• Cұхбаттар
  • 08 Ақпан, 2024

Базарда оқылған жырлар

Дарубай Мамытұлы көп жылдан бері Алматыдағы «Көк базар» және бұрынғы «Саяхат» автовокзалы маңында Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын  сатып келеді. 71 жастағы ақсақал қазір ақынның кітаптарын қала шетіндегі «Алтын Орда» базарында сатуға көшкен. Ол ақын дүниеге келген Қарасаз ауылының тумасы. Ақсақал 2007 жылы Мұқағали түсіне кіріп: «Мен болып сөйлейсің, одан жаман болмайсың! Саған аманат!», – дегенін айтады. Біз Дарубай Мамытұлымен аз-кем әңгімелесіп, сұқбат құрдық.

 

– Сіз Мұқағали Мақатаевтың кітабын қай жылдан бастап сатып келесіз? Ақынның кітабын сатуға не түрткі болды?
– Мен Мұқағали Мақатаевтың жерлесімін. Қасиетті Қарасаз топырағында дүниеге келгенмін. Бір қызық оқиға айтсам, 2007 жылы Мұқағали Мақатаев түсіме кірді. Сол кезде ақын аға поэзиясын аманаттап тапсырды. «Мен болып сөйлейсің, одан жаман болмайсың! Саған аманат!», – деді. Одан кейін де бірнеше рет түсіме еніп, екеуміз әңгімелестік, сырластық. Содан бері Мұқағалиды насихаттап келемін. Шыны керек, ақын мұрасын насихаттаудан жалыққан емеспін. Оның өлеңдері терең мағынаға толы. Кез келген оқырман ақын поэзиясынан өзіне керек дүниені таба алады. Тәрбиелік мәні зор.  Мұқағалиды насихаттауға осы да түрткі болды. Сол жылы Алматыдағы «Баспалар үйінен» ақынның төрт томдығын сатып алдым. Өлеңдерінің ішінде есте қалғаны бар, әйтеуір оқысам бітті, санама құйылып жаттала берді.  
– Сөз арасында ақынның жерлесімін деп қалдыңыз. Кезінде көзін де көрген шығарсыз?  
– Біз тұрған Қарасаз, қазіргі Қарасаздың солтүстігінде 3 шақырым жерде болатын. Сол жерде кішкентай мектеп бар еді. Бала күннен көрші отырдық.  Ағайынды кісінің баласымыз. Мектептің 3-сыныбында оқып жүргенде мұғалімдеріміз келе алмай қалғанда Мұқағали Мақатаев сабақ өтетін. Ол музыка, еңбекке баулу пәнінен тапсырмаларды қабылдайтын. 
– Базар аралап Мұқағалидың кітаптарын ғана сатасыз ба?
– Мен әрқашан үлкен өнерді насихаттауға құштар жанмын. Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды бөліп-жармаймын. Қоржынымда Мұқағалидан бөлек Абайдың шығармалары бар. Сондай-ақ Шәмшінің әндерін де қатар насихаттаймын. Өнерді дәріптеу мен үшін өте қызық. Халық арасында осы үш ұлы тұлғаны ұлықтаймын, кітаптарын таратамын. 
– Кітап сатқаннан тапқан табысыңыз шайлығыңызға жете ме? 
– Бұл өзі халыққа жағымды жұмыс. Жүрген жерімде жұрттың бәрі жылы қабылдап, жақсы көріп жатады. Әйтеуір осы тұлғалардың кітаптарын қолжетімді бағамен сатамын. Байып кеткен түгім жоқ, тек шай-пұлымды тауып отырмын. Ауырып қалсам, тапқан қаражатым дәрі-дәрмегіме жетеді. Маған кітап сатқаннан түсетін табыс емес, өлең оқып, соны халыққа насихаттап жүрген әрекетім бақыт сыйлайды. Сол үшін өзімді бақыттымын деп есептеймін! Халық Мұқағалидың құдіреті үшін жылы қарсы алып, жақсы шығарып салады. Кейде такси тегін жеткізіп тастайды. Автобуста бақылаушылар қарайласып, жол ақысын алмай жататын кез де бар. Базар аралап жүргенімде саудагерлер түрлі сыйлық беріп, қуан­тады. Бірақ ақша ұсынса,  ешқашан алған емеспін. Ешкімге алақан жайып жүрген жоқпын. Кітап сатып жүрмін, сол арқылы ақынның мұрасын насихаттаймын. 
– Кітаптарды негізінен қай жерде сатасыз? Сізді бұрын «Көк базар» немесе бұрынғы «Саяхат» автовокзалынан маңынан көріп қалушы едік. 
– Аяғым жеткен жердің бәріне барамын. Сол жерде кітаптарды саудалаймын.  Әр үйде Абайдың, Мұқағалидың, Шәмшінің кітабы тұруы керек. Қазақ қазақ болып қалуы үшін  осы үш ұлы тұлғанын кітабынан нәр алып, рухани сусындауы қажет деп санаймын. Бұл – қазақтың өмірі. Бұл – табылмайтын байлық, қазына! Кейде шағын той мен кездесуге шақырады. Сол жерде Мұқағали туралы айтып беремін, өлеңдерін оқимын, кітаптарды да сатамын. Ал қай базарға барсам да, базар әкімшілігінен шектеу жоқ. Алғашында күзетшілер тарапынан түсінбестік болған. Қазір халық көп келетін «Алтын орда» базарына келіп кетемін. Халық та таниды. Үнемі қолдау танытып отырады. Сондықтан жаңа оқырман іздеп келдім. Осы жақтан кітап сатып алушылар, маған қызығып суретке түсетіндер көбейді.  
– Сіз Мұқағалидың өлеңдерін нақышына келтіріп те оқып жүресіз.  Қанша өлеңін жатқа білесіз, әрі неше кітабын саттыңыз?
– Қанша өлеңін жатқа біле­тінімді есептеп көрмеппін. Ал кітапқа келсек, қанша жылдан бері сатып келе жатырмын. Оның да нақты есебін жасамаппын. Бірақ бір байқағаным, күн жылынған кездері кітап өте жақсы өтеді. Мұқағали, Абай, Шәмшінің кітаптарына сұраныс көп. Күніне шамамен 2-3  кітап өтеді, әркезде әрқалай. 
– Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз? 
– Ауыз толтырып айта қоятындай  ештеңе жоқ. Қарапайым адаммын. Әдебиетті жақсы оқыдым. Мектепті бітіріп, әскерге бардым. Құрылыс саласында бригадир, «Қазпоштада» жүргізуші болып жұмыс істедім. Жігіт кезімде спортқа жақын болдым. Бірақ оған толық жете алмадым. Қазір жасым 70-тен асты. Басқа не істеймін? Кітап сатып, жақсы табыс тапсам баяғыда-ақ көлік алатын едім. Бастысы, ешкімнен ақша сұрамаймын, өзіме жеткілікті. Өкінішке қарай, қазір кітап саудасы жақсы жолға қойыл­ған деп айта алмаймын. Барлығының айтатыны – ғаламтор. Көбінің уақыты, жағдайы жоқ. Адамның кітап алуға, оқуға құлқы нашарлап кеткен. Алайда солай екен деп қол қусырып отыруға болмайды ғой. Кітап сату үшін  қоғамдық орынға, базарға, кездесуге жиі шығамын. Мұқағалиды дәріптеу маған Алланың берген жұмысы деп санаймын! 
–Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Досжан Балабекұлы

1506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы