• Ақпарат
  • 08 Ақпан, 2024

Желге қарсы ұшқан сұңқар биікке самғайды

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

Күні кеше еліміз Үкіметі орнынан кетіп, қайта жасақталып, төрт көзін түгелдеп те үлгерді. Әлеуметтік желіде сынға қалған Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау салаларының және бірнеше министрліктердің басшылары ауысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштас­тыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет», – деп қадап айтты.

Бұл жолғы ауыс-түйістен де бірден байқалғаны – қай салаға халықтың көңілі толмаса, сол саланың басшылары жиі ауысатын болды. Президент өзі айтқандай: «кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік, бастамашылдық» талаптары шындап қолға алынғанын көріп отырмыз. Жаңадан тағайындалған әкімдер мен министрлер аз емес, кейде олардың аты-жөнінен жаңылатын жағдайға жетіп қалдық. Бұл сөз жоқ жақсылықтың нышаны, бұрынғыдай орын-тағына шегеленіп қалғандай бірнеше жыл отыру, тіпті меншіктеп алу секілді халықтың наразылығын тудыратын үрдіс өзгерді. Енді тек жаңа адамдардан жаңа нәтиже күтеміз.
Смайылов үкіметі де шамасы келгенше жұмыс істеді. Тек ырық бермей кеткен құнсыздануға дер кезінде тосқауыл қоя алмады демесеңіз, біздіңше, уәли біткен бас қосқан жиналыстарын мемлекеттік тілде өткізгенін көріп, ішіміз жылығанын жасырмайық. Смайылов­тың орнына келген Олжас Бектеновтің де сөз ләміне қарап қуанып қалдық. Себебі қазақшасы қамшы салдырмайды екен. Баланың тілі қай тілде шықса, сол тілге қызмет ететінін тағы да жаттағымыз келеді. 
Осы сөзді айтқанда ойымызға еріксіз Алаш зиялылары түседі. Олар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап барлығы дерлік Ресейдің жоғары оқу орындарынан еуропалық білім алғанын білеміз. Тіпті, Лениннің айналасындағы кейбір серіктері қызылдар төңкерісіне қызмет етті демесеңіз, ондай білімі болмағанын қазір әлемжеліден оп-оңай тауып, көз жеткізе аласыз. 
Әрине, ол заманда өзге де газет-журналдар болды, бірақ «Қазақ» газеті ең ықпалды саяси басылымға айналды. Патшалық Ресейдің ықпалымен жиырмасыншы ғасыр басында да қазақ ішінде орысша сауатты қазақ баршылық болатын. Түбі тілді білген адам озатынын, әл әзір отарлаушы тілден құтылу оңай болмасын сол заманның қазағы да білді. Оған қоса «Қазақ» секілді бас газетті шығарушылар да Ресей оқу орындарының түлектері. Сөйте тұра, «Қазақ» газетін ұлт тілінде шығарды. Алға ұмтылып, дамиық десе, «Қазақ» газеті орысша сөйлеуі де мүмкін бе еді? Жоқ. Ұлт ұстазы Ахаң өзінің аталған газеттің бірінші санында «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген атақты уәжін айта келіп, «Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің, түзеуге құдіреті келеді. Сөз – қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді» («Қазақ» 1913. №1. 2 февраль) – дейтіні бар. Яғни отарланып табиғи қалпына селкеу түсе бастаған елді өз тілінде түзеуді, ағартуды мұрат тұтты. Өзіне дейінгі мыңдаған жылдық мемлекет болудың тәжірибелерін саралаған Алаш ғұламаларының сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ. Бүгінгі қазақтың жолы да – Алаш жолы.
Иә, сөз – қару және теңдессіз қару дегенді қосар едік. Тәуелсіздікті қалпына келтірген заманымыздағы, көршінің ықпалымен ұзын арқан, кең тұсауға салына берген бір мәселе болса, ол – мемлекеттік тіл мәселесі. Жаңа Премьер туралы телеарналардан жақсы мағынасындағы «қолы қаттылау талапшыл жігіт» деген уәж айтылды. Оған да қуан­дық. Өйткені экономикаға, жемқорлықты ауыздықтауға тіпті отыз үш жылдан бері бітпейтін жырға айналған тіл мәселесінде де қаталдау шешімдер қабылдайтын тұлға керек. Болмағанда мемлекеттік тілде оқып, жаза алатындай мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын нақты жүйе қалыптастыру қажет. Тәуелсіз елдің заңдары мен ережелері алдымен өз тілінде жазылуға тиіс. Ең аяғы былдырлап енді ғана тілі шыға бастаған перзентін құшақтаған жас ана мен әкеге, ұрпағы елі мен жерін тек өз тілінде сөйлеп қорғай алатынын түсіндіре алатын идеология керек. Осындай керектерді көбірек тізбелеуге болады. 
Біз Премьер-Министрлер туралы сөз қозғап отырмыз. Әлемдегі атағы шыққан бұрынғы Премьер-Министрлердің бірі және бірегейі – британдық Уинстон Черчилль. Сол ағылшындық ақсүйек қарт айтыпты делінетін қанатты сөздер де біршама. Оның өз тіліндегі емес, орысша аудармасына үңілдік: «Желге қарсы ұшқан сұңқар биікке самғайды» – депті бірде. Тағы бірде «Кез келген құлдыраудан жаңа мүмкіндіктер пайда болады» – десе керек, біз де құнсызданудан кейін экономиканың жаңа тыныстары ашыларына, мемлекеттік тіл төрге шығарына сенейік. Өйткені оған да жағдай жасау қажет.

4605 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы