• Ақпарат
  • 08 Ақпан, 2024

ӘЛЕМ ӘУЕНДЕРІ

 Баянғали Әлімжанов 

Араб әуені

Жетім баланың жанары

Жанталасқан дүниеде,
Шығыс бүгін жаралы.
Экраннан көріп едім...
Кетпей қойды есімнен...
Жетім араб баласының жанары.
Үрей де жоқ, жас та жоқ, 
Қатып қалған үнсіз сұрақ, 
Берілмеген әлі күнге жауабы...
Бір тұңғиық қайғы-мұң...
Оның кімге обалы мен зауалы?

Ей, адамның баласы, 
Сәбилердің мөлдіреген көзіне бір қарашы...
Әкесі жоқ, қайда екені белгісіз, 
Ал жанында өліп жатыр анасы! 

Үй арасы – үйілген өлік, 
Шашылған сүйек сай-сала. 
Кім санапты түгендеп, теріп, 
Саралай алмас ой-сана! 

Бұйрығымен 
Жер-жаһанды билемекші зұлымның,
Зымырандар атылды да жарылды,
Жетістігі 
Адамзаттық, 
Ар-имансыз ғылымның!
Ұйып тұрған отбасының барлық жанын бақытты,
Қас-қағымда жоқ қылды да жіберді!
Сұрап жатыр құнын кім?
 
Балалардың үнсіз зарлы 
айқайына құлақ түр. 
Түк түсінбей, тағдырына налып 
жаны жылап тұр.
Бір-ақ сәтте жетім қалған 
қасіретті сол бала,
Бар әлемнен:
«Бұл қалай?!» – деп сұрап тұр!

Жел үрлеген қара қошқыл түтінмен,
Қараторы баланың, 
Желбірейді қара бұйра кекілі.
Барады ауып бұлдыр заман, жат елге, 
Жерінен безген жаралы киік секілді.
Қарсы ала ма, 
Қастығынан, 
Мастығынан айықпаған тас қала,
Кім жарылқап,
Кім жұбатар жетімді?!

Қайдасыңдар, бетке шыққан қаймақтар? 
Естисің бе, тыныш жатқан аймақтар? 
Шүберекке жанын түйіп, теңіз кешіп келеді,
Желқайыққа тағдырлары 
тас байланған бейбақтар!

Айсыз түнде айдын суға 
Кім салады желқайығын қалтаңдап?!
Шарасыздық...
Түскен жоқ қой өз еркімен жол таңдап...
Қандай болып көрінеді бұл дүние ол 
баланың көзіне? 
Жаннан безіп, теңіз кешкен жаутаңдап.
 
Жалғыз қайық қалт-құлт етіп, 
кешті мұхит айдынын, 
Мұхиттан да тұңғиық-ау, 
Жалғыз ұлдың жанарында 
қатып қалған қайғы-мұң. 
Әне жаға! 
Ар жақтағы азат қоғам босқынға,
Ұстата ма бақыты мен байлығын?..
Бір күрсініп, жұтып қойды көк теңіз,
Қас-қағымда қанша жанның 
үміт артқан қайығын...

Құйындай соғып, 
Сақылдап күлген жын-бәйгі...
Қопарып жерді, сапырған суды,
Жалмауыз аран, жауыздық 
неге тынбайды?..
Мұхитқа батып, ғайып боп кетті жел қайық,
Кетті екен қайда, 
мұхитқа сыймас мұң, қайғы?!

Аяққа басқан, ар-ұят, ақыл-сананы,
Алпауыттардың сайтани амал, 
Айласы арам, жаһанға салған жараны...
Мұхиттан бізге 
Қарап тұрғандай мұңайып,
Жетім араб баласының,
Шарасынан шыға қатып қалған жанары... 

 Түрік әуені
 
Анадолы

Түскенде қазақ,
Тағдырдың қара жолына,
Айналып барған,
Алтайдан Анадолыға.
Қан кешіп, қажып, 
Барғанда бабаң, басқа жер,
Анадолыдай, 
Анадай пана болды ма?

Аяздай заман,
Қысқанда қазақ үріккен.
Арқардай ауған, 
Алысып тұман күдікпен.
Таулардан асып, 
Тайғақтан аман өткені,
Тірегін тапқан,
Түбі бір туыс түріктен!

Құшағын жайып,
Қарсы алған қазақ қандасын,
Түріктің елі,
Мың алғыс саған, қардашым!
Тамырын тауып,
Тұранның түгел тұқымы,
Балбалын танып,
Бабалар жолын жалғасын! 
 
Сәби өмір

Жер ортасы – Ақ теңіздің,
Жер сілкініп жағасында.
Бір-ақ сәтте жермен- жексен,
Болды ауыл мен қаласы да!

Түрік, араб бастан кешті,
Сұмдық жойқын зілзаланы.
Естігенде суық хабар, 
Бүкіл әлем мұздаған -ды!

Қасіреті қос халықтың,
Жер жаһанға жаңғырады.
Ізгі адамзат бір жүрек боп,
Көңіл айтып , қан жылады.

Адам құс боп ұша алмайды,
Тағдыр жерге байланыпты.
Қанша зәулім ғимараттар,
Үйіндіге айналыпты!

Қайраттанып қаһармандар,
Күресуге түрді білек.
Тірі жанды іздеп тауып,
Аршып алу – ізгі тілек!

Құтқарушы үміттеніп,
Кіріседі зор жұмысқа.
Қирандыны қопарады,
Құлақ түріп әр дыбысқа.
 
Шырылдаған дауыс кенет,
Жер астынан жарып шықты...
Жаңа туған шақалақты,
Азаматтар алып шықты!

Майданында ғарасаттың,
Жер дүние дірілдейді.
Ортасында алапаттың,
Сәби бала уілдейді! 

Оқып едік Көр-ұғлыны,
Көрден шыққан көр баласын.
Көзбен көрдік экраннан,
Жерден шыққан ел баласын!

Қайран ана нені ойлады, 
Арманда боп өтерінде?
Жаңа өмірді жалғап кетті,
Жан тәсілім етерінде.

Қатал уақыт тыным таппай,
Алға қарай зуылдайды.
Зауал , сауап арасында,
Сәби- өмір шырылдайды!

 Ерзұрым

Түркияның Ерзұрым қаласында
2023 ж. 19-27 тамыз аралығында 
өткен «Паландөкен мәдениет жолы» 
атты өнер фестивалінде, орталық
 алаңда болған жеке концерттің 
бастауы- экспромт-арнау. 

Аты әйгілі Ерзұрым, 
Арқалаған ел жүгін. 
Ақынымын қазақтың, 
Айтуға келдім ер жырын!
 
Зұлматтардан кер зұлым, 
Аман өттің Ерзұрым. 
Зымырандай зуылдап, 
Заман өтті Ерзұрым! 

Талай тарих сырлары, 
Тасқа тұнған Ерзұрым. 
Жами, кале, медресе, 
Көрді, міне, көз бүгін. 

Паландөкен тойына, 
Қыз да келді боз бұрым. 
Қызығыңды қыздырып, 
Тұзлы келді Ерзұрым. 

Фестивальға Ерзұрым, 
Жинайды деп жержүзін, 
Мен де келдім алыстан, 
Жырлайтұғын кез бүгін. 

Тамыры бір, тегі бір, 
Тілегі бір қандасым. 
Сәлем, қазақ елінен, 
Бауырым, түрік қардашым!
------------------------------ 
 Әнші Ахмет Тұзлы. 
 Үнді әуені

 Гималай 

Төбесін мәңгі мұз бен мұнар басқан, 
Гималай асқарынан кім бар асқан?
Қара жер қазығындай таудың рухы,
Жалғанда жалпағынан шұбап жатқан.

Қырандар мекендейді Гималайды. 
Үлкен тау күйкентайды сыйламайды.
Ерендер көкке құмар барын салып, 
Тегіннен тегін жанын қинамайды. 

Дара шың – Джомолунгма көк тіреген, 
Ақпар жоқ, басынан құс өтті деген.
Дүние төбесіне бір шығуды,
Дүрлер де, дүлейлер де көп тілеген. 

Шыңға тие бергенде иектері,
Қапыда тайып кетіп тиектері.
Мәңгі мұз құшағында мумие боп,
Талайдың тауда қалған сүйектері.

Қайтсем де биігімді алам деген,
Алмасам, соған құрбан болам деген,
Адамға өр мінезді тоқтау бар ма, 
Ерлермен алға басар заман деген! 

Адамды биіктікке даңқ бастаған,
Жабдықтап мемлекет пен заң қостаған.
Ішінде Хиллари мен Нөргей де бар,
Келді топ Гималайға Хант бастаған.

Мұзарт шың еліктіріп ерікті ерді,
Мұздақты, ескен желді серік көрді.
Өрені өркениет жолдас етті,
Ерекше тау баласы шерптерді. 

Эдмундтың екі метр бойы қандай,
Таулармен бой таласар ойы қандай!
Ал Тенсиңнің тынысы тарылмайтын,
Биікте үш өкпесі сайлы жандай! 

Хиллари деді бірақ: «Жүк артам ба?
Алып ел аманаты тұр арқамда.
Өзімнің досымменен аттанайын, 
Жат жұртпен байланбайын бір арқанға!»

Бұл сөзді кесіп тастап, көнбеді Хант: 
«Жүрмейді биіктікке жердегі салт! 
Шерпсіз шың басына шыға алмайсың,
Оларға төзім, қуат бергені хақ!»

Сабырмен салқын ойдан сақтандырды, 
Мақсатты, мұндай ұлы, мақтан қылды.
Тағдырын екеуінің бір арқанмен,
Қосақтап, асқар тауға аттандырды. 

Сақадай, құрал-сайман алған сайлап,
Амалдап өтуді ойлап жолдан тайғақ.
Қапы кетсе, қалады бір қуыста,
Бір сәтте бақыт-ғұмыр қолдан таймақ!

Қанша рет қауіп, қатер төніп келді,
Тайдырып, жұтпақ болып серіктерді.
Бір-бірін тар қуыстан тартып шығып,
Қар басып, қатып жатқан өлік көрді! 

Ерлердің тегін емес, өлімі шын ,
Күрескен жеңу үшін, өмір үшін.
Ұмтылды солар үшін, өздері үшін,
Бір кезде қол созымда көрінді шың.

Тістеніп , өршелене беріпті өрлей,
Үрейлі жел мен мұзға ерік бермей,
Ең алғаш шықты ғалам шатырына 
Ағылшын Хиллари мен шерп Нөргей!

Төбесі бар әлемнің, жердің көркі , 
Екі адам сияды екен емін-еркін.
Биікке құштар адам баласына, 
Бұл ерлік берді қуат, берді серпін!

Жаттық жоқ, бір жылылық сезіледі, 
Ақ таулар алақанда көрінеді. 
Ең биік шыңға шықтың, ей адамзат,
Іздейсің төмендіктен енді нені?!

 «Көкпеңбек аспан неткен!» – дейді Нөргей,
Дәл мұндай тұңғиық көк келдім көрмей!»
Дүние қандай таза, қандай шексіз, 
Құдайым оған мәңгі өмір бергей!

Шыныққан шындық шыңнан басталатын,
Шынайы шымыр жандар дос табатын.
Қуанып, құшақтасты екі қыран,
Кең жайып дүниеге қос қанатын!

Қызықтап Хиллари мен Тенсиң Нөргей,
Төбесін дүниенің жерсінгендей.
Қарамай нәсіліне, рәсіміне,
Бір-бірін шың басында теңсінгендей! 

Қалмайды шыңмен бірге, амал бар ма?
Сан сала, алуан ойлы қоғам барда...
Кей кейде күлетіндей қарт Гималай, 
Қайтадан жерге түскен адамдарға...

Абырой адамзатқа алып берді,
Еңбегін күллі ғалам танып, көрді...
Ер екен сэр Хиллари , шерптерге,
Көп мектеп, аурухана салып берді! 

 Финн әуені

 Боксшының көз жасы
 
Бокстан Рио және Токио 
олимпиадасының қола жүлдегері 
Мира Потконенге.

Финнің қызы Потконен,
Жастық қуат, отпенен.
Түсті мықтап боксқа,
Алды жүлде көптеген.
Не бір күшті шеберлер,
Потконеннен өтпеген.

Қайрап жігер намысқа,
Қолын созып алысқа.
Қырық жасар қайсар қыз,
Қаны қызып дабысқа.
Олимпиада төрінде, 
Шықты соңғы жарысқа.

Армандап алтын аңсаған,
Шайқасып әбден шаршаған.
Шымыр да болса шыныққан,
Шыдата ма шаршы алаң?
Жартылай финал мінеки,
Жете алмай кеткен қанша адам!

Қолтығы әбден сөгілді,
Ащы да тері төгілді.
Бразилиялық жас өрен,
Басымдау бірақ көрінді...
Қола медаль алса да,
Мира қыз әй, бір егілді!

Шабады жүйрік бабымен,
Бәрі де дәмді уағымен.
Суомидің сұлуы,
Қоштасты жылап жанымен,
Рингте қалған жалынды, 
Оралмас жастық шағымен! 

 Удмурт әуені 
 
 Боранды апалар

Бала кезімнен
Білуші ем ептеп удмуртты,
Ойлайтын едім,
Болар деп халық кіл мұртты...
Чайковскийдің 
Фестиваліне мені шақырып,
Кітапханашылар,
Танытты маған бұл жұртты.

Дәм-тұзын тартты...
Құрметті көрген паш етем.
 «Перепеч» деген
Удмурттың кәде асы екен.
 «Мінеки, енді,
Айналдың, – дейді  удмуртқа»,
Яхшы боп қалсам,
Якшурдан татып «пәшетем».

Апаны бізше, 
Апа дейді екен удмурттар...
Ғұндардан қалған, 
Осындай бейбіт, оңды ұлт бар.
Даңғыра тектес,
Танкыра қақса , тәңірмен,
Тілдескен болып,
Марқайып қалар мұңлықтар.
 
Бураново деген, 
Ауыл бар, бізше Боранды, 
Әйгілі болып,
Әнсәмбіл шыққан орамды.
Борандай билеп,
Ән салған апа – әжелер,
Әлемді шарлап,
Жұлдыз боп елге оралды!

Апалар аппақ
Аспаннан түсе қалғанда,
Жиғандай есін, 
Жын қуып жүрген жандар да.
Өмірге деген
Құштарлық қайта оянар,
Әжелер билеп,
Әуелеп әнге салғанда! 

Тың екен әлі , 
Сөйлейді баяу, күлімдеп,
Кейбірі енді,
Қояды ептеп дірілдеп.
Сексеннен асқан, 
Ең жасы тіпті жетпісте,
Сахнаға шықса,
Кетеді бірақ дүрілдеп! 

Өнерсіз өмір,
Көгеріп, көктеп өнер ме?
Ежелден қалған,
Ескірмес үлгі ,өнеге... 
Күлімдеп көзі,
Әжімді жүзі нұрланған,
Әжемен бірге 
Ән салды, билеп шөбере!

1837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы