• Ақпарат
  • 29 Ақпан, 2024

Жас ғалымдар бас қосса...

Бағдагүл Балаубаева,

«Ana tili»
 

Мамандардың пікіріне сүйенсек, елімізде 22 мың ғалым бар. Оның 15%-ы зейнеткерлік жаста, 57 жас – ғалымдардың орта жасы деп есептеледі. Мемлекет басшысы 20 ақпанда өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан жалынды жастарымыз осы өзгерістердің қозғау­шы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын. Мен жастарға зор сенім артамын. Елімізде ел игілігі үшін қызмет етуге дайын дарынды, талантты жастар көп» деп атап өткен еді.

Сол жаңашылдықтың бірі – Жас ғалымдар кеңесі. Ұлттық ғылым академиясы жанынан ашылған кеңеске танымал жас ғалымдар іріктеліп алынды. Жас ғалымдар кеңесін Президиум басқарады, аймақтарда өкілдіктері болады. Жас ғалым құқығын қорғау үшін Жас ғалымдар кеңесі Президиумының мүшесі – омбудсмен лауазымы ресми түрде енгізіледі. Жетекші жас ғалымдар академияның сараптамалық-аналитикалық қызметіне, ғылымды кеңінен насихаттауға, форсайттық зерттеулер, ақпараттық-аналитикалық жұмыс­тар жүргізуге, сонымен қатар Ғылым бойын­ша Ұлттық баяндама дайындауға сарапшы ретінде тәуелсіз талдамалық ұсыныстар беруге мүмкіндігі мол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдарының кездесуі өтті. Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес пен Ұлттық құрылтайдың мүшелері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жас ғалымдары қатысты.
Жиынды Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев алғысөзбен ашты. 
«Ұлттық ғылым академиясының басты міндеті – ел экономикасының дамуына үлес қосуға қабілетті және дарынды жастарды тарту орталығына айналу. Академияның қызметін одан әрі дамытуда және жетілдіруде жас ғалымдардың пікірі біз үшін маңызды. Түйткілді мәселелердің барлығын талқылаймыз. Академия басшысы ретінде жас ғалымдардың ұсыныстарын жеткізіп қана қоймай, ғылыми саладағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей қатысқанын қалаймын. Жас ғалымдар кеңесінің маңызы мен айрықша мәртебесін ескере отырып, Мақсат Жабағинді кеңесшім етіп тағайындау туралы шешім қабылдадым, яғни ол Академияның басшылық құрамында жұмыс істейді. Бұл жас ғалымдарға өз төрағасы арқылы Ұлттық ғылым академиясының негізгі шешімдерін қабылдауға тікелей қатысуға мүмкіндік береді», – деді А.Күрішбаев.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың рөлі күн өткен сайын артып келе жатқанын атап өтіп, кеңес жұмысына сәттілік тілеп, жастарды үнемі қолдайтынын жеткізді. 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев: «ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден аса жас ғалым бар. Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті. ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілгеннен бастап университеттік ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Студенттік ғылымды қолдау және дамыту, жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау саясаты жалғаса береді. Бүгінгі кездесуіміз ортақ идеялар мен жаңа бастамаларға жол ашатыны сөзсіз», – деген пікірін білдірді.
Көпшілік дауыспен сайланған Мақсат Жабағин Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болу сенім мен жауапкершілік жүктейтінін айтып, кеңестің құрылымымен таныстырды. Өзге ғалымдар сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Әр өңірден келген жас ғалымдармен сөйлесіп, ғылымдағы жаңалықтары туралы ой бөліскен едік. Олардың айтары да, болашаққа қосар үлестері де тынымсыз атқарып жүрген жұмыс­тарынан көрінді. Омыртқасы қисайғандардың хирургиялық емінің технологиясын тауып, докторлық қорғаған, травмотолог-ортопед Нұрбек Нәдірұлы бүгінде сол тәсілмен ота жасап жүрген маман иесі. «Бұл салада 2010 жылдан бері еңбек етемін. Көп жағдайда жаңа туған баланың омыртқасы он жасқа келгенде қисая бастайды, алғашында ата-ана байқамайды, отаға келгенде ғана көңіл бөледі. Жылына шамамен 100-150 адамға ота жасаймын», – дейді ол.
Көп балалы ана, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Сынақ орталығының директоры Индира Бейішова жылқы, ірі қара, қой шаруашылығы, бір сөзбен айтқанда, отандық мал тұқымдарын республика деңгейінде ғана емес, әлемге  танылуы үшін гендік тұрғыда, олардың генонимін анықтау бойынша жұмыс істеп жатқанын айтады. «Отандық мал тұқымдарын Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейге шығара алатын болсақ, ол – біздің имиджіміз, біздің Қазақстанның байлығы, мақтанышы деп ойлаймын, сол салаға өзімнің үлесімді қосуға, бір кірпіш болып қалануға тырысып жүрмін», – дейді ол. Индира Бейішованың өзінің ғылыми мектебі бар. Онда Қазақстан ғана емес, ТМД елдері бойынша да шәкірті көп. Іргетасы 2013 жылы қаланған мектеп биотехнология, ауыл шаруашылығы, ветеринария саласы бойынша 1 доктор, 2 кандидат, 3 PhD, 30-ға жуық магистр шығарып, 50-ден аса диплом жұмыстарына жетекшілік еткен. 
Кеңесте жас ғалымдарды толған­дыр­ған өзекті мәселелер де сөз болды. Көкейдегі сауалға жауап іздеген ғалымдар барынша ашық айтып, пікірлерін, ұсыныстарын жеткізді. Шын мәнінде, олардың қордаланып қалған әлеуметтік мәселелері де жетерлік. Мәселен, мектеп мұғалімінің мәртебесін көтердік те, ғалымдар көлеңкеде, тасада қалды. Жас ғалымдардың мәртебесін көтеретін арнайы заң керек. Кездесуде осы мәселелер де талқыланды.

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы