- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
Анималистік проза: АДАМ мен ТАБИҒАТ

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы Өмір Кәріпұлының «Бастау» романы қаламгердің жазбасқа мұршасын қалдырмай, жан дүниесінің тереңінде буырқана бұрқылдап жатқан сарқылмас қайнардай тума таланты мен жанкешті еңбегінің жемісі деуге болады.
Романда автордың табиғат пен адам қарым-қатынасын, жалпы образ типологиясын суреттеудегі тенденциясы мығым. Адам мен табиғат қарым-қатынасы қорықшылар тіршілігімен тығыз байланыста өріледі. Осы орайда, жазушының табиғат құбылыстарының сырын, жер рельефін, климатын, өсімдіктер әлемі мен жануарлардың мінез-құлқын терең білетіндігі оқырманды тәнті етеді. Өмір Кәріпұлының анималистік прозаның шебері екеніне де шүбә жоқ. «Бастау» романында автордың көру оптикасы бөрілер әлемін, киік, арқар, елік секілді дала еркелерінің сұлулығы мен тектілігін, мінез-құлқын, олардың бірігіп тіршілік етудегі ынтымағын, ұрпақ жалғастыру жолындағы жанкештілігін, қасқырлар әлеміндегі «бөрі сырғақ» ойынының және арқар, киік тіршілігіндегі «күйек ойыны» салтанатын, жұптасына адалдығын, тағы да басқа құпия сырларын жіті танып, интуитивті түрде баяндайды.
Мысалы, автор халық ұғымындағы «бөрісырғақ» салтанатын: «Тұқым өнігіне дала да тілекші. Ақырған ақпан «құмарлық ойыны» басталғанда аяқ астынан жұмсақси қалатыны бар. Ызғырықтаған жел лебі күрт жұмсарып, шаңытқан аспан бозғылтым тартып ауаға аздаған жылылық енеді де, бұлт көбесінен ұп-ұсақ қар қиыршықтары қапалақтап жерге түсе бастайды... Cырғақ сіркіреген жұмсақ райдағы күндерде, «құмарлық ойынына» кіріскен жұптастардың арқа-басы жазылып, ләззат тұшымына емін-еркін кенеледі...» деп суреттесе, секемшіл, елеңшіл киіктердің, марғасқа текелер мен туша ешкілердің «күйек ойынын» да когнитивті эмпатия сипатында өрнектейді: «Дала астаң-кестең. Қарашаның май бораны үдеп-үдеп соғады. Табиғаттың ойпаң-тойпаңын жер түбінен сезетін киіктер қоғамдаса бастады. Қысылшаң шақта бас біріктіру бұлардың үйреншікті тәсілі. Күйек салтанатын ет-жүрегімен сезінетін тушаларда да мазасыздық басым. Табиғат сыйы – күйек ойынына кенелетін мерзім қыр астында тұр. Өне бойына қытық боп тарап жүректі тулатқан тегеуірінді текенің ымқырулы қуатына кенелгендегі жалқы сәттегі тұщыныстың мүтін ғұмырына жетерлік болатыны несі екен?». Романда автор табиғатқа адам қолымен жасалатын жауыздық пен техникалық прогресс әкелетін зұлматтың түбінде адамзаттың өзіне зауал болып төнетіндігін табиғат пен адам концепциясы ауқымындағы әлеуметтік-философиялық толғаныс сипатында кеңінен суреттейді.
Тауда жалғыз қалған бөріні Оқпан атпақ болады. Автор осы сәтті: «Жүре берсін, деді Келес немқұрайды пішінде. – Менің асыранды бөрім ғой. Құлжа ақсақ, көптен сылтып жүр. Аяғын тасқа алдырған болса керек. Беріле қоймас өлімші бөріге. Жетім қасқырдың шыпасы бітуге дайын. Бір тауда бір өзі. Құтты екеуміз тәрізді. Қолың батса, ат құлжаны. Жығып бер жетім бөріге». Қорықшылар табиғат заңдылығын білгенмен, құлжаны жайына қалдырады. Құлжаның соққысынан жазым бола жаздаған өлімші бөрі есін жиғанда, асай-мүсей асынған бұларды көріп, безе жөнеледі. Оқпан қорек қылсын деп атып алған қоянын тастайды. Автор бөрінің қоян етін қылғытып салып, оны місе тұтпай жол бойы тышқан аулап, денесіне әл біткендей болған заматтағы күйін: «Кенет бөрінің тағылық түйсігі оянды. Тереңнен дүмпіген бір күш төрт тағанын жерден тік көтеріп алып сілкіп-сілкіп жібергендей болды да, кеудесін тіктеп алды. Өлімші сүмелек жағдайын сәтте есінен шығарған қалыпта, жонын дүрдитті. Қасқыр екенін сезінген сәттік сілкініс бойына орасан күш бітіргендей-ақ табан астындағы қатқыл топырақты молақ аяқтарымен осып-осып жіберді». Әрине, бұл мысал автордың тағылар мінез-қылығына қанықтығын ғана емес, сөйлемінің бір сөзін алып, қосуға болмайтын зергерлігін ғана емес, қылап суреткерлігін айғақтайды: астарлы мәтін, символдық таным, адам тағдырымен шендестіру. Осы іспетті ұзақ-сонар авторлық баяндаулар кейіпкердің (бөрінің) түйсігі мен автор санасы бір деңгейде табылатын қосүнді сөзге иек артқанмен, автор дүниетанымын танытатыны анық. Автор бөрінің шаңырақ мүйізді тау тағыларымен шайқасқан дүбірлі жортуылдарын, «қорқақты бұқтырған, жалтақайды ықтырған, қотанын қорығандардың ұйқысын қашырып, байшыкеш сараңдарды күлкіден айырған» қуатты шақтарын оның түйсігі арқылы ретроспекциялық баяндау ауқымында тартымды бейнелейді. Айналаны, адамдар ортасын аң-құстың түйсігі арқылы бейнелеу қазақтың анималистік көркем прозасында бар дәстүр болғанмен, автор оны романның идеологемасына сай өзіндік қолтаңбасымен жаңғырта бедерлейді: «Дүм-дүние бір тарының қауызына сиятын жағдайға ұшырап астаң-кестеңі шығып жатқанда, қайдағы бір жетім бөрінің ежелгі ұранынан жаңылып итше ұлығаны кімге таңсық? Есіл-дерттері қызылды-жасылды дүниеге ауып, бар айла-шарғысын, жұмыр басына ұялаған азын-аулақ ақылын бір ғана мақсат – пайда табудың жолына жұмылдырып тек баюды ғана бағдарға алған аран ауыз алпауыттардың жемсауы кімді оңдырғандай? Түйені түгімен, биені бүгімен жалмайтын обыр өңештер жылы-жұмсақ былай тұрыпты, асыл тасты да қылғытуға бар. Дүниеқоңыз өлермендерге иттің үрмегендігі, дала көкжалының жоны дүрдимегені, қара тобырдың мәңгүрт боп жұлын-жүйкесін ащы сораға жегізіп жынды судың жетегінде кеткені керек. Сондай жағдайда пайда ойлаған алпауыттың қалтасына мол ақша құйылады. Иттің итшілеген өлімші тірлігі есеп емес. Қара тобырдың «қатын ойбай» даурығысын да есепке алмайды. Есепке алмайтыны, сыйынатын тәңірі басқа. Мүтін дүниені уысында ұстаған «доллар құдайы» тұрғанда оларды жау алмайды». Автор жапан далада жалғыз қалса да, ұрпақ қалдыру аңсарымен, өлімге беріспей күн кешкен бөрінің түйсігі арқылы ұлт өміріндегі қайшылықтарды, дүниеқоңыздық пен жемқорлықты шешендік дәстүр үлгісінде шетін кестелейді. Риторикалық сауалдар мен фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, өзіндік мінезге эпитеттер, қайталаулар соны айғақтаса керек. Автор жалғыз бөріні аллегориялық тәсілмен адамша сөйлету арқылы зар заман ақындары мен жыраулық өнер дәстүрінде қиын шақтарда заман ауыртпалығын көрген ұлт өміріндегі өзекті мәселелерді, ел мен жер жайын толғатады.
Автордың адам мен табиғат концепциясында жалғыз бөрі мотивінің синтактикалық мағынасы коннотациялық мәнде екені айқындалады. Жалғыз бөрі бейнесі М.Әуезовтің Көксерегімен, Ш.Айтматовтың Ақбөрісімен параллель образдар. Жалғыз бөрі бейнесі автордың өзіндік ұстанымы, дара стилі тұрғысынан тұлғаланады. Романда жалғыз бөрінің толғауында, Марқасқа киіктің зарында, Бөртенің жалғыз бөріні жоқтауында ғана емес, Оңалдың өлеңдерінде, Келестің толғау, ән-күйлерінде ақырзамандық сарын байқалады. Көрнекті әдебиет теоретигі Б.Майтанов осы күнгі постмодернизм бағдарында жазылған шығармаларда өмірден түңілу іспетті ақырзамандық сарын жайын айта келіп, ақырзамандық сарынның ежелгі Шортанбай, Мұрат ақын өлеңдерінде бар екенін тұжырымдайды. Ғалым шығарманың қандай бағыт-бағдарда жазылғанында емес, көркемдік-эстетикалық құндылығында екенін байыптайды. «Бастау» романы да өзінің композициялық, стильдік-жанрлық ерекшеліктерімен реалистік, модернистік сипаттарға, жаңашыл үрдістерге ие екенін аңғаруға болады. Сонау әлемдік, түркілік эпостарға тән қара сөз бен өлең сөз аралас баяндау дәстүрінің «Бастау» романында орын алуы көрнекті орыс ғалымы М.Бахтин айтқандай, «жанрлық жадтың» қайта жаңғыруы екенін аңғарамыз. Осы тұрғыдан қарасақ та, романдағы автор ұстанымы тұрғысынан бағамдасақ та, адам тұлғасын заман шындығымен тұтастықта бейнелеген эпико-психологиялық туындыны роман-толғау жанрына жақындату артық болмас.
Автор өлімші халдегі жалғыз бөрінің тектілігін, қайыспас қайсарлығын Ерсіннің ит фермасындағы үйретінді дүрегей тазысының қоян да ала алмайтын қауқарсыздығымен салыстыра суреттей келіп: «Тазы қапелімде оқ тиіп жанталасқан қоянды қауып түсіп, итке тән долылықпен сілкілей бастаған-ды. Бұл батылдығын иелері қош көрген еді. Өзін аңға баулыған жүн сақал (Ерсіннің жалдамалы ит бағушысы – біз) иесінде ес қалмаған. Бағынышты мырзасына: «Ереке, тазы жақсы ауызданды!» деп құлдық ұрғаны бар», автор тоғышарлық пен құлдық сана көріністерін ащы әжуамен ірейді. Ерсін бастаған әулекі топ шетелдік аңшыларды аң аулауға алып шығып, мақтанға бой алдырмақ болады. Бірақ, қазақ жерінің сұлу табиғатына сүйсінген шетелдіктер бес қаруы сай болса да, бей-берекет оқ шығармайтынын ұқтырады. Ерсін жалғыз бөрінің соңына түседі. Қаншама қуғын сүргінді көріп, титықтағанмен бөрілік тегіне тартып, Ерсіннен амал-айласын асырып, Ерсіннің дала төсінде итке қойылған ескеркішінің маңындағы ініне кіріп жан сақтайды. Әп-сәтте ғайып болған бөрі әрекеті Ерсінді естен тандырады. Автор сонда да осы «ерлігіне» мадақ күткен Ерсін әрекетін сарказммен түйрейді.
Романда адам мен табиғат тіршілігі алма кезек суреттеліп, жарыспалы композицияға құрылғанымен, кейіпкерлердің барлық іс-әрекеті Келес бейнесінің айналасына шоғырлануы айналмалы композиция ерекшеліктерін танытады. Соның бірі – Ерсін мен Ақшагүл сюжеттік жүлгесі. Оңал, Келес және өзімен консерваторияда бірге оқыған Келес сүйген аппақ ару Ақшагүлді де Ерсін оны «алып қашпақ болған тентектерден құтқарған» болып, алдаусыратып қолға түсіреді. Бір кісідей өнері бар Ақшагүл тауқыметі мол күндерде жетім қалған ағасының бала-шағасына қамқор болу ниетімен бизнеске қол артады. Өзі туып-өскен ауылына да жиі барып, адамдардың әл-ауқатын жақсартуға да атсалысады. Ерсін Ақшагүлден «сырттандарына» демеушілік сұраудан да қымсынған емес. Романда Ерсін мен Ақшагүлдің астана шетіндегі ақшаңқан коттежді Келеспен диалогында Оқпан көзімен сипатталған-ды. Алайда, бір-бірімен жан дүниесі де, өмірлік көзқарасы да о бастан үйлеспейтін отбасының өмірі екеуара тәжікелесуден әріге бармайды. Ақшагүл Ерсінді тек жалғыз ұлының әкесі деп қана кейде жылыұшырайтыны болмаса, алғашқы ғашығындай құлай сүйген емес. Ерсіннің сөзі мен ісі қиыспайтын, билік басындағыларды төңіректейтін жылпостығын, Келестің өз көңілінен шықпаған талай әндерін қолқалап алып, өңдегенсіп, эфирге шығып, танымал болып алғанын Ақшагүл де, Орынша да білетін. Сондықтан отбасында басы қосыла қалған сәтте өзі бастап ілік шығаруды әдетке айналдырған. Алайда одан да нәтиже шықпайды. Ал, Ерсін болса қажет кезде Ақшагүлді алдап-сылаудың ебін табады, кейде еркексіп мінез көрсетпек болады. Ол тіпті өзге түгілі өз бауырынан шыққан жалғыз ұлына да салқындық танытады. Ақшагүл мен Ерсін арасындағы драматизм диалогтарда шебер кестеленеді. Автор Ақшагүлдің дүниеден ерте озған, ұлт болашағы үшін еңбек еткен оқымысты ағасына Ерсін тіл тигізе бастағанда намысы шамырқанып кететін сәтін: «Сенің әлгі марқұм ғалым ағаңның сандырағы жүзеге аспай қалды. – Өйтіп табалама! – деді Ақшагүл жыламсырап. – Көкем асқан ойшыл болатын. Философия ғылымынан докторлықты отыз жасында қорғаған еді. Ауырмай-сырқамай аяқ астынан кетіп қалды. Қазасы кісі қолынан болғаны ашылмай қалды», дейді. Осы диалог-деталь отбасы шырқының ертеден бұзылғанын айғақтайды. Ақшагүл Ерсінмен бір отбасында тұрып жатқанына өзі таң бола бастайды. Ақшагүлдің өзін-өзі талқылауы, өкініші, Ерсінге тағы бір сәби сүйгісі келетінін айтқанда: «Оның керегі не?», деп Ерсін от басқандай ыршып түсті. – Саудамен бола берсеңші!». Автор кейіпкер мінезін осылай шынайы ашады. Шынында, Ақшагүл ағасының қоғамның гүлденуінің негізгі бастауы әділдік пен шындықта, адамгершілікте екенін тұжырымдаған философиялық толғамдарын жиі еске алады. Романда бұл жайттар ретроспекция, интермәтін қалпын иеленеді. Романда Ақшагүл мемлекет, халық игілігін ойлайтын кәсіпкер тұлғасында бейнеленеді. Автор Ақшагүлдей ел қамын ойлайтын кәсіпкер бүгін болмаса да, болашақта болатынын сеніммен бейнелеген.
Автор Келес бейнесін тұлғаландыра суреттейді. Келестің тағдырдың тәлкегіне мойымауына өзінің ішкі табиғатындағы мінез көркемдігі ғана емес, рухтас, тілекші айналасы да ықпал етеді. Орынша егіз ұлды дүниеге әкеліп, әкелік бақыт сыйлайды. Оқпан қажыр-қайратымен тізе қоса еңбек ете жүріп, адалдығымен, өнерсүйгіштігімен сенімді серігіне айналады. Қияшбай көкесі бәйбішесімен екеулеп аталық, аналық мейрімін аямайды. Тұмса табиғат Келестің жан түкпіріндегі бұла шабытына қозғау салғандай күйге түседі. Орыншаға сынатып та алады. Автор Келестің шығармашылық психологиясын, шығармашылық үдерісті көсілген көркем тілмен полифонизм астарында терең бедерлейді: «Ашқарақ саусақтары пернеге төнгенде, адуын дыбыстар өршелене өрекпіп күйсандықтан шалқып шығып жатты. Бұрқанысты әуез бірімен үйлесім тапқанда, безірейген бетпақдалада жөңкілген мың сан киік Келестің көз алдынан өтіп жатады. Саз өнерімен, музыка тілімен далаға жан бітіргені осы емес пе?». Автор сазгердің «Қарағым-ай, қабағың-ай» әнінің туу, сынға түсу сәтін, басқа да музыкалық туындылар жазу, өзін жасынан өнерге баулыған ұстазы Сыдық Қасимановтың бейнесін елестетіп, іштей тілдесу, оның өнердің ұлттығы хақындағы ұстанымын жиі есіне алу, шығармашылық үдеріс сәттерін полифонизм үрдісінде суреттеу, сондай-ақ әдеби мәтінде өнердің өзге түрінің сыры мен сынын кескіндеу арқылы кейіпкерінің ішкі әлемін бейнелейді. Автор дарынды сазгер Келестің кісілік, ұлтжандылық, өнерпаздық тұлғасының қалыптасуын психологиялық талдау өнері өрісінде бейнелейді. Келес туындыларын алып, елордаға аттанады. Мәдени ортамен араласып, Дүйсен атты дирижер досымен кеңесе жүріп, туындыларын жарыққа шығарады. Бірте-бірте Қазақ радиосында бірнеше рет өнер адамдары қатысқан «Белгілі әннің белгісіз қыры» деген хабар жүргізіліп, «Астана – бас қала» әнінің иесі Ерсін Мүкей емес, дарынды сазгер Келес Керімқұл екені дәлелденеді. Автор бұл жайларды роман сюжетінде медиамәтіндер кіріктіру арқылы нанымды өрнектейді.
Ерсін жалпы жұрт алдында өзін әшкере еткен хабарды тыңдап, пұшайман хал кешеді. Бұл кезде оның арқа сүйері де тағынан тайып, қызметі де төмендетіледі. Бірақ, ол еңсесі биіктеп, өнері өрістеген Келеске қызғанышын, қиянатын тоқтатпайды. Жоғары жақтағыларымен ымдасып Келестің өнердегі рухтас досы Дүйсен дирижерді жұмысынан ығыстырады, Келестің концертін өткізуіне түрлі кедергі ұйымдастырады. Алайда Келестің шығармашылық рухын сындыра алмай, өзі әлдеқандай психологиялық дертке шалдыққандай күй кешеді. Сол кезеңде Ақшагүл де Ерсінмен хат арқылы қоштасып, ұлын алып шетел асып кетеді. Ерсіннің асыл жиһазға толы зәулім шаңырағында мән қалмайды.
Орынша абыройы биіктеген сайын Келес жайын жиі ойға алады. Оның жан әлемінде әлдеқандай қопарылыс болғандай, арпалысты күй кешеді. Екі ұлының болашақта «әкесі кісі өлтірген» деген атқа қалмауын ойлап, сезім арпалысына түседі. Автор роман соңын ала қылмысты істің шешімін Келес пен Орынша диалогында баян етеді: «Содан не болды өзі? – Не болушы еді? Оңалдың жазып жүрген шығармасынан көріністер көрсете бастадыңыздар. Драма кейіпкерлері бір-біріне мылтық кезенетіні бар екен. Сол көріністі сен жасадың, Кісі! Пистолетті Оңалға төндіргеніңде, сірә, қорқып кетсем керек, бетімді баса қалдым. Бір көзім түскенде сіздің бәлекей мылтығыңыз оң жамбасыңызда жатты, соны Ерсіннің қолына алғанын, оған оқ салғанын жақсы білемін. Мылтық шаңқ етіп атылғанда, мен бұлақтан су алып жатқанмын...». Ақыры, Келестің тежегеніне тоқталмай, Астанаға аттанып, сот орындарына шағым жасайды. Келес ақталады. Бұл жағдай ақпарат құралдары арқылы тарайды.
Қорыта айтқанда, Өмір Кәріпұлының «Бастау» атты психологиялық романындағы адам мен табиғат концепциясы негізінде адам тұлғасының, адамның жасампаздығының экосоциологиялық мәселелермен сабақтастықта шыншылдықпен, көркемдікпен терең бейнеленуі автор тенденциясының мығымдығын, дара стилін, суреткерлік шеберлігін айқындайды. Автор кейіпкерлердің рухани әлемін жан-жануарлар дүниесімен, табиғат құбылыстарымен астарлас бейнелейді. Романдағы адам және табиғат концепциясы қоғамдық орта шындығымен қанаттас ашылады. Келес – тағдыр талқысына түссе де, жігері мұқалмаған, жасампаз ұлт өкілінің, әрі өнер адамының өршіл бейнесі. Ол романда жалғыз бөрі бейнесімен шендестіріле суреттеледі. Қаламгердің иррационалдық ойлау жүйесінен өріс алған жалғыз бөрі эмоциональді-семиотикалық таңбасының астары қалың. Жалғыз бөрі – талай ауыртпалықты, қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешкен, жаңа жолға бет алған бөрі текті халқымыздың символикалық бейнесі. Жазушының өз романын «Бастау» атауы да тегін емес. «Бастау» адамдықтың бастауы, имандылық бастауы, адамзат ізгілік бастауынан, ұлт ұлттық тамырынан адаспауы, ажырамауы тиіс. Бұл – «Бастау» романындағы негізгі авторлық концепция. Адамзат бастауының бірі оның өзін о баста қойынында жаратып, қайнарынан нәр татқызған Табиғат-ана. Адамзаттың опасыздығы әлеумет өміріне де, табиғат тіршілігіне зауал болып төнеді. Міне, Өмір Кәріпұлының «Бастау» романының идеологемасы, поэтикалық құндылықтары осы негізде ашылады. Романның композициялық құрылымындағы жаңашылдықтың бірі – прозада өлең сөзді қатар өру дәстүрі, шешендік, ақындық дәстүр үлгісінде қазіргі ел мен жер жайын толғаудағы дара стилі. Осы тұрғыда «Бастау» романының роман-толғау жанрына тән ерекшелігін де айтуға болады. Автордың романға ән, саз, аңшылық өнер сынды өзі жіті білетін өзге өнер түрлерін кіріктіруі, медиамәтін, интермәтін, әлқисса, әңгіме ішіндегі әңгіме үлгілерін, жасыру тәсілін шеберлікпен қолдануы, ішкі монолог, ортақ төл сөз, монодиалог, екідайлық іспетті психологиялық баяндау тәсілдерін тілдік көркемдік құралдармен тоғыстыра қолдану шеберлігі, әсіресе ирониялық, саркастикалық тәсілдерді гогольдік шеберлікпен өруі сүбелі де сүйекті туындының интенционалдық қуатын арттыра түседі. Романның образдық-предметтік жүйесінің байлығы, автордың өзгеше машықта сөз саптау өнегесі (оқырман құлағына тосын қазақ сөздерін тірілтуі), ықшамдыққа құрылған, іргесін сөгуге көнбейтін әр сөзі, сөйлемі, дауыс іркілісі, өз орнында тұрып, адам санасының көзге ілінбес қатпарларын оқырман алдына жайып салатын мінсіз, айшықты, су жорға тілінің ағысы, эмфатикалық қуаты, жалпы Өмір Кәріпұлының «Бастау» романының барша поэтикалық құндылықтары мен эстетикалық маңызы оқырман назарын бейтарап қалдырмасы анық.
Раушан Әбдіқұлова,
ҚазҰУ-дың қауымдастырылған
профессоры

419 рет
көрсетілді0
пікір