• Cұхбаттар
  • 15 Ақпан, 2024

Дана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, қаржыгер: Қаржылық сауат – экономика дамуының іргетасы

Қаржыгер Дана Ғалымжанқызы жас ғалым әрі профессор. Өзін әлеуметтік желіде озық білім амбассадоры деп таныс­тырады. Ғылыммен айналысуға да, шәкірт тәрбиелеуге де уақыт тауып жүр. Оған қоса желі қолданушыларына қаржылық сауат жайында үйретіп, дұрыс инвестиция жасауын қадағалайды. 
 

– Дана, қазір инвестицияға қызығып, қаржылық сауатын ашып жүргендер көп. Халық жеңіл ақша табудың жолы жоғын түсінгендей ме? 
– Менің ойымша, бұл жағдайға бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, кез келген қоғам тәуелсіздік алғаннан кейін бірнеше эволюциялық процесстен өтеді. Сондықтан  қаржылық сауат, инвестиция тақырыбына жаппай бет бұрып келе жатқанымыз – қоғамның жаңа бір даму сатысына өткенінің белгісі. Мысалы, Корея елі 1940 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, халық несиеге батып, қарыздана береді. Себебі халық жаңа жүйеге бейімделмеген еді. Сол сияқты бізде тәуелсіз Қазақстанның  нақты еңбекке қабілетті буыны енді қатайып, қалыптасып  келе жатыр. Яғни 1991 жылдан бері қарай дүниеге келген тұлғалар капиталистік жүйені  жақсы меңгеріп, осы жүйе бойынша шетел моделін көріп, кейін тәжірибе мен әсерді ұштастырып, қорытындылағаннан кейін жаңа бір парадигма пайда болды деп ойлаймын. Ал қазір кез келген адам қор жинауға, оны қалыптастыруға жауапты екенін түйсінеміз. Несиеге ұрынсақ та, түрлі қаржылық пирамида құрығына түссек те, қателіктен сабақ алып, нарық ағынына ілесіп келе жатырмыз.  
– Парақшаңызды оқып отырып, «адамды өсіретін – әрекет» дегеніңізге көзім түсті. Семейдің қызы қалай АҚШ-ты аралап, Кореяда білім алды? 
– Иә,  Семейдің қызы қалай АҚШ-қа, Кореяға барып білім алғаны көпті қызықтырады. Негізі, Мұхтар Шаханов ағамыздың керемет бір сөзі бар: «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға!» Байқасаңыз, әлемдегі беделді тұлғалар кедей отбасынан, не шалғай аймақтан шығып, табысқа жетіп жатады. Мысалы, Джек Ма, Илон Маск кедей отбасында дүниеге келгенімен, өмірлік мотивациясын жоғалтпай, талабымен жоғары деңгейге жетті. Сондықтан басымнан өткен жағдайға қарамастан, биік белесті бағындыратыныма іштей кәміл сендім. Бақытты картинаны әрдайым елестетіп жүрдім. Меніңше, адамда оны үнемі алға жетелейтін, адас­тырмайтын сенімі болуы керек. Алдыма мақсат қойдым, шексіз армандадым, іштей бәрі орындалатынына сендім. Осы орайда қалыптасуыма, жетілуіме апам мен атамның ролі көп болды. Олар білім алуыма, дамуыма ден қойды. Әсіресе,  апам сол тұста  киім-кешекке,  басқаға  ақша жұмсай бермесе де, дамуыма жиған-тергенін аямайтын. Кітап сатып алуға, музыкалық үйірмеге қатысуға, ағылшын тілін меңгеруіме қатты көңіл бөлді. Сапалы білім алуыма қолдау көрсетіп, тірек болды. Таныс-тамырсыз-ақ биікті бағындыруға болады. Бізге де «Америка арманы» керек. Кез келген жас ішкі тірегі мықты, арманы асқақ болғанда алты құрлықты аралайтынына көз жеткізуге тиіс. 
– Демек, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның білім беру жүйесін салыс­тыра аласыз. KIMEP-те оқығаныңыз тағы бар. 
– Корей елінде білім алған KAIST (Korean Advanced Institute of Science and Technology) сол елдегі жетекші зерттеу университеті еді. Thomson Reuters дерегі бойынша аталған университет Азиядағы озық инновациялық білім беру ошағы болса, әлемде бұл көрсеткіш бойынша 6 орында тұрды. Жаңа білімге ұмтылысымның арқасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша ең үздік технологиялық оқу орнына тапсырып, бағымды сынап көрдім. Сол шақта декреттемін, екі баланың анасымын. Бір қолыммен бесік тербетіп, екінші қолмен IELTS емтиханы эссесін жазып, құжаттарымды дайындадым. Көп кешікпей оқуға қабылданғаным туралы хабар жетті. Осылайша, тың білімді меңгеруге мүмкіндік берген кезеңді бастадым. Тек өзім ғана емес, осы уақыт аралығында балаларымның да санасы өсіп, өмірлік көзқарасы қалыптасты. Таңғы шық елінің әлемді таң қалдырған ғажайып дамуының қыр-сырын түсінуге талпындым. Осындай ғаламат дамудың негізі білімге жұмсалған инвестиция мен қажырлы еңбектерінің нәтижесі екеніне көзіміз жетті. Кореяда білімге деген құрмет ерекше. Ұстаздардың мәртебесі бәрінен де жоғары. Ал оқушылар ғылым шыңын бағындыруды мақсат тұтады. Кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейді. 
Қазақтар бағзыдан ән-күйге, жыр додаларына үйір. Соған қарай жаратылыс­тану ғылымдарын меңгеруге ұмтылмайды. Ал кәріс мектептерінде өлең жаттау, өлең жазу әдеті жоқ. Шығармашылыққа аса мән бермейді. «Қандай ақын-жазушыларың бар?» деп сұрай қалсаң, ойланып қалады. Олар көп сөйлеуге емес, көп әрекет етуге ұмтылады. Техникалық мамандықтарға жақын. Кішкентай кезінен бағдарламалауға, техникалық қабілетін дамытуға мән береді. Тіпті балаларым кәріс балабақшасына барғанда сымдарды бір-біріне жалғап, энергия көзі қалай берілетінін байқап көрді. Осы орайда бізге де заман талабына сай нақты ғылымдарға бет бұрып, дамытқан жөн. 
– Қазір шетел ғалымдарының Scopus сияқты басылымдарға жазған мақаласын тексеріп жүрсіз. Ал елімізде PHD атағын қорғай алмай жүрген біршама докторант бар. Аталған журналға мақала жазуда нені ескеру керек? 
– Өкінішке қарай, ғылым бойынша қазір бәсекеге қабілеттілік деңгейіміз өте төмен. Себебі бұл салаға  жастардың ұмтылысы жоқ. Қазір жастар арасында қысқа мерзімде табыс табу трендке айналған. Алайда бұл тұрақты дамумызға кері әсерін тигізеді. Сондықтан меніңше, жалпы ғылым саласында  жетістікке жету үшін  ағылшын тілін жетік білу керек. Заманауи ғылымның отаны – Америка. Мысалы, Нобель сыйлығы деңгейіндегі жұмыстың бәрі АҚШ-та жазылады. Соның бәрін меңгеру үшін, оқу үшін ағылшын тілі ауадай қажет.  Кәрістердің өзі ағылшын тілін жетік меңгеруді жетекші орынға қояды. Мысалы, Корей елінде оқып жүргенімде оқытушым  ғылыми бағытым бойынша, сілтемесі көп әлемдік мақалаларды оқып шығуға тапсырма береді. Тақырып бойынша 500 мақала болса, авторын, қай жылы жазылғанын, түйінін тәптіштеп жазып шығатынбыз. Яғни сала бойынша ненің зерттеліп жатқанын білмесең, ештеңе жаза алмайсың дейтін алғышарт бар-ды. Сол сияқты докторанттарға берер кеңесім, сала бойынша әлемде не жазылып жатқанын оқып, зерделеу керек. Сонда өзің қаузайтын бөлікті бірден тауып аласың. Жазу да, қорғау да жеңіл. 
– Қор нарығы, құнды қағаздар туралы ақпарат ақырындап трендке айнала бастағандай. Қаржылық сауат жайында  курс оқытуды қашан қолға алдыңыз? Бұған не түрткі болды?
– Қаржылық сауат туралы курс оқытуды бастауыма Корей еліндегі көрген-білгенім әсер етті. Кореяда жастар 18 жасынан бастап инвестиция жасайды. Мектеп қабырғасынан қаржылық сауатқа бейімделеді. Инвестиция жасаған сомасына кейін қажетіне жұмсайды. Мысалы, шағын ғана үйлену тойын жасауға немесе бизнес бастауға бастапқы жарна ретінде қолдануы мүмкін. Осыған қарап мен де қазақ жастарының қаржылай сауатты, келешегінің іргетасын нық қалаған азамат болғанын қаладым.  Оның үстіне қазір кәсіби білімі болмаса да қаржылық сауат, инвестиция туралы ақпарат тарататындар көп. Бұл – дұрыс емес. Тәжірибем мен білімімді ұштастырып, қоғамға пайдамды тигізсем деген мақсат болды. Білгеніммен бөлісіп, халықтың көзқарасының, өмір сүру салтының өзгеруіне үлес қосқым келді. 
– Инвестиция туралы тереңдей түссек. Отандық компаниялардың акция сатуына берер бағаңыз? Болашақта аталғандардың бірін KASE Global тізімінен таба аламыз ба? 
– Әлеуметтік желідегі блогым арқылы Қазақстанның қор нарығын халық арасында дәріптеу, танытумен айналысып жүрмін. Айта кетерлігі,  әр қазақ KASE арқылы кез келген суммамен инвестор атана алады. Ал  Астана халықаралық қор нарығы қалыптасуы мен жұмыс істеу принципі жоғары деңгейде. Халықаралық стандартқа сай келеді. Алдағы уақытта жан жақты халық, үкімет, компаниялар бірігіп әрекет етсе, Корей елінің деңгейіне жетеміз. Мысалы, курсыма қатысқандардың 60 пайызы 25 жасқа дейінгі жастар екен. Алдағы 20 жылда қоғамда көптеген өзгеріс болатынына сенемін. Қазір 20 млн халық санының 34-ы 17 жасқа дейінгі балалар және 20 пайызы  жастар екен. Сонда халықтың жартысынан көбі алдағы уақытта отбасы құратын, әртүрлі салада маман иесі болатын, еліміздің ертеңіне айналар көзі ашық, көкірегі ояу жастар болмақ. Олардың қолданыстағы сөздері қарыз, кредит емес, акция, портфель, дивиденд, жинақ деген термин болса, қаншама мәселе шешімін табар еді?! Әрқайсының жаңа іс бастауға, баспана алуға, ересек өмірге сәтті қадам басып кетуге қоры болса, банктер баюын қойып, экономикамыз гүлденер еді. Қаржылық сауат – ел экономикасы дамуының негізі. Осыны түсінген Канада мен Корея  жаппай қаржылай сауаттандыру стратегиясын енгізген. Ал инвестиция жайлы тереңдей түссек, белгілі бір акция немесе басқа да бағалы қағаз сатып алған кезде сізде екі түрлі потенциалды табыс көзі болады. Біріншісі – дивиденд. Банк депозитіне ақша салған кезде сізге тұрақты түрде үстемақы төленетіні секілді  тиесілі компания табысының бір бөлігін дивиденд ретінде инвесторларға таратады. Мысалы, Halyk банктің акциясын иеленушілер 2023 жылы шамамен 16% дивидендке ие болды. Яғни аталған банктің 100 мың теңгеге тең акциясы болса, 16 мың теңге дивиденд аласыз. Екіншіден, бағалы қағазды иелену арқылы екінші табыс көзі – сатып алған және сатқан кездегі бағаның айырмашылығы. Компания өнімдері әрдайым қымбаттайды. Оларға инфляция әсер етпейді. Сәйкесінше,  компания табысы өседі әрі акциясы қымбаттайды. Мысалы, 5 жыл бұрын Apple акциясы 75$-ға алсаңыз, оны 5 жылдан кейін 200$-ға сатасыз. Инвестиция – бұл ағаш отыр­ғызу процесі сияқты. Алдымен еңбек етіп, портфеліңізді көбейтіп, ағашты күтіп, баптайсыз. Сіз оған 10 шелек су құйсаңыз, бір айдан соң жемісін бермейді. Инвестиция жайы да осыған ұқсас. Портфеліңіз пассив табыс әкелуі үшін біраз тер төгіп, сабыр мен тәртіпке бағыну керек. 
– Бірде халық «бірнеше жылдан кейін қалталы болғаннан, қазір несие алуды жөн көреді» дегеніңіз бар. Несие алмаудың, қарызға батпаудың жолы бар ма? 
– Несие жайында айтсам, адам есеп жүргізсе, несиенің тиімсіз екенін бірден байқар еді. Ал біз шешім қабылдарда анализге емес, эмоцияға сүйенеміз. Тез ақша алып, қалталы болғымыз келеді. Ақшаға қатысты мәселе салқынқандылықпен, ақылмен, санамен, есеппен жүзеге асуы керек. Адам банкке барарда пайыздық көрсеткішін, үстіне қосылатын төлемін есептеп, ойлануы керек. Мұны топшылаған кезде пайыздың банкке емес, өзіне жұмыс істейтінін бағамдар еді. Мәселен, елімізде еңбекке жарамды халықтың 90 пайызында несие бар, 10 пайызында брокерлік шот бар. Қаражатын несие жабуға құйып жатқан көпшілік инвестицияға ойысса, біршама мәселе шешілер еді.  Яғни қазір инвестиция жасасаңыз, бірнеше жылдан кейін жемісін жейсіз. «Сақтықта қорлық жоқ» деп жатамыз. Мұның инвестицияға тікелей қатысы бар. Себебі капиталистік жүйеге бейімделген, дамыған елдерде адамдар кризистік, күтпеген жағдайға алдын-ала дайындалады. Ол үшін тұрақты табысынан белгілі бір пайызын  алып, инвес­тициялайды. Ал сақтық қордың болуы – қаржылық сауаттың басты қағидасы. Әр адам кемінде үш-алты ай көлемінде негізгі шығынын өтеуге жетерліктей мөлшерде қаражат жинап қоюы керек. Бірақ көпшілік не істейді? Үйге жөндеу жұмысын жүргізсек, несие аламыз. Той жасау керек болса, несие аламыз. Артынан алған қаражатты екі еселеп қайтарамыз. Дәл осындай жоспарлы немесе тосыннан болатын жағдайға арнап біртіндеп қор жинасақ, жүгіміз жеңілдері сөзсіз. Осы тұста мысалмен түсіндірсем. Мәселен, банктен 3 млн теңге несие алсаңыз, оны кемінде 5 млн теңге етіп қайтарасыз. Яғни алған сомманы еселеп төлейсіз. Ал 3 жыл бойы ай сайын кемінде 30 мың теңге инвестиция жасап отырсаңыз, өзіңіз жинаған қаражаттың үстіне күрделі пайыз қосылады. Яғни шығынға батпайсыз, керісінше, жинаған қаражатты еселейсіз. 
 – Халықтың қаржылай сауатын ашатын мысалдармен бөліссеңіз.
– Ғалымдардың болжамы бойынша, 2027 жылға дейін 14 млн мамандық жойылады. Бұл өзгеріске дайын болуы үшін адам бірнеше қабілетті меңгеру арқылы технологиялық революцияға дайын бола алады. Біріншіден, критикалық ойлау жүйесі. Яғни өзінше шешім шығара алу, өтірік пен шынды оңай ажырата білу қабілеті. Екіншіден, эмоционалды интеллекті дамыту. Алда эмоционалды интеллектті жоғары адамдар еңбек нарығында сұранысқа ие болады. Одан кейін – үздіксіз білім алу. Қазір бір дипломмен өмір бойы бәсекеге қабілетті бола алмайсың. Сол үшін бір күнмен өмір сүруді қою керек. Мысалы, кіріс-шығыс күнделігін жүргізіңіз. Бала-шағаңызға сыйлық алмас бұрын, әр заттың бағасын есептеп, бюджет құрып алыңыз. Сонда қолыңыздағы бар қаражаттан алыс ұстап, қарызға кіріп кетпейсіз. Жақыныңызға, досыңызға сыйлық алғанда пассив емес, актив тарту жасауға тырысыңыз. Яғни бір қолданып тастайтын зат емес, керісінше болашақта құны өсетін зат сыйлаңыз.
– Cұқбатыңызға рақмет! 

Әңгімелескен 
Айзат Айдарқызы

3370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы