• Ақпарат
  • 29 Ақпан, 2024

Тасқынға тосқын

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Шаруа, көктемге кетпенің дайын ба?!

«Қазгидромет» мамандары 2024 жылдың наурыз-мамыр айларына мау­сымдық болжам жасады. Мамандардың жорамалынша, наурыз айы жауын-шашынға бай болады. Солтүстікте бірінші айда қыс әлі де жалғасады. Жиі қар жауып, бұрқасын күтіледі, көктайғақ, тұман болуы мүмкін. Кей күндері ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендейді.
Бірақ оңтүстік өңірлерде наурыз айының басынан көктемгідей жылы ауа райы басталады, бірақ жауын-шашын жиі болатынын жоққа шығаруға болмайды. Олар республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары, Қазақстанның оңтүстік-батысында және солтүстік-батыс бөлігінде қалыпты шектерде болады деп болжануда. Ауа температурасы түнде 0,-10°C-тан +3+8°C-қа дейін, күндіз 0,+10°C-тан +10+18°C-қа дейін барады деп күтіліп отыр.

Мамандар сәуір жылы болатынын айтады. Ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады,  жауын-шашын күтіледі, республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан жоғарлайды. Бірақ оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктің таулы аймақтарында жаңбыр жиі ­жауады. Ал мамыр айында күн райы жылы.
«Мұндай ауа райына қалалар мен аймақтар, ауыл,  диқандар дайын ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Бір ғана мысал, Астана қаласының әкімі Жеңісбек Қасымбек 2024 жылдың 26 ақпанында Сарыарқа ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында әкімдікте көктемге қызу дайындық жүріп жатқанын айтты. Жыл сайын астаналықтар су ортасында қалып, «бізге қайық керек» деп ащы әзілдейтін еді. Бас қаланың әкімі биыл ондай жағдайға жол бермейтінін айтып, сендіргісі келді. 
«Біз ол жерде су ортасында қалмау үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бізде жағдайы күрделі учаскелер бар, олар Есіл мен Нұраға жақын орналасқандықтан қауіп төндіреді. Төтенше жағдай белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Мұны тұрғындардың өздері түсінеді, сондықтан кедергілерді жою жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бірақ көктем дұрыс болады деп үміттенеміз, жалпы дайындық бар», – деді елорда әкімі. 
Ақпан айында «Су тасқынында төтенше жағдайларды жою кезеңіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау­дың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбымен «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. «Көктем-2024» оқу-жаттығуы шеңберінде республика бойынша ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құрылымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізілді.
«Көктем-2024» РКШО барысында ел өңірлерінде электр дабылын іске қоса отырып, құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізілетін болады. Бұл іс-шара халыққа «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру дабылына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізіледі. Осыған байланысты тыныштықты сақтап, дүрбелеңге түспеуіңізді сұраймыз», – деген хабарлама таратты.
Апат айтып келмейді. Бірер аптада күн жылынып, қар ери бастайды. Бұл кезеңге төтеншеліктер аса сақтықпен қарап отыр. Сол үшін қазірден бастап дайындыққа кіріскен. Екі күннен бері құтқарушылар табиғи апатқа қарсы күреске әзірлігін пысықтауда.
Сценарий бойынша қала маңындағы елдімекеннің бірін су басады. Құтқарушылардың міндеті – тасқынға тосқауыл қою, азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, су арналарын тазалау сияқты алдыңғы шараларды уақтылы орындау. Жауапты мамандар көктемгі қауіпті кезеңге дайын екендіктерін айтады. Жағдай қиындаса, жеке құрамның 2 мыңнан аса құтқарушысы, 800-ден аса техника мен 200 мотопомпа сақадай-сай.
Жиын барысында құтқарушылар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен ұлтты құлақтандырып, тәртіп сақшыларымен, еріктілер және коммуналдық қызмет мамандарымен бірлесіп, тасқынға тосқын қоюға кірісті. Ең бастысы, адамдарға зиян келтірмеу мақсатында халықты эвакуациялады.Сценарий бойынша Бобровка ауылы жағынан аққан өзен-сулардың арналары бітелген. Салдарынан су жағадан шығып жайылады. Аққан су Фигурная көшесімен бойлап, тұрғындардың үйлерін басты. Төтеншеліктер адамдарды арнайы техника көмегімен уақытша орналастыру пунктіне жеткізді. Ал, коммуналды қызмет мамандары арықтарды нығайтып, үй айналасына бөгет жасады.
Апат медицинасы орталығының дәрігерлері мен психологтар зардап шеккен халыққа көмек көрсетті. Эвакуацияланғандарды орналастырып, ыстық тамақ берді. Өз кезегінде рес­публикалық штаб оқу-жаттығудағы іс-қимылдарды басқарып, бірізді болуын бақылады.
Ал ауа райына байланысты диқандардың жағдайын сөз етсек, әлем ғалымдары биыл жазда аптап ыстық болатынын айтып отыр. Қатты ыстық ең алдымен ауыл шаруашылығына қауіп төндіретіні белгілі. 
Жалпы, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның талдауы бойынша, соңғы сегіз жыл бүкіл бір жарым ғасыр тарихындағы ең жылы жыл болды. Бірақ 2023 жыл климаттық рекордтарды жаңартты. Болжам бойынша, 2024 жылы ауа температурасы 1,3-1,6 градусқа көтерілуі мүмкін.  
– Аптап ыстық егінге де, жұмысшыларға да қиын екені рас. Біз негізінен 350 гектардай жерге жүгері егіп жатырмыз, 200 гектар жерде өрік пен шабдалы бақшасы бар. Жаздың ыстық мезгілін ұнатпаймыз, өйткені жұмыс онсыз да ауыр, ал облыста жермен, егінмен жұмыс істеп жатырмыз. Күн соғу, тіпті күйіп қалу қаупі бар. Сонымен қатар, суару мәселесі бар, кейде қысым жеткіліксіз болады. Жалпы көктемнің жаңбырлы, жаздық ыстық болғаны шаруаларға оңайға соқпайды» – дейді шаруа қожалығының өкілі Денис Мамташур. 
«Қазгидромет» РМК Агрометеорологиялық мониторинг және болжау департаментінің директоры Нонна Лоенко отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жауын-шашынның нормадан жоғары болуы мүмкін екенін сөз еткені белгілі. 
«Еліміздің солтүстік жартысында негізінен жауын-шашын нормадан жоғары, кей жерлерде екі есе көп, ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыста атмосфералық процестер, керісінше, жауын-шашын мөлшерінен аз жауады. Салдарынан респуб­ликаның оңтүстігі мен шығысының басым бөлігінде қар тұрақсыз, таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда қар ұзағынан жатыр. Бұл көктемдік егіске белгілі бір қауіп тудырады. Температура минус 15 градустан төмен түскенде үсік жүруі мүмкін. Осы қыста орын алған ұзақ жылымық жеміс-жидек дақылдарына зиян келтіруі мүмкін. Бұл ретте Қазақстанның оңтүстігіндегі қысқы жауын-шашын топырақтағы ылғал қорын толықтырады – бұл оң фактор. Бірақ вегетациялық кезеңдегі ауа-райының жағдайы өсімдік шаруашылығында шешуші рөл атқарады. Вегетациялық кезеңге арналған ауа райы болжамы наурыз айының ортасында жарияланады, – дейді агрометеоролог Нонна Лоенко.
Ал Ауыл шаруашылығы министрі жоғары өнім алу үшін биыл тыңайт­қыштың үлесін 2 есе ұлғайтып,  жалпы көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Бұл өнімділікті орташа гектарына 3-5 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстан нарығында ресейлік өнімдердің арзандығы басым болып отырғанын айтты. Ал қазақстандық диқандар орташа есеппен 9-10 центнерден өнім алып отыр. Түсімді арттыру үшін агротехнологияларды қолдану қажет.
Ауыл шаруашылығы саласының негізгі ресурстарының бірі – минералды тыңайтқыштар. Мысалы, Еуропа елдерінде әр гектарға 250 келіден астам, Беларусьте 120 келі, Ресейде бұл көрсеткіш гектарына 55-60 келі аралығын қамтиды, ал Қазақстанда қоректік заттар орта есеппен 1 гектарға 10 келіге жетпейді.
Сондай-ақ республика бойынша тыңайтқыштарды енгізу көлемі әр аймақта әртүрлі. 2023 жылдың аяғында 5,6 миллион гектар егістік алқабын құрайтын Қостанай облысы небәрі 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланған. Қостанайға қарағанда егіс көлемі 1,2 миллион гектарға аз Солтүстік Қазақстан облысы 190 мың тонна, яғни, 3,5 есе көп тыңайтқыш жаратқан.
Өз тарапынан, Ауыл шаруашылығы министрлігі сұраныстың артуы кезінде тыңайтқыштар бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін жұмыс істеуде.
Айдарбек Сапаров субсидиялар АӨК субъектілерінің орнына отандық өндіруші зауыттар мен қаржы институттарына («Қазагрофинанс» АҚ) алдын ала тікелей төленетінін түсіндірді. Фермер үшін  бұл ыңғайлылық пен жеңілдетілген баға болса, ал зауыт үшін олардың тауарларын сатудың кепілі болады.
Бұл ретте импорттық тыңайтқыш­тарды таңдаған фермерлер де мемлекеттік қолдауға ие болады, олар үшін субсидиялау шарттары мен мемлекеттік қолдау алу форматы бұрынғысынша қалады.
Жалпы аптап ыстықтың ауыл шаруа­шылығына қалай әсер етеді? Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Акпар Мәуленовтың пікірінше, құрғақ жаз немесе жаңбырлы күз болуы мүмкін екенін алдын ала болжау қиын. 
– Әрине, құрғақшылық негізінен ауыл шаруашылығына кері әсер етеді. Жаз мезгіліндегі қалыптан тыс ыстық өсімдіктердің өсуіне, шығымдылығына, жалпы өніміне және тіпті өнім сапасына теріс әсер етеді. Дәл осындай жағдай жемге де әсер етеді. Жаңбырдың болмауы, құрғақ, ыстық ауа райы да әсер етеді. Кез келген дақыл аптап ыстыққа шыдамайды, сондықтан үлкен шығынға жол бермеу үшін диқандар бірінші кезекте суармалы судың жеткілікті болуын қадағалауы керек.
Кез келген көкөніс пен жеміс суаруды қажет етеді. Егер су жеткіліксіз болса, оған қоса ыстық ауа райы да кез келген егінге кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл сияқты облыстар су тапшылығынан зардап шегеді. Батыс аймақта құрғақ климат – бұл Маңғыс­тау мен Атырау. Сондықтан ол жерде егін шаруашылығы жоқ, олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ құрғақ климатқа байланысты шөптің жетіспеуі мен жайылымның аздығынан мал шаруашылығы зардап шегеді, мал азығын таппайды, келешекте өнім тапшылығы бағаның өсуіне әкеледі, – Акпар Мәуленов
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі әлем бойынша аптап ыстық туралы жаңалықтарға түсініктеме беріп, тіпті ең нашар сценарийге де дайын екеніне сендірді. Министрліктің мәлімдеуінше, егер вегетациялық кезеңге дейін жауын-шашын қалыпты мөлшерде түссе, онда егін жақсы, жауын-шашын аз болса, сәйкесінше егін жиналады. 2019 жыл – құрғақ болса, 2021 жыл – вегетациялық кезеңнің алдында қуаңшылық болды, кейін егін жинау кезеңінде толассыз жауын жауды, техника егінге шыға алмады. Бірақ 2022 жақсы жыл болды. Дегенмен, шаруалардың шығын орын алған жағдайда орнын толтыруға мүмкіндігі бар. Жалпы, құрғақшылық салдарын барынша азайту үшін ерікті сақтандыру қарастырылған. Мемлекет сақтандыру жарналарының 80 пайызын субсидия­лайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өзінің өнімін сақтауға мүдделі болуы керек, – дейді Әкпар Мәуленов.

274 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы