• Тұлға
  • 29 Ақпан, 2024

КYMIC КӨМЕЙ

Өнердің өз баласы

Кенжеғали Мыржықбай – өнердің өз адамы. Ол классикалық өнер мен ұлттық өнерді ұштастырып, егемен еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Мен Кенжекеңді азамат, өнерпаз әрі төл мәдениетіміздің жанашыры ретінде құрметтеймін.
(Алмас Алматов, жыршы) 

Сөздің майын тамызатын қазақ, саз өнеріне де қырын қарамаған. Домбыраның шанағынан төгілген әсем ән мен тәтті күй қашан да сайын даланың сәнін кіргізген. Ата-бабамыз үйіне түскен қонағына ақ ниетін танытып, адал асын беріп, ауылдың алты ауызын алға тартқан. Жөн-жосықты білетін мейман да қарап қалмай, қонақ кәдемен жауап қатқан. Дала сазы көңілдің кірін жуып-шайып, қабақтағы кірбіңді жаза білген. Сахараны сахнаға айналдырған сал-серілер нағыз «ізгіліктің елшілері» болған. Қазақ баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі ән-күймен тығыз байланысты. Шілдехана, тұсау кесер, сырға салу, ұзату, беташар секілді жиын-тойлар ән-жырсыз өтпеген. Халқымыз әсем ән мен күмбірлеген күй арқылы жас ұрпақты адамгершілікке баулып, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңірген. 
Бүгінгі кейіпкеріміз Кенжеғали Мыржықбай – музыканың мән-маңызын, табиғатын терең түсініп, әншілік кәсіпке деген адалдығынан айнымаған азамат. Ол Жаратқанның дарын мен қабілет-қарымды тегін бермегенін ұғынып, ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Ескірмейтін есті әндерді табиғи дауыспен шыр­қап, сахнадан санаға жеткізе білді. Өнерімізді төрге оздырған парасатты перзенттердің шығармашылығын дәріптеп, ұлттық мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосып жүр. 
Кенжеғали Мыржықбай Абай мен Шәкәрім сынды ұлылардың ізі қалған мекенде дүниеге келді. Әкесі айдар тағып, атын қойды. Алайда оның аты Кенжеғали болғанмен, заты кенже болмады. Ол кез келген істің көзін табатын епті, ширақ әрі шымыр болып өсті. Қора тазалау, су тасу, шөп шабу, отын жару, қар күреу сияқты күнделікті күйбең тіршілікті айтқызбай-ақ тындыратын. Көрші-қолаң, ағайын-туысқа да қолқанат болып, алғыс арқалап жүретін. Асау үйретіп, ел-жұрттың қолын ұзартатын. Сол кезеңде Саржалдағы азаматтардың тақымында жүрген жылқыны түгелге дерлік кейіпкеріміз жүгендеді десек, қателеспейміз. Асауға тұсау салған Кенжеғали аламанға түсіп, бәйгеге шабудың да хас шебері болды. Ауылдағы қос жүйрікке кезек мініп, аудан, облыс көлеміндегі жарыстарда бас жүлдені бермейтін. Атбегі қолына ұстатқан ақшаға интернаттағы достарын армансыз тойдырып, бір жырғап қалатын.
Кенжекең музыкаға жастайынан құштар болды. Бесінші сыныпта оқып жүргенде мектепте өткен кезекті бір іс-шарада тұңғыш рет ел алдына шығып, «Тау ішінде» әнін тамаша орын­дады. Кейінірек «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» сияқты күрделі туындыларға көшіп, талайды таң қалдырды.
Мектепті бітірген соң, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түсті. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда тәлім алды. Содан соң сол кезеңде әнші-сазгерлерге арман болған Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясында білімін ұштады. Бас-аяғы он жыл оқыды. Бокалды емес, вокалды ойлады. Ұстаздарынан сахна мәдениеті, дауысты баптау, тамақтану гигиенасы сияқты көп нәрсе үйренді. Осылайша Жаратқан Абайдың әнін, Сәкеннің сәнін берген Кенжеғали қазақ және орыс әншілік дәстүрінің қыр-сырын меңгерді. 
Кейіпкеріміз 1981 жылы елге оралып, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрына жұмысқа тұрды. Дәл сол уақытта Сыдық Мұхамеджанов­тың «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінің премьерасына дайындық қызу жүріп жатқан. Театр басшылығы жас тенорға Ақанның образын сомдауға дайындалуды тапсырды. Бірақ нақты бекітіліп, негізгі құрамға ілігу үшін көп тер төгіп, көркемдік кеңестің сынағынан сүрінбей өту керек еді. Әдетте жас әртіс қойылымдағы көп рөлдің бірін ойнайды. Ары кетсе, екінші пландағы образ бұйырады. Сол кездегі жазылмаған заңға сәйкес қойылымның тұсаукесерінде басты рөлді халық әртісі сомдау керек-тін. Алайда кейіпкеріміз еңсесін түсірмеді. Қайтпас қайсарлығына басып, күн құрғатпай дайындалды. Ақыры мұратына жетіп, кеңестің көркем бағасы мен батасын алды. Кенжекең – Ақанның, Қорлан Қалиламбекова – Ақтотының рөліне бекітілді. Премьераға зиялы қауым көп жиналды. Қойылымның либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов те бір топ қаламгерді ерте келді. Жас әншінің алғашқы қадамы құтты болып, спектакль көрерменнің көңілінен шықты. Кейінірек Ғабит Мүсірепов інісіне өтініш айтып, «Қыз Жібектегі» Төлегеннің рөлін ойнауды ұсынды. Ол бұдан бөлек Біржан сал, Адақ, Айдар, Ленский сынды көптеген образды шебер сомдап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. 
Кенжеғали Мыржықбай еліміз егемендік алған жылы Алматыда жеке концертін берді. Онда классикалық шығармалармен бірге халық әндерін, әуесқой композиторлардың туындыларын орындады. Бұл кешті телеарна таспаға түсіріп, эфирден көрсетті. Әншінің танымалдығы арта түсті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен хабарласып, концерт қойып кетіңіз деп қолқа салушылардың қарасы көбейді. Алайда танымал болдым деп шіреніп шыға келген Кенжекең жоқ. Сол баяғы биязы қалпынан таймай, шығармашылығын жалғастыра берді. Содан бері отыз үш жыл өтті. Кейіпкеріміз талай асуды алып, зор табысқа жетті. Бірақ қанша биікке көтерілсе де, өнер мен өнерпазды құрметтеген халқынан төмен екенін ешқашан ұмытпады. 

«Мен айтпаған ән бар ма?»

Кенжеғали Мыржықбай – отандық академиялық ән өнерінің жарық жұлдызы. Ол – сахнада өзінің шығармашылық қолтаңбасын қалыптастырған, ешкімнің жолын қайталамаған өзіндік үні бар классикалық вокал шебері.
 (Жанғали Жүзбай, күйші)

Кенжеғали Мыржықбай орындаған музыкалық шығарманың нақты санынан өзге түгілі, өзі де шатасады. Алайда санға емес, сапаға мән беретін Кенжекең бұл мәселеге бас ауыртып жатпайды. «Қанша ән айттыңыз?» деген сұраққа: «Көп қой» деп жылы жымиып жауап қатады. «Мен салмаған ән бар ма?!» деп кеуде соғып, күпіршілік жасамайды. Десе де, соншалықты күнә бола қоймас еді. Бес ешкіні алдына салып, ел-жұртты дүрліктіріп жүрген кейбір даңғой секілді сайрай да жөнелмейді. Салмақты, салиқалы, сырбаз қалпынан таймай, айтарын аптықпай жеткізеді. Әдебиеттанушы ғалымдармен сырлас, сыйлас болғаннан соң шығар, көркем сөйлейді. Хайппен емес, байыппен сөз сабақтайды. Ал енді әнге келгенде, өзгеріп сала береді. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деп шырқай жөнелгенде, көзінен ұшқын ұшып, жанары жарқ ете қалады. Сол ұшқын алау отқа айналып, тыңдау­шының жанын жылытады. 
Таңдайы жезден, көмейі күмістен құйылған Кенжекең әсем әуендерді нақышына келтіріп, шебер орындаумен шектеліп қалмады. Ол өнерді дәріптеуге көп көңіл бөлді. Сол өнерден өрісін тапқан тау тұлғаларды да ұлықтауды ұмытпады. Дәріс-концерттер ұйымдас­тырып, тыңдаушыны әуезді сазымен, астарлы сөзімен имамдай ұйыта білді. Әннің әлқиссасы ретінде жауһар жыр­лардан шашу шашып, көрерменнің құлақ күйін келтірді. Туынды туралы тереңнен толғап, автор жайлы әсерлі ақпарат берді. 
Кейіпкеріміз өзі шырқаған біраз әнді мынадай бес тақырыптық дәріс концертке бөліп, таспаға жазып алды. 
Бірінші концерт – Абайдың әндері мен оның сөзіне жазылған қазақ композиторларының туындылары. Кенжекең Ұлы Абайдың мол музыкалық мұрасын отыз жылдан астам дәріптеп келеді. Ол осы уақыт ішінде көптеген ауқымды жобаны қолға алып, қыруар шаруа атқарды. Еселі еңбегі ескерусіз қалмай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 
Екінші концерт «Абай және Пушкин» деп аталады. Онда Абай мен Пушкиннің сөздеріне жазылған қазақ және орыс композиторларының туындылары топтастырылған. Біз Абай шығармашылығының музыкалық қырларына, қос ақынның рухани тандеміне эссеміздің келесі тарауында жеке тоқталамыз. 
Үшінші концерт – Ілия Жақанов­тың 85 жылдығына арналған «Еділ мен Жайық» ән-романстар циклы. Ілия ағамыздың әндері – ұйықтап жатқан жүректі оятатын (Абай) тамаша туындылар. Оның шығармалары тыңдаушыны айрандай ұйыта біледі. Жайлаукөлде тұратын туыстарымыздың сөзіне сенсек, «Жайлаукөл кештері» елге тарап кеткен соң, біраз жұрт жақсыны көрмекке деп, ауылға қарай ағылыпты. Бетпақдаланың бір бөлігінде қоныс тепкен шағын елді мекенге шаршап-шалдығып жеткенде, алып-ұшқан көңілі басылып қалған көрінеді. Анығында, Жайлаукөл кештерінің кереметін сезіну үшін оған сазгердің көзімен, ақынның сөзімен қарау керек. Ілия Жақанов шығармашылығының сырын түсінген кейіпкеріміз композитордың «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Даниярдың әні» сынды 15 туындысын топтастырып, бірегей жоба жасады. Бұл концертті тыңдаған көрнекті композитор кейіпкерімізге дән риза болып, алғысын айтыпты. 
Кенжеғали ағамыздың төртінші концерті – Сыдық Мұхамеджановты еске алуға арналған «Сазың кетпес құлақтан» атты дәріс-концерт. Сыдық Мұхамеджанов төл мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Ол бірқатар операның, көптеген қойылым мен фильмге арналған музыканың, бүгінгі тілмен айтқанда саундтректің авторы атанды. Қазақ өнерінің тарихында тұңғыш рет комедиялық опера, оратория жазды. Қуандық Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған, сегіз бөлімнен тұратын аса көлемді музыкалық шығарма саналатын «Ғасырлар үні» оратория­сында «Ақтабан шұбырындыдан» бастап өткен ғасырдың жартысына дейінгі тарихымыз әсерлі сазбен, әдемі сөзбен суреттелген. Либреттосын қарымды қаламгер Софы Сматаев жазған «Жұмбақ қыз» операсындағы Абылайдың образы үшін Кеңес үкіметінің жандайшаптары Сыдық Мұхамеджановты «ұлтшыл» деп айыптады. Бұл жағдай оның жүрегіне салмақ салды. Ақыры ол Абылай аңсаған азаттықты алған жылы өмірден озды. Кейіпкеріміз 1994 жылы көрнекті композитордың 70 жылдығына орай танымдық һәм тағылымдық сипаты мол кеш өткізді. Сол іс-шараның соңында Сыдық Мұхамеджановтың әкесі – 93 жастағы Мұхамеджан ақсақал: «Қазақ халқы аман болса, Сыдық та мәңгі жасай береді», – деп тебірене сөз сөйледі. Айтса айтқандай, Кенжекең сияқты санасы сергек азаматтар барда, Мұхамеджановтың музыкасы мәңгі жасай бермек. Өзі көзден кетсе де, сазы құлақтан кетпеген композиторды ұлықтаудағы олқылықтардың орнын оң қылықтар басады.
Кенжекеңнің тағы бір концерті күллі адамзат ән қылып айтатын мәңгілік тақырыпқа арналған. Кейіпкеріміз бұл жобасында «Махаббат туралы, көктем туралы, асыл жандар туралы» шетел сазгерлерінің туындыларын орындайды.
Бұл бес концертке енген шоқтығы биік шығармалар тыңдаушының санасына сәуле береді. Сол сәуле оның бойына тарап, жан дүниесін нұрландырады. Ішкі мәдениетін байытып, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Есті әннің басты мәні, шын әншінінің негізгі миссиясы осы болса керек. Кенжеғали ағамыз бұл маңызды һәм мәртебелі миссияны мінсіз орындап келеді. 

Ұлы Абайды ұлықтау

Опера әншісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбайдың үш қасиеті мәдениет галереясындағы тұлғасын биіктете түседі: 
1) ұлт мүддесін ойлайтындығы, 
2) өзіне дейінгі корифейлерді 
насихаттайтыны, 
3) қарапайымдығы мен фальшқа 
жуымайтындығы.
(Дихан Қамзабекұлы, әдебиеттанушы)

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көрген соң, Әйгерімнің есімі ел ішін еркін аралап кетті. Енді ол бас ақынымыздың сүйікті жарынан жас шайыр­лардың таусылмас жырына айналды. Ұлы шығарманың қызығына шырмалған талай бозөкпе Абай мен Ерболға мінгесіп, Байшора ауылына тартты. Бекейдің шаңырағында қонақ болып, «Топайкөкті» тыңдады. Әнші арудың сұлулығына сүйсініп, «Әй, керім» деп тамсанды. Сосын дала кезген әсем әуенге елітіп, Шүкіманды іздеп шарқ ұрды. Әйгерімді таппаса да, ақылына көркі сай керімді кездестірді. Ұлдарына Абай, қыздарына Әйгерім деп ат қойды. Олар өсіп-өніп, бір қауым елге айналды. Айтпақшы, ұлы ақынымыз, әуелі асыл жарының сәніне емес, салған әніне ынтық болған деседі. Болса болар. Себебі қара сөздің де, сара сөздің де хас шебері – әмбебап Абайдың әнге де таласы бар. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Айттым сәлем, қалам қас» сынды ақынның әндері мен оның сөзіне жазылған тамаша туындыларды білмейтін қазақ кемде-кем. Ұлттық музыка өнерінің озық үлгісі саналатын бұл көркем дүниелер нотасыз-ақ жұрттың жадында жатталып, жүрегінде сақталды. Атадан балаға, қырдан қалаға жетті. Сахара төсінде де, сахна төрінде де ғасырдан ұзақ уақыт шырқалып, талғамы биік тыңдаушының құлақ құрышын қандырды. Бірақ Абайдың есті әндері жиын-тойда жиі айтыла бермейді. Себебі өлеңді ермек үшін жазбаған ол әннен де мән іздеді. «Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй», – деп әуенге атүсті қарамады. Абай әндерінің табиғатын терең түсініп, нақышына келтіріп орындау кез келген өнерпаздың оң жамбасына келе бермейді. 
Ұлы ойшылымыз өмір сүрген өнерге ғашық өлкеде туған Кенжеғали Мыр­жықбай Абайды пір тұтты. Аты аңызға айналған абыз бабасындай болуды армандады. Хакім болмаса да, хакімге жақын болды. Жастайынан оның өлеңдері мен қара сөздерін көп оқыды, көңілге тоқыды. Бес нәрсеге асық болды, бес нәрседен қашық болды. Пайда ойламай, ар ойлап, артық білуге талап қылды. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мұхтар Әуезов либреттосын жазған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында ақынның шәкірті Айдардың партиясын орындады. Кейіпкеріміз шеберлігін шыңдап, біраз тәжірибе жинақтаған соң Абайдың мол музыкалық мұрасын кеңінен дәріптеуге білек сыбана кірісті. 
Бұдан бір ғасыр бұрын халқымыздың парасатты перзенті Әміре Қашаубаев Парижде ән салып, қазақ өнерін айдай әлемге паш етті. Осы оқиғадан тура 75 жыл өткен соң, яғни 1995 жылы Кенжеғали Мыржықбай Әміре салған сара жолды жалғастырып, Еуропаның бірқатар елдерінде өнер көрсетті. Абайдың 150 жылдығы аясында Түркия, Германия, Польша, Румыния және басқа да мемлекеттерде концерт қойып, ақынның әуендерін және оның сөзіне жазылған әсем әндерді армансыз шырқады. Кәрі құрлықтың талғамы биік, талабы жоғары өнерсүйер қауымы көмейіне бұлбұл ұя салған Кенжекеңнің даусына тәнті болып, «браво» мен «брависиммоға» сараңдық танытпады. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде концерт ұйымдастырып, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде көңілі құлазып жүрген қалың жұртының рухын көтерді. Cондай-ақ Абайдың 160 жылдығында ақынның әндері мен оның сөзіне жазылған Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев сынды қазақтың аса дарынды композиторларының туындылары топтастырылған «Өзгеге көңілім тоярсың» атты күйтабақ шығарды. Абайдың 165, 170 жылдығында да жүрісінен жаңылмай, әннен шашу шашты. Ал ақынның 175 жылдығында «Абай» телеарнасының ұжымы кейіпкеріміз орындап жүрген Абайдың әндері мен оның сөзіне жазылған музыкалық шығармаларды таспаға жазып алып, сауапты іске мұрындық болды.  
Хакім Абай «Евгений Онегин» романынан үзінділер тәржімалағанда, асқан даналық пен парасаттылық танытты. Петерборды көрмеген қыр қазағына түсінікті болуы үшін ана тіліміздің әлеуетін кеңінен пайдаланып, аударманы көркемсөзбен кестеледі. Евгенийге шапан, Татьянаға камзол кигізді. Женяны жамандыққа қимай, сүрініп кеткен саналы азамат ретінде көрсетті. Бұдан шығарманың көркемдік қуаты арта түспесе, кеміген жоқ. Осылайша, Пушкиннің өзі де, сөзі де қазақтың төріне озды. 
Абай туған өлкеде дүниеге келіп, Пушкин тұрған қалада білім алған кейіпкеріміз қос ақынның шығармашылығын дәріптеу үшін «Абай және Пушкин» жобасын қолға алды. Абайдың 13, Пушкиннің 12 әнін шыр­қап, концерт қойды. 2006 жылы Ресейде Абай, ал Қазақстанда Пушкин жылы аталып өткенде, Кенжекең Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Ресейдің 15 қаласында қос ақынның әндерін шыр­қап, олардың шығармашылығы жайлы үзік сыр шертті. Көршілеріміз өзі ән айтып әрі кешті жүргізген өнерпазға риза болып, құрмет-қошеметін аямады.
Кенжеғали Мыржықбайдың Абайды дәріптеп келе жатқанына отыз жылдан асты. Ақынның әсем әндерін әуелете шырқап жүрген ат төбеліндей топтың ішінен оның үні ерекше шығады. Содан болар, Абай әні айтылса, Кенжекем деп қаламыз. Бойда қайрат, ойда көз барда, кейіпкеріміз бас ақынымыздың тамаша туындыларын әлі талай орындап, қалың қазағын әсем әнмен әлдилей беретініне күмәніміз жоқ.

Бас қаланың тұрғыны

Кенже-аға – бекзат болмысты тұлға. 
Ішкі мәдениеті мен сыртқы келбеті, 
болмыс-бітімі үйлесім тапқан азамат. 
Кенжекең жаңа Астананың мәдениет 
саласын дамытуға, ұлттық мазмұнын 
байытуға айтулы үлес қосты. 
(Еркін Қыдыр, публицист)

Тоқсаныншы жылдары ел астанасын Алатаудың баурайынан Арқаның төріне көшіру туралы бастама көтерілгенде, өре түрегелгендер аз болған жоқ. «Жыртығымызды жамай алмай жүргенде бұл қай тыраштанғанымыз?!» деп қарсы шыққандардың қарасы көп болды. «Бас қаланы басқа қалаға көшіру нағыз бейбастық» – деп кей бас­тықтар кері тартты. «Еділдің бойындағы ен тоғайға ел қондыруды армандаған ата-бабамыздан асып қайда барамыз?!» – деп күмәнмен қарағандар да жетіп артылды. Жасыратыны жоқ, біз пақыр да сол қалың қолдың қатарында едік. Ол кезде саясаттың иісі мұрнына бармайтын бозөкпе оқушы болсақ та, теледидарда бұл бастаманы қолдап сөйлеп жатқан белсенділерге қарап, кіжініп қоятынбыз. Енді елорданың іргесін өзіміз қалағандай сөз саптап, ұялмай-қызармай Астанада тұрып жатқан жайымыз бар. Сонда біз көжедей көпіріп, бұлқан-талқан болды екен деп, үнімізге құлақ асқан Үкіметті, пікірімізді тыңдаған Парламентті көрмедік. Шенеуніктер ширақ қимылдап, астананы Арқаның төсіне қондыру туралы қаулы қабылдап жіберді. Сонда да қотарыла көшкен қазақ болмады. Тың өлкесі құшағын ашып, ұшағын қабылдауға дайын болғанда ғана «Көші-қон» операциясын қызу қолдаған жұрт үдере көтеріліп, Ақмолаға бет түзеді. Тіпті қарсы болғандардың біразы отауын жығып, ұлы көшке ілесті. Осылайша Есілдің жағасынан жаңа қала бой көтерді. Бірақ бұдан бүлініп қалған Алматы жоқ. Әсем қала күн сайын көркейіп, жыл сайын жақсара түсті. 
Кенжекең Ақмолаға қоныс аударған өнер адамдарының алды болды. Өнерпаздарды айтасыз, ол 1997 жылдың желтоқсанында артынып-тартынып әрең жеткен шенеуніктердің өзін шаң қаптырып кетті. Жо-жоқ, бастапқыда оның Арқаға көшемін деген ойы болған жоқ. Жазы салқын болса да, сазы салқын емес өңірді мекен ету өңі түгілі, түсіне де кірмеген жайт еді. Бәрі аяқ астынан басталды. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан ұрансөзін өмірлік ұстанымына айналдырған кейіпкеріміз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден ешқашан жаңылмаған. Қайда барса да өзінен бір-екі жейде бұрын тоздырған азаматтарға сәлем беріп, көргендігін танытып жүреді. 
Кенжекең 1996 жылы Ақмола аймағына гастролдік сапармен барып, облыс орталығы мен екі-үш ауданда концерт қойды. Қарбалас тірліктің арасында уақыт тауып, жаңадан құрылған Еуразия университетінің ректоры Амангелді Құсайыновқа сәлем беруге барды. Әңгіме арасында Амангелді ағасы інісін Ақмолаға көшіп кел деп үгіттеді. Университетке өзің секілді мықты мамандар қажет деп қолқа салды. Кейіпкеріміз бұл ұсынысты аяқасты етпеді. Беделді білім ордасында бір жыл қызмет етіп, аз уақытта көп шаруа атқарды. Кейін облыс әкімі Жәнібек Кәрібжановтың ұсынысымен филармония тізгінін қолға алып, біраз игі іске мұрындық болды. Ұлт аспаптары ансамблін құрып, Астананы әсем ән мен тәтті күйге бөледі. 1998 жылы Айман Мұсақожаеваның шақыруын қабыл алып, Музыка академиясында он жылдай еңбек етті. Көптеген дарынды шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды. Содан соң Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасында басшы болып, өңірдегі өнердің ұпайын түгендеді. 2012 жылы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың ұсынысын қабыл алып, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігін құрды. Содан бері осы бірегей жобаға же­текшілік етіп, көптеген тағылымы мол іс-шараларға ұйытқы болып келеді. 
Біз «Кәусарды» бірегей жоба деп бекер атамадық. Бұл игі бастама туралы бұрын естігенбіз. Бірақ «қара қазан сары бала қамы үшін» деп жүріп, көруге мүмкіндік болмады. Былтыр осы олқылықтың орнын толтырып, «Кәусарлықтар» ұйымдастырған іс-шараны тамашалаудың сәті түсті. Белгілі ақын Бауыржан Жақыптың шығармашылығына арналған кештен керемет әсер алып қайттық. Бейне бір жақсы қойылым көргендей күй кештік. Осындай кездесудің жастарға мол рухани азық беретінін пайымдадық. Олар «Кәусар» дәрістерінен қалмай, онда айтылатын салиқалы сөздерді құлағына құйып, санасына сіңіре берсе, төрт жылда қандай қор жинайтынын бағамдай беріңіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл – тұлғатанудың да, тұлға атанудың да ұтымды жолы. 
Кейіпкеріміз «Өнер – көрермен үшін ғажап, өнерпаз үшін азап» деген сөзді жиі қайталайды. Себебі ол бір пайыз талантын тоқсан тоғыз пайыз талаппен тұздықтап отырады. Тыным таппайды. Тіпті демалыс, мереке күндері де қарап жатпайды. Ол жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырында мыңнан астам музыкалық туындыны орындады. Бірақ ешқашан өнерін бұлдап, сазын саудаға салған емес. Бұл туралы өзі әзіл-шыны аралас: «Дүние үшін күймедім, Машина да мінбедім. Өнер атты терінің, Бір пұшпағын иледім», – дейді. Айтпақшы, бірде жаяу жүргенді ұнататын кейіпкерімізді «Мерседес» мінген мырзалар көріп қалып, Жаяу Мұса деп сыртынан сөз қылса керек. Бұл жайт жанына батқан белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы қаңқу сөзге жырмен жауап қатыпты. «Жаяу Мұсаның мұңы» деп аталатын сол өлеңде: «Қайда мейлі бармайын, Өз үйімдей төр дайын. Жаяу жүрген адамдар, Ояу жүрер әрдайым... Әнім артық малыңнан, Таяқ артық талыңнан. Жаяу жүрген кезімде, Жан адамға жалынбан», – деген тамаша жолдар бар. 
Кенжеғали ағамыз жетпіс жыл жаяу жүрсе де, жиі көлік ауыстыратын көп адамнан көш ілгері болды. Өскелең ұрпаққа рухани азық болатын талай ауқымды істі атқарды. «Болған адам болдым демес, болдым десе болғаны емес» деп, тізгін тартуды ойлап жүрген Кенжекеңді көрмедік. Көкірегі де, көмейі де сайрап тұр. Жоспары көп. Күш-қуаты да аз емес. Ендеше, ән өнерінің корифейі – Кенжеғали ағамыздың тың жобаларына шын тілектес болайық. 

Руслан ЖҰМАН

1100 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы