніне алып-қосарыңыз болса?
– Бұл сөздің де жаны бар. Қазір бізде өте профессионалды, мықты режиссерлер, операторлар, қоюшы-суретшілер, гримерлар, каскадерлер, тіпті композиторлар бар. Енді соған сай, мықты сценаристер болса деген тілегіміз бар. Мықты авторлар барын жоққа шығармаймыз. Дегенмен олардың саны әлі де аз. Қашан бізде осындай сценаристер, жазушылар, авторлар көбейеді, сол кезде біз әлемдік нарыққа шығатын туынды жасай аламыз деп ойлаймын.
– «Томирис», «Оян, қазақ» сынды ұлттық рухты көтеретін фильмдер бізге жаңа серпін әкелгендей. Тарихи фильмдерге жұрттың ықыласы қашан да жоғары екенін есте ұстағанымыз жөн.
– Тарихи фильмдерді біздің халық бұрыннан жақсы көреді. Бірақ, оны дұрыс көрсете, дұрыс сата алмай келдік десем артық емес. Мысалы, «Оян, қазақ» фильмі «ТикТок» әлеуметтік желісінде танымал болды. Фильмді көрген жастар кинотеатрдан шыққан соң, алған эмоцияларын видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жариялады. Сөйтіп, трендке еніп, көрермен қызығушылығын оятты, миллиардқа жуық қаражат жинады. Бұл да қазіргі заманның бір көрінісі. Сол себепті, заман талабына бейімделе білуіміз керек. Өз көрерменіңізді, аудиторияңызды дұрыс тауып, түрлі платформалар арқылы киноңызға қызықтыра білсеңіз, жақсы нәтижелерге қол жеткізетініңіз сөзсіз. «Оян, қазақ» пен «Дәстүр» фильмдері «біздің көрермен тек комедияларға ғана барады» деген сөзді жоққа шығарғандай.
– Әр істі нағыз маманға жүктегенде жақсы болар еді. Бүгінде кино деген өнер саласына әркім бас сұғып жүргендей. Кәсіби мамандар ғана емес, әншілер, вайнерлер, әзілкештер өздері фильм түсіріп жүр. Бұл үрдіске көзқарасыңыз қалай?
– Көзқарасым жаман емес. Кино нарығы бұл – ашық бәсекелестік алаңы. Тәуекелге барып, өз ақшаңа фильм түсірсең – ол өзіңнің жеке жауапкершілігің. Бір мезетте жаппай бәрі кино түсіріп жатады, алайда жеме-жемге келгенде нарықта тек мықтылар қалады.
– Мәдениетсіз, рухани негізі жоқ адам реформаны қалай жасайды, саясатпен қалай шұғылданады? Ал бізде шұғылдана береді. Бүгінде жастардың арасынан кино саласында өзіндік ұлттық сарындағы мәдениет пен білім көрініп тұратын қандай киногерлерді атар едіңіз?
– Біз жастарды қолдаймыз. Әрине, олардың арасында өзіндік көзқарасы бар, дарынды, талантты киногерлер бар. Мысалы, біздің орталықтың көмегімен екі туынды түсірген Дархан Төлегеновты айтуға болады. Екі фильмі де осы жылы көрерменге жол тартпақ. Сонымен бірге Алдияр Байракимовты да атап өткен жөн. Ал еліміздің жастары үшін үлгі ретінде – «Қаш» фильмінің режиссері Айсұлтан Сейітовты, «Дәстүр» фильмінің режиссері Қуаныш Бейсекті, Айтөре Жолдасқалиді айтуға болады.
– «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын» дамыту жолында алда қандай жоспарларыңыз бар? Көрерменді қалай таңғалдырмақсыздар?
– Алдағы жоспарлар туралы айтатын болсақ, осы жылы прокатқа біздің 30-ға жуық фильм жол тартпақ. Оның ішінде жыр алыбы Жамбыл туралы «Жамбыл. Жаңа дәуір», Ахмет Байтұрсынов туралы «Соңғы үкім», отызыншы жылдардағы ашаршылық жайлы «Өліара», Ұлы Отан соғысы туралы «Қара қыз», Қазақстан тарихындағы кепілге алынғандарды босату жөніндегі ең алғашқы операция туралы баяндайтын «Набат операциясы» фильмі бар. Сонымен бірге әртүрлі жанрдағы «А-Студио» тобының әндеріне негізделген «Солдат любви» мюзиклі, сыбайлас жемқорлық туралы «Жаза» экшн-драмасы, жастардың рэпке қызығушылығын тудыратын «Шу-ла-ма» картиналары бар. Фестивальді хиттер – «Бауырына салу», «Айқай», «Талақ» және «Дала қасқыры» да көрерменге ұсынылады. Бұған қоса, жоғарыда айтылған 19 киножобаның түсіріліміне дайындық басталды. Олардың қатарында 2011 жылы Таразда лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» фильмі бар. Авторлар бұл туынды арқылы ел тыныштығын қорғау жолында өмірін қиған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің батылдығын дәріптемек. Ал «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмі балаларды Отанды сүюге, достыққа адал болуға және мейірімділікке шақырады. Қазіргі қоғамның дертіне айналған лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» жобасы да көрерменге ұсынылады. «Қайрат» фильмі жастардың салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат Сұлтанқызы
2596 рет
көрсетілді0
пікір