- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
Жауһар жәдігер – сәукеле

Қазақы нақыш, сырлы ою-өрнектер мен ұлт келбетін айшықтай түсетін өзіндік калорит. Бұл қазақ халқының ұлттық киімге деген биік талғамының көрсеткіші. Ғасырлар туындатқан бұралаң жолдардан бүгінге жетіп, санамызда сақталған қазақтың ұлттық киімдері қасиетке толы. Дана халқымыз оның ішінде бас киімдерге ерекше құрметпен қарайды. Тіпті бас киімдер туралы түрлі ырым-тыйым, мақал-мәтел көптеп кездеседі.
Қазақ аналарының асыл тәжі болған кимешектен кейінгі ерекше орын алатын бас киім – сәукеле деп аталады. Өмірінде бір-ақ рет киілетін сәукеленің әйел заты үшін ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі естен кетпес ыстық естеліктерге толы кезеңі деп айтуға болады. Алтынмен апталып, күміспен күптелген өне бойындағы әр тастың тарихы тереңде, үлкен мағынаға ие. Жақмоншақ, жақтама, жақтау, жырға, сәукеленің сырғасы сынды әшекейлер мен басқа да құрамдас бөліктерінің сәукелеге тағылу себептері бар, айтар ойы, өзіндік ерекшеліктері бар. Бір қуантарлығы, тұрмыстағы қолданыстан қалып, тарихтың тереңіне кеткен сәукеленің сәні бүгінде ерекше бағаланып, қайта оралуына жағдай жасалып жатыр. Қыз ұзатқанда көптен бері еуропалық үлгідегі көйлек пен фата кигізіп келген халқымыз соңғы кездері сәукеле мен бүрмелі көйлекке қайта бет бұрып келеді.
Бұрын ата-бабаларымыз ұзатылғалы жатқан қыздың ата-анасы шеберлерге тапсырыс беріп, алдын-ала тіктіріп, жасататын болған. Сәукеле тігетін шебер бойжеткеннің мінез-құлқына, сұлу сымбатына, иба-әдебіне қарап әр аруға арнап арнайы дайындаған. Салт-дәстүрді жадынан шығармайтын қазақ халқы үшін сәукеленің тарихи тағылымы өте мол. Ұзатылып бара жатқан қыздың басындағы сәукеленің ою-өрнегіне, бағалы тастарына қарап сол әулеттің қоғамдағы орның байқайтын болған. Сәукелені әркімге беруге, басқа адамның киюіне, айырбастауына рұқсат етілмеген. Халық арасында сәукелеге қатысты бірнеше аңыз әңгімелер айтылып жүр. Сәукеленің құнына, шебердің ісмерлігіне байланысты этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінде былай делінеді. «XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болған оқиғаны жазған. Сонда Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», – депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал болады екен, сондықтан қызының қалың малы 500 жылқы болсын» деп кескен екен.
Белгілі мәдениет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібекұлының өзі ұнатқан келініне сәукеле тіккені жайлы аңызға бергісіз әңгіме бар. Бұл жайында Өзбекәлі Жәнібекұлының жары Қалихан Айдосқызының естелігінде былай жазылған: «Өзекең: «Балам көңілімізден шығатын қызға үйленсе, қалыңдықтың сәукелесін өз қолыммен тігер едім» деген болатын. Уәдеге сай ол шетелге шығатын әр сапарында асыл тастар әкеліп жинастыруды әдетке айналдырды. Кейін Бауыржанымыз үйленгенде уәде бойынша келініміз Гауһарға арнап үкілі сәукелені өз қолымен тігіп шықты».
Бағалы бас киім сәукеленің шетелдік зерттеушілерді ең қатты қызықтыратын тұсы оның биіктігі мен төбесі. Салмағы ауыр болып келетін сәукелені талдырмаш қыз баласының еңсесін тік ұстап көтеріп жүретіндігі барлық шетелдіктер үшін ерекше таңдаңыс тудырады. Бағзы замандарда көз тиюден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды деп сәукеленің төбесіне үкі тағатын болған.Үкінің жүнін қазақ қашанда қасиетті деп санаған.
Ашылғанына 10 жыл болған «Анаға құрмет» музейінде аяулы абыз аналарымыздың бас киім түрлерінен арнайы бұрышы жасақталған. Дегенмен, сәукеленің орны бос еді. Халықаралық орамалдар күніне ұйымдастырылған шарада «ZARATA» ұлттық киімдер брендінің негізін салушы Ляззат Исаханова музей қорындағы бұл олқылықтың орның толтырып, өз қолынан шыққан сәукелені сыйға тартты. Қызыл бархат матасына бағалы тастар мен моншақтар жапсырыла тігілген бұл сәукелені музейіміздің этнография бөлімінен көре аласыздар.
Рухани болмысымызды ашатын ұлттық киімдеріміз сан ғасырлар бойы ұрпақтарға аманат болған салт-дәстүріміздің жарқын көрінісі. Қаншама ақынға таңдаулы тақырып болған сәукеле жыл өткен сайын жаңарып, заманауи стильде жаңданып келе жатыр.
Ақерке Амантай,
«Анаға құрмет» музейінің
ғылыми қызметкері

465 рет
көрсетілді0
пікір