• Ақпарат
  • 08 Ақпан, 2024

ТЕРМИН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА СӨЗ АРАСЫ...

Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірнеше бағдарлама құрылып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, еліміздегі тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасы, жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға деп бөлінетін мақсатты, грантты қаржыландырулар және т.б. Десек те, негізгі мәселеге көшпес бұрын, алдымен «мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қандай критерийлермен өлшенеді?» деген тақырыпты ашып алуымыз қажет.
 

Қазақ әлеуметтану ғылымында бұл туралы жазылған еңбектерді кездестіре алмадық. Бұдан «мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолдары қандай?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауап­ты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы маусым айында «Ана тілі» газетіне берген сұқбатынан табуға болады. Сұқбатта «қазақ тілі ғылым тіліне айналуы керек» деп ғылым тіліне ерекше көңіл бөлінген. Демек, мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуы ғылым тілімен тікелей байланысты. Одан бөлек мемлекеттік тіл заң, экономика (банк ісі, бизнес), білім тілдерінің қажеттіліктерін толықтай өтей алуы қажет деп ойлаймыз. Қазақ ғылыми тілін толықтай қалыптастырып алсақ, кез келген элиталы деңгейдегі тілдерге жауап бере алатындай дәрежеге көтерілеріміз сөзсіз.
Қазір технологияның дамуына байланысты қоғамның барлық салалары жаңашылдықтарға толы. Ол өз деңгейін­де лингвистикалық аспектілерге де әсерін тигізіп отыр. Өйткені тіл біздің өмір мен қоршаған әлем туралы түсінігімізді қалыптастырудың бір құралы саналады.
Осы ретте жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің өсуінде терминдердің алар орны ерекше екені белгілі. Себебі ғылым, білім, технология дамыған заманды терминсіз елестету мүмкін емес. Бүгінгі таңда тіліміздің сөздік қорын толықтырып отырған бірліктер, негізінен, терминдер екені дау тудырмайды. Осыған байланысты мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуын төмендегідей қызмет салаларымен байланыста қарастыру қажет деп ойлаймыз. Олар:
1) Заң (ҚР-ның әрбір азаматы әртүрлі жағдайда күнделікті өмірінде ҚР Заңымен бетпе-бет кездесіп жатады).
2) Экономика (қаржы саласын, бизнес тілін, банк ісін мемлекеттік тілде сөйлетіп алмайынша, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді деп айта алмаймыз); 
3) Білім және ғылым (Мұстафа Шоқайдың «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Өскелең ұрпаққа өз тілінде білім аларлықтай жағдай туғызуымыз қажет). 
Осы көрсетілген мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейтетін негізгі салалардың барлығы ғылым тілімен, терминологиямен байланысты екені дау туғызбауы керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуының да, қолданыс аясының кеңеюінің де шешімі қазақ терминологиялық қорын тіліміздің ішкі заңдарына сәйкес қалыптастырып алу мәселесімен шектесіп жатады.
Қолданыстағы норматив­тік-құқықтық ережелер мен заң акті­лері алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін мемлекеттік тілге аударылып келгені жасырын емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейінде саналу үшін ең алдымен заңдар қазақ тілінде жазылу керек. Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақтың осы уақытқа дейін тек 2 заң ғана қазақ тілінде әзірленіп, қабылданғаны туралы айта келіп: «Қазақ және орыс тілдері құрылымы тұрғысынан әртүрлі тілдік топтарға жатады. Заң шығару процесінде осы ерекшеліктер ескерілмесе, мәтіндердің мағыналары бұрмаланып, мәні өзгереді. Бұл – сөзбе-сөз немесе калька аударманың әсері. Мұндай кемшілікке жол беруге әсте болмайды. Сондықтан, бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керек», – деген сөзіне толық қосыламыз. 
Экономика саласында терминдер көбейді. Бұрын орыс тілі арқылы, қазір ағылшын тілі арқылы терминдер көптеп еніп жатыр. Мәселен, акциз, лизинг, патент, активтер, токен, банкрот, аукцион, маржа және т.б. Жалпы, бизнес саласында қолданылатын терминдердің жартысынан астамы ағылшын тілінен немесе орыс тілінен алынған терминдер. Қазақ тіліне сәтті аударылған терминдердің ішінен дебитор – қарыздар, авизо – хабарлама, заем – қарыз, депозит – салым секілді бекітілген терминдер бар. Ал заемщик – қарызалушы, грузовая накладная – жүкқұжаты, инкассация – инкассалау, клиринговая деятельность – клирингілік қызмет секілді бекітілген терминдерді сәтсіз шыққан терминдер деп санаймыз. Мұндай мысал жетерлік. Көріп отырғанымыздай, экономика, банк ісі салаларында бұрыннан қалыптасып қалған делдал орыс тілі арқылы енген терминдер өте көп. Біріншіден, олар ағылшын не орыс тілінен сол қалпы қабылданған, екіншіден, орыс тілінен калькалау тәсілі арқылы қате аударылған. Бұл да терминдерді модельдеу мен біріздендірудің бірыңғай стандартының болмауынан деп санаймыз. Академик Ш.Құрманбайұлының: «Кірме атаулардың бәрін «халықаралық термин» деп танып, оларды орыс тілі арқылы толассыз қабылдауды жалғастыра беру ұлт тілінің нығайғандығын емес, үстем тілдің шылауынан шыға алмаудың белгісі», – деп айтқанындай, ғылым тілін қалыптастыру, ұлт тілін нығайту мақсатында терминдерді тілімізге икемдеп, танымымызға сай аударып отыру өте маңызды.
Әрине, терминдердің ең көп қолданылатын саласы – ғылым. Алайда ғылым тілінің негізгі арқауы болатын терминдердің мемлекеттік тілде қолданылуы әлі де біркелкі емес. Мысалы, медицина саласының терминдерінде мынадай олқылықтарды кездестіруге болады: «Эпилепсия» (грек. epilēpsía) термині 1971–1981 жылдары «эпилепсия» деп бекітілген. «Биология» сөздігінде «қояншық», «Медицина» сөздігінде «қояншық» және «эпилепсия» нұсқалары көрсетілген. Дәл сол «Биология» сөздігінде «припадок» термині «талма, қояншық» деп берілген. Сондай-ақ «белок» сөзі «Биология» және «Медицина» сөздіктерінде «нәруыз» деп беріліп, 2005 жылы да «Нәруыз» деп бекітілгенімен, 2021 жылы «ақуыз» деп қайта бекітілді. Сол сияқты заңнамада да «белок» сөзінің екі нұсқасы да жарыспа қолданылып жүр. Бұл мектеп және ЖОО оқулықтарындағы қарама-қайшылықтарды тудырып отыр. Медицина саласының оқулықтарындағы мұндай «шатасулар» туралы көптеген ғалымдарымыз айтып келеді. Мәселен, Т.Қ.Зайсанбаев пен Г.У.Ахметалиеваның «Аударма медициналық оқулықтар туралы» атты мақаласында авторлар С.Ж.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінде қазақ тобында білім алушылардың саны басым болғанына қарамастан, «Хабаршылардағы» қазақ тіліндегі мақалалар санының өте аз екенін, бұл қиындық медицина терминологиясының бірізді болмауынан екенін айта келе, «Қазақша терминдердің бірізділікке түспей жатуы да, бекітілген терминдердің қайта-қайта қаралып, жиі-жиі өзгертіле беруі де қазақ тілінде мақала жазушыларға қиындық тудырады», – дейді. Бұл мәселе мектеп терминологиясына, мектеп оқулықтарында терминдердің берілу сапасына да байланысты. Білім беру, оның ішінде мектеп терминологиясының ғылыми-теориялық, қолданбалы-практикалық, әдістемелік және үйлестірушілік негізін қалыптастыру қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін қажет. Қоғамдағы ғылым салаларының, оның ішінде мектепте оқытылатын пәндердің қазақ тілінде «сөйлеуін» қамтамасыз ету мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың алғышарттарының бірі. Бұған байланысты филология ғылымының докторы, жетекші терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлының: «Мектеп оқулықтарына негізінен ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдердің енгені жөн. Оқулық авторларының бұған баса мән бергені абзал...», – деген сөздері өте орынды. Бұл жайында филология ғылымының кандидаты, доцент С.Қ.Құлманов: «Қазақ терминологиясында қалыптасқан қағидаттарға сүйене отырып, мемлекеттік тілде білім берудің терминологиялық жүйесін біріздендіріп, мектептің терминологиялық қорын қалыптастыру бүгінгі күні тілшілердің де, сала мамандарының да, оқытушылардың да, әдістемешілердің де, жалпы қоғамның алдында тұрған «күн тәртібіндегі» шұғыл міндет деп білеміз», – деген еді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақ сусындап жүрген мектеп және ЖОО оқулықтарының терминологиясы мәселесін шешу өте маңызды. 
Осы күні техника ғылымдарындағы күн сайын толығып отырған жаңа атау­ларды қазақ тіліне аударып қолданудың өзі қиындық туғызады. Кез келген терминді қазақ тіліне аудару, болмаса икемдеп алу – ауқымды жұмыс әрі уақытты талап етеді. Бірақ бұл жұмыс қолға алынбай, қазақ тілінің сөздік қорының құрамындағы терминдердің түгелге жуығының өзге тілді болып кету қаупі бар. Бұл сөздік қорымызды шеттілді сөздермен «ластайды». Сол себептен, ең алдымен, терминдерді стандарттауды және терминдердің Үкімет қаулысымен бекітілуін қолға алу керек. Әрине, бекітілген терминді жан-жақты талқылаудан және толық сараптаудан өткізу шарт. 
Ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру – мемлекеттік тілдің дамуы үшін қажет ең басты талаптардың бірі. Қазіргі құжаттардың түгелге жуығы орыс тілінде жүргізілетіні белгілі. Кейде мекемелерде құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде немесе тек орыс тілінде толтыруды талап ететін жайттар да кездесіп жатады. Сол кезде «қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мен – қазақпын. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Неге менің құжатты қазақ тіліне қоса, орыс тілінде де толтыруым қажет? Тек қана орыс тіліндегі құжатты толтыру менің азаматтық құқығымды таптау емес пе?» деген сұрақ туындайды. Шынымен, неге? 
Мысалы, жұртшылық көп жүгінетін сот саласында мемлекеттік тілде сот үдерісін жатық жүргізетін сот төрешілері де, құжаттарды жүргізетін нотариустар да тапшы екені байқалады. Осы салада қазақ тіліндегі баламасы жоқ, қазақ тіліне икемделмеген, аударылмаған терминдер өте көп кездеседі. Қазіргі кезде іс жүргізуде қолданылатын құжат атауларының біршамасы бірізденіп, мемлекеттiк тiлдi мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот ісiн жүргiзу, іс қағаздары салаларында дамытуға басымдық беріліп келе жатқанымен, бұл әлі де шешімін толық таппаған мәселелердің бірі болып отыр.
Өміріміздің барлық саласында терминдер кездеседі. Тек олардың бүгінгі қолданысы – терминдерді қолданудағы бірізділіктің жоқтығының тағы бір дәлелі. Ал терминологияны біріздендіру және стандарттау техникалық прогрестің, өнімнің сапасы мен сенімділігін арттырудың, қазіргі заманғы экономиканы жоспарлау, есепке алу және басқару практикасына кең әрі тиімді енгізудің міндетті шарттары. Ол халықаралық ғылыми және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. 
Мемлекеттік тілдің ғылымның барлық саласында, әлеуметтік топтар арасында, күнделікті өмірде үстемдік құруы үшін қазақ тіліндегі терминдердің жүйеленіп, біріздендірілуі маңызды мәселенің бірі екені сөзсіз. Халықаралық терминдерді жаппай қазақшаға аудару немесе лайықты баламасы болмаса, оларды сол күйінде тілдік айналымға қосу мәселесінде Ахмет Байтұрсынұлының әр сөзді сараптап, тілдің заңдылықтары мен табиғатына үйлестіріп қабылдағанын немесе бейімдеп жасауды басшылыққа алғанын ескеру қажет. 
Бұл мәселелерді шешудің ең ұтымды әрі нәтижелі жолы – терминологияны стандарттау. Академик Ш.Құрманбайұлының: «Терминологияның стандартталғандығы ақпараттандыру үдерістерін автоматтандырудың негізгі шарты деп саналады. Бұл тұрғыдан қарағанда да қазіргі технология мен ақпараттандыру ғасырында терминологияны стандарттаудың маңызы зор. Ғылым мен техниканың түрлі салаларының терминжүйесімен бірге, тілдің қоғам өміріндегі қолданысын қамтамасыз етуде, алуан түрлі іс-қағаздарын жүргізуде нормативтік құқықтық терминологияны стандарттау да өте маңызды», – деген пікірі осы сөзімізге дәлел.
Терминологиядағы стандарттау мемлекеттік, ұлттық сипатқа ие және түпкілікті нәтижесі – мемлекеттік салалық стандарттарды терминдер мен анықтамаларға бекіту. Осылайша, терминологияны біріздендіру және стандарттау техникалық прогрестің, өнімнің сапасы мен сенімділігін арттырудың, қазіргі заманғы экономиканы жоспарлау, есепке алу және басқару практикасына кең және тиімді енгізудің міндетті шарттары және халықаралық ғылыми және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Сондықтан терминологияны біріздендіру мен стандарттаудың теориялық принциптерін одан әрі зерттеу қазіргі тіл біліміндегі перспективалық бағыт. Терминологиялық стандарттардың мемлекеттік-құқықтық сипаты әр түрлі стандарттарда белгіленген барлық терминдер мен анықтамаларды келісу мен өзара байланыстыру қажеттілігін және олардың іс жүзінде сақталуын бақылау­ды талап етеді. Болашақта жүргізілгелі жатқан стандарттау жұмыстарының мемлекеттік тілдің рөлін нығайтуда тигізер септігі көп болады деп сенеміз. Ол жұмыстар туралы әлі де жазармыз...

Аягүл Омарова,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты 
Терминология орталығының 
кіші ғылыми қызметкері

4567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы