• Ақпарат
  • 29 Ақпан, 2024

Басылым мәдениетін қайтсек жетілдіреміз?

Қазақстанда баспа ісімен айналысатын мекемелер жыл сайын шамамен 4000-4500 кітап  шығарады екен. Қазір ақпарат құралдары мен кітап басылым түрінің көптігі соншалық, егер оны реттейтін құжат болмаса, ол басылымдармен жұмыс атқаратын мекемелер мен оқырманның бірін-бірі «түсінуі» мүмкін емес. 
  

Стандарттау  библиография, статистика және кітап саудасы саласында басылым туралы ақпараттар жүйесін әмбебап етеді. Стандарттау, баспа саласында шектеу қоятыны да рас, бірақ  баспа өнімдерімен жұмыс істейтін ақпарат, кітапхана және оқырман арасын бір деңгейде түсіндіретін қажеттілік. Баспа ісін реттейтін стандарт «Ақпарат, кітапханатану және баспа ісі жөніндегі стандарттар жүйесінде»  қаралады. Қолданылуына қарай стандарттар мемлекетаралық, ұлттық (республикалық) және салалық болып бөлінеді. 
2014 жылдың бірінші жартысына дейін республикада шығарылатын басылымдарды  реттеп отыратын ГОСТ 7.4-95 халықаралық стандарты еді. Бұл стандарттың ескіруіне байланысты ТМД елдерінің әрқайсысы өз мемлекетінің басылым шығарылымдарын реттейтін стандарттарын жаңадан дайындап, іске қосты. Мысалы, Ресейде ГОСТ Р 7.0.4- 2006 «Басылым. Шығарылым мәліметтері. Жалпы талабы мен рәсімдеу ережелері»  стандарты 2006 жылдан қолданыста. Біздің елде 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап   ҚР СТ 2383-2013 «Басылым. Шығарылым мәліметтері. Жалпы талабы мен рәсімдеу ережелері» стандарты қолданысқа енгізілді. Осы стандарт кітап басылымдарының барлық түрі мен қайта басылымдарының, стереотипті, репринттік, факсимильдік басылымдардың, мерзімді және жалғаспалы басылымдардың, нота, парақтық басылым,  картография,  газет, бейнелеу өнері және  электронды басылымдардың,  оның ішінде, аудиовизуалды өнімдер үшін шығу мәліметтерінің құрамын, орналасу тәртібі мен рәсімделуін реттейді. Стандарт баспа ісімен айналысатын мекемелерге, полиграфиялық және кітап саудасы кәсіпорындарына,  киностудиялар мен медиа нарық субъектілеріне, дыбыстық жазба компанияларына және продюсерлік орталықтарға қолдануға арналған.
Екінші СТ РК 994-96 «Басылым. Кітаптарды халықаралық стандарттық нөмірлеу. Құрылымы, құрамы, жазылуы» стандарты қайта өңдеуден өтіп, ҚР СТ 994-2012  «Ақпарат, кітапхана және баспа ісінің стандарттар жүйесі. Басылым.  Халықаралық стандартты кітап нөмірі (ISBN). Баспалық рәсімделуі және қолданылуы» деген атпен қайта қолданысқа енді. Бұл стандарт кітаптар мен кітапшаларды  олардың қандай түрімен басылғанына, таралуына, данасына, көлеміне қарамай кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу (International Standart Numbering) негізінде тән ететін (идентификациялау) әдісін қамтиды және кітаптың халықаралық стандарттық нөмірінің  құрылымын, құрамын, жазылуын, кітапта орналасар орнын белгілейді.
Бұл стандарттың талаптарын Қазақстан территориясындағы баспалар мен баспа ісімен айналысатын бар ұйымдар міндетті түрде орындауға тиіс. Шетелдік, шетелдік инвестициялармен бірлескен мекемелерден де талап етіледі. Стандарт ИСО 2108-78 Халықаралық стандартына сәйкес жасалды.
ҚР СТ 2202-2012 «Ақпарат, кітапхана және баспа ісінің стандарттар жүйесі. Музыкалық шығарма басылымының халықаралық стандартты нөмірі (ISМN). Баспалық рәсімделуі және қолданылуы» стандарты да ұлттық негізде баспа саласының айналымына енгізілді. Бұл стандарттың ерекшелігі республикадан шығатын барлық баспа өнімдерінің ноталық туындыларына қойылады. ISMN – басылым өнімдерінің бірден-бір өзіне ғана тән реттік саны. Басылымның  бір түріне берілген ISMN номері  басылымның басқа түрлеріне берілмейді. 
 ISSN – сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмірмен тіркейтін автоматтандырылған жүйе. Бұл халықаралық код – барлық сериялық (мерзімді) басылымдарды басылымның еліне, тіліне, әріпіне, шыққан, түскен уақытына қарамастан басылымды танып-білуге, іздеп табуға көмектесетін бірден-бір ақпараттық құрал. ISSN әмбебап идентификациялық белгісін (код) алу — Қазақстандағы мерзімді басылымдардың дамуына, халықаралық стандартқа сай дамыған елдердің баспа өнімдерімен бәсекеге түсе алатындай деңгейде болуына ат салысады. ISSN нөмерімен тіркелген мерзімді басылымдар Париждегі ISSN халықаралық  мерзімді басылымдарды тіркеу орталығы  арқылы халықаралық ақпараттық жүйеге кіреді. Яғни мерзімді басылымды ISSN нөмірі арқылы әлемнің қай түкпірінен іздесе де,  бірден тауып алады. Басылымның халықаралық деңгейде беделі көтеріледі,  кітапханалардағы іздестіру жұмыстарын  жеңілдетеді, сонымен бірге сауда саласында,  тасымалдауда, сатуда,  іздестіруде көп уақыт алмайды, экономикалық жағынан да тиімді болады. Қазақстанның баспа өнімдері автоматтандырылған есепке алу мақсатында штрих-код жүйесіне өтіп жатыр. Мерзімді басылымдар да ISSN нөмірі арқылы  штрих-кодқа ие бола алады.
 Әрбір басылымға тіркелген ISSN нөмірі – құрылтайшысы, редакторы, мерзімі, тілі өзгергенімен тіркеу нөмірі өзгермейді, сол тіркелген нөмірімен шығуын жалғастыра береді, тек басылымның аты өзгерсе ғана жаңа номермен қайта тіркеледі. Бір рет берілген ISSN нөмірі екінші рет қайталанбайды. Қазір әлемнің 180 елінде ISSN ақпаратты жүйесі қолданылады. 
Әрбір баспа өнімімен жұмыс істейтін мамандар өз басылымдары қандай нөмірмен тіркелгенінен  және оның мән-мазмұнынан да хабардар болуы керек. Баспа өнімдеріне байланысты стандарттарды білу және оны сауатты түрде пайдалана білу басылымның мәдениетін көрсетеді. Басылым сауатты да сапалы деңгейінде болса, тұтынушының тез тауып алуына көмектеседі және ол басылымдармен жұмыс істейтін библиографтар мен  ақпаратты-автоматтандырылған жүйелердің жұмысын да  жеңілдетіледі.
Сонымен бірге баспа және баспа ісімен айналысатын мекемелерге халықаралық деңгейде қолданылатын стандарттарымызды да ескерте кетуді жөн көрдім. Олар:
ГОСТ 7. 84-2002 Мемлекетаралық стандарт. Басылым. Тыстама және мұқаба. Безендірудің негізгі талаптары мен ережелері.
ГОСТ 7.9-95 Реферат және аннотация. Жалпы талап.
ГОСТ Р 7.0.1-2003 Басылым. Авторлық құқық қорғау белгісі. Баспа жұмысында безендірілуі және қолданылуы.
ГОСТ 7.86-2004 Басылым аннотациясын дайындау. Баспа аннотациясына қойылатын жалпы талап.
ГОСТ 7.90-2007 Әмбебап ондық жіктеу классификациясы. Құрылымы, қызмет көрсету және индекстеу ережелері. Ақпараттық іздеу тілі (ИПЯ) ретінде.
ГОСТ 7.1-2003  Библиографиялық жазба. Библиографиялық сипаттама Құрастырудың жалпы талаптары мен ережелері. 
ГОСТ 7.60—2003 Мемлекетаралық стандарт. Ақпарат, кітапхана және баспа ісіне байланысты стандарттар жүйесі. Басылымдар. Негізгі түрлері. Терминдер және анықтамалар. Кітап ісімен айналысатын  мекеме баспа саласындағы осы стандарттың талаптарын білмейінше сауатты кітап шығарамын деу бекер. Кітапты басып шығарған соң оның оқырманға қызмет ету жолы басталатынын ұмытпау керек. 
Басылым мәдениеті қай кезеңде де өзекті тақырып. Кітап туралы айтсақ, баспа ісінде бір кітапты жоғары сапалы етіп, екіншісін мүмкіндікке қарай шығара салуға болады деген түсінік тумауы тиіс. Кітап сапасын жақсартатын маман екені белгілі, ал баспа саласының маманын дайындап жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының түлектері өндіріске барғанда баспа саласын дамыту, басылым сапасын жақсарту білімін пайдаға асыруы үшін басылым мәдениетін осы күннен ескерген абзал.

Қоңыр Мұқатаева,
 әл-Фараби атындағы 
Ұлттық университеті
журналистика факультеті 
баспагерлік-редакторлық және 
дизайнерлік өнер кафедрасының 
доценті

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы