- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
Қазақ тазысын әлем танитын болады
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Ұлттық мұра – қазақ тазысы тұқымын сақтау және оның ежелден қазақы тұқым екенін халықаралық деңгейде таныту бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Расы керек, қазақ тазыларын енді әлем халқы халықаралық дәрежеде тани бастайды. Қазір арнайы мамандар осы тұқымға жататын 50 итті тегін медициналық тексеруден өткізіп жатыр.
Бір ғана мысал, Қазақстан 2023 жылы Халықаралық кинология федерациясының (FCI) толық мүшесі болды. Қазақ тазысы тұқымын халықаралық дәрежеде таныту үшін FCI-дың міндетті талаптары бар. Солардың бірі асыл тұқымды иттерді тексеріп, оның бүгінгі жай-күйі мен даму болашағын зерделеу керек.
Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидің айтуынша, ендігі маңызды мәселе, Қазақстанды Халықаралық кинологиялық федерациясына (FCI) осы тұқымдардың шыққан елі ретінде бекіту керек.
Одақ басшысының мәліметінше, биылғы мамырда Астанада халықаралық көрме өткізу жоспарланып отыр, соның аясында арнайы халықаралық комиссия «қазақ тазысы» делінетін асыл тұқымды иттерді тексереді. Тексеріс нәтижелері бойынша комиссия өз қорытындысын шығарады, ол Халықаралық кинология федерациясы Бас комитетінің қазақ тазысын халықаралық дәрежеде тану және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанға бекітіп беру туралы шешіміне негіз болады.
Айта кетейік, қазақ тазыларын тегін медициналық тексеруден өткізуді Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырып отыр. Ал асыл тұқымды тексеру барысында қандай қағидаттар қаперге алынады? Ортақ талапқа сәйкес, жамбас және шынтақ буындарының дисплазиясы, көру органдарының тұқым қуалайтын патологиялары, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, сондай-ақ кереңдік, пателла люксациясы және тағы басқа аурудың белгілері бар ма, бәрі де тиянақты тексеріледі.
Рас, енді қазақ тазысын әлем танитын болады. Алдағы уақытта қазақ тазыларын халықаралық комиссия мамандары келіп тағы де тексереді, бұл соның алдындағы дайындық. Екінші қуанатын жайт, биыл қыркүйекте Астанада өтетін 5-дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көрсету бағдарламасы аясында тазы жарыстарын өткізу жоспарланып отыр.
Демек, қазақ тазыларын әлемге танытуға қатысты елімізде үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жерде айта кетейік, асыл тұқымды қазақы иттердің санын көбейтуге қатысты бұл іске тікелей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туиттердегі жазбасы себеп болды. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев туиттеріне: «Республикалық «Ана тілі» газетінен «Қазақы тазы – қазынамыз» атты тазы туралы қызықты мақаланы оқып шықтым. Расымен, тазы халқымыздың жеті қазынасының бірі, сондықтан бұл асыл тұқымды итті жоғалтып алмауымыз керек. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, тиісті іс-шараларды қолдануы қажет» деп жазғаны белгілі.
Президент мұнан кейін қазақы төбеттер мен тазы иттер тұқымын сақтау және көбейту жөнінде Үкімет пен тиісті министрлікке арнайы тапсырма берді. Депутаттар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен осы министрлікке қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандарымен бірлесіп заң жобасы дайындалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Іс Басқармасына жеті қазынаның бірі – қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсырды. Премьер-Министр кеңсесінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Президенттің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Қансонар» республикалық қауымдастығының өкілдерінен жасақталған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы Қазақстанның барлық аймақтарында таза қанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми зерттеуді нысаналы қаржыландыру мүмкіндігін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастырды. Халықаралық кинологиялық орталықта (FCI) тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды көрсету қажеттілігі атап көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев көп ұзамай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Сөйтіп, арнайы заң қабылданды. Қазір қазақы төбет, тазыларды қамқорлыққа алу жұмыстары жүргізілуде.
Президент пәрменіне орай, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің «Қазақы ит тұқымдарының стандарты» туралы» 2023 жылғы 20 наурыздағы №101 бұйрығы жарияланды. Онда қазақы иттердің, атап айтқанда оның ішінде тазы мен төбеттің кеудесі, бойы, өңі, жүні, бұлшық еттері, сүйегі, құлағы, көзі, мұрны, мойны, кеудесі, алдыңғы, артқы аяғы, табаны, құйрығы, қозғалысы, басы қандай екендігі нақты суреттеп, айтылған.
Ең бір қуанатын жағымды жаңалық, 2023 жылы Женева қаласында өткен әлем чемпионатында мойындалмаған тұқымдар тобында қазақтың екі тазысына ең жоғарғы мәртебе берілді. «Тұмар» есімді тазы «Тұқымның үздік өкілі» және «Женевадағы Әлем кубогының жеңімпазы» атағына лайық деп танылды. Ал екінші ит «Вангелия» да «Женевадағы әлем кубогының үздік ардагері» атанды.
Президент пәрменінен кейін жойылып бара жатқан қазақтың асыл тұқымды иттеріне қамқорлық жасау басталды. Енді тазылар халықаралық аренада кеңінен таныла бастайды десек, артық емес. Бірақ ойландыратын мәселелер де бар екендігін жасыруға болмайды. Қазір Қазақстанда қанша тазы қалды?
1939 жылғы есеп бойынша елімізде шамамен 7 мың тазы болған.1965 жылы оның саны артып, 10 мыңға жеткен. Ал ең бір алаңдатарлығы, 1983 жылға дейін тазының 70 пайызы жойылып, тек 3 мыңы қалған. Былтырғы есепке қарасақ, елімізде тазы тұқымдас 1 мыңға жуық ит бар. Алайда, ғалымдардың сөзіне сенсек, оның тек 150-ге жуығы ғана асыл тұқымды. Демек, қазақ тазыларының санын көбейту мен қамқорлыққа алу басты міндеттің бірі болып отыр.
256 рет
көрсетілді0
пікір