- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
Көлігі қозғалмайтын қала

Алматы – үлкен қала. Қазақстан, тіпті, Орталық Азия мемлекеттері бойынша халық саны көп қаланың бірі. Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы Алматы қаласындағы халық саны 2 миллионнан асқан көрінеді. Әрине адам саны көбейген сайын, қаладағы транспорттар саны да арта бастайды. Салдары, өкінішке қарай, бітпейтін кептеліске бастайды. Бұл мәселенің шешімін шенеуніктер де, қарапайым халық та таппай дал. Тақырып Алматы қаласы үшін ең өзекті мәселенің бірі.
Менің ойымша, мұндай кептеліске түрткі болатын себептің біреуі – жақын маңдағы ауылдар мен елді мекеннен Алматыға асығатын жолаушы мен студенттер. Қазақстан бойынша әйгілі, әрі білім сапасы әлдеқайда жақсы жоғары оқу орындарының басым бөлігі осы қалада. Сәйкесінше жас талапкердің таңдауы да Алматы қаласы болмақ. Мың бояулы қаламызға, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін студент саны жыл сайын артып келеді. Адам неғұрлым көбейсе, соғұрлым көлік қозғалысы еселенеді. Қоғамдық көліктерде де адам көп, үнемі лық толып тұрғаны. Бұл адамдардың көптігі ме, әлде халыққа бөлінген автобус санының аздығы ма? Бізге беймәлім.
Қалалықтар үшін кептеліс үйреншікті жағдай болғанымен, сырттан келген қонақтар, туристер кептелісті көріп, таңғалары анық. Кептелістің тағы бір себебі – қала сыртынан жұмысқа қатынайтын жолаушылардан толассыз көлік қозғалысы. Райымбек, Рысқұлов, әл-Фараби, Сайын даңғылдары, Төле би, Момышұлы, Розыбакиев және Жандосов сияқты көшелерде таңертең және кешқұрым жүру мүмкін емес. Әкімдік жолдағы келеңсіз жағдайды неше түрлі көпірлер мен белгілер қою арқылы алдын алып жатса да, кептеліс азаяр емес. Кептелістің көбейген шағы таңғы сағат 7:00 мен 9:00-ге дейін және кешкі сағат 18:00 мен 21:00-ге дейінгі уақыттар. Бұл кезең оқушылар, студенттер мен жұмысшылардың жұмысқа не болмаса сабаққа барып-қайтатын уақытымен тұспа-тұс келеді.
«Шешілмейтін түйін жоқ». 2023 жылы Алматы қаласына 1,5 миллион адам қонақ ретінде келген екен. Tengrinews.kz хабарлауынша, оның 410 мың адамы шет елден келген туристер екен. 2022 жылмен салыстырғанда көшіп келетін адамдар саны 17,5%-ға ал, туристердің қарасы 51,5%-ға өскен. Осындай статистикалардан жыл сайын, тіпті күн сайын алматылықтардың қатары артып жатқанын аңғару қиын емес. Қала тұрғыны ретінде кептелісті шешудің бірден-бір жолы, біріншіден, жерасты жолын ұзартып, ең болмаса тағы да 1 метро жолын салуды тезірек қолға алу керек дер едім. Транспорттың халыққа көбірек пайдасы тиер, әрі жиі қолданылатын түрі – метро жолдары. 2023 жылдың 8 желтоқсан күні Zakon.kz сайтына Динара Халдарова атты журналист осы жер асты жолының ұзартылуы туралы мақала жариялады. Мақалада Бауыржан Момышұлынан тоқтаған жолды 2025 жылы «Қалқаман» ауруханасына дейін ал, 2030 жылы «Барлық» базарына дейінгі қашықтыққа ұзартылады деп Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амриннің сөзін келтірген. Менің ойымша, бұл жаңалықтың жақсы жағы да, кемшілік тұстары да бар. Жақсы жағына тоқталар болсақ, ресми дерек бойынша 2022 жылы 1 күнде шамамен 86 мың адам метро жолын қолданған, 2 миллионнан аса тұрғыны бар қала үшін бұл метро жолы әрине аз. Сол себепті міндетті түрде метро жолы ұзартылуы қажет және ол болашақта ұзартылатыны қуантады. Ал енді көлеңкелі жағына келер болсақ, метро ұзарғанның өзінде қаланың төменгі жақ тұрғындарын қамтымайды екен. Сондықтан да басқа да аймақтарды қамтитын екінші метрополитен құрылысын салу – кезек күттірмес мәселе деп ойлаймын. Қазіргі метро жолы тек Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандары арқылы өтеді. Түркісіб, Медеу, Алатау, Жетісу аудандарының бойымен өтетін тағы бір метро жолы болса, кептеліс толық тоқтамаса да, біраз азаяр еді. Сызбасын келтірер болсам, басын «Halyk Arena» мұз сарайынан бастап, «Алматы–1» темір жолына дейін түсіп, әрі қарай Алатау, Ақ-Бұлақ, Адем секілді базарларды жағалап, соңғы аялдамасын екінші мұз сарайы, яғни «Almaty Arena-ға» дейін созса көптеген көлік кептелісі азаяры сөзсіз. Осы орайда, Елордамызда әлі күнге дейін жыр болып келе жатқан LRT жолын неге Алматы қаласына салмасқа деген ой келеді. Иә, Алматы қаласы LRT аспалы жолын салуға әлі дайын емес деген пікір де бар. Біріншіден, Алматыда қолын көкке созған мұнаралар көп әрі олар бір-біріне жақын орналасқан. Екіншіден, Алматының экологиялық жағдайы да айтарлықтай мәз емес. Қаланың шамамен 80%-ын түтін басып тұрады. Мұның себебі, халықтың тығыздығымен қатар көліктен, түрлі зауыт-фабрикадан шығатын қалдықтар мен түтіндердің шамадан тыс көптігі. Халық көп жүретін кейбір жерлерінде қоқыс жәшігінің тапшылығынан адамдар күл-қоқысты бей берекесіз тастап жатады. Этика сақтамай, күл-қоқысты жәшігіне салмай, қоршаған ортаны ластай берсек, өзіміз демалатын аяулы табиғатымыздың жайын кім ойлайды?!
Метро жолынан басқа, меніңше, велосипед, скутер секілді екі дөңгелекті жол жүру транспорттарын көбейтіп, бағасын халыққа қолайлы болатындай жағдай жасау арқылы да түйіннің бір ұшын шешуге болады. Жастардың басым бөлігі JET, Whoosh, Яндекс GO секілді транспорттарды қолданады. Аталған скутерлерде абоненттік тарифтердің жеңілдігі қарастырылған. Осы секілді тарифтер мен жеңілдіктерді іске қосса оны сатып алушылар қатары да көбейер еді. Қалада жалға берілетін скутерлерге де қалалық маршруттық транспорттар сияқты ONAY қосымшасын еңгізіп қойса артық етпесі сөзсіз. Сонымен қатар велосипед немесе скутер жолдарын тротуарға бөгет жасамайтындай қылып ұзартуымыз керек. Жастардың және халықтың сұранысына ие дүниелерді мейлінше қолжетімді қылса, кептелістер мен қоғамдық көліктегі шағымдар біраз азаяр еді.
Алматы – тарихи тамыры терең шаһар. Дәл қазір Алматының шет жақтарында жаңа үйлер салынып, қаламыздың аумағы одан сайын ұлғайып келеді. Демек, бұл шаһардағы болашақта халық саны 4-5, тіпті 7 миллионға дейін көбейері сөзсіз. «Қыстың қамын жаз ойла» деп қазақ атамыз айтқандай, қазірден бастап қамданып, қаламызды болашаққа экологиялық және материалдық түрде дайындағанымыз артық болмайды.
Нұрдаулет БАЙТІЛЕС,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультетінің
2 курс студенті

293 рет
көрсетілді0
пікір