• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2024

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНУ немесе ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРЕТІН ФАКТОР

Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов меморандумға қол қою рәсімін өткізді. 

Ең қастерлі ұғым

Кездесу барысында Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы: «Қазақ тілі дегенде Президенттен бастап қарапайым азаматтардың қай-қайсысының да жеке пікірі, ұстанымы бар. Тілге бейжай қарайтын адам жоқ. Бәріміз үшін ана тілі – ең қасиетті де қастерлі ұғым, Тәуел­сіздікпен тең тұратын ең асыл құндылық. Мемлекеттік тіл Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін біріктіреді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе отырып, қазақ тілінің қолданыс аясының артуына қатысты бірқатар жобаларды атқарамыз деп сенеміз. Бүгін қол қойған меморандум мемлекеттік тілді дамытуға қатыс­ты жұмыстарға септігін тигізеді», – деген пікірін айтты.
ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов: «Ассамблея мүшелері мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергені, олардың арасында танымал қоғам қайраткерлері мен депутаттар бары, әсіресе, жастар көп екені қуантады. Бұл – Ассамблея­ның қазақ тілді ілгерілету және оның мәртебесін нығайту жөніндегі күнделікті жұмысының нәтижесі. Ассамблея еліміздің мемлекеттік тілін оқып-үйренуіне және этностардың өз тілін үйренуіне қолайлы жағдай жасау бағытында тиімді жұмыс атқару үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп жұмыс атқаруға дайын», – деп атап өтті.
Жиынға Сенат депутаттары  Нұртөре Жүсіп, Геннадий Шиповских, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, академик, профессор Шерубай Құрманбайұлы, ҚХА мүшесі, ақын, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова, «Астанадағы өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Шерзод Пулатов, «Қазақстан Украиндары Радасы» ЭМБ төрағасы Юрий Тимощенко, «Орыс, славян және казак» ЭМБ төрағасы Владимир Божко,  «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, «Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі Алла Гаврина т.б. тұлғалар қатысты. 

Тіл үшін әр әріп маңызды

Қазақстанның әр азаматының мемлекеттік тілді білуі ұлтты ұйыстыратын фактор екенін айтқан сенатор Нұртөре Жүсіп жаңа технологиялардың қазақша сөйлеуін, қазақ тілінің бүгінгі мәселелерін де талдап берді: «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының дамуына Мемлекет басшысы ұдайы көңіл бөліп келеді. Қорға өз қаражатынан 7 миллион теңге қаржы құйып, игілікті істі бастап берді. Бірқатар бизнес өкілдері осы үрдісті жалғастырып жатыр. 
Ресейде Александр Блок деген ақын өткен. Орыс тілінен «е» деген әріптің үстіндегі қос ноқат алынғанда «Мен үшін орыс тілі өз бояуын жоғалтты» деп он күн ауырып жатып қалған екен. Қазір біздің қазақта «ә» мен «ң» әрпі сондай кепті кешуге жақындады… Иә, мемлекеттік тілдің заман талаптарына сай жедел дамуы маңызды. Оның ішінде жасанды интелектінің әлеуе­тін кеңінен пайдалану қажет-ақ. Осы ретте қазақ тілінің барлық құнары мен бояуын жоғалтып алмау керек. Ал тіл үшін әр әріп маңызды.
Жасанды зерде жасау жолында Назарбаев университеті, «Тіл-Қазына» институты тәрізді ұйымдарда өзіндік ізденіс, түрлі талпыныс жасалып жатыр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы іске мұрындық болып, ІТ мамандарын жұмылдырып, нәтижелі жұмыс істесе дұрыс болар еді. Түркітілдес елдерге ортақ жасанды зерде қалыптастыруға біздің елдің мүмкіндігі зор.
Парламент депутаттарынан құралған «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы қазір жұмыс жоспарын жасап, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге атсалысып жүр. Ырыс-ынтымақ – тіл, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар арқылы өріс кеңітеді. Сондықтан бүгінгі меморандум талай ортақ істерге жол ашады деп сенеміз», – деді ол.

Тіл – ұлттық бірегейлік кепілі

Академик Шерубай Құрманбайұлы: «Кез келген мемлекетте сол елдің халқының тұтастығын қамтамасыз ететін, басын біріктіретін ең негізгі фактордың бірі – сол елдің тілі. Францияда – француз тілі, Германия­да – неміс тілі, Ресейде – орыс тілі сол елдің халқының басын біріктіріп, бір мемлекеттік мүддеге қызмет етіп келеді. Қазақстанда да солай болуға тиіс, Конституция бойынша мемлекеттің басын біріктіретін, Қазақстан халқының ұйытқысы болатын мемлекеттік фактордың бірі – мемлекеттік тіл болуы керек. Ол ешқандай талас тудырмайтын дүние. Ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етудің кілті – қазақ тілі. Біз қазақ тілінің төңірегіне топтасқанда елдің ішкі бірлігі қазіргіден де нығая түседі. Әлемде Ф.М.Достоевескийді, Л.Н.Толс­тойды, И.С.Тургеневті, А.С.Пушкинді оқығысы келу үшін ғана орыс тілін үйренетін адамдар бар. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тіліндегі контентпен, Абайымызбен, Мұхтарымызбен, жалпы бай әдеби мұрамызбен, мәдениетімізбен, ғылыми жаңалықтарымызбен танысу үшін, яғни қазақтың жүрегіне жол табу үшін, өзін осы елдің азаматымын деп санайтын әрбір адам қазақ тілін білгені абзал. Осы арқылы олар қазақ халқына да, оның әдебиеті мен мәдениетіне де жол табатын кілтке ие болады. Қазақ тілін жетік білетін бүгінгі жиынға келіп отырған әр ұлттың өкілдері елді біріктіретін алтын көпір іспетті. Осы дөңгелек үстелдің басында отыр­ған орыс, украин, поляк, әзербайжан, өзбек басқа да ұлт өкілдері қазақ тілін еркін меңгерген. Еліміздің кез келген азаматы аудармашысыз-ақ бір-бірімізді түсінетін деңгейге жеткенде ұлттық бірегейлік бекиді. 
Бір мысал айтайын, университетті қазақ тілінде оқып бітірдім. Бүкіл орыс әдебиетін қазақша оқыдық. Кейін аудармадағы айырмашылықтарды салыстыра отырып, түпнұсқадан орысша оқыдым. Орыс мәдениетіне, тіліне, әдебиетіне деген құрметіміз бұрынғыдан да арта түсті. Тіл арқылы орыс мәдениетімен, әдебиетімен танысуға мүмкіндігіміз артты. Тура осы сияқты Қазақстандағы әр азамат қазақ тілін жетік меңгерсе, Абайдың, Мағжанның, Мұхтар Әуезовтің, Қасым Аманжоловтың, Мұқағалидың, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауин­нің шығармаларын түпнұсқадан оқып, түсінуге мүмкіндік алар еді. Сонда ғана олар қазақтың жанын, мәдениетін, әдебиетін, бай тілін терең ұға түседі. Қазақ тілін үйрену, мәдениетімізбен танысу, қазақ тілін білу жай ғана азаматтық қарым-қатынас құралы емес, елді танудың, жерді танудың, бір-бірімізді шын жақындатудың негізгі мүмкіндігі.
Тағы бір мәселе, қазақ тілінің мазмұнын байытатын контент жасайық. Балабақшадан бастап ересек азаматтарға дейінгі халыққа барлық салада қажет контентті байыта беруіміз керек. 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен ҚХА бірлесе отырып, жұмыс жүргізсе қазақ тілінің қолданыс аясының артуына көп септігі тиеді деп ойлаймыз. Меморандум осы бағыттағы жұмыстардың жандануына ықпал етеді деп сенемін», – деді. 
Журналист Алла Гаврина: «Халықты топтастырудың ең маңызды факторы – мемлекеттік тілді білу және бұл әрбір ел азаматының борышы», – деген пікірін білдірді. 
Кездесу барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға көмектесу, мемлекеттік тілді меңгеру арқылы бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бірлескен ақпараттық жобаларды жүргізу, бірлескен диалог алаңдарын және басқа да іс-шаралар нысандарын ұйымдастыру бойынша қызмет бағыттарын белгіледі.

Қарагөз Серікқызы

 

632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы