- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
ҮНДЕСТІК – GLEICHKLANG

Қазақстандағы Гете-институты екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастыққа елеулі үлес қосып келеді. Жуырда Алматы қаласындағы институт қабырғасында неміс-қазақ тіліндегі «VERSschmuggel / Поэзиялық ДиВЕРСия» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жиналған қауым қазақ және неміс халықтарының заманауи өлең әлемімен танысып, ақындардың өз аузынан жыр тыңдады. Кітап Германияның «Wunderhorn» баспасынан шыққан.
Гете-институты заманауи неміс ақындарының өлеңдерін Орталық Азия елдерінің тіліне аудару жөніндегі жобаны 2021 жылы бастаған. Бұл жобаға қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен ақындары қатысып, немістің 5 ақынын өз тілдерінде сөйлетті. Шығармашылық байланыстың қорытындысы «Simurgh» атты антология ретінде жарыққа шықты. Сәтті жоба жалғасын тауып, келесі кезекте Орталық Азия ақындарының өлеңдері аудармашылар арқылы неміс тіліне тәржімаланды. Сөйтіп бұл бастаманың нәтижесі тағы бір «Simurgh» жинағына басылды. Жоба барысында Қазақстандағы Гете-институтының өкілі Шолпан Қызайбаеваның ұйымдастыруымен неміс ақындарымен Zoom платформасы арқылы бірнеше мәрте өзара пікір алмасу ұйымдастырылды.
– Аударма барысында туындаған кейбір қиындықтардың түйінін тарқатуға бұл онлайн басқосулардың көмегі көп тиді, – дейді ақын Сағыныш Намазшамова. – Жобаға қатысу туралы ұсыныс айтылғанда бірден келістім. Өйткені бұл «Басқа елдің ақындары қандай деңгейге жетті, не туралы жазып жатыр?» деген көкейдегі сұрақтардың жауабын табатын жол еді. Осы жобада мен Моника Ринк есімді ақынның 10 өлеңін аудардым. Алғашында өлеңнің өзегін табу, ақын ойының ұштығына жету оңай болған жоқ. Өлеңнің мағынасын әбден санама сіңіргенше жүз қайталап оқыған кезім болды. «Фантом», «фенотип», «планктон» сияқты сөздердің өлеңде неліктен қолданылғанын іздендім. Ақынның айтарын толық жеткізу мақсатында аудармашылардың көмегімен айтылған ой желісінен ауытқымай, тіпті кей сәтте ақынмен жарысып отырғандай күй кештім.
Неміс ақындарының өлеңдерін бірнеше ақын Орталық Азия тілдеріне аударса, олардың бәрінің өлеңін неміс тіліне ақын Норберт Хуммельт аударған. Осы екі жоба сәтті аяқталған соң Норберт мырза бес ел қаламгерлерінің ішінде қазақ ақындарының өлеңдеріне ерекше қызығушылық танытып, қазақ ақындарымен бөлек бір жоба жасау туралы ойын білдіреді. Бұл ұсынысты Берлин қаласындағы «Haus fur poesie» (Поэзия үйі) қолдап, Қазақстандағы Гете-институтына қолқа салған. Осылайша, қазақтың үш ақыны – Батырхан Сәрсенхан, Сағыныш Намазшамова және Еділбек Дүйсен жаңа жобаға қатысу үшін Берлинге аттанды. Ақындар тәжірибелі аудармашылар – Райхан Шалғынбаева, Роза Мұсабаева және Таңсұлу Рақымбаевамен бірге Германияда бір апталық сапарда болды. Германия жағынан жобаға белгілі ақындар Карин Фельнер, Норберт Хуммельт, Озан Закария Кескинкилич қатысқан. «Бір айта кетерлігі, қазақстандықтардың жол және қонақүй шығынын түгелдей «Haus fur Poesie» көтеріп алды, оған қоса еңбегімізге қаламақы төледі» дейді С.Намазшамова.
Сонымен, қазақ-неміс ақындары бір апта бойы Берлиндегі Поэзия үйінде күнделікті жұмыс істеп, бір-бірінің өлеңдерін аударады. «Тіл – ұлттың жаны» демекші, ақындар екі ұлттың дүниетанымына терең бойлап, шығармашылық арқылы бір-бірін тани түседі.
«Бұл күндерді ерекше сағынышпен еске аламын» деді тұсаукесерде Норберт Хуммельт мырза. Жобаны ұйымдастырушылар ақындарды өлеңдерінің ерекшелігіне, табиғатына қарай алдын ала іріктеген, бұл Батырхан Сәрсенхан – Карин Фельнер, Сағыныш Намазшамова – Норберт Хуммельт, Еділбек Дүйсен – Озан Закария Кескинкилич жұбы. Тұсаукесерге Германия ақындары онлайн түрде қатысып, қазақ поэзиясына деген ыстық ықыластарын білдірді, кезек-кезек өлең оқыды. Ең бірінші болып оқылған, Батырхан Сәрсенхан аударған Карин Фельнердің «Өліара» атты өлеңінен-ақ неміс-қазақ ақындарының үндестік тапқаны бірден білінді. Сондай-ақ бұл жоба – аударма ісіндегі тың бастама деуге лайық. Ақындар аудармашылармен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы әр ұлттың өзіне ғана тән ұғымдарын сәтті жеткізе білген.
Осылайша, неміс-қазақ арасына алғаш соқпақ салып, Лермонтов арқылы Гетені аударған Абайдың ізі лайықты жалғасып жатыр. Кітап тұсаукесерінде екі ұлт ақындарының өзара үндестік тапқаны атап айтылды. Бұл неміс және қазақ ақындарының өлеңдеріндегі ой-өрнек, парасат-пайым, ұлттық бояу, көркем тілдің үндестігі.
Сондай-ақ, мәдени сапар барысында Сағыныштың, Батырхан мен Еділбектің өз даусымен оқыған өлеңдерінің аудионұсқасы жасалып, Германияның lyrikline.org сайтына жүктелді. Сайтқа әлемнің кез келген түкпірінен кіріп, қазақ тіліндегі өлеңдерді оқуға және тыңдауға болады. «Менің бір таңғалғаным, Германияда «Haus fur Poesie» сияқты қоғамдық негізде жұмыс істейтін бірнеше ұйым бар екен. Олар руханият үшін көп іс тындырып отыр, бұл жағынан немістерге тәнті болдық» дейді Сағыныш Намазшамова.
Кітап тұсаукесерін жүргізген Қазақстандағы Гете-институты Ақпарат бөлімінің басшысы Шолпан Қызайбаеваның айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Іс-шараға жиналған көпшілік екі ел арасындағы рухани-мәдени байланысқа алтын көпір болып отырған Гете-институтына алғысын білдірді. Әдеби ынтымақтастықты дамытуға септігі мол бастамалар көбейе берсе нұр үстіне нұр.
Дина ИМАМБАЙ

274 рет
көрсетілді0
пікір