- Ақпарат
- 08 Ақпан, 2024
Digital Almaty – 2024: Цифрлық дамудың бүгіні мен ертеңі
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Алматыда «Digital Almaty-2024»: «Х индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы» атты цифрлық форумы өтті. Цифрлық индустрияның жаңа дәуірін қалыптастыруға бағытталған алтыншы форум ой-тәжірибе алмасу үшін ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекет қайраткерлерін, жетекші сарапшылары мен кәсіпкерлерін біріктіріп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар Digital Almaty Govtech, 4.0 Индустриясы, ESG, Smart City және басқа салалардағы өнеркәсіптегі цифрлық трансформация және инновациялық шешімдер тақырыптарын ашатын ауқымды іскерлік бағдарлама ұсынды.
«Digital Almaty» – бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар және IT-қоғамдастық кездесетін бірегей алаң. Форумда ұсынылған идеялар нақты шешімдерін табады. Оған жарқын мысал: «2023 жылы Кремний алқабында Silkroad Innovation Hub құрылуы. Бүгінде хаб жаңа стартап жобалардың тартылыс нүктесіне айналды әрі өңірімізде цифрлық шешімдерді қолдану аймағын кеңейтуде күш-жігерін біріктірді. Бұл жерде стартаперлер өз идеяларын көрсетуге және инвесторлар табуға мүмкіндік алады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Мемлекетті басқарудағы цифрлық құралдар
Панельдік пікірталастар шеңберінде халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден аса спикер қатысты. Олар экономика мен инновацияның нақты секторында жаңа технологияларды қолдануда табысты кейстермен бөлісті. Сондай-ақ IT-экожүйе саласындағы жобалар туралы тәжірибе және ақпаратпен бөлісетін отандық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, технопарктердің, технологиялық компаниялардың көрмесі ұйымдастырылды.
Министр Бағдат Мусин электронды үкіметті енгізу көрсеткіштері жылдан-жылға артып келе жатқанын, осылайша, 2023 жылы онлайн режімінде 50 млн қызмет көрсетілгенін, қызметтердің 92%-ы азаматтарға үйден шықпай-ақ қолжетімді болғанын айтты. Сондай-ақ проактивті қызметтерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар үнемі жүргізіліп келеді, қазір мұндай қызметтердің 46 түрі бар және олар 2 млн-нан аса рет көрсетілген.
«Қазір бізде электрондық үкіметтің орасан зор экожүйесі қалыптасты, оған мемлекеттік порталдармен қатар, банктік қосымшалар еніп, басқа да сервистер мен стартаптар кіре бастады. Біз мемлекет ретінде өнімдер мен қызметтерді құруға арналған көптеген құрал түрін ұсынамыз. Govtech бойынша көшбасшылардың бірі ретінде біз өз құзыреттерімізбен, тіпті дайын өнімдерімізбен бөлісу жауапкершілігіне иеміз. Мәселен, 2023 жылы Тәжікстан Республикасына 3 жүйе берілді. Олар – CPU, Smart Bridge, GOV.kz. Біз табысты және дәлелденген өнімдерді серіктес елдерімізге қайтарымсыз ұсынамыз», – деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ Цифрлық даму министрі өз сөзінде ең танымал 45 сервис пен мемлекеттік қызмет қазақстандықтарға екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді екенін атап өтті. Мәселен, олардың ішіндегі ең танымалдары – автокөлікті онлайн сату. Оның айтуынша, егер бұрын мәмілелердің шамамен 10%-ы ғана онлайн өтсе, мемлекеттік қызметке реинжиниринг жүргізіліп, оны банктердің қосымшаларына шығарғаннан кейін онлайн сатылымдардың үлесі 75%-ға дейін өсті. Банктің мақұлдауын, пәтерді қайта рәсімдеуді және оны кепілге қоюды қоса алғанда, ипотека алуды іске асыру да онлайн түрде, бір тәулік ішінде көрсетіледі. Жеке кәсіпкерлікті ашу да банктердің қосымшаларында қолжетімді болды. Мұндай жетістіктерге Қазақстанның электрондық үкіметінің негізгі компоненттері нәтижесінде қол жеткізілді. Олар – Smart Bridge интеграциялық платформасы (бизнеске жаңа өнімдер мен сервистер құруға мүмкіндік беретін мемлекеттік сервистерге бизнесті 1700-ден аса қосу), Smart Data Ukimet (деректерді айқас талдау және басқару шешімдерін қабылдауды қолдауға арналған кеңістік), GOV.kz (еліміздің бірегейленген стандарт бойынша жұмыс істейтін барлық мемлекеттік органдары сайттарының бірыңғай платформасы), Е-нотариат (цифрлық нотариат), Е-өтініш (халық үніне құлақ асатын мемлекеттің қағидаттары), Е-денсаулық (өз медициналық деректеріңе қол жеткізу) және Е-салық (салық әмияны). Бұл қызметтердің барлығы біздің Egov superapp-та қолжетімді. Олар – 850 сервис, қағаз нұсқаны алмастыратын 31 цифрлық құжат, мемлекеттік сервистердің маркетплейсі. Бұларға толығымен онлайн көрсетілетін нотариаттық қызметтерді және салық әмиянын, түймешені бірнеше рет басу арқылы мемлекеттік органдарға өтініш беру қызметтерін жатқызуға болады. Қазақстанда eGov mobile мобильді қосымшасын ай сайын 4 млн-нан аса адам пайдаланады.
Халықаралық цифрлық форум аясында криптобиржалардың екінші деңгейлі банктермен өзара іс-қимылы бойынша қанатқақты жобасы аяқталғаны белгілі болды. 2021 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Қазақстан Республикасында криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту жөніндегі Жол картасын бекітті және АХҚО криптобиржаларының қазақстандық Екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимылы жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыру бойынша мемлекеттік органдардан жұмыс тобы құрылды.
2022 жылдың желтоқсанында АХҚО мен қазақстандық ЕДБ криптобиржаларының өзара іс-қимылы бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.
«Жобаның басты мақсаты – Қазақстан Республикасында бөлшек және кәсіби инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін маңызды болып табылатын қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен сауда жасау үшін реттелетін орта құру. Бір жарым жыл ішінде біз нарық қатысушыларымен тығыз қарым-қатынас жасадық, бұл бізге айтарлықтай жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, біз АХҚО криптобиржалары мен қазақстандық ЕДБ арасындағы ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін орната алдық, бұл тиісті реттеуші базаны қамтамасыз етуге ықпал етті», – деп атап өтті ҚР ЦДИАӨМ Электрондық өнеркәсіп және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғиззат Байтұрсынов.
Спикердің айтуынша, қанатқақты жоба кезеңінде жалпы айналым 239 млн долларды құрады, транзакциялар саны – 63 000 мың, ал клиенттердің жалпы саны – 52800 мың.
ШЫҰ технопарктерінің бірлескен Альянсы құрылады
Қазақстандық тараптың төрағалығымен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға жауапты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің министрлері мен ведомстволары басшыларының жиыны өтті. Іс-шара Digital Almaty 2024 форумы алаңында өтті. Оған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларын дамытуға жауапты министрліктері мен ведомстволарының басшылары мен өкілдері, ШЫҰ диалогы бойынша серіктестер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.
«Қазақстан цифрландыру саласында, GovTech-те және ақпараттық технологияларды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Тұрақты өсу елді аймақтағы жетекші экономикаға айналдырды, бұл өмір сүру деңгейінің жоғарылауына және кедейліктің төмендеуіне ықпал етті, орташа жылдық өсу қарқыны 5%-ды құрады», – дейді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, Қазақстан өзін GovTech саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсетті, бұл ретте электрондық үкімет өнімдері әлемдік рейтингтерде жоғары бағаға ие болды.
Сондай-ақ министр Astana Hub халықаралық технопаркі резиденттерінің табысты қазақстандық IT-стартаптарын атап өтті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Astana Hub тәжірибесін масштабтау жөніндегі тапсырмасы аясында 12 өңірлік технопарк ашылды.
Цифрлық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың тиімді бағыттарын айқындау, сондай-ақ келешегі бар және ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында министр Бағдат Мусин инновациялық экожүйені одан әрі дамыту және стартап-жобалар мен компанияларға жан-жақты қолдау көрсету үшін ШЫҰ-ға қатысушы елдер технопарктерінің бірлескен Альянсын құруды ұсынды.
Министрдің айтуынша, жаһандық әлеммен технологиялық байланысты жақсартуда ынтымақтастықтың тағы бір бағыты талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу болуы мүмкін. Қазақстанның жоғары транзиттік әлеуетін пайдалану біздің елдеріміз үшін интернет желісіне қосылу бойынша бірқатар елеулі артықшылықты қамтамасыз етеді және Еуразия құрлығында трафикті өткізу жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл транзиттік байланыс арналарын әртараптандыруға және мемлекеттеріміздің халықаралық деректер транзиті нарығына қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондықтан Үнді мұхитына шығатын Ресей – Қазақстан – Иран бағыты бойынша біздің елдерімізді байланыстыратын ТОБЖ салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда транзиттік трафикті өңдеу және сақтау үшін ірі Дата-орталықтар салу жоспарлануда.
ШЫҰ елдері арасындағы өзара іс-қимылды және транзиттік әлеуетті ұлғайту, сондай-ақ өңірлік дата хабты құру аясында деректерді сақтаудың бірлескен базаларын әзірлеу жөніндегі күш-жігерді біріктіру ұсынылады. Осыған байланысты ШЫҰ елдерінің қатысуымен спутниктер құрудан бастап, цифрлық платформаларды іске асыруға дейінгі бірлескен жобаларды енгізу ұсынылады. ШЫҰ елдері негізінде спутниктік топтарды бірлесіп құру, сонымен қатар топқа қатысушы барлық елдердің ғарыштық суреттеріне ортақ қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бір аумақтың ғарыштық түсірілім жиілігін арттырады. Жоғары жиіліктегі ғарыштық түсірілім төтенше жағдайларға, табиғи ресурстарға, антропогендік әсерге және басқа аспектілерге жедел ғарыштық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.
Экономиканың түрлі салаларын цифрландыру арқылы ғарыштық мониторинг деректерін енгізу жаһандық тренд болып саналады. Агроөнеркәсіпті, суды, жерді, табиғи ресурстарды және жер қойнауын пайдалануды қамтитын цифрлық платформалар объективті мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай платформалардың тиімді жұмыс істеуі ғарыштық суреттердің жүйелілігіне байланысты. Ал бұл спутниктерді ұшыруды халықаралық ғарыш айлақтары базасында жүзеге асыру ұсынылады.
«Қазақстан адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар деп бағаланатын, сондай-ақ жақсы өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасайтын әлеуметтік мемлекет ретінде өзінің ашық екенін көрсете отырып, цифрландыру, GovTech саласындағы цифрлық шешімдер, оның ішінде ШЫҰ-ға қатысушы елдермен ЖИ саласында тәжірибе және білім алмасуда белсенді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырады», – деп қорытындылады Бағдат Мусин.
Жиын барысында қатысушылар өз елдеріндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы озық тәжірибелерін, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудағы табысты кейстерін бөлісті, тұрақты даму үшін цифрландырудың сын-қатерлері мен перспективалары, цифрландыру мен жаңа технологияларды дамыту жоспарлары және перспективалары туралы өзара пікір алмасты. Сондай-ақ мемлекеттер әртүрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы «цифрлық алшақтық» мәселесіне тоқталды.
Тараптар цифрлық экономиканы орнықты дамыту үшін цифрлық әріптестікті ілгерілету мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелерді алмасуды жалғастыра отырып, жолға қойылған байланыстарды сақтауға және нығайтуға, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жоспарлы түрде қысқартуға ықпал етуге уағдаласты. Жиынға қатысушылар цифрлық трансформация мен цифрлық экономиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге өз ұмтылыстарын танытты. Бұл ШЫҰ елдері экономикаларының инновациялық-технологиялық дамуына жаңа серпін берері анық. Тараптар электрондық үкіметтің шешімдерін ілгерілету, табысты тәжірибелер туралы білім алмасу және бірлескен жобалар үшін мүмкіндіктерді зерделеу бағытындағы жұмыстар туралы уағдаласты. Отырысқа қатысушылар цифрлық трансформацияны және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты және барлық елдер үшін қолайлы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттілігі туралы келісті. Жиын соңында тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға жауапты министрліктері мен ведомстволары басшыларының келесі кеңесі 2025 жылы Қытай Халық Республикасында өтетіні жөнінде келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 4 шілдеде ШЫҰ-ның онлайн-саммитінде Қазақстанда ШЫҰ цифрлық форумын өткiзу туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысы цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде қысқарту ШЫҰ қызметінiң нақты басымдығына айналуға тиіс екенін атап өтті.
Интернет: байланыс сапасы және тарифтер бағасының өсуі
«Digital Almaty-2024»: «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» VI цифрлық форумы аясында «Интернет: байланыс сапасы және тарифтер бағасының өсуі» тақырыбында панельдік сессия өтті. Оған Сингапур Ұлттық университеті жанындағы мемлекеттік саясат мектебінің профессоры, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ инновациялар бөлімінің бас директоры, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының өкілдері қатысты.
Панельдік сессия «250+» жобасын талқылаудан басталды. Оның аясында ұялы байланыс операторлары халық саны 250 адамнан асатын ауылдарда жоғары жылдамдықты мобильді Интернетке қол жеткізу үшін инфрақұрылым жүргізген болатын.
«Өткен жылы телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған стратегиялық құжат – «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы бекітілді. Жоба аясында 3000 ауылды оптикалық Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте біз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, шағын және орта операторларды қамтитын Интернеттің «соңғы милін» субсидиялау бағдарламасын іске асырамыз. Сондай-ақ облыстық және республикалық жолдарды байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2027 жылға дейін 5G технологиясын қамтитын 3,5 мың базалық станса орнату міндеті қойылған еді, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мерзім 2025 жылға дейін қысқарды. Бұл ретте тиісті жұмыстарды атқару үшін телеком-операторларға 90% жеңілдік беруді жалғастыруды көздеп отырмыз, бұл мәселе тиісті органдармен әлі де талқыланады», – деді Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.
Сондай-ақ қатысушылар 5G технологиясының негізгі басымдылықтарын атап, оны енгізу тетіктеріне тоқталып өтті. Спикерлер өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісіп, саладағы бәсекелестікті дамыту мәселесін де тілге тиек етті.
«Өткен жылы біз талдауды аяқтадық. Оның қорытындысы бойынша біз негізгі үш субъектіні белгіледік. Олардың екеуі мемлекеттік, яғни «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі. Әрине, бұл бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан бір операторды бәсекелестік ортаға шығаруды ұсындық. Салаға жауапты Цифрлық даму министрлігі де бұл ұсынысты қолдайды. Бізде байланыс операторлары неғұрлым көп болса, мемлекеттің қатысуы соғұрлым аз болады. Бәсекелестік бар жерде сапа да, қолжетімді баға да болады», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов.
5G енгізілген көптеген елдерде байланыс қызметтері үшін бағаның өсу үрдісі байқалады. Мұндай құбылыс Қазақстанда да бар. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов көптеген қазақстандықтарды толғандыратын маңызды сұрақтардың біріне жауап берді.
«2022 жылдың ортасынан бастап барлық ұялы байланыс операторлары байланыс қызметтерінің бағасын көтеруде. Мониторинг нәтижелері бойынша байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарларының құны 7-ден 57 пайызға дейін қымбаттаған. Біз негізсіз өсу туралы көптеген шағымдар аламыз және тиісті шараларды қабылдаймыз. Айта кету керек, 2017 жылға дейін бағалар мемлекет тарапынан реттелді, ал содан соң баға еркін нарыққа жіберілді. Біз баға бойынша бес хабарлама жібердік, кейбір субъектілер тарифтерін төмендетті. Қалғандарына қатысты тергеу жүргізілуде», – деді Болат Самбетов.
Өз кезегінде «Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков байланыс қызметтері бағасының өсу себебін түсіндіріп, бұл мәселе компанияның шығындарына байланысты екенін атап өтті.
«Практикалық тұрғыдан алғанда, 5G шынымен қымбат. Интернеттің көлемі артып келеді, сатып алынатын жабдықтың құны өсуде және технологияның өзі айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді. Алдыңғы жылдары біздің компания жылына 500-ден 1000-ға дейін базалық станса салды, бұл сұранысты қанағаттандыру үшін жеткілікті болды. Алайда соңғы кезеңде қажеттілік 2-3 есе өсті. 4G және 5G үшін базалық стансалардың құрылысы бір-бірінен ерекшеленеді, 5G көбірек электр қуатын қажет етеді, ал жұмыс істейтін жабдықтың үлкен салмағы қосымша шығындарды қажет етеді. Осы факторлардың барлығы бағаның өсуіне әкеледі. Тарифтерді реттеу және бағаны жасанды түрде ұстап тұру инвестиция көлемін және салымдарды азайтуы мүмкін. Сондықтан «техникалық даму» тұтынушылардың талаптарын қанағаттандыру және байланыстың жоғары сапасын сақтау үшін қажет. Мұны жасамаған жағдайда тұтынушылардың байланыс сапасына қатысты наразылығы арта түседі», – деп жауап берді «Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.
Сондай-ақ панельдік сессияның шетелдік қонағы – Сингапур ұлттық университеті мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Якоб Ибрагим 5G технологиясын енгізу арқылы саланы дамытудың және нарықта бәсекелестікті сақтаудың табысты стратегияларына қатысты пікірімен бөлісті. Ол Қазақстан өзінің телекоммуникациялық инфрақұрылымының тиімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қолдана алатын кейбір озық халықаралық тәжірибелерді атап өтті.
«Өткен жылдан бастап Сингапур толығымен 5G-ге қосылды. Ол бізге жаңа технологияларды енгізуге үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, зауыттардағы роботтар 5G жүйесі бойынша жұмыс істейді. Тіпті мемлекеттік басқару саласында да біз қызметтерімізді оңтайландыру үшін кейбір қосымшаларды қолданамыз. Сондықтан біз қазір 5G - ді дамытып жатырмыз, тисінше, басқа операторлар да осы нарыққа кіре алады», – деді ол.
Панельдік сессияда «5G»-ден басқа, телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері қалалар мен ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және байланыс сапасын жақсарту мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.
Ғылыми жобалардыкоммерцияландыру мәселесі
Digital Almaty 2024 VI Халықаралық цифрлық форумы «Кәсіпкерлік қоғамдастық, ғылыми мекемелер мен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру механизмдері» панельдік сессиясында бизнес және ғылым синергиясының жолдары қаралды.
Сессия модераторы, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов жалпы ел үшін ғылыми идеялар мен әзірлемелерді коммерцияландыру тақырыбының өзектілігін атап өтті.
«Ғылыми жобаларды коммерцияландыру өте күрделі, көп уақыт қажет етеді. Кейде ұзақ мерзімді процесс. Бірақ нәтижелер мемлекет үшін стратегиялық маңызды болуы мүмкін. Қазір отандық экономиканың басым бөлігі шикізат экспорты есебінен құрылуда. Біз мемлекеттік органдар, даму институттары, ғылыми орталықтармен бірлесіп креатив индустрия, инновациялар саласын дамытуымыз керек», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Сессияда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Мемлекет басшысы өткен жылы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында экономиканың өндірістік секторларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту үшін бизнес пен ғылыми қоғамдастық арасында тығыз өзара іс-қимыл орнату қажеттігін атап өткенін еске салды.
«Ғылым мен бизнес – инновациялық әлеуетті дамытудың екі маңызды құрамдас бөлігі екенімен келісеміз. Осы екі сектор арасындағы тиімді ынтымақтастықты іске асыру ғана күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, экономиканың өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдесуге көмектеседі», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
«QAZINNOVATIONS» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ төрағасы Санат Аханов ғылыми жобаларды қолдау бойынша құралдар көп екенін, бірақ орталықтандырылған жүйе құрылмағанын айтты.
«Біздің бірінші ұсынысымыз – салалар, нишалар бойынша әзірлемелерді кластерлеу. Яғни әртараптандыру қажет. Сонымен қатар жобалардың жетілу деңгейін қарау керек. Әзірлемелер бойынша ағымдағы чек-лист болғаны абзал. Бұл әзірлемелер әлемдік трендке жата ма, жоқ па, сұранысы бар ма, отандық нарықтың сыйымдылығы қандай, әлемдік нарықтағы орны қандай деп зерделеу керек. Осы бағытта әлеуетті клиенттердің тізімін жасау керек. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП көмектесе алады. Қашан ғылым мұның бәрін жүйелі түрде топтастырып, ұсынса, әрі қарай кәсіпкерлік нақты жұмыс істеуі керек. Бұл үздіксіз процесс», – деді Санат Аханов.
Қазіргі кезде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Инвестициялық жобалар тізілімін әзірлеп жатыр. Бұл туралы «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС директоры Айбек Ерғожаев айтты.
«Қазіргі кезде инвестициялық жобалар туралы деректер әкімдіктерде ехel кестесі түрінде жиналады. Жүйелілік жоқ. Сондықтан инвестициялық жоба бірнеше жыл бойы іске асырылмай жатады, кәсіпкер уақыт жоғалтады. Ұлттық палата Инвестициялық жобалардың бірыңғай тізілімін жүргізу механизмін ұсынып отыр. Жобаны қазір қанатқақты режімде іске қосып жатырмыз», – деді Айбек Ерғожаев.
«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов қор жүргізіп жатқан жұмысты баяндады. Omir Group компаниясының негізін қалаушы және CEO, Schulich Startups (Канада) стартаптар ұйымының мүшесі Дінмұхамед Қонаев Канаданың стартаптарды қолдау жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Сессияны қорытындылай келе, Нұрсұлтан Шоқанов туризм, таза өндіріс, креативті индустриялар мен ІТ мегаполис экономикасын трансформациялаудың драйверлері болып белгіленгенін атап өтті. Өңірлік палата жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындарымен, даму институттарымен жұмыс істейтін болады.
748 рет
көрсетілді0
пікір