• Ақпарат
  • 01 Ақпан, 2024

Қазақты көркейткен «ҚАЗАҚ»

2 ақпан – қазақ үшін қадірлі күн. Дәл осы күні «халықтың көзі, құлағы һәм үні болған» «Қазақ» газеті» жарық көрген еді. Дәл осы күні қазақтың сөзі тасқа басылып, ен даладағы елдің жайы, күйі, бары мен жоғы баспасөз бетінде жазылудың тарихи сәті туды. Енді міне, дәл осы күнді ұлттық баспасөздің тойы қылып мерекелейтін де уақыт туыпты. Басқасы басқа, газет-журнал үшін дәл осы күннің орны да, маңызы да бөлек. Сол үшін де сарапшыларға ұлттық баспасөздің салмағы қандай, маңызы неде деген сауал қойған едік.
 

Ғарифолла ӘНЕС, профессор:

Барлық тақырыпты қамтыған 

Біздіңше, қазіргі ұғымдағы баспасөздің барлық канондарына жауап беретін нағыз жалпыұлттық газет – 1913–1918 жылдары Орынбор қаласында тоқтаусыз шығып тұрған «Қазақ» газеті. Оның басты себебі газетті шығарушылар бұл іске арнайы дайындықпен келген болатын. 1905 жылдан бастап болашақ Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы газет шығару ісін қолға алып, талай есіктерді тоздырды. Оған тек 1913 жылдың басында ғана қол жеткізді. 
«Қазақ» газетінің негізгі шығарушысы, яғни бас редакторы Ахаң, барлық басылымды шығару ісінің қиындығы оның мойнына түсті. Семейде түрмеде отырған Міржақып Дулатұлы наурыз айының басында босап шығып, бірден Орынборға жетіп, редактордың орынбасары қызметіне кірісті. Ал үшінші жазушы Әлихан Бөкейхан ол жылдарда Самара қаласында қызмет істеді. Бірақ ол алғашқы сандардан бастап-ақ саяси тақырыптағы талдауларын, Ресей Мемлекеттік Думасында қаралып жатқан заңдардың түсіндірмелерін жазып, елдегі сайлау мәселелері хақында үнемі жазып отырды. 
Газет шыға бастаған күнінен бастап жер-жердегі авторлармен тығыз шығармашылық байланыс орнатты.  Сол кезде қазақ шоғырланған Ресейдің 9 облысы мен Астрахань губерниясындағы тұрғылықты жұрт, Қытай мен Түркия қазақтары, түрлі қалаларда оқып жатқан студенттер редакция жұмысына өте белсенді араласты. 
«Қазақ» газеті қамтымаған тақырып жоқ десек болады. Әрине, оқу-ағарту, мектеп, білім беру мәселелері алдыңғы орынға шықты. Жан-жақтағы қазақ дәрігерлері ел ішінде кең таралған аурулардан сақтану шараларын үнемі жазып тұрды. Газет малды асылдандыру, олардың ауруларын емдеу шараларымен хабардар етуден жалықпады. Тұрмыс-тіршілік туралы айтар болсақ, газет бетіндегі жарнамаларға арнайы тоқтала кетуге болады. Егін егу құралдары, сүт айыратын аспап түрлері, Зингер маркалы тігін машиналары үнемі жарнамаланып тұрды. Әр жерден жаңадан шығып жатқан қазақтілді кітаптар, әсіресе А.Байтұрсынұлының оқулықтары насихатталды. 
Ерекше бір атап өтетін нәрсе, «Қазақ» газетін шығарып тұру үшін 1914 жылдың басында ұйымдастырылған «Азамат» серіктігі Ресей қалалары мен шетелде оқып жатқан қазақ студенттердің баршасымен байланыста болды. Оларға арнап елден оқулары үшін жәрдем ақша жинастырды және олардың жаз айларындағы каникулдарында қазақ ауылдарына барып, мұғалім болып қаржы табуына жәрдемдесті. Сол сияқты 1916–1917 жылдары әскер қатарына қара жұмысқа алынған қазақ жастарының қазіргі Украина, Белоруссия жерлеріндегі қал-жағдайларынан да хабар алып тұрды. Ол мәліметтердің бәрі газет бетінде үзбей жарияланды.
Әрине, газет алғашқы санынан бастап руханият мәселесіне ерекше ден қойды. «Оқу жайы», «Бастауыш мектеп», «Қазақша оқушылар», «Орысша оқушылар», «Мектеп керектері» секілді бас мақалалар үлкен проблемалық мәселелер көтеріп, оқыр­ман тарапынан қызу талқыға түсті. «Мамания» мектебін үлгіге ұсынып, тіптен сол әулеттің демеушілігімен оқулықтар мен роман жазу бәйгесін ұйымдастырды.
Елдегі діни ахуал, «Қазаққа бөлек мүфтилік керек пе?» деген мәселе қызу талқыға түсті. Сайлау, олардағы қитұрқылар, халықтың бойындағы жағымсыз ғадеттер, әсіресе ел ішіндегі партияға жіктеліс газет бетінен түспейтін тақырыптардың бастысы болды.
Дәуірлеген кезінде үш мың таралыммен таралу жалғыз-дара газет үшін үлкен абырой еді. Шәкәрім ақсақал, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Міржақыптар су жаңа туындыларын ең алдымен «Қазаққа» ұсынатын. Кейін Алаштың көсеміне айналған Мұстафа Шоқай, Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбаевтар алдымен осы басылым бетінде көпке танылды, абырой-бедел жинады. 
Әрине, «Қазақтың» басты уайымы, ұлттық саясаты ЖЕР мәселесінің айналасына тоқайласты. «Отырықшы норма», «15 десиатина», «қала болу», «земство жайы», т.б. қазақтың басына түскен ауыртпалықтар мәселесін Алаш көсемдері жан-жақты талқыға салды. «Бас қосу», «Сиез өткізу» дау-дамайы 4-5 жылға созылып, 1917 жылы жалпықазақтық қос сиез өткізіліп, «Алаш» партиясы ұйымдастырылды. Ресейдің бұратана аймақтарында, жаппай ұлттық автономиялар құрылған кезде, қазақ жұрты шет қалмай, Алашорда үкіметін жариялап, Алаш автономия­сын (мемлекетін) қайта қалпына келтіруі тікелей осы «Қазақ» газетінің арқасында болған игілікті шаралар. Біз сол себепті де «Қазақтың бағына туған «Қазақ» газеті», «ХХ ғасырдың басындағы ұлттық төл энциклопедиямыз» деп мақтанышпен марқайып айтамыз. Оның дүниеге келген күні, 2-ші ақпанның «Ұлттық баспасөз күні» болуы да заңдылық. 

Қали СӘРСЕНБАЙ, қаламгер, «Juldyz» журналы бас редакторының орынбасары:

Ұлттық басылым жолы – Алаш жолы

 

Осы кезге дейін ұлттық басылымдардың мазмұнын жоймаған идея – Алаш идеясы. Алаш ардақтыларының ұстанған бағыты жаңа Қазақстанның идеясымен толық үндеседі. Сондықтан ұлттық басылымдардың ұстанымы Алаш идеясы болуы керек. Ұлттық басылым жолы – Алаш жолы болуы қажет. 
Бір ғана Әлихан Бөкейханның кейбір сөзіне назар аударайықшы: «Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса – сөз кестелі болады», «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», «Түбінде біздің қазақ тілі, бізбен тіл тұқымы бір, өзге мұсылманды байытпаса, бір-бірімізге қоңсы қонбаймыз ғой», «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой», «Түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген заман»... Әлихан Бөкейханның осы және өзге сөздері бүгінгі басылым беттерінде де жиі көрініс тапса, ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Ұлттық басылымда Алаш жолын ұстанған журналистер мемлекеттің дұрыс жұмыс істеуіне әсер етеді деп ойлаймын. Оны айтқан себебім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда қазақ мемлекетінің идеясы – мәңгі Алаш идеясы деп атап көрсетті. Меніңше, ұлттық басылымдардың ұраны осы болуға тиіс. Сонда ғана журналист құрметке бөлене алады, өзі де құрмет көреді. 
Мысалы, ұлт ұстазы деп Ахмет Байтұрсынұлын құрметпен атаймыз, әдебиетте Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды алыптарымыздың есімін аялап жүреміз. Сол секілді ұлттық баспасөзде де ірі тұлғалар болды ғой. Біз көбіне әдебиеттегі белгілі тұлғаларды тілге тиек етеміз де, баспасөздегі тұлғалаларды айта бермейміз. Ғасырдың басында да, тіпті Кеңес заманының өзінде де ұлттық баспасөздің мақтан тұтарлық тұлғаларын өсірді. Мысалы, бертін келе Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловтардан бастап, олардың жолын жалғаған Жарылқап Бейсенбай, Сауытбек Әбдірахмандар бар. Осы есімдерді көбіне айта бермейміз. Тұлғаға құрмет – елге құрмет, баспасөзге деген құрмет. Тұлғаға құрмет көрсете білсек, кейінгі буын мен орта буын, аға буынның арасында сабақтастық жібі беки түседі. Сонда ғана біз өзімізді елге сыйлата аламыз. Бұл кісілердің тұлғалық биікке шыққаны өз алдына, бас редактор болмаған, басшылық қызмет атқармаған журналистер де бар ғой. Тарихын ақтарсаң олар да тұлға. 
Бір ғана мысал айтайын, фельетон жанрының хас шебері Нури Муфтах деген журналист болды. Сонда редакцияға мұң-мұқтажын айтып келген адамдар редакторға кірмейтін. Бәрі Нури Муфтахтың есігінің алдында кезекте тұратын көрінеді. Ал ол кісі басшы емес, басқа емес, қарапайым ғана журналист. Міне, ортамызда Нури Муфтах секілді әділдікті ту еткен, ұстанымынан айнымайтын журналистер қазір де бар. Біз олардың бағасын, қадірін білуіміз керек. 
Сол үшін журналистер арасында да тұтас бір мектеп қалыптастыра білген, жазуымен, сөзімен тұтас бір буынға үлгі болған, ұстанымымен талай кем-кетікті түзеп, жаңалықты жасаған тұлғалар мектебі туралы арнайы бір жөн-жоба қарастырылса деймін. Ұлттық баспасөз саласындағы бұрынғы және қазіргі тұлғалардың аты аталып, еңбегі көрсетіліп, жаңалығы да қоса айтылып, ұлттық баспасөзді ілгерілетудегі маңдай тері тәптіштеп жазылып, кейінгіге үлгі ете білсек. 
Тағы бір мәселе, осындай тұлғалардың еңбегі мен дәстүрлі мектебі аталып қана қоймай, журналистерді даярлайтын оқу орындарында арнайы бағдарлама аясында оқытылса да құба-құп. Ұлттық журналистиканы, баспасөзді дамытудағы журанлист тұлғалардың рөлі мен еңбегі осылай да бағаланар еді әрі ұрпаққа да көмекші құрал жасаудың үлгісін көрсетер едік. 
Ал ұлттық баспасөздегі ұстаным туралы айтсам, жалпы әр баспасөздің өз ұстанымы болады. Баспасөз шарықтап дамуы үшін тосын, таңсық тақырыптарға бара білу керек. Қалыптасқан көне шаблондардың бәрін бұзу қажет. Жаңа тақырып табу маңызды. Бұрынғы қалыптасқан дәстүрмен, дағдымен өмір сүруге болмайды. Газет-журнал бетіндегі материалдар үнемі жаңғырып, жаңарып отырғаны да абзал. Меніңше, аға буын мен орта буынның журналистикада салған соқпағының жақсысын алып, жас журналистер жалғастырғаны жөн. Сонда ғана баспасөз қарыштап дамиды. 
Әр басылымның өз қолтаңбасы бар екені де рас. Сол қолтаңбаны сақтап әрі редактордың реформасын да енгізіп те газет жұмысын жандандыруға болады. Реформа деген сөздің өзі үнемі жаңғырып отыру деген мағына ғой. Ендеше, ұлттық баспасөзге керегі –тайғанақтамайтын ұстаным, жаңарып, жаңғырып отыру әдеті.
Сөз басында Ахмет Байтұрсынұлын тілге тиек еттім ғой. Сол Ахаңның сөзіне жүгінейік: «Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру», «Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеу­метті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек» дейді ұлт ұстазы.
Біздің де ұлттық баспасөзді дамытудағы жол осындай сөздердің айналасынан қалыптасуы керек деп ойлаймын.
«Ұлттық баспасөз күні» деп арнайы атадық қой, ендеше осы күні ұлттық баспасөздің кем-кетігін түзеп, бағытын қалыптастырған тұлғаларымызды да түгендей білсек, олардың да ұстанымын ұрпаққа жеткізе алсақ, қандай тамаша бастама болар еді!   

 

Думан БЫҚАЙ, журналист, «Қала мен дала» газетінің бас редакторы:

 

Ертеңімізді ойласақ

Ұлттық баспасөздің аласапыран дәуірінде өмір сүріп жатырмыз ғой. Кейде біз «Ұлттық баспасөз» деп ұлы міндет жүктеп аламыз да, бұл міндетті атқаруға лайықпыз ба, атқаратын әлеуетіміз жете ме деген сауалға ойлана бермейміз. Ұлттық баспасөз деген атқа лайық болуымыз үшін кез келген бәсекеге төтеп беретін иммунитетіміз болуы қажет. 
Жалпы баспасөздің тағдыры қыл үстінде тұрғаны жасырын емес. Газеттердің әлеуметтік-саяси ықпалы әлсіреп, қаралымы да күннен-күнге төмендеп барады. Осы ретте сапа тұрғысынан толықтыратын, жетілдіретін тұстарымыз да көп екенін мойындауға тиіспіз. 
Ең алдымен, қазақ баспасөзі қанатын кеңге жаюы үшін қоғам қазақтануы керек. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома деп ойлаймын. Қоғам қазақтанған кезде ғана қазақ тілді баспасөздің күні туады. Сұлтанмахмұтша айтсақ, әзір біз «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, Күн болатын» жағдайға жете алмай келеміз. 
Рас, ұлттық баспасөздің мәселелері талайдан бері жіпке тізіліп айтылып келеді. Десе де өзгере қойған дәнеңе де жоқ. Ашығын айту керек, бүгінгі ұлттық баспасөз тіршілік үшін күреспен уақыт өткізіп келеді. Бәсекеге қабілетті құралың, қалтаңда қаражатың болмаса, ұлтқа да қызмет қылуың қиындау. Қазіргі заманда ұлтқа қызмет ету мен табыс табу мәселесі бір-бірімен тығыз байланысқан дүние. Ұлтқа қызмет ету барысында кәсіпкерлік қырыңды да көрсете білуің керек. Ұлттық баспасөзге үлес қосып жатырмын деген әр адам оны сапалы жасауға тырысатыны белгілі ғой. Ал сол жұмысты сапалы жүргізу үшін де қалтаңның қалың болуы маңызды. Біз ұтылсақ, осы тұстан ғана ұтылып тұрмыз. Яғни қаржы-қаражат көп бас­тамаға қолбайлау болатыны жасырын емес.
Бірақ қазақ баспасөзі қарым-қабілеті, жазу стилі, ақпарат беру тәсілі тұрғысынан ешкімнен кем емес. Бізге қолбайлау болатын екінші дегенімізбен, ең басты дүние – қоғамның қазақтану бағытына салғырт қарап отырғаны. Иә, қоғам қазақтануы керек. Мысалы, бізде күн сайын «Ана тілін» оқимын деген қажеттілік болса, онда «Ана тілінің» сая­си-әлеуметтік ықпалы артып, табысы көбейер еді. 
Жалпы бұл мәселелерді шешу жолдары тек қана маған немесе журналис­терге артылған міндет емес. Бұл жалпы қоғамның міндеті. Мысалы, қазақ қыз-келіншектері баласын «ляля» деп еркелеткенше «балам» деп еркелетіп, қазақ мектебіне берсе, 10 жылдан кейін өзгеріс бірте-бірте байқалар еді. Ал енді қоғамда өзгеріс болмаса, қазақ баспасөзінің жағдайы қиындағаны сол қиындаған қалпында қалады.

1084 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

29 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы