- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
Спорттағы ұлттық бояу
Айзат Айдарқызы,
«Ana tili»
Әр спортшының жарыс жолына шығар тұста жасайтын өз салты барын білеміз. Мәселен, футболшылар алаңға газонға қол тигізбей шықпайды. Биатлоншылар сайыс алдында мылтығын бөтен біреуге ұстатпайды. Ал ауыр атлетикада штанганы аттап өтуге болмайтыны тағы бар. Сол сияқты спортшылар өзімен біте қайнасатын дүниені трендке айналдыруды бастап кеткелі қашан?! Мұндайда бірден Головкиннің шапаны мен Хабибтің папахасы еске түседі.
Жоғарыда жазғанымыз белгілі бір спортқа қатысты болса, кейінгісі спортшының ұлттық колоритті көрсетін затты үнемі көрермен назарына ұсынуы. Мұндай жерде сұраныс пен қызығушылық артатыны рас. Қазір елімізде ұлттық киімге сұраныс артты. Осы тұста депутат Дәулет Мұқаевтың «Ұлттық киім» күнін белгілеуді ұсынғаны тағы бар. Осындайда датаның керек-керек емесін тап басып айта алмаймыз, десе де этностильдің жаңғырғаны қуантады. Күнделікті киімге этностильдегі затты қосу сәнге айналды. Әлеуметтік желіде шапан, әшекей, ою-өрнек бастырылған киім саудасы қызып тұр. Яғни, сырт көзге «мен қазақпын» дейтін дүниені киіп жүру, таныту мақтаныш екені ұрпақ санасына сіңді. Әйтпегенде, АҚШ төрінде домбыра тартып, Париж көшелерін ұлттық киіммен кезген отандасты кездестірмес едік. Халықтың осындай трендті қолдап, іліп әкетуіне спортшылардың қосқан үлесі даусыз.
Жапония музейінде тұрған шапан
Боксшының шаршы алаңға шығарда неге халат жамылатынын білесіз бе? Мысалы, олар кездесу алдында денесін қыздырып, дайындалады. Ал шаршы алаңға көтерілу біраз жол, таныстыру уақыты тағы бар. Сондайда жеңі ұзын спорт киімін қоса киіп шығу ыңғайсыз. Ал дене қызуын қалыпта ұстау керек-ақ. Сол үшін боксерлер халат киіп шығатын болған. Қазір халатына ұлттық нақыш бастырып, жарнама берушінің атын жазу сәнге айналды. Осы тұста Головкиннің PR командасы екі есе ұтымды шешім қабылдаған. Осылайша, ол кәсіпқой бокстағы кездесуге шапан киіп шықты. Иә, алғашында халық тарапынан хейт болды. Шапанның тігісіне, оюына, түріне сын айтатындар табылды. Соған сай басқа спортшылар да киіміне ұлттық колорит қосуды қолға алды. Кейіннен боксшының шапанына дизайнерлер назар аударып, 2015 жылы отандық кәсіпкер Головкинге алтын жалатылған шапан сыйлады. Ұлттық киімді тіккен дизайнер Бағдат Жұмабайқызының айтуынша, тапсырысты 15 күнде тіккен.
«Шапанның құны қымбатқа түсті. Киімге мән берсеңіз өзіңіз де байқайсыз. Әр тігіске алтын жалатылған. Гена – Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген азамат. Мына шапан оның ерекшелігі мен ұлттық құндылықты қатар бейнелейді», – деді кәсіпкер БАҚ-қа берген сұқбатында.
Расымен, көк шапан Головкинді басқа қырынан танытты. Көз қарықтыралық түсті шапан әлем назарына ілігіп, қазақтың ұлттық киімін кигісі келетіндер көбейді. Cөйтіп, Big Drama Show одан сайын түрлене түсті.
Атақты көк шапан қазір Жапония еліндегі музейде тұр. Головкин 2022 жылы Риота Муратамен өткен жекпе-жектен кейін оған шапанын сыйға тартты. Жапон боксшысы шапанды Олимпиада медалімен қатар жеке музейіне қойған. Риотаның промоутері бұл құрметтің құнын түсінетінін, кейін Муратаның балалары әкесінің қандай даңқты боксшыдан сый алғанын мақтана айтатынын мәлімдеген-ді. Осыдан кейінгі кездесулерге Головкин басқа шапан киіп шықты.
Иә, спортта ұлттық бояуды көрсетудің бір кезеңі Геннадиймен байланысты. Ол күні кеше Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы болды. Яғни, оның шаршы алаңға оралу-оралмауына қатысты сұраққа нүкте қойылған секілді. Енді Олимпиада төрінде өнер көрсететін спортшылардың не киіп шығатынын жіті қадағалайық. Мүмкін Головкиннің идеясы әлемді таңдандырар...
Тымағы бар «терминатор»
Ұлттық құндылықты дәріптеп жүргеннің бірі – UFC файтері, Шавкат Рахмонов. Ол алаңға шыққанда қасқыр тымақ киген тау адамның келе жатқанын бірден білесіз. Америкалықтар осы сәттегі биіктік, қуат пен эффектке тәнті. Тіпті жартылай салмақта өнер көрсететін жекпе-жек шеберін «қазақтың Терминаторы» деп атайтындар бар. Шетел журналисі Лора Санконы қазақша сөйлеткені тағы бар. Ағылшынша сұраққа қазақша мүдірмей жауап беретін отандасымыз қазақтың тілін де, мәдениетін де әлемге танытуды әуелден ойлаған.
Ол БАҚ-қа берген сұхбатында UFC-мен келісімшартқа отырғанда не киетіні туралы алдын ала мәлімдегенін, қазақтың дәстүрлі бас киімі тымақпен шығатынын айтқанын жеткізген. Ұйымдастырушылар біраз уақыт тымақ жайлы мәлімет жинап, тексеріп, ақыры келісім берген. Спортшы тымақ арқылы елдің дәстүрін, шеберлік өнерін, мәдениетін көрсетуге бел байлаған. Көк туды көтеріп, тымақты киіп шыққанда шабыт кернеп, ерекше әсер алатынын да айтқан-ды.
Естеріңізде болса, Шавкат Джефф Нилмен өткен жекпе-жекте тымағын журналиске тарту етті. Жеңіске жеткенін күллі әлемге сүйіншілеген Джо Роганға «сұрағаның осы болса, бердім сүйіншіңді» дегендей тымақты басына кигізе салды. Жекпе-жекті көрген әр қазаққа бұл сәт керемет әсер сыйлайтыны айтпаса да белгілі. Оған қоса Лора Санконың да Шавкаттыкіндей тымағы бар. Жалпы, Рахмоновтың менеджерінің мәлімдеуінше, тымаққа сұраныс артып жатыр.
«Бір парадокс дүние бар. Біз күнделікті отандық спортқа бөлінетін миллиардтаған қаржыны айтамыз. Одан еш нәтиже шықпағанын, яғни, қайтарымы болмағанын сынап жатамыз. Ал, Шавкат сияқты жігіттер, керісінше, бюджеттен бір теңге де алмайды. Бірақ, еліміздің абыройын асқақтатуға және өзіндік имидж қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады. Соның айғағы – мына басына киіп отырған тымағы. Бәрімізге белгілі, ол әр жекпе-жегіне осы тымақты киіп шығады. Сәйкесінше, мұхиттың арғы жағында оған деген қызығушылық артты. Бастапқыда бірнешеуін арнайы апарып, тегін таратып жүрді. Одан кейін жүз данасын дайындап жатырмыз дегенін де естігем. Қанша апарсаң да, «ыстық бәліш» сияқты жоқ болып кетеді. Енді осы процесті заман талабына сай бір жолға қойған екен. Бұдан былай еліміздің және әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері Шавхаттың қолтаңбасы бар тымақты «tymaq.kz» сайтынан онлайн тапсырыспен ала алады. Керемет бастама», – деді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Расымен, ұлттық киімді шетел ұлықтап, мұхиттың арғы жағында тымақ сатылымға шығып жатқаны қуантады.
Әліп киген тақия
Иә, спортшылар арасында ұлттың бөгенайын көрсету трендке айналып келеді. Мәселен, ұлттық құрама ойыншыларының тақия киіп жүргенін жиі байқаймыз. Соның ішінде қорғаушы Нұрәлі Әліп тақияны тастамайды. Шавкатпен ұлттық құрама ойындарының бірінде қолдауға келгенде танысқаны тағы бар. «Зенитте» ойнайтын ұлдың ұлтына деген ықыласы бөлек. Шетте жүрген соң да ұлттық құндылықты насихаттауды ұмытпайды.
«Менде тақияның бірнешеуі бар. Көбінесе, қара-көк түсті тақияны киемін. Сәттілік серік болатын сияқты көрінеді. Тақияны біздің ата-бабамыз киген. Мұның бөрік дейтін түрі де бар. Екеуі де ұлттық киім түріне жатады. Тақияда ою-өрнек бейнеленген. Ою-өрнек қазақ пен қырғызға тән дүние. Бұл оп-оңай жиналады, алып жүру де қиын емес. Үнемі тақия киіп жүремін. Маған бұл ұнайды», – деп жауап берді футболшы «Зениттің» Youtube каналына берген сұқбатында.
Кейінірек «Ордабасының» жартылай қорғаушысы, ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің де тақия киіп жүргенін байқадық. Жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан да тақия киіп жүр. Әсіресе, Еуро-2024 іріктеу ойындары кезінде Финляндиямен өткен ойында тақия киіп жүрген бірнеше жанкүйерді байқауға болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын қыздар арасында тақия кию сәнге айналған-ды. Енді әлеуметтік желіде «Әліптікіндей тақия сатып аламын» дейтін жігіттер қатары көбейген. Қуантарлығы сол, жастар ұлттық киім кигендегі жүрек дүрсілін, бөлек болмысты танып келеді.
Нұралы бастаған трендті жалғастырайық деді ме, биыл қаңтар айында өткен IV Қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасы қарсаңында Ұлттық олимпиада комитеті жас спортшыларға тақия сыйлады. Қыздарға ақ түсін, жігіттерге қара түсті тақия үлестірді. Ұлттық бас киімді киген жасөспірімдер әрленіп шыға келді. Жүздеріне күлкі үйіріліп, жанарларындағы мақтаныш сезімін бірден аңғардық. Осылайша, комитет өкілдері жарыс алдында спортшылардың ұлттық рухын бір «сілкіп» алды. Сәйкесінше, олар Оңтүстік Кореяда жүлде алған сәтте тақияны тастаған жоқ.
Естеріңізде болса, 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен XXIII қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қырғыз делегациясы түгел ақ қалпақ киіп шыққан еді. Сонда желі қолданушылары «қырғыздар баскиім көрсетуден елдің алдын орап кетті» деп жазған-ды. Сонда қырғыз елінің туын биатлоншы Тариэль Жарқымбаев ұстаған. Оған қоса 2016 жылы 5 наурыздан бастап олар Ақ қалпақ күнін ресми тойлайды.
Осы тұста мәселе баскиімде емес, баскиім астындағы рухта екені бесенеден белгілі. Соны сезіну бөлек, лайықты түрде таныту бір бөлек. Мысалы, жақында кәсіпқой боксқа ауысқан Ангелина Лукас кезекті кездесу алдындағы салмақ өлшеу рәсіміне сәукеле киіп келді. «Томирис кейпінде келдім» деген бейнесіне көз жүгіртсеңіз, сәукеледен басқасы ашық образ. Иә, бұлай киіну батыс қауымы үшін әбестік емес. Олар да көз жауын аларлық сәукелеге таңдана қараған болар. Бірақ елдегі сыншылар «Томирис емес, Зенаның образы» деп кесіп айтты. Бір жағынан, образына ұлттық бояу қосқысы келген ниетіне сүйсіне қарайсың, екінші жағынан, Томирис бейнесін басқаша стильде көргің келетіні тағы бар.
Ангелина Лукастың әріптесі «Ақшиді әлемге танытамын» дейтін Балауса Мұздыман болса бокс кешіне қоңыр түсті ұлттық киім киіп шықты. Өткен жылы наурызда «Алматы Аренада» Зухра Исраиловамен өткен жекпе-жекте жеңіске жетті. Спортшының сөзіне қарағанда, ол алдағы кездесуіне бұдан да жарқын образ дайындағысы келеді. Сондай-ақ Балаусаның қосетек көйлекпен жасаған фотосессиясы көпке ұнап, атақты ресейлік блогер боксшы қыз жайында жазба жариялады.
«Киім дизайнына ұзақ уақыт жұмсадық. Бір қарағанда ұлттық, бірақ үңілсең заманауи костюм жасап шығаруға тырыстық», – деді Балауса Мұздыман.
Бүркіт, камзол, еркіндік
Қайда барса да, бүркітін, ұлттық киімін бірге алып жүретіннің бірі – Айшолпан Нұрғайып. Ол – Моңғолиядағы бүркітшілер әулетінен шыққан тұңғыш бүркітші қыз. Қызығы, 13 жасында 79 саятшы қатысқан бүркітшілер сайысында рекорд жаңартып, тарихта алғаш рет жеңімпаз атанғаны бар. Бүркітші қыз туралы режиссер Отто Белл The Eagle Huntress атты фильм түсірген. Фильм әлемнің 30 мемлекетінде көрсетілген. Қатарда Лондон, Нью-Иорк, Дубай, Токио, Сидней қаласы бар. Айшолпан 2017 жылы Нью-Йорк қаласында Asia Game Changer сыйлығын иеленді. Аталған сыйдың артықшылығы – Азияның ең таңдаулы тұлғаларына табысталады.
Өзі сұхбаттарында кішкентайынан ұл сияқты өскенін жиі айтады. Алты жасынан атқа мініп, сегіз жасынан бүркіт ұстаған ару ұлттық құндылықтың мәнін тереңнен толғайды. Жеті ата-бабасы бүркітші болғаны да таңданарлық хикая. Ағасы әскерге кеткен соң бүркіт ұстап үйренген ол әлемге танымал болатынын білмеген. Үйіне келіп суретке түсіретіндердің көп болатыны соншалық, қыз бен бүркіттің тұтастығы бейнеленген фотосуреттің әлемге әйгілі болатыны түсіне де кірмеген.
«Шетелде қазақы киіммен жүрдік. Анам түлкі мен қасқырдың терісінен ішік, тымақ пен шалбар тігіп беретін. Шетелдіктер тамсана қарайды. Әлемге танылмай тұрғанда 11 жасымда әкеммен бірге Дубайға бүркітшілер жиынына барған едік. Ыстық Дубайда әкем екеуіміз ауыр ішікпен жүрдік. Үш күн бойы талып қала бердім. Сол кезде біраз қиналдым, кейін ауа райына үйреніп кеттік», – деген еді Айшолпан БАҚ-қа берген сұхбатында.
Оның ұяң мінезіне қарап салмағы ауыр бүркітті үйретіп, атта еркін отыратынына таңдай қағасыз. Бірақ дала рухы әр қазақтың жүрегінде екенін түйсінгенде, еркіндік шіркіннің бәріне құдіреті жететініне күмәнсіз сенесіз. Міне, Айшолпанның бойында да ұлттық код пен сайын дала мінезі аңқып тұр. Бойжеткен біздің әлемнен ерекшелігіміз дархан қалып пен баға жетпес ұлттық құндылықта екенін әлдеқашан түсінген, түйсінген.
Папаха ішіндегі мінез
Біз мұнымен не айтпақпыз? Спортшылар ұлттың рухын, тұтастығын бір дүниемен байланыстырып, суреттей алады. Мәселен, Хабиб Нұрмағамбетовты алайық. Жекпе-жек шебері ең алғаш рет алаңға 2012 жылы папаха киіп шықты. Мұны көрген UFC президенті Дана Уайт парикті шешуін сұраған деседі. Сонда Нұрмағамбетов папаханың қандай маңызы барын түсіндірген. Ол алыс-жақын шетелге шыға қалса, папахасын жүкпен бірге тапсырмайды. Жоғалтып алудан қорқады. Мансабында сан мәрте папаханың орнына басқа баскиім киіп шығуға талай рет ұсыныс түскен екен. Бірақ оған ұлтының ерекше болмысын көрсететін символды сақтап қалу, ұлықтау маңызды. Аварлардың «папаханы жылу үшін емес, намыс үшін киеді» дейтін сөзі мұны айқындап тұрғандай. Осылайша, Хабиб өзіне, еліне үлкен жарнама жасап, папаханы күллі әлемге таныстырды. Баспасөз мәслихаттарында да баскиім туралы мақтанышпен айтып, реті келсе алаңдағы достарына тарту етті. Тіпті Майк Тайсон мен Криштиану Роналдуға бір-бір папаха бергені тағы бар. Әлеуметтік желіде Нұрмағамбетовтің папахасына қатысты танымал бірнеше хештег көрсетілген. Бұл да жақсы PR есебінде.
Папаха Хабибтің образын толық ашып, бітеқайнасып кеткен. Оның тау ұлына тән болмысын, еркіндігін сипаттап тұр. Оған қоса Дағыстан халқында папаха киген ердің басы иілмей, тік жүруі, өр рухпен киіп жүруі құпталған. Содан болар, әлі күнге папахаға сұраныс артып жатыр. Ол өткен шағын еске алған сұхбатында папаха үшін бірнеше мыңдаған долларлық жарнамалардан бас тартқанын да жасырмайды. Есесіне ол еліне, ұлттық бұйымына таптырмас жарнама жасай білді. Бірақ өзі мұны көп жарнаманың біріне жатқызбайды.
«Бұл жарнаманың бір түрі емес. Дағыстан – менің туып-өскен жерім. Оның керемет тарихы бар. Тарихы таңбаланбаған елдің ертеңі жоғы белгілі. Менің «Қыран» лақап атын алуымда да үлкен мән бар. Өйткені Дағыстанды суреттейтін екі сөз болса, бірі – қыран, бірі – папаха. Мұнымен не демекпін? Біз, дағыстандықтар, баға жетпес тарих пен мәдениетке иеміз. Рухымызды оңайлықпен сындыра алмайды. Ал мен таңдаған жолда, жекпе-жекте ішкі рухың көрінбесе бәрі бекер», – деген еді ол.
Иә, қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, папаха жарнамасынан көз сүрінеді. Бұл баскиімді сататындардың дені жарнама ұраны ретінде «Хабиб киген папаха» сөзін қолданады. Оның танымал болғаны сонша, қазір папаханы Дубай дүкендерінен 58 мың теңгеден бастап таба аласыз. Кезінде папаха үшін біршама ақшадан бас тартқан Хабибке бұл инвестициясы баға жетпес байлық сыйлағаны рас.
Месси мен мате
Байқасаңыз, Оңтүстік Америка, әсіресе, Аргентина мен Уругвай футболшылары ойын алдында тостағанға ұқсас, бірақ бітеу ыдыстан сусын ішіп келе жатқанын көресіз. Мате сусыны – Оңтүстік Америка мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қызуқанды халық шөлін басып, энергия алады. Жалпы, матенің тарихы тереңде жатыр. Дайындау тәсілі мен арнайы ыдысы бар. Сусын құрамында пайдалы дәрумендер бар. Ағзаны токсиннен тазалап, қуат беретін күші бары дәлелденген.
«Иә, матені жиі ішемін. Себебі сусын достарымды, туған жерімді еске түсіреді. Мен Аргентинадан кішкентай кезімде кеткенмін. Сусын ішіп отырып сағынышымды басатындаймын», – деген еді Месси сұхбатында.
Мессиден бөлек матені Луис Суарес, Папа Гомес, Де Поль және тағы басқа футболшы ішеді. Латынамерикалықтардың сусынды Еуропа мәдениетінің тасасында қалдырмай, дәріптейтіні, насихаттайтыны ұлттық болмысты жоғалтпағанын көрсететіндей. Қазір олармен бірге матені француз Антуанн Гризманн, әнші Мадонна, саяси қайраткер Барак Обама сияқты бірқатар тұлғалардың қолынан байқаймыз. Қазақстандықтар да әлеуметтік желіде «Месси ішкен сусыннан дәм таттым» деп суретін жариялайды. Демек, мұнда да мәдениетін, дәстүрін, құндылығын биік қойған адамның ұтатыны бірден білінеді. Бәрі бір-біріне ұқсас әлемде өзіндік жолыңды, миссияңды тауып, құндылықты насихаттағанға не жетсін?! Жаһан «қазақты ұлттық бояуынан айнымай таныдым» деп жатса ғанибет емес пе?!
323 рет
көрсетілді0
пікір