• Ақпарат
  • 01 Ақпан, 2024

Ат – басыңа қонған бақ, астыңдағы алтын тақ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Біріккен Араб Әмірлігінде өткен әлемдегі ең үлкен  «Мейдан» ипподромындағы әл -Мактум ат шабысында асыл тұқымды «Кабирхан» тұлпар сайысқа қатысқан 13 дүлдүлдің ішінен бірінші келіп, ұлттың абыройын аспандатты. Онсыз да ат десе, делебесі қозатын қазақтың сөйтіп мерейі асты.
Ашығын айту керек, бұл әлемдегі ең беделді трофейлік ат шабыстың бірі. Бұл – әрбір жаттықтырушының, әрбір жокейдің арманы. Әлемді аузына қаратқан ат жарыста біздің тұлпар бәрінен озық келді. Бұл Кабирханның бірінші жүлдесі емес. Осыдан екі апта бұрын 12 қаңтарда Дубайда 13 арғымақ қатысқан екі шақырымдық жарыста да Кабирхан басқалардан қара үзіп келді. 

Әлемдік ат шабыс пен тұлпарлар бәйгесіне зор мән беретін халықаралық  басылымдар мен телеарналар қазірдің өзінде Кабирхан туралы кеңінен жазып жатыр. «Жоқтан шыққан ат», «Кедейліктен – байлыққа» деген түрлі тақырыппен олар мақала, бейнеролик, арнайы сюжеттер беруде. Қалай айтқанда да, қазақ тұлпары жаһандық бәйгеден оза шауып жатса, көкірегіңді мақтаныш кернеп, шаттана қуана алады екенсің. 
Ат жарысқа Кабирханнан басқа талай бәйгелердің алдын бермеген  Mimi Kakushi, Atletico El Culano, Clapton, First Constitution және Military Law сынды асыл тұқымды  тұлпарлар қатыс­ты. Алайда қазақ тұлпары жүйріктігін танытты. 
Жалпы Дубайдағы ат жарыстың жүлде қоры 100 мың дирхамды құрайды. Бұл шамамен – 25 млн теңге. Ал  Кабирханды Қазақстан азаматы Тілек Мұханбетқалиев 2021 жылы АҚШ-тан 12 мың долларға сатып алған. Кабирхан қазір  4 жаста. Таза ағылшын тұқымдас айғыр.
Дубайдағы ат бәсекесінен кейін Кабирханды сатып алғысы келетіндердің қатары көбейіпті. Тіпті 1 миллион доллар ұсынғандар да болыпты. Алайда аттың иесі қазақ баласы Тілек  Мұқанбетқалиев оны ешкімге сатпай отыр. Дұрыс-ақ.
Кабирхан алдағы талай додаларда Қазақстанның атын шығарады. Өйткені ең үлкен бәйге 30 наурызда тағы да Дубай қаласында өтпек. Бұл ат жарысы әлем кубогіне іріктеудің маңызды бөлігі. Ал 30 наурызда өтетін Дубай кубогінің жүлде қоры 12 000 000 АҚШ долларын құрайды. Ал оған шашасына шаң жұқпаған, бәйгенің алдын бермей жүрген тұлпарлар қатыспақ. Атап айтар болсақ, атбегілер 2023 ат шабысының жеңімпазы америкалық WHITE ABARRIO және жапондық  DERMA SOTOGAKE супер классты арғымақтарды баптап отыр.
Ал қазақ «ат – ер қанаты», «Ат — биеден, алып — анадан» дейді. Расында да бәйге, дода  десе, үйде отыра алмайтын атбегінің даңқын аты, арғымағы  шығарады. Жалпы қазақ астында мінген атын қашанда қадірлеген. Қазір де Ұлы дала елінде қиқуға басып, көкпар тартқан мықтылар көп. Халық та талай аламан бәйгенің қызығын көрді. Тіпті атқа мініп шаппаған адамның өзі тақымын қысып, үйде тілеулес болып отырады. 
Ұлт ұлттық құндылыққа бой ұрған тұста ешнәрсе де елеусіз қалмайды. Бір ғана мысал, өткен жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Президент пәрменінен кейін қазір қазақы төбет пен тазыларды өсіру және дамыту қолға алынды. Мемлекет басшысы Президенттің іс басқармасына жеті қазынаның бірі – қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсыр­ды. Премьер-Министр кеңсесінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ «Қансонар» республикалық қауымдастығының өкілдерінен жасақталған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бұл ғана емес, соңғы екі жылдан бері 1300 шақырымға созылатын Ұлы дала жорығы да қазақ аттарының шыдамдылығы мен төзімділігін дәлелдеп келеді. Нақты айтсақ, шабандоздар Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызыл­орда және Түркістан облыстары арқылы 1300 шақырымды жүріп өтеді. Бұл жобаның жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз команда 30 млн теңгеге, екінші орын иегерлері 20 млн теңгеге ие болса, қола жүлдегерлер 15 млн теңге алады. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­­ сонымен қатар қазақтың Адай жылқысын әлемге таныту арқылы оны ұлттық брендке айналдыруға болатынын айтып, бұл жылқының санын көбейтуді Үкіметке тапсырды. Президент пәрменінен кейін кезінде даңқы асқан Қостанай жылқысын да  мемлекеттік деңгейде дамыту  қолға алынып жатыр. 
Рас, қазақ баласы үшін ат –  басыңа қонған бақ, астыңдағы –алтын тақ. Біз арғымағын әспеттеген ұлтпыз. Ендеше, аламан бәйгеде ағайынның ғана емес, ауылдастың, қазақтың тұлпары оза түссін!

1041 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы