• Ақпарат
  • 01 Ақпан, 2024

Баспасөздің бесаспабы

Қазақ баспасөзінде аты мен тегі бір-бірімен қабысып-қиысып тұратын қаламгерлер аз. Сол аздың бірі де, бірегейі есімі белгілі журналист Берік Бейсенұлы. Кейде тіпті, осы қос «Б»-ға қарай отырып, оған: «Беке, қайбір жерде қол қоярда аты-жөніңді ұзақ-сонар жазып жатпай-ақ, қысқа да-нұсқа «ББ» деп қоя салмайсың ба?», – дегің-ақ келеді. Бірақ өкінішке қарай, олай деп ақыл айта алмаймыз, өйткені, ол журналистикадағы алғашқы қадамын бастаған кезден-ақ әу бастағы ныспысы – Жүндібаевты «ұлы» сөзіне ауыстырып, қазірге дейін қазақ баспасөзінде Бейсен ақсақалдың атын әйгілеп келе жатқан сөзі мен ісіне һәм кәсібіне берік жазбагер. 

 

Иә, біз бүгін неге бұл есім-сойдың иесі жайлы сөз қозғадық? Оған себеп – қазіргі қазақ баспасөзінің белді бір өкілі, осы Берік досымыз ақжелкенді алпыстың ауылына ат басын тірепті. Негізі жылдар өткен сайын әрбір үлкенді-кішілі тіршілік иесі өзгереді ғой. Мәселен, дүбірлі бәйгеде шашасына шаң жұқтырмайтын хас тұлпардың да уақыт өте келе арыны басылатыны секілді жұмыр басты пенденің де жылдар өткен сайын самайын қырау шалады, өзі де байырқалана түседі. Солай бола тұрса да, самай шашы аздап бурыл тарта бастағаны болмаса, өз басым бәрібір Бекеңді қатты өзгерді дей алмаймын. Мойылдай қос жанары, қияқ мұрты, кеудесін сәл артқа тастап, жотасын тік ұстап шалқалай жүретін жүрісі, сырт көзге сыпайы болып көрінгенімен, әділдіктің қыл мойны бұралғанда қарап тұра алмайтын тарпаң мінезі, бір нәрсеге риза болғанда шуағы жан-жағын сәулелендіріп жіберетін риясыз күлкісі, бәрі-бәрі сол бұрынғыдай. Оған қоса оның ара-­арасында байқатпай шымшып алатын уытты тілін, бір нәрсені жақтырмай қалса, көп сөйлемей, сөзін шорт кесетінін, өзіне қарап тіл қатқан адамды бөлмей, өң-түсін салып, бар ынта-шынтысымен қатқан қазықтай отырып мұқият тыңдайтынын қайтерсің. Сол қалпы ғой, сол қалпы... Айтпақшы, шаш демекші, бірде мен оған: «Беке, сенің Аралдың толқынындай, жуғанда тіпті бұйраланып кететін бір кездегі бұйра-бұйра қара шаштарың қайда?» деп әзілдегенімде, оның маған сөзден әсте ұтылмайтын әдетіне басып, сәл үзіліс жасай отырып: «Бұйра-бұйра... қара шаштар... жылдардың ... еншісінде... кетті ғой»  деп, бір-ақ ауыз сөзбен «мат» қойғаны бар. Мұндайда: «Тәйірі, сол да сөз болып па, мәселе, шашта емес, баста ғой» дейміз де. Қалай десек те, өмір өзгеріп, пенде атаулы модалы мінезге көшіп, сағат сайын құбылған қазіргі заманда еш өзгермей, өзінің табиғи қалпын сақтап қалудың өзі де адамның шыққан тегі мен өсіп-өнген ортасына байланысты болса керек. Оның кіндік қаны тамған жер – Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық транзиттік автожолы бойын­дағы, диқаншылар мен малшылардың құтты ұясы – Жаңақорғандағы Төменарық ауылы. Мәскеуге апаратын темір жол да Беріктің ауылының қақ ортасынан кесіп өтеді. Ол қарапайым механизатор Бейсен мен батыр ана Шәркүлдің жанұясында өсіп-өнген 9-баланың екіншісі. 1981 жылы мектепті бітіргеннен кейін ол КазГУ-дің филология факультетіне түсуге талаптанды. Алайда «бап шаба ма, бақ шаба ма» дегендей, қасиетті білім ордасы оны алғашқы, кейінгі, тіпті, одан кейінгі жылдары да жатырқады, жолы болмады. Ал «тәжірибелі» талапкер болса, арман-мақсатынан әсте айныған жоқ. Сонау Германиядағы етік киген екі жыл аяқталып, елге оралысымен Алматыдағы «СМУ-Университетстрой» мекемесіне тас қалаушы болып орналасты. Күндіз еңбек етіп, кешке дайындық курсында оқыды. Осылайша, ол болашақ мамандығына бесінші тәуекелінде қол жеткізді. 1986 жылы Қазақстандағы айтулы оқу орнындағы «серілер мен сылқымдар» ғана оқитын жалғыз журналистика факультетінің маңдайы жарқыраған студенті атанды. Сайып келгенде, бізді табыстырып-таныстырған да осы ҚазГУ, осы журфак. Біз бір курста, бір топта оқыдық. Жасы жағынан үлкендеу әрі бізге қарағанда бір көйлекті бұрын тоздырған азамат болса да, ол ешқайсымызды тосырқаған жоқ. Ашығын айту керек, журфакта оқитындар әу бастан екі түрлі сипатта болады. Біреулері бала жасынан газет арқылы танылған шала классик, сабаққа онша мән бермейді де, екіншілері жазу-сызуға келгенде шабандау, бірақ сабақ дегенді жата-жастана оқып, түсінбейтін жерін таңды-таңға ұра жаттауға бар. Біздің жазу жағынан қамшы салдырмайтын Бекең де бірінші күннен-ақ алғашқылардың санатынан табылды. Әсіресе, оның ұғымталдығы француз тілі сабағында айқын аңғарылатын. Біз – мектепте ешқандай өзге тілді оқымаған Дүйсехан, Бауыржан, Батес, Қарашаш, Ұлбала, Берік бәріміз осы шет тілі сабағында бір топта болдық. Әдетте, «ағылшын тілі ресми, неміс тілі бұйрықтың, ал француз тілі – ғашықтардың тілі» десек, осы бір «Р» әрпі «Ғ» болып айтылатын француз тілі сабағында тақтаның алдында тұрып алып, осы Бекең «Вонжуғ» деп, образға кіріп, сайрағанда көз алдымызда француз актері Жан Поль Бельмондо тұрғандай, ішек-сілеміз қатып, күлкіден аудитория­ны басымызға көтеруші едік. Курстасымның қазірге дейін өзім қызығатын бір қасиеті – уақытты тиімді пайдаланып, мақсатты жұмыс істейтіні. Ол сол студент кезінде сабақтан тыс уақытта дүкенде жүк тасушы болып істесе, кешкілік «ақындар мектебі» үйірмесіне де қатысып үлгеретін. Ал жазғы каникул бастала сала басқаларымыз ауылымызға асығыс аттанып жатқанда, ол университеттің әр факультетінен жасақталған студенттік құрылыс отрядында (СҚО) еңбектенетін. Ұмытпасам, ол қатарынан екі жыл бойы Алматы облысы мен Белоруссияда СҚО -да болды. Тек 3-курста ғана Қостанайдағы ауыл шаруашылығы жұмыстарына барды. 
Біздің арамыздағы алғашқылардың бірі болып, 4-курстан бастап «Алматы ақшамы» газетіне тілшілікке қабылданған да осы Бекең. Жарты нанды бөліп жеген достарына да адалдығынан болар, ол үнемі достарының «қыз алып-қашу» операциясының бел ортасында жүретін. Мәселен, курстас­тарымыз Дүйсехан мен Бейбіт нақсүйерлерін алып қашқанда ол сол оқиғаның басы-қасында болып, бағыт-бағдар беріп, сырт­тай бақылап тұрғанда, үнді фильміндегі әйгілі қыз алып қашқыш Амриш Пуридің өзін жолда қалдырған.
Біз өзімізді қаһарман курс санаймыз. 1986 жылы университетке түскен жылы орын алған Желтоқсан оқиғасының ортасынан табылсақ, оқу бітірген жылы қайта құру басталды. «Байтал түгіл бас қайғы» дейтіндей, қиын кезеңде диплом қолымызға тиісімен біріміз ауылға, біріміз қалаға кеттік. Ал Берік Бейсенұлы кәсіби еңбек жолын 1991 жылы таралымы 300 мыңнан асатын, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Лениншіл жастан» бастады. Өзі айт­қандай, алғашында қорғасынның иісін иіскеп, секретариаттың қара жұмысына жегіліп жүріп, сырбаз Сейдахметтің мектебінен сүрінбей өтті. Қазақтың алғашқы суретші-ретушері Бағдат Момбеков сынды ақсақалдың көзін көріп, өнегесін алды. Хатшылықта жүріп-ақ, спорт тақырыбына мақалалар жазып, өзін көрсеткен ол, аз уақытта ақпарат бөліміне ауысты. Кез келгеннің оң жамбасына келе қоймайтын, терең білім мен сараптауды талап ететін саясат, экономика тақырыбында көсіле жазды. Осылайша, 1991–2001 жылдары он жыл ішінде аталмыш бөлімдерді басқарды. Егер жастар газетінің қайта құру жылдарынан жаңа ғасыр басталғанға дейінгі тігіндісін ақтара қалсаңыз, оның қаламынан туған еліміздегі қоғамдық формациялар ауысар кездегі орын алған өзгерістер, бұрын тасада қалған ұлттық рухани-мәдени құндылықтар, шекаралас елдер мен Қазақстанның саяси-экономикалық қарым-қатынасы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дербес ел болып, өзінше отау құрған қазақ елінің жерүсті-жерасты байлықтарының игерілу барысы тақырыбындағы тұщымды мақалалары көзіңе оттай басылады. 
Қай салада да табиғи қабілетті шыңдайтын адамның еңбекқорлығы болса, біздің досымыздың да баспасөздің жілігін шағып, майын ішуіне оның осы қасиеті негіз болғандай. Сөздің шыны керек, мақаланы жазғаннан кейін кез келген тілші, оның макетіне бас қатыра бермейді. Жауапты хатшыға тапсырып, жүре береді. Ал Бекең болса, мақаланың тақырыбын қоюдан бастап, оның макетінің сәтті шығуы үшін жанын салады. Осындай тиянақтылығынан болар, отыз жылдық журналистік ғұмырында ол бір емес, бақандай алты бас редактордың орынбасары болды. Атап айтқанда, Қали Сәрсенбай, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы, Серғазы Мұхтарбеков, Қазыбек Иса, Ерлан Жүніс. Әсіресе, оның өмірінде 2004 жылы жаңа форматта жарық көрген «Айқын» газетінің орны ерекше. Аптасына бес рет шығатын үнжариядағы барлық мақаланы оқып, түн ортасына дейін макетті тексеріп, көз ілмей жұмыс істеуді айтпағанда, ондағы ұйымдастыру жұмыс­тарының да бел ортасынан табылатын ол, аз уақыттың ішінде өзінің тағы бір қыры – үйлестірушілік-менеджерлік қабілетін де таныта білді. Сондай-ақ оның журналистік қызметінде шарламаған жері жоқ. Алыс-жақын ТМД елдерін былай қойғанда, Грузияға барып, әйгілі В.Кикабидзе мен сол елдің президенті Э.Шеварднадзенің шаңырағында қонақ болу кез келген тілшінің маңдайына жазылмаған несібе. Тбилисиден келе салысымен жариялаған етектей мақаласының бір шетіндегі «Миминоның» бас кейіпкерімен түскен суретін көргенде досымыз үшін мақтанғанымызды несін жасырайық?! Тілшілік қашанда әмбебаптықты талап ететінін айтар болсақ, заман көшінен қалыс қалмау журналист үшін өте маңыз­ды. Бұл орайда «Қазақ үні», «Айқын» сынды үнжарияларда редактордың 1-ші орынбасары болып ысылған Беріктің тағы бір шыңдалған тұсы – интернет-журналистика кеңістігін жетік меңгеріп, 2018–2019 жылдары заманауи контенттегі «Qamshy.kz» ақпараттық агенттігін, 2019–2020 жылы «Қазақ газеттері» ЖШС-нің («Kazgazeta.kz») бас редакторы болған кезі. Қай жерде істесе де, түбінде газетке айналып келе берген ол қазір де «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары. Мұнда да ол басқа авторлардың жазбаларын өңдеп-түзетіп, нөмірге әзірлеуден бөлек, өзі де апта сайын көлемді мақалала жариялайды. «Ол осының бәріне қалай үлгереді екен?» деп ойлаймын, кейде. Десек те, тәуліктің биологиялық реттілік сағатын ұтымды пайдалана білген Бекең, қолға алған әрбір ісін уақтылы атқаратындығымен де көп жерде ұтатын секілді. Осы сөзімнің бір дәлелі, оның осы кезге дейін қызметтен қол үзбей жүріп, жарыққа шығарған «20 жыл айтылмаған ақиқат», «Қалам мен ғалам» және соңғы мерейтойлық «Ой. Өлең. Өмір» атты кітаптары. Бәрін қойғанда, өз басым оның осы атауы өзгеше соңғы кітабын парақтауға аса ықыластымын. Онда газеттің шанасына жегіліп, талай жыл жыр-тұлпарын саналы түрде тұсап қойып, мақала жазудан қолы тимеген әріптес-курстасымның әлі мен оқымаған жауһар жырлары, өміршең ойлары, мынау ғұмыр-жалғанның ғажап сырлары өзгеше өрнектелгеніне сенімім мол. Өзім телесала маманы болсам да, журналистің шеберлігін шыңдайтын ұстахана баспасөз деуден танбаймын. Бұл тұрғыда екі мүшелден астам уақыт қазақ баспасөзінің көрігін қыздырып келе жатқан Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері, Б.Бейсенұлының журналистік шеберлігі бүгінгі жас тілшілер үшін айтулы мектеп. Иә, кәсібін адаспай тапқан жанның, өмірлік жардан да жолы болса, одан асқан бақыт бар ма?! Бекең бүгінде өзіне жел соқса ық, тірек бола білген жан-жары, ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Ағима Әбілқызымен бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ал қос қанаты – қос ұлы Данияр мен Мадияр қаржы мамандығын игеріп, халықаралық компанияда еңбек етуде. Десек те, алпыстың ауылына алқынбай жеткен баспасөз бесаспабының басты бақыты – оның өзі секілді аты мен тегі жымдасып тұрған, үндес есімнің иесі – немересі Дияр Даниярұлы екеніне күмәнім жоқ. 

 Арай Сахариева, 
журналист, Қазақстан 
Журналистер одағының 
Кенжеболат Шалабаев атындағы сыйлығының лауреаты

1201 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы