- Ақпарат
- 18 Қаңтар, 2024
Мемлекет және ұлттық мүдде

Пікірдің ашық болғаны қашан да құнды. Өйткені елдің дамуы көкірек көзі ояу адамды қашан да ойландырары сөзсіз. Сондықтан да Қазақстанның көркейгені бәріміз үшін маңызды. Ол үшін елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамығаны керек. Бұл орайда қазір елімізде жан-жақты, іргелі реформалар жүріп жатыр. Еститін үкімет барда халықтың пікірі де құнды саналуы тиіс. Ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқ етерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді. Сондықтан халық көзқарасын ашық айтады, өзгерістерді қолдап, қашан да қуаттайды.
Қансейіт Әбдезұлы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ұлттық құндылық – мемлекеттік идеологияның басты бағыты
«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» атты ауқымды сұқбаты қоғамдық пікірге үлкен қозғау салды. Ел ішінде сұқбаттың мазмұнын талдау, ой қосу, пікір айту кең көлемде жүріп жатыр.
Бұл өте орынды, болашағына үлкен үмітпен қарайтын қоғам үшін елдік талқылау мемлекеттің өркендеуі үшін ауадай қажет.
Мемлекет басшысы бұл жолы да қоғамда пайда болған көп түйткілдердің, елдің көкейінде жүрген көп сұрақтардың барлығына жасырмай, бүркемелемей, анығын, әділін айтып, тыңғылықты, тарқата жауап бергені қалың елдің көңілінен шықты.
Осындай сын сағаттарда, алмағайып замандарда, әсіресе бітеу жарадай болып жарылғалы тұрған күрделі кезеңде мемлекеттік, ұлттық, халықаралық саясаттың өзекті тұстарына тоқталып, ықтималдығы мол қауіп-қатерлердің де ауанын аңғарып, өз ой-пікірін ұстамды, шашып-төкпей, ашық білдіргенін тек игілікке балаймын.
Болашағымызды үлкен көрегендікпен, дер кезінде бағалап, бағамдап отырмасақ, қауіп-қатердің ауылы алыс емес екенін көрші мемлекеттерде жүріп жатқан соғыс өрті, жазықсыз жан тапсырып, өмірлері қыршынынан қиылып жатқан қаншама мыңдаған жас өрімдердің тағдыры мен тауқыметі біздерді де ойландырмай қоймайды.
Осындайда мемлекет басшылығында көреген, ой-парасаты өте биік, өте білімді, мемлекет мүддесі мен ұлттық мүддені таразы басындай тең ұстаған, алдымен елінің, халқының амандығын алдыңғы орынға қоя білетін басшы болмаса мемлекеттің тағдыры тәлкекке түсіп, геосаяси ойындардың ойыншығына айналатынын төңірегіміздегі қатыгез, қантөгіс соғыстар сан қайтара есімізге салып отыр.
Жылына кем дегенде екі рет осылайша бүкпесіз, қалың әлеуметті толғандыратын, пісіп-жетілген барлық қоғамдық, әлеуметтік, саяси, рухани мәселелерді күллі елдің талқысына салып отыру ұлттық бірлігімізді, ішкі ынтымағымызды нығайтатын, бекемдей түсетін басты фактордың бірі деп есептеймін. Сондықтан да Президентіміздің осы жолғы тарихи әрі тағдырлы сұқбатын тереңіне үңіліп, тебірене оқып шықтым.
Халықпен болған әрбір ашық әңгіме әр уақытта билік пен елді бір-біріне жақындата түсетіні анық. Халықпен әділ, адал, ашық сөйлесіп отыратын Мемлекет басшысының да абыройы биік болады.
Қаламгер ретінде маған әсіресе әсер еткені – сұқбаттағы ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарға, ұлттық тарихымызға, ұлттық руханиятымызға үлкен басымдық беріліп, мемлекеттік идеологияның өзекті бағытына айналғаны көңіліме сенім ұялатты.
Іргесі бекем, төрт құбыласы тең, әлемдік бәсекеде көш соңында қалып қалмаудың барлық қамын жасаудың тетіктеріне терең тоқталған Мемлекет басшысы осынау жолда алдыңнан шығатын қауіп-қатердің де көп екенін ойымызға салды. Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін заманның қарсаңында тұрғанымызды да ескертті. Жалпы ой көзімен үңіліп, мұқият, терең оқып шығуды қажет ететін осынау сұхбаттың қоғамдық, әлеуметтік салмағы біздерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз!
Бір сөзінде Президентіміз: «Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау», – деп ойын түйіндеді. Бұл жол әрине мемлекеттің қауіпсіздігі мен ұлттық мүддеміздің әрқашан да сабақтас, бірінсіз бірі болмайтынын есімізге салып, осы мақсатта аянбай еңбек ету қажетін айқындай түседі.
Ең бір айшықты сөз Мемлекет басшысының: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін», – дегені болды.
Яғни жалпыұлттық құндылықтарға бірінші кезекте мен мемлекеттік тілімізді, ұлттық руханиятымызды, туған әдебиетіміз бен өнерімізді, сан ғасырлар бойы арқауы үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерімізді, қазақтың тағдыры мен көрген тауқыметін бізге жеткізген қасиетті тарихымызды, осынау ұлан-ғасыр тарихымызда ұлтқа, елге, жерге тұтқа болған тұғырлы тұлғаларымызды жатқызар едім. Осынау бағытта да ел болып, еңсемізді тіктеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңсере еңбек ететін үлкен белестер алдымызда күтіп тұр.
Ғазиза Құдайберген,ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры:
Елді көркейту – әр азаматтың міндеті
Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сүбелі сұқбаты биліктің барлық тармағына, әрбір салаға жауапкершілік артады әрі қоғамға нәтиже шығаратындай салмақты ой салады.
Қазақстан халқына арналған 2023 жылдың есебі іспетті мақала алдағы жылға арналған жоспарларды да айқындап бергендей. Көптің көкейінде жүрген түрлі түйткілді мәселелер ескерусіз қалмады. Сұқбатта ұлттық болмысымыздың жаңаруы, санамыздың жаңғыруы, еліміздегі кейінгі бес жылда жүргізілген саяси реформалардың мән-маңызы жан-жақты сараланған.
«Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады», – деді Президент.
Адамзатқа алдымен денсаулық, сосын, білім керек. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім беру ошақтарының, денсаулық сақтау нысандарының салынуы, «жайлы мектеп» бағдарламасының іске асып жатқаны көңіл қуантады. Бұл ұрпағымыздың білімді, білікті болуына деген сенім, үміт. Ойы ұшқыр жастарға сапалы білім беру жолында кітапхана саласына да артылар жауапкершілік жоғары.
Қазақ қоғамына қозғау салған сұқбат – біздің дүние дамуында алды-артын бағамдай білетін еңселі ел, мәртебелі мемлекет ретінде орныққанымызды айқындап отыр. Өткен уақытқа есеп және атқарылар іс-міндеттемелердің бір парасы деуге толық негіз бар. Әркім өз қалағанын, өзіне қажетін алады. Мәселен, еңбекқорлық, білімпаздық, бірлік, ынтымақ, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық, үнемшілдік, менің ұғымымда нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиет пен құндылық дер едім. Бағамдасаңыз, мемлекеттің дамуына, оның экономикалық дамуына, рухани құлдырамауына, рухани өзегінің тамырлы болуына әрбір қазақстандық міндетті болуы тиіс. Себебі бізге сырттан біреу келіп тіліміздің құндылығын арттырып, қуатты мемлекетке айналдырып бермейді. Осы елде көктеп-өніп, нанын жеп, суын ішіп жүргендіктен, елді көркейту әрбір азаматтың міндеті һәм парызы деп ойлаймын.
Тарихты түгендейтін кітаптардың шығуы, ғылыми мекемелердің құрылуы, институттардың жаңғыртылуы, тұлғалардың мерейтойы жай ғана аталмай, ғылыми тұжырымдама беретін концепция жасалып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Иә, экономика жағынан қуатты болғанымыз дұрыс. Бірақ рухани әлсіремеуіміз керек.
Біз, кітапханалар, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, ақпараттың дұрыс тарауына жауапты, ағартушылық ақпарат таратушы мекеме ретінде мақалада айтылған біраз мәселелерді жоспарымызға енгізіп отырмыз. Айтылған құндылықтар сол айтылған жерінде қалмай, нәтиже шығуы, жемісін беруі, қоғамда көрінуі қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, халықтың рухани әлеуетін арттыруға арналған жұмысымызды ары қарай жалғастыра береміз.
Қоғамдық институттар, әлеуметтік даму, көпшілікке білім, ақпарат ұсынып отырған мекемелер, қай-қайсысын алсаңыз да, ұлтқа қызмет ету жолында, ұлттық құндылықтарды айқындауда, оны халыққа жеткізу мақсатында бірлесе жұмыс істеп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару, яғни барлығы бірігу керек деп ойлаймын.
Насурлла Бөртебаев,
Ядролық физика институтының бас директорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, физика-математика ғылымының докторы, профессор:
Шетелге электр энергиясын сатқан тиімді
Қоғам назарын өзіне аударған, халық ішіндегі талқыға түскен тақырыптың бірі – АЭС мәселесі. Елімізде атом электр станциясын салудың маңыздылығы мен қажеттілігі жөнінде мамандар пікірі қандай? Ядролық физика институтының бас директорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, физика-математика ғылымының докторы, профессор Насурлла Бөртебаевқа көптің көкейіндегі сауалды қойған едік.
– Насурлла мырза, елімізде атом электр станциясын салу туралы мәселе көтерілсе, қоғам пікірі екіге жарылады. Бір тарап қолдаса, екінші тарап сенімсіздік білдіріп жатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл мәселені халық шешеді» деп түйді. Сіздің маман ретіндегі пікіріңіз қандай? Бізге АЭС салу қажет пе?
– Ядролық физика институты мамандарының басты ғылыми зерттеу бағыттарының бірі – Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қажетті ғылыми-техникалық ұсыныстарды қалыптастыру. Бұл зерттеулердің қорытынды нәтижелері болашақ АЭС жұмысын қауіпсіз және тиімді ұйымдастыруға, сонымен қатар қызмет жасау мерзімін белгіленген 60 жылдан тағы да кемінде 15 жылға ұзартуға мүмкіндік бермек. Әрине, атом электр станцияларын қауіпсіз пайдалануды тек білікті ядролық мамандардың арқасында ғана іске асыруға болады. Ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізумен қатар, ЯФИ еліміздің жетекші университеттерімен бірге ядролық мамандарды дайындайтын базалық ұйым екенін өздеріңіз де білесіздер. Қазіргі уақытта өзіміз дайындаған ядролық инженерлеріміз Қазақстандағы барлық ғылыми-зерттеу реакторларын сәтті басқаруда. Сондықтан да болашақта, АЭС салынған сәтте оған қажетті білікті мамандарды толық көлемде дайындауға мүмкіндігіміз бар, сонымен қатар арнайы шетел ғылыми және білім орталықтарымен осы мамандардың біліктілігін арттыруға қажетті келісім-шарттарымыз да бар.
Иә, біз Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы түпкілікті шешім қабылдауға қажетті сәтке жеттік. Қазіргі уақытта бұл үшін бірнеше дәлелді себептер бар. Бұл, ең алдымен, электр қуатының тапшылығы. Бүгінде, еліміз жалпы электр қуатының тапшылығын бастан кешуде, бұл біздің энергетика секторын осал етуде. Мәселен, былтыр қаңтар айында елімізде электр энергиясының тапшылығы 4,2 млн кВт/сағ болса, ақпанда 23,3 млн кВт/сағ құрады. 2022 жылы сегіз ай тапшылық болды. Қазір біздегі тапшылық 1,5 мың мегаватқа жетеді. Егер бізде бүгін атом электр станциясы болса, бұл тапшылықты өтер еді.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлiгiнiң электроэнергетикалық қуатының жетi жылдық балансы бойынша 2029 жылға қарай электроқуатының тапшылығы 3 ГВт-тан жоғары болатыны айтылады. Жылу электростансияларының көпшiлiгi жобалық қызмет ету мерзімінен артық жұмыс істеп тұр. Олардың кемінде 39 пайызы 40 жылдан астам жұмыс істеп келеді. ЖЭО-ның кемінде 36 пайызында 75 пайыздан астам тозу жинақталған.
Ең маңызды аргумент, АЭС – бұл ауа-райына немесе кез келген басқа жағдайларға тәуелсіз тұрақты, кепілдік берілген электр энергиясын өндіру. Бұл атом электр станцияларының басты артықшылығы.
Бізде дамыған уран өнеркәсібі бар. Қазақстан уран өндіруде әлемде жетекші орын алады. Ал біз өзіміз осы мүмкіндікті пайдаланып, уранды қолданып электр қуатын өндіруіміз керек. Қажет болғанда шетелге уран сатқанша орнына электр энергиясын сатқанымыз анағұрлым тиімді.
– АЭС салынды делік. Тиімді тұсын айтып жатырсыз. Осы тұрғыда көпшіліктің көкейіндегі сауалды қоя кетейін. Атом электр станциясын салу арқылы біз неден ұтамыз, неден ұтыламыз? Пайдалы болса, оны кеңірек қозғап, жан-жақты тарқатып айтып берсеңіз?
– Бүгінгі таңда әлемдік экономика көміртегі бейтараптығына көшу үдерісін бастады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі көміртегі бейтараптығы доктринасын дайындады. Осы доктрина бойынша Қазақстан 2060 жылға қарай 666 миллиард долларға парниктік газдар шығарындыларын нөлге теңестіруге көмектеседі. Доктрина деректеріне сәйкес, 2017 жылу секторында көмір және мұнай отынының жануынан болатын парниктік газдар шығарындылары елдегі жалпы 316,9 миллион тонна СО2 эквивалентінің 122,8 миллион тоннасын (39%) құрады. Ал 2030 жылы қос көміртотығы газының жалпы шығарындыларын 241 миллион тоннаға дейін төмендету жоспарлануда, бұл негізінен елдің энергетикалық секторындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) үлесін арттыру есебінен орындалмақшы. Болашақта біз жылу секторында көмір және мұнай отынын пайдаланудан бас тартпасақ үлкен айып төлеп, экономикамызға көп шығын келтіруіміз мүмкін. Атом энергиясын қолдану арқылы болашақта бұл шығындарды тудырмауға мүмкіндік ашылады.
Елімізде энергетикалық секторындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) үлесін өсіру қарастырылған. Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерінің ерекшеліктерін атап өту қажет – тұрақсыздық, ауа райы жағдайларына және тәулік уақытына тәуелділік. Бұл қондырғыларды біртұтас энергетикалық жүйеге тікелей қосу энергияны өндіру мен тұтыну теңгерімін сақтауды өте қиындатады. Ол үшін күн панельдері мен жел генераторлары сутегін өндіруге және оны кейінгі жануы мен сақтауға арналған арнайы қондырғылармен жабдықталуы қажет. Бұл Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйесінде осындай кешенді пайдалану кезінде жаңартылатын энергия көздерінің құнының айтарлықтай өсуіне алып келеді.
Стандарт ретінде біртұтас энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысы тұрақты жұмыс істейтін негізгі электр станцияларымен қамтамасыз етіледі және олардың үлесі кемінде 60-70 пайыз болуы керек. Базалық электр станциясы ретінде икемді немесе жаңартылатын энергия көздерінің орнына атом электр станциялары қолданған анғұрлым тиімді. Әрқайсысы 1000-1200 МВт екі немесе үш энергоблоктан тұратын атом электр станциясының құрылысы олардың іске қосылуы еліміздегі барлық электр энергиясын өндірудің 10 пайызға дейін қамтамасыз ете алады, ал болашақта оның үлесін 20-30 паызға дейін арттыруға болады.
Әлемдегі электр энергиясының бағасына қатысты бірнеше мысал. Мысалы, АҚШ-та 1 кВт / сағ электр энергиясының құны шамамен 15 долларды құрайды, Еуропада орташа есеппен 0,3 – 0,5 еуро, Польшада шамамен 0,35 еуро, Венгрияда-0,1 еуро, соңғы баға елдің жалпы энергия балансында атом электр станциясының болуы есебінен қол жеткізілді. Айта кету керек, Польша атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдады.
Атом электр станциялары өндіретін электр энергиясының құны электр станцияларының басқа түрлерімен өндірілетін энергиямен айтарлықтай бәсекелестік жасай алады. Көмірсутек генерациясында шикізат құнының үлесі шамамен 60-70 пайыз және бұл электр энергиясының бағасы көмірсутектер бағасының төмендеуіне немесе өсуіне тікелей байланысты екенін білдіреді. Атом генерациясында уран құнының үлесі 10 пайыздан аспайды, бұл уран бағасының ауытқуы электр энергиясының түпкілікті құнына іс жүзінде әсер етпейтінін білдіреді.
Осының өзінен-ақ пайдасын, тиімділігін, қажетін аңғаруға болады. Бастысы, еліміздің өсіп-өркендеуі, алға жылжуы, қажеттіліктің өтелуі тиіс.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева

1046 рет
көрсетілді0
пікір