• Ақпарат
  • 08 Ақпан, 2024

Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

 «Ana tili»
 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-­Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.


Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс екенін айтты. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталды.
– Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек, бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз етуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты. Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.
– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатынын айтты. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі.
– Талап қатаң болады. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмыс­ты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау тағы бір маңыз­ды міндет ретінде айқындалды. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.
– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек. Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа.
Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану.
– Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруа­шылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Елімізде су тым орынсыз жұмсалады.
Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ еліміздің көлік-логис­тикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын бағдарламалық құжат қабылдау міндеті жүктелді.
Бұдан бөлек, Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін еске салды. Президент Мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін айта келе, еліміз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады.
Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.

565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы