• Тұлға
  • 08 Ақпан, 2024

Мұқағалидың Мәскеудегі күндері

Әдебиет институты жанындағы екі жылдық Жоғары әдебиет курсында оқып жүрген ақындар Жұмекен Нәжімеденов, Иранбек Оразбаев, жазушылар Алтыншаш Жағанова, Смағұл Елубаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Роллан Сейсенбаев сияқты қазақтың талантты перзенттерімен аралас-құралас болу арқылы оның қазақ әдебиетіне деген құштарлығы арта түсті. Мәскеуге КСРО Жазушылар одағына әртүрлі жұмыспен келіп тұратын көрнекті қазақ жазушылары Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Дулат Исабек, Төлен Әбдік сияқты ағаларын да Жадыра мен Жақсыбай жаны қалмай қарсы алып, күтіп жіберетін. Бір жылы Әдебиет институтына оқуға Мұқағали Мақатаев ағасы келіп, алдынан бір жарық күн жарқ ете қалғандай қуанғаны бар. 1969 жылдан 1982 жылға дейін Мәскеуде тұрып, ғылыммен айналысып, қызмет істеген профессор Жақсыбай Қасымбектің естелігі бойынша жазылып отыр.
 

 

Жұмекен Нәжімеденов оқуын бітіріп, Алматыға қайтып кеткен соң бұлар біртүрлі жабырқап жүрген кезде «оқуға ақын Мұқағали Мақатаев келді» деп естіген соң Жақсыбай мен Жадыра ол кісіге сәлем беру үшін бөлмесіне келді. Қазақтың байтақ даласындай кең маңдайлы, кең жаурынды Алатау­дың мұзбалақ қыранындай өткір көзді, шалқайта қайырған шаштары толқындаған, сом денелі, көрікті жігіт ағасы бұларды қуана қарсы алды. Жадыраның өзімен бір оқу орнында оқитынын естігенде тіпті мәз болып қалды.
– Мен бұл ортаға сіңісіп кеткенше қай заман?! Бұл жердің ұңғыл-шұңғылын маған өзің айтып тұрарсың, қалқам, – деп Жадыраға иек артқандай болып отыр.
– Ал  Жақсыбай інім, сен де бөтен емес, өзімнің бауырым екенсің. Ағаңа сәлем бере келгенің – көргендігің. Ауыл баласы деген, міне, осы! Іздеп келгендеріңе төбем көкке жеткендей қуанып қалдым. Бөлме осы, келіп тұрыңдар, – деп Мұқағали аға мәз болып қалды.
– Аға біз де осы жатақханада тұрамыз, сіз де келіп тұрыңыз, - деп Жақсыбай бөлменің номерін айтты...
Бір күні кешке қарай бұларды Мұқаңның өзі іздеп келді. Қыран көзі жарқ-жұрқ етіп от шашып, қуанышы қойнына сыймай тұр.
– Бауырларым, мен бүгін семинарды керемет өткізіп, «бес» деген баға алдым. Онда бастан-аяқ менің шығармашылығым талқыланып, Мәскеудің және Одақтың мықты ақындары өлеңдерімді жерге тигізбей мақтады. Ұстаз Лев Озеровтың өзі ризашылық білдіріп, абыройым­ды асырды. Ал курстас­тарым қызғаныштан жарылып кете жаздады. Қуанышымды өздеріңмен бөлісейін деп келген бетім осы, айып етпеңдер, – деп Мұқағали кішіпейілдік танытып жатыр.
– Қуанышыңызға ортақпыз, аға, келіңіз, отырыңыз, – деп Жақсыбай бәйек болды. Жадыра да ағаны бүгінгі табысымен құттықтап, шәй қойып, дастархан қамына кірісті. 
Дастархан басында Мұқаң біраз әңгіменің басын қайырды. «Мен мұнда диплом алып, бас­тық болсам деп келген жоқпын, шырақтарым. Мақсатым – әлем әдебиетінің даму процесін, бүгінде ақын-жазушылар көтеріп жүрген ғаламдық проблемалардың бағыт-бағдарын білсем дегендік», – деп ақын аға өз ойынан хабар берді. Сонан соң орыс поэзиясының үлгі тұтар тұстарына біраз тоқталып, Анна Ахматова мен Марина Цветаеваның бірнеше өлеңін қырандай саңқылдаған дауыспен жатқа айтып шықты. Одан әрі Сергей Есениннің тұрлаусыз тағдыры туралы ой толғап, оның шығармашылығының ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктеріне тоқталды да, бір кезде өзінің ақынға арнаған өлеңін оқи жөнелді. 
Жақсыбай бір күні сабақтан келсе, жатақхананың үлкен дәлізі (холы) адамға лық толы. Ортада теннис үстелі. Оның төңірегі ду-ду. Ана дуал жақтағы диванда отыр­ғандар да өзара гу-гу. Жақсыбай бүгін жазушылардың кеңесі болып, оған жан-жақтан қаламгерлер келгенін байқады. Өйткені Қазақстаннан келген ақын-жазушыларды да көріп қалды. Жарасқан Әбдірашев, Ибрагим Исаев және Қадірбек Уәлиевті тани кетіп, сәлемдесейін деп солай қарай беттеген сәтте, оларға таяу жерде Мұқағали Мақатаевқа екі орыс жігіті тиісіп, бірнәрсе бопсалап тұрғанын, бұлар студент емес, пиғылы бұзық қала адамдары екенін айтқан сөздерінен байқап қалды. Жақсыбай ылдым-жылдым жетіп барды да, екі жігітті құлақ-шекеден екі ұрып, екі жаққа ұшырды. Олар орындарынан жалма-жан тұрып, қаша жөнелді. 
Дауылпаз ақын Мұқағали Мақатаевтың ақкөңіл, адал жан екенін Жақсыбай онымен араласқан кезден бері талай рет байқады. Бір күндері қалтасындағы бар ақшасын жастығының астына қойып, оны еден жуатын әйел ұрлап алып, тиынсыз қалған кездері болды. 
Бір күні Жақсыбай мен Жадыраның бөлмесіне Мұқағали аға келді. Уайымын бөлісейін, жеңілдейін деп келген беті екен.
– Ой, қиын болды, қиын болды... – дейді аузына басқа сөз түспей.
– Аға, не болды, сізге бір көмегіміз керек пе? Сізді біреу ренжітті ме? – деп Жақсыбай бәйек болуда. 
– Бір құшақ өлеңімді жоғалттым, одан да өзім жоғалып кетсем болмай ма! – деп ақын өкініштен өртеніп кетуге шақ тұр. Жақсыбай оны орындыққа отыр­ғызып, Жадыра шәйін әкеліп, жұбатуға тырыс­ты. Сәлден соң Мұқаң түнде ғана басынан өткен бір келеңсіз жайды ортаға салды. 
Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев Мұқағали Мақатаев поэзиясын қатты қадірлейтін, өлеңдерін құштарлықпен оқитын азамат екен. Мұқаңның Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенін естіген ол кісі Одақ астанасына үлкен бір жиналысқа келген сапарында мұны іздеп тауып, өзі жайғасқан «Россия» қонақ үйіне ертіп келеді. 
Ауылдан әкелген жылқының еті мен қазы-қартасын дастарханға қойып, ақынға сый-сияпат көрсетеді. Ыстық шәй да алдарында. Сейілхан аға Мұқаңа сиясы әлі кеппеген жаңа өлеңдерін оқытып, рахаттана тыңдайды. 
– Мұқа, түннің біраз уақыты болып қалды, осында қона кетіңіз, – дейді Сейілхан бір кезде. 
– Айналайын бауырым, таңертең сабағым бар, содан кешігіп қалмауым керек, – деген Мұқағали киініп, жинала бастағанда Сейілхан:
– Мұқа, сен шалғайда оқып жүрген студентсің ғой, ал студенттің тақыл-тұқыл өмірі белгілі емес пе?! – деп қол торға толтыра ет салып, ақшасы бар қалың конверт ұсынады. Ақынның аңғалдығы осы емес пе, Мұқаң конверт тола ақшаны костюмінің төс қалтасына салудың орнына өлең дәптерінің арасына қыстырып, оны еті бар тор қалтаға тоғыта салады. 
Сейілхан сыртқа ере шығып, ақынды таксиге отырғызып жібереді. Жолда келе жатқанда Мұқаң такси жүргізушіге көлікті тұп-тура «теміржол воказалына бұр» дейді. Түн ортасы ауып, ресторандар мен кафелердің жабылып қалған шағы. Буфет тек теміржол вокзалында ғана тәулік бойы жұмыс істеп тұратынын Мұқаң білетін еді. Ол жүргізушіге: «Бес минут күте тұр, мен жылдам келемін», – деп заттарын таксиде қалдырып, өзі вокзалға кіріп кетеді. Қайтып келсе, такси кетіп қалыпты. Қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебенімен жатақханаға әзер жеткен ғой сабазың. Енді, міне, тіпті күйініп тұрған жайы мынау.
– Еті де, ақшасы да құрысын, бір қалың дәптер өлеңімнен айрылғаным жаныма батып тұр, – дейді Мұқаң. Сол өлең тола қалың дәптерді алып келіп, өткен жолы Жақсыбай мен Жадыраның бөлмесінде шалқып тұрып жыр оқығаны бар. Соншама жауһар дүние жоғалып кеткені үшін Жақсыбай да іштей күйінді. 
Мұқаң аңқаулығы мен ақкөңілдігінен ылғи таяқ жеп жүргенін өткен жолы өзі де айтып еді. Мәскеуге оқуға баратын сапарында ұшаққа билет алыпты. Кассир оған әуе лайнері Ақтөбеге қонатынын ескертсе керек, Мұқаң сол қаладағы ақын достарына телефон шалып: «Осылай да осылай, Ақтөбеде біраз уақыт аялдайды екенбіз», – дейді. Алматыдан ұшып, Ақтөбе әуежайы­на келіп қонса, мұнда бір топ достары күтіп тұр екен, Мұқаңды ресторанға қарай сүйрей жөнеледі. Содан бірін-бірі қиыспай жарыса сөз сөйлеп, тілек айтып отырғанда уақыт болып, ұшақ ұшып кетеді де, Мұқаңның чемоданы сонда кете барады. «Ойбайлап» бұл қалады. Абырой болғанда достары Мәскеуге ұшатын келесі ұшаққа билет алып беріп, Мұқаңды ұшырып жібереді. Ал чемоданын Мәскеу әуежайынан тауып, көңілі әзер жайланады. Мұқаңның осы оқиға тұралы өлеңі де бар. 
Күндердің күнінде Мұқағали аға Жақсыбай мен Жадыраның бөлмесіне тағы келді. 
– Алғашқы сессияны бітіріп, елге кетіп барамын. Айналайын бауырларым, сендердің дәмдеріңді татып, ағалаған жақсы сөздеріңді естіп, қамқорлықтарыңа марқайып­­ жүруші едім. Мәскеуге енді қайтып келемін бе, білмеймін. Бірақ өздеріңе рахметімді айтып, қоштасып кету парызым деп ойладым. Жат жерде қамқорым болып, әкелеріңдей сыйладыңдар, қарақтарым. Екеуің ынтымақты болып, бақытты өмір сүрулеріңе тілектеспін. Рахмет сендерге, – деп Мұқаң мұңайып тұрып «Пушкинмен қоштасу» деген жаңа өлеңін оқиды. Оның Мәскеумен қоштасуы екенін түсінген Жақсыбай мен Жадыра:
– Аға, енді қайтып келмеймін дегеніңіз не? Оқуды қайтесіз? – деп таңдана сұрақ койды.
– Оны елге бара көрермін. Бірақ мұнда мен оқитын ештеңе қалмаған сияқты. Ал енді аман-сау болыңдар, қарақтарым, – деп Мұқаң есікке беттеді. Бұлар ақын ағаны таксимен Мәскеудің «Динамо» аэровокзалына дейін жеткізіп салды да, қош айтысты. 
Содан Мұқағали Мақатев Мәскеуге қайтып оралмады. Бірақ Кеңес одағының әр түкпірінен келген әріптестеріне, оқу орнында сабақ беріп, семинар өткізетін атақты ұстаздарына өзінің кім екенін танытып кетті. Әлем әдебие­тімен, әдебиет теориясымен, сол кездегі коммунистік партияның әдебиет және руханият жөніндегі саясатымен терең танысқан оның дүниетанымы кеңейе түскені анық. Оған дейін де «Мавр», «Ильич» сияқ­ты терең мағыналы, көркемдік дәрежесі жоғары саяси поэмалар жазып, Дантэнің және басқа да шетел классиктерінің шығармаларын қазақшаға керемет аударған Мұқаңның әдеби-саяси білімі мұхиттай шалқар екені көрініп тұрар еді. «Енді маған Мәскеуде оқитын, үйренетін ештеңе қалған жоқ» деп өзі айтқандай, қайтадан бұл жаққа ат ізін салмады. 
Бір жылы жазда елге барған сапарында Жақсыбай «Жұлдыз» журналының бірнеше бетіне жарияланған Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, шошып кетті. Өмір мен өлім туралы толғанысқа, мұң мен сағынышқа толы бұл өлеңдер Жақсыбайдың көңіліне күдік ұялатты. «Уа, аңқылдаған ақкөңіл, жүрегі жас баланың жүрегіндей кіршіксіз асыл Ағам, қазақ поэзия­сында ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар даңғайыр ақын ағам, денсаулығың сыр беріп жүргенін біз білмеппіз ғой. Мәскеуде сыр алдырмап едің ғой», – деп толғанды Жақсыбай. Келер жылы Мұқаңның қайтыс болғанын Мәскеуде естіп, еңіреп жылағаны бар...
Мұқағали тіршілігінде еліне еркелеп өтті. Ол еркелікті біреу көтерсе, біреулер түсінбеді. Жыр көгінде жарық жұлдыздай жарқырап тұр. Жер бетінде қазақ деген халық барда Мұқағалидың жұлдызы сөнбек емес, деп ойлайды Жақсыбай. 
Ал білікті ғалым Жақсыбай Қасымбек Мәскеуде 12 жыл бекер жүрген жоқ. Ол Кеңес одағы ғалымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып термо-серіппе-пластикалық теорияны қолдана отырып, шеккі элементтер әдісімен ірі машиналардың металл конс­трукцияларының кернеу-деформациялық жағдайына дәнекерлік кернеулер мен қалдық деформациялардың ықпалын зерттеді. Бұл зерттеулердің нәтижелері сол кезеңдегі ірі ғылыми жетістік болды. 

Мырзахан Ахмет,
Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы