- Ақпарат
- 22 Ақпан, 2024
ОҚУЛЫҚ БАЛАНЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУЫ КЕРЕК
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде дәстүрлі Тілтанымдық мектептер аясында академик Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Сөз сазы және стилистика» атты республикалық ғылыми-теориялық семинар өтті.
Жиынға Алматы қалалық білім басқармасына қарасты мектептерден жүзден аса мұғалім мен «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп», «Арман ПВ» атты 4 баспаның өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеу қызметі жөніндегі проректоры Ермек Бөрібаев алды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, белгілі ғалым, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжан «Оқулық мазмұнын байытатын Қазақ сөз сазы және интонациясы туралы ғылыми білімдер жүйесі», Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Құралай Күдеринова «Мектеп оқулықтарындағы стилистикалық білімдер жүйесі», №147 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бибігүл Қызайбекова «Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тіліндегі қиындықтар», Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақдидар Бекжан «Мектеп оқушыларының ауызша сөзі: мәселелер мен ұсыныстар» және №181 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жансәуле Сабыр «Жоғары сыныптардағы стилистика мәселесі» және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері Самал Бейсенхан «Қазақ тілінің ұлттық корпусы – қазақ мәтіндерінің ақылды базасы» сынды тақырыптарда сөз қозғап, баяндамалар оқыды.
Анар Фазылжан «Оқулық мазмұнын байытатын Қазақ сөз сазы және интонациясы туралы ғылыми білімдер жүйесі» атты баяндамасында психологиялық, грамматикалық кідіріс, логикалық екпін, сөз әуезі, сөйлеу әуезі, сөз екпіні, ой екпіні, дауыс диапазоны, сөйлем түрлеріне тоқатала келе, «сөз сазы» – просодика ұғымын орфоэпия мен интонация тұрғысынан таразылады. Сондай-ақ қазақ сөз ағымының бірліктері саналатын буын, фонетикалық сөз, ырғақты топ, синтагма, сөйленім, күрделі фразалық тұтастық, мәтіндер туралы жан-жақты түсінік берді. Екпіннің делимитациялық, кульминативтік, мағына, форма ажыратушылық, эмоциялық, коммуникативтік қызметтерін атап өтті:
«Орфоэпия сөздің мағынасын бұзбайды, бірақ сол сіз айтып тұрған мағынаны құлақпен дұрыс қабылдауда үлкен тосқауыл жасайды. Сіздің балаға берейін деп тұрған біліміңіз жайына қалады. Ал орфоэпиялық нормасы қалыптасқан балаға ұстаздың өзі сөзді қате жеткізсе, болашақ ұрпақ тілінің орфоэпиясы Р.Сыздық апайымыз айтқандай «қақылдағандай», «кекілдегендей» болады».
Баяндаманың екінші объектісі интонация тақырыбына арналды. Интонация туралы зерттеулер қазақ тіл ғылымында жүйесіз болғанын, оны жүйелеп, біріздендіріп сол интонацияны зерттейтін ғылымның бір бағытын қалыптастырып, «интонология» деп аталып, жүйелеп берген Тіл институтының ғалымы, академик Зейнеп Мүслімқызын Анар Фазылжан ерекше атап өтті: «Интонация деп біздің өмір сүретін толқын ортасын айтамыз. Сөзде мағына, мазмұн, ой болғанда тыңдарман өзге дыбыстарды елемейді. Интонация – ойды жеткізудің негізгі құралы. Айтушының айтайын деп тұрған сөзі дұрыс интонациялық тұрғыдан безендірілмесе, ол адамның айтайын деген ойының ең көп дегенде 30 пайызын ғана түсінесіз. Ендігіде сөз сазы, орфоэпия, интонация туралы айталық. Біз сөз сазын просодика ұғымының баламасы ретінде ұсынып жүрміз. Орфоэпия дегеніміз санадағы дыбыстардың айтылуы кезіндегі бір-біріне әсерлесіп, жеке-жеке дыбыстардың сегментті өзгерісін көрсететін және зерттейтін сала. Сөз сазының ішінде интонация да, орфоэпия да болады. Сөз ағымының бірлігі жасалғанда интонация басталады. Зейнеп Базарбаева интонацияның 8 түрлі бірлігін анықтаған».
Балаларға сингармонизм заңдылығын, сөз сазын үйреткенде, сөз ағымының бөлшектенуі мен бірліктенуін білу керек екені туралы ой да айтылды.
Құралай Күдеринова «Мектеп оқулықтарындағы стилистикалық білімдер жүйесі» атты баяндамасында мектеп қабырғасында оқытылатын баспа оқулықтарындағы терминдердің әртүрлілігіне тоқталды. Мәселен, «Атамұра» баспасында «Ауызекі сөйлеу тілі», «Мектеп» баспасында «ауызекі тіл//ауызекі сөйлеу стилі» деп берілген. «Атамұра» баспасында «сөз дәлдігі», кейде «сөз тазалығы» деп берілсе, «Мектеп» баспасында «тіл дәлдігі», «Арман-ПВ» баспасында «тіл тазалығы» деп жазылған. Сондай-ақ баяндамашы академик Рәбиға Сыздықтың стиль туралы жазған еңбектерін мысалға ала отырып, тілді қарым-қатынас жасау, хабарлау, әсер ету үшін қолданатынын еске салды. Сөзді дұрыс және әсем қолдану керектігі туралы айтты. Баяндамасын Рәбиға Сыздықтың «Университет, педагогикалық институттарда шешен сөйлеуге, әсем сөйлеуге, оның ішінде сөздерді дұрыс дыбыстауға үйрету дегеннің атымен болмай келе жатқанының зардабын кейін тартатынымызды» ескерткен сөзімен қорытындылады.
№147 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бибігүл Қызайбекова «Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тіліндегі қиындықтар» атты баяндамасында оқушы дыбыс табиғатын түсінгенде ғана орфоэпиялық нормаға сай сөйлей алатынын, дауысты, дауыссыз дыбыстардың емлесімен жете танысу қажетін атап өтті. Ол сөйлеу тілі бұзылған бастауыш сынып оқушыларындағы кемшіліктер қатарын көрсетіп берді. Баяндамашы мұндай кемшіліктерге фонетикалық, лексикалық-грамматикалық, әуендік-екпіндік, қарқындық-ырғақтық, жазба тілінің және сөйлеудің жүйелі түрде бұзылуларын жатқызды. Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың және таңдай дыбыстарының айтылуындағы мүкістік ерекшеліктеріне қарай бөлінетін дислалияның түрлерін: сигматизм, ротацизм, ламбдацизм, каппацизм, гаммацизм, хитизм, йотацизм туралы жік-жіктеп баяндап берді. Баяндамада бастауыш сынып оқушыларында жиі байқалатын: дыбыстаудағы кемшіліктер, сөздік қордың шектеулілігі, дыбысталуда және сөзді жазуда көрінетін сөз құрамының дыбыстық жағын жеткілікті меңгермеуі, сөзді айту кезінде қате қолдану және сөз мағынасын дұрыс түсінбеу, сөз құрылымындағы грамматикалық кемшіліктер, сөйлемді дұрыс құрастырмау, сөз байланысын ажыратпау, оқылған мәтінді толық түсінбеу кемшіліктерін талдады. Бала тілінде кездесетін қателіктердің алдын-алудың негізгі жолдарын көрсетіп берді: нәресте кезінен бастап бала мен ана арасындағы тығыз байланыс орнату; сәби шақтан балабақшаға барғанға дейінгі аралықтағы баланың сөзді үйрену кезеңіндегі сөздік қорын дұрыс айтқыза отырып байыту, қалыптастыру; бір жасқа дейінгі кезеңде анасының жанында ана тілін дұрыс меңгеру; сәби кезінен баламен жеке тұлға ретінде қарым-қатынас орнату (cөйлеу, сұрақ қою, жауап алу, пікірлесу, ақылдасу, рұқсат сұрау); ерте жастан тілдегі қателіктерді педиатор дәрігер, психолог және дефектолог мамандары арқылы шешу, әрекет жасау.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері Самал Бейсенхан «Қазақ тілінің ұлттық корпусы – қазақ мәтіндерінің ақылды базасы» атты баяндамасында қазақ тілінің ауызша ішкорпусын, орфоэпиялық конвертердің жұмысымен таныстырды. Корпус – әр тілдегі электронды пішінге келтірілген, бір басқару орталығынан автоматты түрде жұмыс істейтін, лингвистикалық ақпараттарды қамтитын электронды мәтіндер жиыны.
«Белгіленім – мәтін бірліктеріне алдын-ала шартты түрде арнайы қабылданған тэгтерді (taggers) «тіркеп» жазу. Тэг (tag) – лексикалық, грамматикалық және басқа да мәтін элементтеріне лингвистикалық, экстралингвистикалық деңгейді сипаттау үшін арнайы алынған шартты белгілер. Лингвистикалық белгіленім – мәтін сөздеріне сәйкестендіретін арнайы түрдегі шартты белгі-код (tag) қою. Лингвистикалық белгіленім өз ішінде: морфологиялық, синтаксистік, семантикалық, анафоралық, просодикалық, дискурстық және т.б. түрлерге жіктеледі», – деді ол электронды тіл корпусының қызметін түсіндіріп. Орфоэпиялық конвертер жасаудың қажетін ҚТҰК-ның фонетикалық белгіленімін, орфоэпиялық сөздік жасау ісін автоматтандырумен, халық қолданысындағы белсенді, тілді оқытуда қосымша құрал екендігімен, сөйлеу технологияларын жасаумен, БАҚ құралдарында пайдаланумен көрсетіп берді.
Жиынға қатысушылар арасында мұғалімдер бұрынғыдай диктант, бақылау жұмысы, мазмұндама жаздырудың баланың білімін дамытуға, сауаттылығын арттыруға көмегі көптігін, онсыз білімнің сапасыз болатынын, оқушылардың тек ҰБТ кезінде жанталасып оқи бастайтындығынан, ата-аналар репетитор жалдап, екі есе шығынға бататынын айтты. Мектеп мұғалімдері «Инклюзивті білім беру жүйесін де реттеу керегін», «Көкжиек», «Атамұра» баспа оқулықтарында тақырып бойынша оқушылардың ойлау қабілетін дамытатын, тақырыпқа сай тапсырмалардың жоқтығын» айтып, наразылығын білдірді.
Мектеп мұғалімдеріне арналған іс-шараны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырды.
929 рет
көрсетілді0
пікір