• Ақпарат
  • 18 Қаңтар, 2024

ПАРИЖДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КІТАП

немесе қазақ даласындағы махаббат дастаны

1845 жылы француз тілінде Парижде басылып шыққан және Еуропа жұртшылығы жазушының шебер тілі мен бейтаныс дүниені таныстырғаны үшін разы болған туындыны бүгінгінің оқырманы біле бермесе керек. 
Ендеше, тарихқа үңіліп, аз-кем ақпараттарға шолу жасап, байыбына барып алсақ, бұл туындының негізі түсінікті болары сөзсіз. 
 

ХІХ ғасырда Қазақстан жайында ізгілікті істер мен еңбектер қалдырған орыс саяхатшыларының, ғалымдарының, әдебиетшілері мен шығысты зерттеушілердің (ориенталистер, востоковед, тюркологтар) қатары көбейе түскен заман. Себебі Орынбор, Семей, Маңғыстау, Қазақстанның басқа да өлкелеріне өз еркімен немесе жер ауып келгендердің арасында халқымыздың тұрмысымен танысып, әдеби мұрасын жинаушылар, жеке аңыздың, тарихи оқиғаның негізінде көркем шығарма жазушылар, жеке адамдардың суреттерін салып, еліміздің музыкасын зерттеушілер аз болмаған. Олар – есімдері әлемге әйгілі А.С.Пушкин, В.А.Жуковский, Л.Н.Толстой, Г.Успенский, В.Г.Короленко, Г.Зеленский, А.П.Крюков, Н.Н.Муравьев, В.И.Даль, И.А.Крылов, Т.Г.Шевченко, М.И.Михайлов, В.А.­Ушаков, Ф.М.Достоевский, С.Ф.Дуров, Е.П.Михаэлис, А.Н.Плещеев, Н.Успенский, А.А.Ивановский, П.Н.Распопов, Н.Г.Хлудов, А.Затаевичтер еді. 
Орыс ғалымдарының жинап, зерттеген материалдары, жазған ғылыми еңбектері қазақ даласына шыққан экспедициямен ғана шектелмеген, олар ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, өлкетану мекемелерін ұйымдастырушылар да болған. 
Мәселен, 1845 жылы Левшин мен Дальдің инициативасымен Омбы, Орынбор, Семей қалаларында орыс география қоғамының бөлімшелері ашылады. 1854 жылы осы қоғамға Ш.Уәлиханов мүшелікке сайланады. Ал Абайдың досы Е.П.Михаэлис Семейде облыстық статистика комитетін ұйымдастырады. 1876 жылы Абай оның құрметті мүшесі болып сайланады және өлкетану музейі мен Гоголь атындағы облыстық кітапхана ашылады. Сол тұста Орынборда Дальмен бірге басқа да ғалымдар «Ғылыми архив комиссиясы» өздерінің ғылыми жұмыстарын жолға қойған да болатын.
Орыс әдебиетінде алғаш рет жазылған, повесть қазақ өмірінен алынған көркем әдебиеттегі ең үздік туынды еді. Жазып қалдырған жан туралы дерек – жөні Владимир Даль, атақты орыс ғалымы, әлемге әйгілі төрт томдықтың авторы. 1845 жылы француз тілінде Парижде басылып шыққан «Бикей мен Мәуләна» атты повесті болған оқиға ізімен жазып орыс халқына қазақ өмірін алғаш таныстырған сүбелі кітап авторы. 
1833–1844 жылдар аралығында Орынбор өлкесіндегі шекара комиссиясының архивін зерттеп, ел аралап, тарихтағы аты қалған адамдармен кездесіп, қазақ елі жайлы көптеген материалдар жинап, жазып қалдырған. Жолдасына жазған хатында: «Жазды қыр сахарасында өткіземін, ауылмен бірге көшіп жүремін. Жайлау сондай жақсы, тіпті кеткің келмейді» дейді. Тілімізді жақсы меңгерген ғалым жергілікті халық тұрмақ, Исатай мен Махамбет батырлармен пікірлесіп отырған. Повестегі Бикей – Тана руының белгілі батыры Есенгелді Жанмурзиннің ұлы. Тана руы Бикей арқылы орыстармен дос болып, бекініске таяу жерде көшіп жүреді. Ал Бикей ерлікке, батылдыққа, ат үстіндегі ойынға шеберлігімен өзгелерден оқшау­ланады және құлдыққа қарсы шығады. Сондықтан да ру басшылары да, ұры барымташылар да Бикейге қастық жасап, өлтірмек болады. Бикей атастырған қызына емес, Мәуләнаға ғашық болып, шаңырақ құрады. Десе де Бикейдің туған ағасы Жанкүшік ата-дәстүрді бұздың деп інісі Бикейді азаптап өлтіреді. Әмеңгерлік заңмен баукеспе қайынағасына бермек болғанда Мәуләна қашып құтылып, Оралға, онан соң Орынборға, губернаторға барып, араша сұрап, өзін ақтап, күйеуін өлтірген Жанкүшікті жазаға тартуын сұрайды. 
Алайда шешек жұқтырып, ауыр хәлде жатқан Мәуләнаны туыстары тастап көшіп кетеді. Небәрі 22 жасында көште қалып, 1832 жылдың жаз айында ауыр хәлде дүниеден өткені жан-жақты баяндалып жазылған.  
Десе де, бұл оқиға бүгінгі күнге дейін ғалым әрі жазушының ең танымал шығармасы болып қала береді. Даланың «Ромео мен Джульеттасы» деген атқа ие махаббат хикаясы замандастарын баурап алады. Еуропа жұртшылығы Дальдің шебер тіліне, бейтаныс дүниені таныстырғанына риза болып, әдебиеттанушылар жоғары бағалаған. Махаббат хикаясымен танысып, оқып шыққан Белинский мен Тургенев газет, журналдарға мақалалар жазып, жақсы пікірлер білдірген. 
Сонымен қатар бұл әңгіменің этнографиялық құндылығы зор, өйткені қазақтардың әдет-ғұрыптары мен шекаралық Орынборға келді, орыс шенеуніктерінің олармен қарым-қатынасы туралы егжей-тегжейлі баяндалған туынды. Әңгімеден оқырман басты кейіпкерлердің керемет портреттерін ғана емес, Орынбор әкімшілігі өкілдерінің қызмет істеріндегі үнемі кездесуге мәжбүр болған көптеген адамның бейнелі суреттерін де  көре алады. Оқиғаның басты артықшылығы – автордың халыққа деген сенімділігінде жатыр. 
Өйткені автор, дәлме-дәл суреттеп, қаз-қалпында жеткізген. Қазақ халқының дүниетанымдық қағидаттары мен оның құндылық бағдарларына қатысты әңгімеден ең қызықты үзінділерге егжей-тегжейлі тоқтала отырып жазып, жеткізген. «Қазақ мәтінінің» жанрлық әртүрлілігі тұрғысын және   тұлға мен қоғам тақырыбы Даль шығармашылығындағы негізгі тақырыптардың өзегі болғанын да аңғаруға болады. Орыс әдебиетін қазақ халқының мәдениетімен қабысқан рухани тәжірибелік туындылармен  байытты деп айтуға болады және оқырманын кейіпкерлерімен баулып, оқуға деген қызығушылықтарын тудыра алған ғалым-жазушы. 
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы Сирек қорға  «Библиотека ХПТУ МВД» және «Библиотека Нар.Комис.Вн.Дел. ЖК. В.П.О. Н.К.В.Д. ДМ. Куйдышева», «Целина Библиотека» деген мөрлермен түскен 10 томдықтың 7-ші томы «Полное собрание сочинений Владимира Даля (Казака Луганскаго). Первое посмертное полное издание, дополненное, сверенное и вновь просмотренно по рукописьям. Том седьмой. Повести и расказы. Издание Товарищества М.О. Вольфъ. С.Петербургь-Москва, 1898» деп жазылған. 354 бетті құрайтын кітаптың мазмұны да қызық. Жалпы қазақ тарихы мен тыныс-тіршілігі және дәстүрін қамтыған бұл томы кез келген оқырманын зерттеуге шақырып тұрғандай. 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,
ҚР Ұлттық академиялық 
кітапхана қызметкері

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы