• Cұхбаттар
  • 25 Қаңтар, 2024

Таңат Аяпова, филология ғылымының докторы: ОТБАСЫНДА АНА ТІЛІ ҮСТЕМ БОЛУҒА ТИІС

Ағылшын тілінен дәріс өткізу арқылы өзге ұлтқа өз еліңді таныту һәм насихаттау – еңбек пен ерлік. Қазақтың тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ағылшын тілінде сөйлетіп, әлемдік дәрежедегі университеттерде дәріс оқыған филология ғылымының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ, Шет тілдері кафедрасының профессоры Таңат Аяповамен жүздесіп, отбасы құндылығы мен ана тілінің шет тілдерімен байланысы мен сабақтастығы жайында әңгіме өрбіттік. 
Бүгінде ол жас ұрпақты тәрбиелеуге белсенді еңбек етіп жүрген білікті маман. 

– Таңат Тәңірбердіқызы, бала арманыңыз ағылшын тілі пәнінің маманы болу ма еді? 
– Ата-анам мені 5,5 жасымда мектепке берген. 6 жасқа толмағандықтан, мектепке қабылдамай қойды. Әкем қолымнан жетектеп алып барып, туу туралы куәлікті ауыстырып беретін мекемеден жасымды ұлғайтып, ресми төлқұжат алған. Менің арманым  математик болу еді. Өйткені, мектептегі олимпиадаларға математика пәнінен қатысатын едім. «Шет тілі маманы боламын» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Мектепте неміс тілін оқыдық. 
Кейін менің сыныптастарым: «Мұнда ағылшын тілі пәнін үйретеді екен. Математикадан гөрі ағылшынды оқысаңшы? Бізге қосыл. Бірге сабақ аласың. Мұғалімнен сабақ оқу үшін сол кездегі жарнамен 50 сом бергеніміз әлі есімде. Сөйтіп, ақырындап ағылшын тілін үйрене бастадық. Сабақты жақсы оқығаннан емтиханнан «4» деген баға алдық. Емтиханды тапсырып болған соң, үйге қарай беттедім. Әкем марқұм шетел маманының қажет емесін, математик болуым керегін айтатын. Намысқа тырысып, мектепте сабақты үздік оқығаннан кейін, сыныптастарым әлі де сол ЖОО-да  оқуды жалғастырып жүрген соң университетті аяғына дейін тәмамдап шығуды қолға алдым. Мақсатым орындалып, «Абылай хан атындағы ХҚжӘТУ-ді» үздік бітірдім. Топта ағылшынша сөйлемейтін үшеу болдық. Қалған тоғызы ағылшын тілін білетін. Олар бізге ерекше көрінетін. Кейінірек, ағылшын тілін жетік меңгерген соң, олардың қате сөйлейтінін де білдік. 
– Білім мен ғылымның даңғыл жолында сіз жүрген арнаға шырақ ұстап, мамандығыңызға деген махаббатты оятқан кім? 
– Асылында, өте намысшыл әрі өжет адаммын. Өміріміз жалғаса берді. Кәсіби маман ретінде өсе түстік. Оқытушы, ғылым кандидаты, доцент, профессор, ғылым докторы сынды оқыту деңгейіне дейін көтерілдік. Тұлғалық өсуіме бірден бір себепкер болған өзімнің ұстаздарым. 
Сол кездегі «Алматы шет тілдер педагогикалық университетінде» жүріп Ленинград шайқасы кезінде сол оқу ордасында қалған ұстаздардан дәріс алдым. Өз ұстаздарымыз да бар. Олардың қатарында Б.Б.Сосновская деген мәскеулік және жоғары педагогикалық курстарға сабақ берген Мария Смит деген кісілер болды. З.А.Александровна деген мұғалім ағылшын тілінің әдістемесінен дәріс оқыды. Осы мұғалімнен алған білім негізгі іргетас болып қаланды. 
– «Сөйлеу әрекеті онтогенезі» монографияңызда адам баласының алғашқы сөйлеуіндегі синтаксистік даму және оның лексикалық, грамматикалық мағыналарға ұласу ерекшеліктері және осы ерекшеліктердің адам баласының когнитивтік дамуының көрсеткіші екені ғылыми зерттеу тұрғысында қарастыр­ы­­л­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ған. «Сөйлеу әрекеті онтогенезі» атты еңбегіңіз дүниеге қалай келді? 
– 1991 жылы Аризона университетіне алғаш барған кезім. Америкалық Саманта Крис дейтін маманның бағдарламасы бойын­ша Америкада орналасқан Тусон қаласына білім арттыру үшін бардым. Аризона университетінде сабақ беріп әрі жұмыс істедім. Екі топқа қазақ тілінен ағылшын тілді білім алушыларға дәріс оқыдым. Соның нәтижесінде, бұл тәжірибе кітап болып басылып шықты. Ойлап қарасаңыз, сол кезде қазақ тілін деңгейлетіп оқыту деген болмаған, ойда жоқ дүние. Саналы түрде ағылшын тілді адамдарды қазақ тілін білуге деңгей бойынша үйретіп, қазақыландыру керегін түсіндім. 
4 деңгейлі қазақ тілінің оқыту әдіс­темелігін жасап, қолжазбамды («Kazakh Textbook») АҚШ-тың Конгрестер кітапханасына қалдырдым. Ол әлемнің 70 елінің оқыту жүйесіне кіреді. Содан ол қолжазба Американың 22 университетінің сынынан өтті. Мен сол кезде «әлем қазақ тілін оқуға осынша ынталы ма?» деп іштей таңғалдым. Сөйтсем, олар «Қай ел бай? Қандай елмен болашақта дипломатиялық қарым-қатынас керек болады?» деген оймен үйретеді екен. 
Америкада жұмыс істеп келгеннен кейін Мэриленд университетінен шақырту қағаз алдым. Қазақстаннан келген маман ретінде үлкен құрметпен күтіп алғандары әлі есімде. Университетке кіре бергенде ұзын дәліз орналасқан. Сол дәліздің төрінде біздің елдің көк туы мен «Қазақ тілі» кітабы тұрды. Сол кітап 70 елде сатылды және әлі күнге дейін сатылып жатыр. Шыны керек, әдістеме сәл ескіріп қалды. Өңдеп, жаңартайын десем, оның мүмкін емесін білдім. Себебі ең алғашында авторлығымды алып, сатып алғаннан кейін ол түбегейлі өздерінің құқығында қалатынын ұғындым. Аз ғана қаражатқа сатылғанымен, қазақ тіліндегі оқу әдістемелік құралдың Америка шаһарында жарық көріп, оның қолданыста болғанына қуандым. 
– Аризона университетінде тек тәлімгер рөлінде емес, студент болғаныңызды да атап өттіңіз. 
– Тусон қаласында 40 дәріс оқыдым. Университет басшылығы дәрістің қағазға қарамай, әдеби әңгіме сияқты жүргізілу қажеттілігін айтатын. Дәріс Қазақстанның территориясы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сынды тақырыптарды қамтыды. Шетелде дәріс оқудың құны жоғары бағаланады. Оқытудан түскен қаражатыма 3 шәкіртімді қоса алып, Вашингтонға барып, демалып қайттық. Сол уақта қаланың әкімі «Тусон қаласының құрметті азаматы» атағын тарту етті. Айта өту керек, маған дейін Қазақстаннан келген мұғалімдер орыстілді болған. Оларға кінә артпаймын. Менің алдымда барған қазақтілді ағылшын тілі маманынан Әділ Құрманжанұлы Ахметов болды. Әділ мырзадан кейін өзім болдым. Америкадағы Тусон қаласының азаматтарына қазақ елі, халқы туралы ақпараттарға қанығуына көп үлес қостық. Сол елде жүргенде профессор ғылыми дәрежесіне дейін өстім. 
«Ағылшын тілінің тарихы» атты сабақ бар. Бұл сабақтың дәрісін профессор Айсмер оқитын болып шықты. Ол кісі маған: «Мен сізді тестілеуден өткіземін. Егер ағылшын тілін білу деңгейіңіз жоғары болса, корпоративті дәріс оқимыз»,–деді. Бұл ойын аса құптағаным жоқ. Жас болғандықтан, «4 курс оқитын америкалық студенттерге дәрісті қалай жүргіземін» деген іштей қобалжу болды. Аризона университетінде тек тәлімгер болған жоқпын. Ағылшын тілінің грамматикасын үйрену жолында студент те болдым. Күніне 3-4 сағат ұйықтадым десем, рас айтқаным. Америкалық үндістердің өмірімен таныс­тым. Мұндай мүмкіндіктің көп бола бермейтінін түсініп, мағыналы дүние жасауға тырыстым. 
– Ал «Қазақстан ғалым әйелдер қоғамының» негізін 2017 жылы қаладыңыз­дар... 
– Мақсат – қоғамның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар ету. Бұл адам баласының өмірге шыр етіп түскеннен кейін қалай ана тілінде сөйлеп, мектепке дейін оны білетіні туралы зерттеу жұмысы. Осы еңбекке баяндама жасадым. Профессорлармен пікір алмасып, ойымызды ортаға салдық. «Америкалық ғалым әйелдер қоғамына» мүше болып қабылдандым. Қай уақытта «Қазақтың ғалым әйелдер қоғамы» болады екен деген ой мені мазалай берді. «Қазақстан ғалым әйелдер қоғамы» 2017 жылы Абай атындағы Ұлттық университеттің үлкен залында өмірге келді. Қоғамның 450 мүшесі бар, оның ішінде 160-ы белсенді түрде жұмыс істейді. Біздің қоғамға мүше болу жарнасы америкалықтардағыдай қымбат емес (жылына 500 доллар), бір жылға 10 000 ғана теңге. Оның өзінде төлемей қойғандарды қоғамнан шығармаймын, төле деп те мәжбүрлемеймін. Демеуші – өзім. Қазақтың білімді қыздарын, қазақ ғалым әйелдерін әлемге таныту мақсатында осы қоғам дүниеге келуі керек болды. 
– «Қазақстан ғалым әйелдер қоғамына» қарасты журналдың бас редакторысыз. Бұл журналдың мән-маңызына тоқталсаңыз. 
– Бұл қоғамның өз журналы бар – «Ғылым. Әйел. Қоғам». Журнал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығады. 15 тұрақты айдары бар. Жаңадан 2 айдар енгіздік. Ол айдарлар әртүрлі мамандықтарға арналған. Мықты психолог ғалым Жамиля Намазбаева үшін арнайы «Психолог бұрышы» деген айдарды ойлап таптық. Математика пәнінің білікті маманы Аягүл Төлеуқызына жеке айдар ашып бердім. Журналдың «Лингвистика», «Ауыл шаруашылығы», «Медицина», «Ғалым әйелдердің шығармашылығы» сынды тағы басқа айдарлары бар. Жақында ғана журналымыз халықаралық дәреже (ISSN) алды. Журналдың парағы 200 беттен кем болмайды. Журналға қызығушылық танытатын ғалым көп. Журналға Phd докторанттар, магистранттар да қатыса алады. Қазақ тілінде мақала жазылатын болса, ол мақаланың абстрактісі ағылшын тілінде жарияланады. Шетел мамандары осы арқылы қазақ ғалымдарының ғылыми мақалаларына қызығушылық танытып, ұсыныс білдіре бастайды. Біз ол мақаланы ағылшын тіліне аударуға қол ұшын созамыз. Сегіз жылдың ішінде халықаралық конференциялар мен симпозиумдар өткіздік. Біздің мақсат – ғылыми алаң жасау. Сол ғылыми алаң арқылы халыққа, жастарға пайда келтіру. 
– «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» бірлестігінің о бастағы айқын мақсаты қандай болды? 
– «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамын» ашу ойымда болғанда мені райымнан қайтарғысы келгендер, бұл ойымның бұрыстығын алға тартқандар болды. Қазақ жастарының болашағы зор болса екен, қазақ жастары ата-бабамыздың салып кеткен дара жолына кір келтірмесе екен, «қазақ ұлы», «қазақ қызы» деген атауға сай болса екен, кең байтақ жерімізді қорғап қалатын білімді, тәрбиелі жастардың болғанын қаладым. 
Мақсат – қоғамдық өзекті тақырыптарға ғалым әйелдердің үнін жеткізу, олардың пікірлері мен ғылыми тұжырымдарын ұсыну. Айталық, қазір бүгін үйленіп, ертең ажырасып кету қалыпты жағдайға айналды. Мұндай үрдіс қайдан келді? Неге жетім-жесір бала көп? Неліктен отбасы құндылығы жойылып барады? Қоғамдық формация өзгерген тұста біздің дәстүрлі құндылықтар тоқырауға ұшырағаны мәлім. Біз ғалымдардың жиі бас қосып, конференциялар өткізіп, өздерінің түйгендері мен түсінгендерін, зерттеген тақырыптарын кеңірек насихаттауға тиіспіз. 
2023 жылдың 8 желтоқсанында қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы және Назарбаев атындағы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерімен бірігіп симпозиум өткіздік. Қазіргі жас отбасындағы ұлттық құндылықтардың қажеттілігі, жас отбасылардың ажырасу себептерін талқыладық. 
Алдағы 23 ақпан күні «Отбасы тәрбиесі: Ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибе өткізілмек. Бұл халықаралық ғылыми-тәжірибенің бірінші бөлігі баяндамаларға арналса, екінші бөлігінде дөңгелек үстел ұйымдас­тырылады. Дөңгелек үстелде жастар мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы мәселесі қозғалады. Бұл форумның басты ерекшелігі – ауылда істейтін ғалым-педагогтер мен мұғалімдерді шақыруымызда жатыр. Ауыл мұғалімдері дөңгелек үстелге қатысып, ғылыми мақалаларды тыңдаған соң, өз ойларын ортаға салады. Сол ортада айтылған, қаузалған дүниелерді ескеріп, мұғалімдердің бұл тәжірибені бала тәрбие­леуінде қолдануында үлкен мән жатыр. Абай атындағы педагогикалық университет пен ауыл мұғалімдерінің ғалым педагогтермен кездесуі нағыз тәжірибе алмасу болады. 
Ендігіде «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» атты бірлестік әл-Фараби атындағы ҚазҰҰ-мен бірлесе «Отбасы тәрбиесі: патриоттық тәрбие» атты конференция ұйымдастырмақ. Өсіп келе жатқан балаға жас күнінен патриоттық тәрбиені қалай сіңіру керегін үйрету мәселесі қаузалады. Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетімен бірігіп «Отбасы тәрбиесі: ана рөлі» деген тақырыпта конференция өтсе, Сүлеймен Демирел атындағы оқу ордасымен бірлесіп «Отбасы тәрбиесі: ер баланың рөлі» деген тақырыпта конференция өткізбекшіміз. Бұл форумға жастарды көбірек тартқымыз келеді. Біз білім алатын студенттермен тығыз байланыс орнатуға талпынамыз. Олардан отбасы тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына қатысты сауалдарды қою арқылы өміріне пайдалы болатын кеңестерді айтамыз. Ажырасу мәселесі қазақ қоғамында белең алып жатыр. Ертеңгі баланың болашағын ойлау мақсатымен ақылға салып, жастарға ажыраспаудың амалын тапса екен деген тілегіміз бар. 
– Отбасы тәрбиелесінде ата-ана ескеруі тиіс басты қағидат деп нені атап өтер едіңіз? 
– Отбасы тәрбиесі – бала үшін ең негізгі қазық. Отбасымызбен тілді жетік меңгергенбіз. Жас отбасы кезімізде біздің балалардың өз ана тілінде тәрбиеленіп, өсуі керек деген принципті орнаттық. Отбасында бір тіл – ана тілі үстем болуы керек. Бұл ата-ананың талабы болуға тиіс. Әрине, балаларды мәжбүрлемеуіміз керек. Өзге тілді білу артықтық етпейді, бірақ ана тілінің қадірін білмеген балаға ол артық кесел, жүк болады. Оларға байыппен айтып түсіндірсе, еш кедергі болмайды. 
– «Сөйлеу онтогенезі: бірінші тілдік тұлғаның дамуы» деген кітабыңызда ана тілінің құндылығын ұлттық тәрбие­нің  негізгі кредосы ретінде көрсетіп өткенсіз. 
– Бірінші деңгейлі тұлға дегеніміз кім? Ол ана тілінде сөйлейтін, өзінің төл мәдениетін ұстанатын тұлға. Балаға тілдің құдіреті мен құндылығы ата-ана арқылы сіңеді. Біздің ата-бабамыз: «Балаңмен құрсағыңда жатқан уақыттан бастап сөйлес» деген. Ертеден кешке дейін құрсақта жатқан бала ұрыс-жанжалды тыңдап өсуі керек пе, әлде ана тілінің әуезді үнін естіп өсуі керек пе? Міне, әңгіме осында жатыр. Қазақ баласы жатырда жатқан кезінен ана тілінің ырғақты да құбылмалы әуенін естігеннен кейін мидағы нейрондардың байланысуына жағдай жасайды. Біздің ата-бабамыздың мирас болып қалдырғаны – табиғи тілдік орта. Алғашқы адамдарда табиғи тілдік орта болмағандықтан, олар сөйлей алмады. Ал біздің балалар шын мәнінде бақытты. Оларда дайын әлеуметтік тілдік тарихи орта бар. Осыны құрметтей білу керек. Бірақ әрбір қазақ ата-анасы осының мәнін ұғына ала ма? Ұғынып жүр ме? 
Әлеуметтік орта деген ғылыми түсінік бар. Ол тілдік ортадан кейін жүреді. Бала ең алдымен ата-анасымен әлеуметтік ортаға түседі. Бала мектепке екі ғылыми қатынастың арқасында қалыптасқан оқушы болып келеді. Біріншісі – тілдік орта, екіншісі – әлеуметтік орта. Мәдениет дегенді кеңінен қарауымыз керек. Сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі тану мәдениеті, тамақ ішу мәдениеті және тағы басқалары болады. Әр халықтың өзіне тән мәдениеті бар. Сол үшін біз өзіміздің ұлттық мәдениетімізге аса ден қоюымыз қажет. 
Ана тілі – құдіретті құндылық. Оқу мен жазу – мидағы сөйлеу нейрондарын дамытатын жаттығулар. Бұл туралы Л.Выготский өзінің «Мышление и речь» еңбегінде атап өткен. Кейбір ата-ана бала қолына қаламсап ұстай алмаса, қолынан ұрады. Ол дұрыс емес. Баланың миындағы нейрондар енді-енді қалыптасып келе жатқан кез болғандықтан, ата-ана баланың жағдайына түскені абзал. Оқылым мен жазылымды бала бірте-бірте меңгеріп алатыны түсінікті. Сонда бала екінші сыныптың соңында өзінің ана тілінің 4 сөйлеу әрекетін меңгеріп шығады. Сөйлеу, жазылым, тыңдалым және оқылым. Өзінің ана тілін жасына сай меңгеріп шығады. Шет тілі пәнін үшінші сыныптан бастап қана енгізсе жөн болады. Ал біз болсақ, өзінің ана тілін меңгермеген балаға балабақшадан, бірінші сыныптан бастап үйретеміз. Ағылшын тілінің маманымын, ал шет тілін бірінші сыныптан бастап үйретуді балаға жасалған қиянат деп білемін. 
– «Өзге тілдің бәрін білуге» ұмтылмақ керек. Алайда тілі енді шыға бастаған балаға ана тілімен қатар шет тілдерін үйретуге ғылыми тұрғыдан көзқарасыңыз қандай? 
– Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып тұрған кезде ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады деген талап орнады. Әлі күнге дейін балабақшаларда ағылшын тілін үйрету ісі жүріп жатыр. Бастапқыда бірнеше тілді баланың санасына сіңіру жетістік болып көрінгенімен, бұл болашақта баланың дамуында үлкен тосқауыл болатын дүние деп танимын. Баланың қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Бала өзінің шыққан тегін, ұлтын таныса ол алмайтын қамал болмайды. Қазір көптілді орта қалыптасқан. Тіл ең алдымен – байланыс құралы. Бала бақытты, толық адам болып қалыптасуы үшін оған ата-ананың, бауырларының септігі зор. Сол үшін де отбасында бір тілдің үстем болғаны жөн. Қазақ мектептерінде оқушылар орысша сөйлейді. Ол үрдісті тоқтату қиын. Бірақ мұғалімдер қандай шара қолдануы тиіс? Тек қана қазақ тілінде сөйлеу беруі керек. Олар өздері қазақ тілін түсінуге ыңғайлана бастайды. Мәселен, мен ағылшын тілінен сабақ бергенде оқушыларым өзімнен озатын мықты маман иелері болып шығуы үшін тек ағылшынша сөйлеймін. Бірде бір өзге тілді қоспаймын. 
Біз жастарды бүкіл әлемдегі замандастарымен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жеткізуге тиіспіз. Болашақ – білімдінің, ал білім – тәрбиелінің қолында. Мамандықты жақсырақ білуге ұмтылу керек. Өз ісіме аса жауапкершілікпен қарадым. Мектепті, ЖОО-ны үздік бітірдім. Әлі күнге дейін даму үстіндемін. Мамандықты игеру жолында ЖОО-да әлем әдебиетін, 44 романды түпнұсқадан оқыдық. 
Студенттеріме қателік жасаудан қорықпау керегін айтамын. «Сөйлегенде қателік жіберіп аламын» деп мүлде сөйлемей қоятын студенттерім бар. «Онда тұрған дәнеңе жоқ» деп, студентпен жеке сөйлесіп, психологиялық шекараны жоямын. Абсолютті идеалға жетуге тырысу керек. Бірақ дүниеде абсолютті ештеңе жоқ екенін түсінген жөн. 
Мен аудиториядағы әрбір адамды жақсы көремін. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»  деп  Абай бекер айтпаған. Аудитория менің құрметімді асырады. Оқуға, үйренуге келген студенттерді жақсы көремін, құрметтеймін. Ал ондай студенттерге лайықты білім беру – әрбір мұғалімнің парызы, міндеті. Қабілеті төмен, ынтасы жоқ балалармен жеке сөйлесемін. 
Жақсы оқитындардың қасына отырғызып, әр қадамын қолпаштаймын. «Жаман, жаман десе, бөркі қазандай болады» деген қазақ. Адам еңбекқор болуы қажет. 
Дәріскер тек сабағын ғана айтып, жөніне кете бермеуі тиіс. Аудиториядағы балалардың аты-жөні, көңіл күйі, жағдайы пәнді түсіну үшін өте маңызды рөл ойнайды. Тобымда тұрмыс құрған қыз-жігіттер бар-тын.Олар маған отбасылық құндылықтарға байланысты сұрақтар қоя­ды. Ақыл-кеңесімізді береміз, студенттің жай-күйіне алаңдаймыз. 
Студенттерге мұғалім де, дос та бола білдім. Әр балаға жеке тұлға ретінде қараймын. Басты артықшылық осыда болар. Кеңшілікпен, түсінікпен қарауға тырысамын. Мұғалім студенттен бір адым алға жүруі керек. Технологияны да игеріп, жастардың тілінде сөйлеуге икемделгені дұрыс. Мамандығымды осы уақытқа дейін жақсы көруімнің себебі осы. Шетелдік студенттердің қазақ білім алушыларынан ғылымға, жұмыс істеуге деген құлшынысы едәуір байқалады. Шетелдік студенттер жұмыстан қалмайды, қандай істе де ешқандай ескертпе алмайтындай етіп жұмыс істейді. Олардың жастары бәсекеге қабілеттілігі жағынан алдыда. Олардан шикілік байқалатын болса, жұмысынан шығып қалады. 
– Ағылшын-қазақ тіліне тұңғыш аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігін құрастырдыңыздар.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті. Сөздікте 60 мыңға жуық сөз қамтылған. Осы сөздікті құрастыру жолында Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алатын 4 шәкіртімнің басын қостым. Мықты мамандармен бірге топ құрып, ағылшын-қазақ сөздігін құруға 2 жыл бойы жұмыс атқардық. Қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ сөздіктері бар. Екеуінің ішіндегі қиыны – ағылшын-қазақ сөздігін жасап шығару. Ағылшын сөздерінің қазақша баламасын табу қажет. Қазақ сөздерінің ағылшын баламасын табу оңайырақ. Ағылшын сөзін қазақ тіліне тікелей аудара салу емес, қазақи санаға лайықтап жасау. Бір ғана мысал келтірейін. Біз қазақтар «саған 100 рет, 1000 рет айттым» дейміз ғой. Ал ағылшындар «I told you fifty times» дейді. Кейбір ағылшын тілінде сөйлейтіндер мұны қазақша тәржімалағанда «саған 50 рет айттым» деп айтуы мүмкін. Оны естіген қазақ күледі де, түсінбейді. 
Біз ағылшын тілін үйреткенде ағылшынның санасымен үйретпейміз. Ағылшын елінің мәдениеті өзінің төл мәдениетінің негізінде пайда болады. Мәселен, «қаламсап» деген қазақ сөзінің ағылшынша аудармасы бар. Бірақ ағылшын тілін меңгеріп жатқан адам қаламсаптың аудармасын ғана түсінеді. Ал қаламсаптың не екенін, неге арналғанын ана тілінде біледі. Көп сөздердің мағынасы, алғашқы концепциясы ана тілінде беріліп қойған. Отбасы институтында ана тілінің қадірі үстем болуы керек деп бекер айтып отырған жоқпын. Ата-ана мектепке дейін баланы ұлттық құндылықта тәрбиелемесе, ана тілін ардақтауға үйретпесе, ондай бала болашақта космополит болып шығады. Оған ұлттың керегі болмайды. Отан, туған ел деген ұғымдардың мәні жоғалады. Ұрпақ тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу. 
Біздің қоғамға білім керек. Абай тектен тек «Ғылым таппай мақтанбаудың, орын таппай баптанбаудың» керегін айтпады ма? Ғылым – бәріне негіз. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан  
Бағдат Сұлтанқызы 

2641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы