- Ақпарат
- 08 Ақпан, 2024
Төрлет, ұлттық басылым – «Қазақ», «Айқап»!

Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК-ның филиалы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі 2 ақпан күні қазақ ұлттық баспасөзінің тұңғышы, киелі де қастерлі «Қазақ» газеті күніне орай «Қазақ газеті және ұлт зиялылары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес бастаған зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері, облыстық, аудандық кітапхана қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері қатысты.
Жиында өткен ғасыр басындағы ұлттық баспасөз төңірегіне жиналған ұлт зиялылары Алаш арыстары қозғаған көкейтесті мәселелер мен қиын-қыстау заманда қалам тербеген тақырыптары мен жазған мақалалары туралы жүрек тебірентерлік баяндама оқылды. «Қазақ» газетінің ұлт дамуына қосқан үлесі туралы сөз қозғалды. Қазыбек Иса Парламентте Алашқа қатысты көтерген сауалдары бойынша және «Қазақ» газетінің ұлттық идеологиядағы айшықты рөлі мен бүгінгі ұрпаққа берер тәрбиесі, құндылығы туралы терең ой айтты.
Іс-шарадағы басты жаңалық, «Қазақ» газетінің 1913–1918 жылдар аралығындағы жарияланған нөмірлері төте жазудан кирилл жазуына аударылып жарық көрген жеті том кітаптың, 1917–1919 жылдар аралығында шығып тұрған Семей облыстық Қазақ комитетінің үні болған «Сарыарқа» газетінің толық жинағы, ақын, журналист Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен Троицкі қаласында 1911–1915 жылдар аралығында шығып тұрған «Айқап» журналының екі том жинақ кітаптарының таныстырылымы өтті. Кітап тұсаукесерін қоғам қайраткері Қазыбек Иса, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы және Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиал директоры Қанат Әбілқайыр кесті.
Дөңгелек үстелде кітаптарды құрастырушылар «Шерлі шежіре» жобасы туралы, атқарған зерттеу жұмыстары, материалдар алынған архив, кітапханалармен жұмыс туралы және жоба аясында алдағы уақытта көзіқарақты оқырманға жол тартатын кітаптар туралы деректерді ортаға салды.
Б.Сұлтанқызы

903 рет
көрсетілді0
пікір