- Ақпарат
- 22 Ақпан, 2024
СӨЗ ЖОҒАЛМАСЫН, ЖҰРТ ЖОҒАЛМАСЫН ДЕСЕК...
Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қанатты сөзі газетіміздің басты ұстанымы. Сөзіміз жоғалмауы үшін тіліміздің өрісін кеңейтіп, болашағын бұлдыратпау бұрынғыдан бүгінгіге жеткен аманаттың ең үлкені екенін түсінуіміз керек...
Ана тілінде білім беру маңызды
Әр жылдың 21 ақпанында ЮНЕСКО мен БҰҰ бастап, дүниежүзінің өзге елдері қостап Халықаралық ана тілі күнін атап өтеді. Тіл және мәдениеттің әртүрлі бояуын сақтау жолында осы халықаралық күн енгізілген 1999 жылдан (2000 жылдан атап өтіле бастаған) бері жер бетіндегі халықтардың ана тілін өлтіріп алмау жолында бірқатар тақырыптар әлемдік деңгейде көтеріліп, талқыланып келеді. Мәселен, әр жылдарда «Тілдер мен тілдік әртүрлілікті сақтау мен насихаттауға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (2011), «Ана тілінде оқытуға арналған кітап» (2013), «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу шеңберінде тілдік әртүрлілікті сақтау және көптілділікті ілгерілету» (2018), «Халықтардың тілдері тұрақты даму, бейбітшілік орнату және келісім үшін маңызды» (2019), «Шекарасыз тілдер» (2020), «Инклюзивті білім беру мен әлеуметтік келісімді қолдау үшін көптілділікті насихаттау» (2021), «Көптілді оқыту технологиясын пайдалану: қиындықтар мен мүмкіндіктер» (2022), «Көптілді білім беру, білім беруді трансформациялау қажеттілігі» (2023) деген мәселелер көтерілді.
Биылғы Халықаралық ана тілі күні «Көптілді білім беру – ұрпақтар арасында білім беру мен оқытудың негізі» деген тақырып аясында аталып өткелі тұр. Бұл күндері өткізілетін іс-шаралар жергілікті тілдердің теңдігін қамтамасыз етуге, Жер беті тұрғындарының тілдерді дамыту туралы ақпаратын арттыруға бағытталады.
Жаһандық білім мониторингі есебі авторларының айтуынша, әлем халқының 40 пайызға жуығы өздері түсінетін тілде білім алуға мүмкіндігі жоқ. Яғни қазір дүниежүзі халқының 40%-ы өзі сөйлеп, түсінетін тілде білім ала алмайды, ал кейбір аймақтарда халықтың 90%-ға жуығы өз тілінде білім алу мүмкіндігінен айырылып отыр екен. Бұл қасірет пе? Қасірет, әрине! Өз тіліңде білім ала алмау және өз тіліңде сөйлейтін ортаның тарылуы сол ұлтты «сөзі жоғалған жұрт» қатарына біртіндеп қоса беретіні анық. Мұндай кедергілердің алдын алу үшін жасалған зерттеулердің қорытындысы былай дейді: ана тілінде білім беру сол халықтың оқу нәтижелерін жақсартуға, өзін-өзі бағалауын арттыруға және сыни ойлау дағдыларын дамытуға бастайды. Бұл тәсіл ұрпақтар арасында білім алмасуға және төл мәдениетті сақтауға да ықпал етеді екен. ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле ана тілінде білім берудің маңызы туралы ойын былай жеткізгені бар еді: «Тілдік әртүрлілікті сақтай отырып, қазіргі оқу саласындағы жаһандық дағдарыспен күреске көмектесу үшін мектептің алғашқы сатысынан ана тіліне негізделген білім беру маңызды. Ана тілі сауат ашуда маңызды рөл атқарады, өйткені ол білім берудің алғашқы жылдарында негізгі оқу, жазу және есептеу дағдыларын меңгеруді жеңілдетеді. Дәл осы дағдылар адамның одан әрі тұлғалық өсуінің негізі. Сонымен қатар ана тілі – шығармашылық жан-жақтылығымыз бен болмысымызды танытатын бірегей құрал, білім мен инновациялық дамудың қайнар көзі».
Демек, «сөзі жоғалған жұрттың» қатарында болмауымыз үшін біз де қазірден баланы ана тілінде оқытудың арнайы мемлекеттік жаңа жобасын қолға ала бастауымыз керек. Қазақ «қауіп еткеннен айтамын» дегенді бекерге назарға алмаған жұрт қой.
Халық ең көп сөйлейтін және ең аз сөйлейтін тіл
Қазір жер бетінде 7 мыңнан аса тіл болса да, әлем халқының жартысынан көбі оның 23-інде ғана сөйлейді екен. «Бүгінде әлемде 7000-ға жуық тіл бар және олардың 45%-ы жойылу қаупінде тұр. Білім беру жүйесі мен үкіметте бірнеше жүз тіл ғана маңызды рөл атқарады, ал цифрлық әлемде жүзден аз тіл қолданылады. Көптілді және көпмәдениетті қоғамдар дәстүрлі білім мен мәдениетті тұрақты түрде жеткізетін және сақтайтын тілдері арқылы өмір сүреді» делінген БҰҰ мәліметінде.
Статистика былай дейді:
1. Ағылшын тілі (1, 452 млрд адам)
2. Мандарин қытай тілі (1, 118 млрд адам)
3. Хинди тілі (602 миллионнан аса адам)
4. Испан тілі (548 миллионнан аса адам)
5. Француз тілі (280 миллион адам)
6. Қазіргі стандартты араб тілі (274 миллион адам)
7. Бенгал тілі (272 миллион адам)
8. Орыс тілі (258 миллион адам)
9. Португал тілі (257 миллион адам)
10. Урду (231,3 миллион адам)
11. Индонезия тілі (199 миллион адам)
12. Неміс тілі (134,6 миллион адам)
13. Жапон тілі (125,4 миллион адам)
15. Марати тілі (99,1 миллион адам)
16. Телугу тілі (95,7 миллион адам)
17. Түрік тілі (88,1 миллион адам)
18. Тамил тілі (86,4 миллион адам)
19. Юэ қытай тілі (85,6 миллион адам)
20. Вьетнам тілі (85,3 миллион адам)
Сарапшылардың пікірінше, орта есеппен екі апта сайын әлем халықтары сөйлейтін жеті мыңнан аса тілдің бірі «жойылады». Ғалымдар осы ғасыр соңына қарай қазіргі қолданыстағы тілдердің жартысына жуығы жойылып кетуі мүмкін екенін айтады.
ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле: «ЮНЕСКО көзқарасы бойынша әрбір ана тілі қоғамның барлық салаларында мүмкіндігінше сөйлеуге және бағалауға лайық. Өкінішке қарай, мұндай жағдай әрбір ана тіліне жасалған дей алмаймыз. Кейбір ана тілінің ұлттық немесе ресми мәртебесі жоқ, кейбір мемлекеттердің жергілікті халқы өз ана тілінде білім ала алмайды. Бұл жағдай ана тілінің құнсыздануына, уақыт өте келе оның мүлдем жойылып кетуіне апаруы мүмкін», – деген алаң көңілін білдірген еді.
Австралиялық ғалымдардың пікірінше, егер шара қолданылмаса, 80 жылдан кейін жойылып кету қаупі төнген тілдердің саны бес есе, 2060 жылға қарай жойылып бара жатқан тілдердің саны үш есе артады және ғасыр соңына қарай Жер беті тұрғындары әлемнің барлық тілінің 20%-дан астамынан айырылып қалады.
Әлемде бар тілдерді әртүрлі критерийлер бойынша жіктеп жүрміз. Оның бірі – тілдік бірлестіктердің географиялық және этникалық таралуына негізделген этнолингвистикалық критерий. Бұл критерийге сәйкес тілдер жеті негізгі тіл тобына бөлінеді: үнді-еуропалық, афроазиатикалық, нигер-конго, австралазия, трансжаңа гвинея, майя және дравид. Бұл топтардың әрқайсысы ортақ тарихи туыстас тілдерді қамтиды. Осы жеті негізгі топқа кірмейтін тілдер де бар. Оларды оқшауланған тілдер деп атайды. Кейбір оқшауланған тілдерді бірнеше маман ғана зерттейді және олар жойылу алдында тұр екен.
Әр екі апта сайын «сөзі жоғалған жұрттың» жай-күйіне жүрек ауырса да, олардың сабағын саралап-салмақтау – біздің парыз. Әл-әзір тілі тірілердің қатарында оянып жүргенімізге шүкіршілік ету аз, «өзі жоғалған жұрттың» қатарынан көрінбеудің қамын қазірден жасаған жөн.
Интернеттегі ана тілдері
Киберкеңістіктегі кейбір халықтың ана тілінің кездеспеуі де жергілікті ұлттар тілінің дамуына көп кедергі келтіріп тұр. ЮНЕСКО сарапшылары интернеттің бай ресурсын пайдалана алмайтын қауымдастықтар мен жеке адамдардың құқығы туралы да алаң көңілін білдірген еді. Виртуалды ортада кең таралған тілдерде сөйлемейтін Жер шары тұрғындарының өзін-өзі көрсету құқығы, ана тілінде мәдени контент құру және оны онлайн тарату мүмкіндігі болуы керек деген ұстанымдағы ұйым сарапшылары интернеттегі мәдени әртүрлілік пен көптілділік плюралистік, әділ, ашық және инклюзивті білімге негізделген қоғам құру үшін маңызды деп есептейтінін тек Халықаралық ана тілі күнінде емес, әр зерттеулерінде айтып жүр. Алайда интернеттегі жағдай әлемнің алпауыт тілдерінің контенті қанатын кеңге жая бастағанын дәлелдеп отыр. Бір ғана мысал, Google жүйесінің аудармашы бөлімінде 133-ақ тіл бар. Әрине, бұған жасанды зерденің де, интернеттің де көп қатысы жоқ болғанымен, аз ұлттың сөзі ғаламторда да аз сөйленетінін, өз ана тіліне селқос қарағанның әрқайсының тілі интернет кеңістігінде де «ұмыт қалатынын» көрсетіп бермей ме?
Сирек кездесетін тілдерді үйренуге көмектесетін арнайы уеб-сайттар мен қолданбалар қазір көптеп ашылып, жасалып жатыр. Мысалы, Duolingo қолданбасы жойылып кету қаупі бар Навахо немесе Гавай тілдерін үйретеді. Қазір сирек кездесетін тілдердің бастамашыл спикерлері әлеуметтік желілерде қауымдастықтарға бірігіп, YouTube арналарын жасап, жойылып кету қаупі төнген тілдерді танымал ету және бүкіл әлем бойынша пікірлестер мен әңгімелесушілерді табу үшін түрлі блог жазуды қолға алған. Яғни тіптен ол тілді ана тілі деп есептейтін соңғы тұрғын Жер бетінен көшсе де, ол тілді ең болмаса киберкеңістікте сақтап қаламыз деген үміт оянды.
«Заманауи технологиялар бізге осы күрделі мәселені шешудің жаңа жолын көрсете алады. Атап айтқанда, жаңа технология аудио жазбалар жасауға мүмкіндік береді және сол арқылы көбінесе ауызша түрде ғана бар тілдерді сақтауға ықпал етеді; олар тілді таратуға және лингвистикалық талдау жүргізуге көмектеседі; бір сөзбен айтқанда, жергілікті диалектілер мен жалпы диалектілерді ортақ меншікке айналдыруға жол ашады. Интернет дамуының тілді біркелкі етудің ықтимал қаупін ескере отырып, біз жағдайды бақылауға алғанда ғана, технологиялық прогресс көптілділікке қызмет ететінін түсінуіміз керек», – дейді ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле.
Айтқандай, БҰҰ 2022–2032 жылдарды жергілікті халық тілдерінің халықаралық онжылдығы деп жариялаған еді. Осы уақыт аралығында дүниежүзілік қоғамдастық тілді жоғалту мәселесін шешуге белсене араласамыз деп отыр.
Лайым тілдер өлмегей, сөз жоғалып, жұрт жоғалудан сақтасын!
1543 рет
көрсетілді0
пікір