- Cұхбаттар
- 01 Ақпан, 2024
Әдебиеттегі әйел бейнесі: біздің заманның кейіпкері қандай?
Әдебиеттанушы, ақын Айнұр Төлеумен кең көлемді сұқбат алу жоспарда бұрыннан бар еді. Бүгінгі шағын әрі жедел сұқбатымызда «Біздің заманның кейіпкері» – модерн әйел образы әдебиетте қалай жасалып жатыр деген аз-кем сауалмен ғана шектелмекпіз...
– Айнұр қазір прозада әйел образы қалай жасалып жатыр деп ойлайсыз?
– 2021 жылы COVID-19 пандемиясы кезіндегі (Фридрих Эберт атындағы Қордың қолдауымен) Қазақстан медиасының мазмұны, дискурсы мен риторикасы талданып, үлкен ғылыми зерттеу жүргізілді. Сол жобаның ішінде «Карона күндерінің әдебиеті» деген атпен көркем шығармалар да талданды. Пандемия кезінде жазушылар өнімді жұмыс істеді. Ақындардың шығармашылығын «Отшашуға дейінгі өлеңдер, кейінгі өлеңдер» деп бөліп қарастырдық. Зерттеу көрсеткендей, прозалық шығармалардың басым бөлігінде вирусты тасушы, қауымға қауіп төндіруші – әйел кейіпкерлер ретінде берілген. Неге авторлар саяхат жасайтын, еркін, модерн әйелдерге «қауіп төндіруші» деген анықтама берді? Бұл бүгінгі әдебиеттанушыларды ойландыратын сұрақ. Көркем шығармалардағы кейіпкерлердің бірегейлігін зерттеп, бүгінгі заманның әйел образы қандай, еркек образы қандай деген сұраққа жауап беретін зерттеулер де жүргізіліп жатыр. Айталық, Жолдасбек Мәмбетовтың «Қазіргі жастар прозасындағы әйелдер бейнесінің типологиясы» деген зерттеу мақаласы бар. Ермек Адаева «Қазақ әдебиетіндегі гендерлік стереотиптер» тақырыбында төңірегінде шолу жасаған.
Ғалымдар қазіргі әдебиетіміздегі әйел бейнелерін үлкен үш топқа бөліп көрсеткен:
1) Арманшыл және әлжуаз, жеке өмірі қоғам талқысына түскен әйелдер. Лира Қоныстың «Айгүл» әңгімесі осы топқа жатқызылады.
2) Қайсар әйелдер. Бұл әйелдер рухани әлсіз еркектермен күреседі. Қанат Тілеуханның «Қайтқан қыз», Ерғали Бақаштың «Еден жуушы» әңгімесіндегі кейіпкерлері осы типтегі әйелдердің бейнесінде талданған.
3) Сайтан мінезді әйелдер типі бар. Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуезін» айтсақ болады.
Әдебиеттанушылардың бұл талдауына қосарым, әдетте авторлар заманауи әйелдерді үшінші типке жатқызады. «Карона күндерінде...» жазылған прозалардағы әйелдердің қауіп төндіруші, сайтан мінезді болуы содан. Технологияны меңгерген, көзі ашық, саяхат жасайтын, көп тіл білетін, сауатты әйелдерден қорықпауымыз керек. Сондай модерн әйел кейіпкерлер біздің әдебиетімізге қажет.
– Жалпы қазіргі прозаға қойылатын нақты талап бар ма?
– Зерттеушілер қазір әдебиет пен өнерде метамодернизм дәуірі басталды деп жатыр. Әдебиетте үнемі эксперимент жүріп жатады ғой. Сондықтан нақты бір талап бар деп айту – қиындау. Бірақ шығармадағы әйел образының берілуі біздің санамыз бен көркемдік ойлауымыздың деңгейін анықтап бере алады. Әлемдік деңгейде шығарма жазғысы келетін жазушылармыз осыны ескеруі керек. Осы орайда заманауи қазақ әйелінің образын ашатын қазақ тіліндегі повестке бәйге жариялаған «Алқа» баспасының бастамасын әлемдік прозаға қойылатын алғышарт деп білемін. Өнер мен әдебиет қандай әйелге фокус қойып жатыр – қоғамдық сананың да бар фокусы сол жерде деген сөз. Себебі әдебиет оқырман сұранысына сай жазылады. Оқырман мен жазушы арасындағы байланыс үзілмеуі керек. Жазушы үнемі аудиториясын зерттеп отыруы қажет. Иә, замандастарымыз заманауи қазақ әйелінің образын ашатын (қазақ тіліндегі) повестке арналған «Алқа» грантын жариялап отыр. Авторлар жаңа туындыны 20 наурызға дейін alqapublishing@gmail.com электронды мекенжайына жіберуі керек. Грант иегерінің аты-жөні 5 сәуірде белгілі болады. Айта кетейік, жүлде қоры да қомақты. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі қоғамдық идеалдарды анықтап, жазушылардың шығармашылығын ынталандыруды, мәдени дамудың жаңа векторларын, мәдениетаралық байланыстардың жаңа бағыттарын іздеу арқылы қазақ әдебиетін әлемдік әдеби кеңістікке сай дамытуды, қазақ әйелінің заманауи келбетін ашуды мақсат тұтқан баспаның бастамасы көпке үлгі. Қазақ прозасы осындай гранттардың арқасында тың туындылармен толығады деп ойлаймын. Себебі өзгеше жазуға қашанда мотив керек қой. Бізге соцреализм қалыптастырып берген әйелдердің образынан арылу керек. Себебі қазіргі зайырлы, азаматтық қоғамға ол кездегі жасалған шаблон мен құндылықтар жарамайды.
– Бүгінгінің оқырманына қандай проза өтімді?
– «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп бір ғасыр бұрын ғана айтуға болатын еді. Қазір түзу сөзді табу қиын емес. Себебі жастар бірнеше тіл біледі. Біздің жазушылар жазбаған жанрларды, жасамаған эксперименттерді оқырмандар басқа әдебиеттен оп-оңай тауып алады. Сондықтан енді жазушы оқырманның талабына сай жазуды ойлайтын кез келді. Әдебиеттануда кейіпкердің психологизміне талдау жасалатын еңбектерді көп кезіктіремін. Демек, оқырман кейіпкер психологизміндегі түрлі мінез қатпарларына дендегенді құп көреді. Модернизм ағымында әбден қалыптасқан образ күрделілігі әлі де оқырманды қызықтыратын сияқты. Жас ерекшелігіне қарай өтімді жанрлар бар ғой. Балалар аниме, комикстерге қызығады, жасөспірімдер мен жастар ғылыми фантастикаға қызығады. Cоғыс жүріп жатқан елдердің әдебиеті әлемді қызықтыруы мүмкін. Ондай тенденцияны да жоққа шығара алмаймыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен
Қарагөз Серікқызы
4114 рет
көрсетілді0
пікір